Басты бет Негізгі бет Қайыртай Ақылбеков: «Жақсыдан үйрену, жаманнан жирену-әрбір толыққанды қазақтың мұраты.»

Қайыртай Ақылбеков: «Жақсыдан үйрену, жаманнан жирену-әрбір толыққанды қазақтың мұраты.»

 807 1

        Ақылбеков Қайыртай:  «Жақсыдан үйрену, жаманнан жирену — әрбір толыққанды қазақтың мұраты.»

       1963 жылы 11 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы (бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданы), Үштөбе ауылында туған. 1981 жылы Семей қаласындағы №1 мектеп-интернатын,1986 жылы Абай атындағы Мемлекеттік Қазақ педогогикалық институтының филология факультетін бітірген. 1986 жылдан ШҚО, Тарбағатай ауданы «Өкпеті» орта мектебінде қызмет атқарып келеді, 2002 жылдан бастап аталмыш мектептің директоры. ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған.

     Осыдан 15-20 жыл уақыт бұрын көпшілікке айтыскер ақын ретінде танылған, бүгінде ердің жасы елуге толып отырған Қайыртай ағамызбен аз-кем әңгіме дүкен құрып, сұхбаттасқан едік.

– Өмірдің 50 жылдық белесін еңсеру талайдың тағдырына бұйыртпаған бақ. Сізді үлгі тұтып артыңыздан ерген шәкірттеріңіз де аз емес. Жарты ғасырлық өміріңізде нені үйрендіңіз, неден жирендіңіз? Өскелең ұрпақты неге баулыдыңыз?

Рахмет, айналайын!
Жақсыдан үйрену, жаманнан жирену — әрбір толыққанды қазақтың мұраты. Шамамның келгенінше адами қасиеттен айырылмауға, балаларыма, оқушыларыма дұрыс жол көрсетуге тырыстым, өзіме пайдалы деп басқаға зияны тиетін әрекетке ешқашан барғаным жоқ. «Халық» дейтін қазыны үнемі ту сыртымнан сезіп жүремін.

Шығармашылыққа ден қоюыңыз шырайлы Шығыста ма, әлде Асқақ Алатаудың баурайында басталды ма? Өнерге қалай келдіңіз жалпы?

Шығармашылық дегенге не айтуға болады. Өзімді шығармашылық адамымын деп санамаймын. Одан гөрі өнерге құштарлығым бар деуім дұрыс шығар.
Алматыда студент кезімде көркемөнерпаздар байқауына үнемі қатысатынмын. Алғаш рет 1986 жылы Жүрсін Ерман мен марқұм Мардан Байділдаев ағаларымыз студент жастар арасында айтыс өткізіп, Бекболат Тілеухан, Табылды Досымовтармен қатар бас бәйгені иелендім. Сол жылы ауылға мұғалімдік қызметке келдім. Аудандық, облыстық айтыстарға жиі-жиі қатысып, шақырылған жағдайда республикалық додаларға түстім.
М.Әуезовтің 100 жылдығына арналған республикалық айтыста бас бәйгені, Әріп Тәңірбергеновтің 140 жылдығына, Шәкәрімнің 140 жылдығына арналған облыстық айтыстың бас бәйгесін, Оралхан Бөкейге арналған республикалық айтыстардың ІІ, ІІІ жүлделерін иеленгеніміз бар. 2002 жылға дейінгі облыстық, республикалық айтыстардың көпшілігіне қатыстым.

Қазіргі айтыс, қазіргі айтыс ақындары мен сіздің қатарыңыздың айырмашылығы қатты байқала ма? Аға буын ақындардың кейбір жайттарға көңілдері толмайтыны ашық айтылып жатыр, сіз қандай пікірдесіз?

Қазіргі ақындар айтысты кәсіби өнер деңгейінде таниды. Яғни, айтысты кәсібіне, нәсібіне айналдырған. Біздің қатарымыз айтысты анда-санда бір қатысып, терін, шерін шығаратын сүйікті өнерім деп қабылдайтын. Жеңсе де үндемейтін, жеңілсе де күндемейтін.
Өнер кәсіпке айналған соң оған кіріскен адамның табысқа жету үшін «талай дүниені» былай ысырып қойып, білек сыбана кірісетіні ақиқат. Теледидардан берілетін айтыстарды қарап отырғанда мен өзім қайсының айтыс, қайсының арнайы әзірленген «қойылым» екенін біліп отырамын. Қарапайым көрермен «Сұмдық сұрақ қойды», «Сұмдық жауап берді» деп тамсанып отырады. Бұл жағдай айтыстың ажары ма, ажалы ма, оны болашақ көрсетеді?!

Тіл маманы болып, талай тайғақ жолды көрдіңіз. ҚР Білім беру ісінің үздігісіз. Шәкірттеріңіздің осы жолға түсуін өзіңіз қаладыңыз ба?

Барлық ғұмырымды қазақ тілі мен әдебиетіне оқытуға арнап келе жатқан мұғаліммін. Әдебиетке, тіл өнеріне ден қойған шәкірттің қаламын ұштадым. Сабақ берген оқушыларыма, балаларыма да әдебиетші бол, ақын бол деп ақыл, нұсқау берген жоқпын. Дей тұрғанмен бойында ұшқыны, ойы барлардың қолына шақпақ ұстатқаным рас.

Ел алдында, айтылған ойға, сөйленген сөзге ілігіп, халықтың көзайымына айналған тұлғалардың бірісіз, шәкіртеріңіз де сан белесті бағындырып келеді. Тәрбиеңіз ойыңыздан шығады ма? Жас буынның қандай болғанын қалайсыз?

Ақын болмаса да азамат тәрбиелеп шығару міндетіміз. Жолымыз дұрыс сияқты, уақыт көрсетер. Таратып айтсақ, «данышпансып» кетті деуі мүмкін.

Сіз ақындығыңызбен қоса әншілікті де қатар алып жүрдіңіз. Оқуды бітірген тұста неге өзге өнерпаз жастар сияқты Алматыда қалып, өнер жолын жалғастырмадыңыз?

Алматыда қалуды мақсат қылып қойған жоқпын. Өйткені, үйдің кенжесі едім. Қарашаңырақта қалу сүт кенженің міндеті емес пе?! Өзім де анамның қасында болайын дедім. Туған жерге кіндігі байланған адаммын. Біраз уақыт қалаға келсем, Үштөбені сағынамын да тұрамын. Екінші бір жағдай біздің тұсымызда өнерге қойылар талап бар кез ғой. Қазіргі сияқты бір әнге фонограмма жазып, әншімін, жұлдызбын деуге негіз де, жағдай да жоқ болатын. Кейде балаларым айтады: «Әке, сіз Алматыда қалғанда қазіргі танымал өнерпаздардың бел ортасында жүрер едіңіз» деп. «Сол мен жетпеген биікке сендер жетіңдер» деп жауап берем.

Өнер жолында жүргенде сағыңызды сындырған сағаттар көп болды ма? Өміріңізде болған қызық сәттердің бірін айтып берсеңіз?

Айтыс ешқашан сағымды сындырған жоқ, қанаттандырды, мерейімді өсірді, абырой әперді.
Жас кезім. Айтысқа дайындалып отырып, кешкі тамағымды ішейін деп ас үйге келсем ештеңе жоқ. Айжан (жұбайы – А.А) кілегей шайқап отыр екен. Шабыт келіп, тамақтың дайын еместігіне ренжіп:
Кілегейін шайқаған,
Мынау неткен шайқы адам, — дегенімде, Айжан:
Шайқылығымды байқасаң,
Қатын алғын қайтадан, — деп әптігімді басқан (күліп).

Өмірде қолдау көрсеткен жақындарыңыз, отбасыңыз жайлы не айтар едіңіз?

Қолдау көрсеткен жақын адамдар көп болды. Бәріне рахмет. Бірін атасаң, бірі ренжіп қалуы мүмкін. Отбасымда үлгі көрсеткен адамым — шешем Қайша. Бойымдағы дұрыс қасиет пен мінездің бастауы анам. Жарым Айжан өмір бойы қабағыма қарап келеді. Сол үшін қарыздармын. Рүстем, Ринат, Едіге, Манас деген ұлдарым, Бегімай атты қызым, Айзат, Гүлвирадай келіндерім бар. Немерелерім Жәдігер мен Жасынды өзім тәрбиелеп жатқан жайым бар. Балаларымды мен таныстырғаннан гөрі өздері танылғаны дұрыс қой.

 Орындалған арманыңыз көп пе, ойыңыздағы арман көп пе?

Бақыттысыз ба? Жарты ғасыр тіршілік дәмін тартқан сіз үшін «Бақыт» деген не?Ойдағы арман көп. Болдым, толдым десем, несіне өмір сүремін?!

Бақыттымын. Бақытты әркім әртүрлі түсінеді. Кез келген ұрының да, парақордың да, жауыздың да өз бақыты бар.
Менің бақытым — отбасым, жұмысым, сүйікті істерім, ел-жұртым. Солардың амандығы, алаңсыз өмір сүруім шығар.

Елге айтқыңыз келген жүрекжарды сөзіңіз…

Елге жөн сілтейтіндей жағдай жоқ. Біреу тойып, біреу тоңып секіріп жүрген заман. Тоңғанға жаққан сөзің тойғанға жақпайды. Немесе керісінше. Елімізде тыныштық болсын, қалғанын көрерміз.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Айдай Адамқұл

Пікірлер(1)

  1. Қайыртай аға тек шығармашылықтың адамы, білікті де білімді басшы.Ұлылыққа барар жолдың ұлы құпиясы бар екені рас. Қайыртай аға сондай жолға баратын адам.Шығармашылықтың биік шыңынан көрінсін!

Пікір қалдыру Рай Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *