Басты бет Жазбанұсқа Айтыскер ақын Қазыбек Байжұмановтың жазба өлеңдері
Айтыскер ақын Қазыбек Байжұмановтың жазба өлеңдері

Айтыскер ақын Қазыбек Байжұмановтың жазба өлеңдері

 381 1

Айтыскер ақын Қазыбек Байжұмановтың жазба өлеңдері

Аякөзде неғып жүрсің?

Аякөзде неғып жүрсің сен бейбақ,
Дейтіндер көп өз көзімен көрмей бақ.
Астанаң да, бас қалаң да қажетсіз,
Аякөзді жатқанымда ен жайлап.

Аякөзді аңыраған жел дейді,
Желдің өзі дертіңізді емдейді.
Көшесінде шаң бұрқырап жатса да,
Аякөзге шаң жуытқым келмейді.

Аякөздің аязына күлмеңдер,
Қыста боран ашуына мінген жер.
Кешегі өткен бабаларым қаймықпай,
Жау шетінде, жел өтінде жүргендер.

Аякөздің ақ қарын да сүйемін,
Тастағын да, батпағын да сүйемін.
Мен осындай ақын болып тумас ем,
О туған жер, сен болмасаң киелім!

Қара ағаш

Қойлары көрші Сарыарқаменен қоралас,
Малдары Ақши, Тарбағатаймен аралас.
Шектібай, Жалбы, Аққожа билер жатқан жер,
Киелі мекен, қастерлі өлкем – Қарағаш.

Қарағаш, сені сүйемін шексіз ерекше,
Жұпарын шашар жусаның сенің бөлекше.
Жазушы Дала эссесін оқып жатқандай,
Сағымды белмен самияң самал жел ессе.

Таңбалы тас пен мүсінге толы қорымы,
Қасқасу, Кеніш, Ақүбек пенен Бөрілі.
Шығысқа қамал салдыртқан Түркі бабамның,
Батысқа мұнда басталған ұлы жорығы.

Ақтамбердінің ізі бар анау төбе еді,
Боранбай батыр, Орақбай сонда кеп еді.
Шейіт боп кеткен сүйегін ердің сөрелеп,
Төбенің аты аталған содан «Сөрелі».

Тағдырдың табы, маңдайға жазған жазмыш,
Ұстаған қолда кетті ғой талай әз ұлыс.
Шекара дауы келеге түскен сын сәтте,
Қарағашымда өтіпті мәнді мәжіліс.

Басқарып Барақ Солтабай төре құлжасы
Аққожа бидің түтетіп түтін мұржасы.
Келіпті мұнда Құнанбай, Абай, Алшынбай,
Орыс пен Қытай, Мұрынның Тана мырзасы.

Зер салсақ сол бір күндерге өткен үңіле,
Тарихтың терең жетпеген ешкім түбіне.
Янушкевичтей поляктың жиһангезі де,
Отияр жайлы жазыпты күнделігіне.

Қыршыңнан кетіп біреудің боздақ жалғызы,
Қорланып жастай қазақтың арлы сан қызы.
Атаңа нәлет Анненков пенен Дутовтай,
Атамандардың шұбырып жатыр қанды ізі.

Белгісіз уақта ақ қайсы, шапқан қызыл қай,
Тұрмады елдің намысы сеңдей бұзылмай.
Айқасып өткен орысқа қарсы қол жиып,
Жау жүрек батыр Мамбырбек, мерген Қызылбай.

Сыр тартып көрсек мұрағаттағы хаттардан.
Деректер сайрап сыр шертер бағзы шақтардан.
Іргетасыңды қалаған жап — жас жігіттер,
Қырқыншы жылдар қорғауға Отан аттанған.

Тамылжып бұла табиғаты әсем, көрікті.
Бауырмал халқы бір тілім нанды бөліпті.
Бордақы малды жоспардан артық семіртіп,
Дүркіреп тұрған атақты совхоз болыпты.

Бастауын алып Тарбағатайдай асқардан,
Аякөз суы ағады тулап тастардан.
Шектібай, Еспе, Борлының суы қосылып,
Алланың нұры аранаңа құйған аспаннан.

Саялап жатқан Отияр таудың жиегін,
Туған жер сені Тәңірдей тұтып, сүйемін.
Қағбаға қарап мінәжат еткен мүміндей,
Қарағаш саған басымды мәңгі иемін!

Жайлау

Жайлауым еске түсті де,
Сағына жеттім қаладан.
Жайылған қойдың үстіне,
Бозторғай жұмыртқалаған.

Саясат мұнда жоқ мүлдем,
Күлкісі сайқал аярдай.
Сыңғырлап бұлақ тек күлген,
Қозыға ғашық Баяндай.

Жайлауға не бар жететін,
Ауасы жұпар аңқыған.
Қала емес мезі ететін,
Көгінде түтін қалқыған.

Ата мен апам бар мұнда,
Күнімен тыным таппайтын.
Оянып таңның алдында,
Жұлдыздар жанбай жатпайтын…

Кері атқа мініп перідей,
Даламен шаптым теп-тегіс.
Жүйкеңді жейтін жегідей,
Жоқ мұнда қалың кептеліс…

Пісіліп қымыз сабада,
Желіде құлын шұрқырар.
Түсіріп асты табаға,
Сорпаның буы бұрқырар.

Қымызға бөртіп шалқыдым,
Құдды бір Омар Хаямдай.
Зыр етіп өтті жарты күн,
Әдемі бейнебаяндай…

Ымыртта атам жайланды,
Қамшының өріп өрімін.
Тұп-тұнық ойым лайланды.
Қаладан жетті көлігім.

Қалаға көлік зырлады,
Тым бөгет мотор ойлауға.
Жастығым қолын бұлғады,
Жабырқап қалған жайлауда.

Ақын емеспін

Ақын емеспін мен-жазғаным шатпақ, былшыл кіл,
Тырысып бақтым болуға жұрттан шыншыл дүр!
Бала жасымнан еркелеу болып ер жеттім,
Қарағашымнан бойыма бітіп тылсым жыр!

Ақын емеспін мен — олай дей көрме, қарағым,
Жарамсыз қалған домбырам, анау қаламым.
Ақын емеспін мен — жырау да, шайыр емеспін,
Жай ұйқас қуған өлеңші, жыршы ғанамын!

Ақын емеспін мен — ел кезіп жүрген елеспін,
Ақын деп төрге шығарған емес мені ешкім.
Тіл тістеп қалмай тіліп те түсер сәтімде,
Ақиқат үшін ессізбен талай егестім.
Солай да солай, ал егер олай болмаса,
Ақын емеспін мен…
ақын емеспін мен…
емеспін!…

Ғашықнама

Сен неткен әдемі едің,
Сұлулық дәлелі едің.
Қыз Жібек өзің болсаң,
Болайын Төлегенің.

Сен неткен аялы едің,
Руһани бай әлемің.
Мен болсам Қозы Көрпеш,
Сен болсаң Баян едің.

Сен нетен ерек едің,
Елікке теңер едім…
Еңлігім өзің болсаң,
Мен деген Кебек едім.

Сен неткен тұнық едің,
Мөлдір көз…бұрым… ерін…
Бойында бір міні жоқ.
Фархаттың Шырыны едің.

Сен неткен ажарлы едің,
Ғашық жыр ғазал ма едің.
Ләйлім -ау, Мәжнүн құсап,
Кетті ғой мазам менің.

Сен мінсіз ақық едің,
Мен құнсыз бақыр едім.
Зуһра өзің болсаң,
Мен ғашық Таһыр едім.

Сен тәтті алмам едің,
Мен қатты жаңғақ едім.
Сен Арзу ханша болсаң,
Ханзада Қамбар едім.

Сен Тоғжан ақылы — арай.
Мен ғашық ақын Абай.
Тарихта қалар ма едік,
Уәлік пен Ғафурадай.

Сен бақсың қонар маған,
Бақытсыз оңар ма адам?…
Дәл мендей Уәки ғашық
Күлшайға бола алмаған…

Құшайын құмар қанбай,
Сен де сүй күмәнданбай.
Бақытты бірге іздейік,
Баһрам мен Күләндамдай.

Сен лақсың сүйкімді анық,
Қойдың ғой ұйқымды алып.
Жырдағы секілдіміз,
Жамал мен Сейфілмәлік.

Жүректі көз жібіткен,
Сезімді сөз жібіткен.
Асып та түсейік біз,
Қарашаш — Бозжігіттен.

Қасымнан табыл дәйім,
Жұбың боп мамырлайын.
Қос Аққу біз болайық,
Қалқаман – Мамырдайын.

Жанымды көл қылайын,
Төсіме қондырайын.
Бүгінгі біз болайық,
Зияда — Қорлығайым.

Күнім де сен бол айым,
Жұлдыз боп тең қонайын.
Қор қызы Қорлан болсаң,
Естайың мен болайын.

Сертімді дәлелдейін,
Бөлуге әлем бейім.
Руһымыз бөлінбесін,
Сәлиха Сәмендейін.

Сен неткен нәзік едің,
Жайнаған жазым едің.
Жан жарым өзің болсаң,
Болайын Қазыбегің.

Өмір елес

Барлығы айналаның елес пе екен,
Жылаған бір сəбиді елестетем.
Тоқталап қыр соңымнан қуалаған,
Ол менің бала шағым емес пе екен?

Барлығы айналаны елес пе екен,
Анау тау, төбе ме əлде белес пе екен?
Күтіп тұр сол биікте бір шал мені,
Ол менің болашағым емес пе екен?

Барлығы айналаның елес пе екен,
Жаназа, жамағат жұрт елестетем.
Көтеріп барады олар мəйітімді,
Мені бəрі жынданған демес пе екен?

Пайғамбарға

Алланың сүйікті елшісі, сәруарым,
Жайнатқан бағымды руһани бағбаным,
Адамзат ұрпағын жұмаққа жеткізу,
Болды арзу арманың…

Тағдырға таланып, өссең де тұл жетім.
Біздерге өнеге қалдырған сүннетің,
Ұрпақ пен үмбетің таңдауға түскенде,
Деп өттің: «Үмбетім, үмбетім!»…

Сол үмбет кейіннен үмітіңді ақтамай,
Былыққа белшеден батқаны-ай.
Балиғат — бейнамаз, жамиғат – кейнамаз,
Шариғат заңдарын сақтамай.
Ішіміз қандайлық екені Хаққа аян,
Сыртымыз кіршіксіз мақтадай!

Жын шайқап құлатқан құмырадай қирадым,
Ендігі болашақ беймәлім.
Құлы боп құлқынның, құмардың, зинаның,
Нәпсіден жеңілді иманым.
Парақор басшы мен сараң бай қаптады,
Ібіліс игерген миларын.

Біреулер – шараптан сіміріп шалқыды,
Мал-пұлы, алтыны арқылы…
Құдайдың барына сенбейтін делқұлы,
Мұнайдың бетінде қалқыды.

Ислам – тура жол, қастерлей білгенге,
Ортақ дін күллі әлем, күллі елге.
Қиямет қайымда жүзіміз жарық боп,
Не жетсін жәннатқа кіргенге.
Адамзат қос дүние бақытын табар тек
Мұхаммед (с.ғ.с.) ізімен жүргенде!

Ақындар-ай

Ақындар-ай, ақындар, қайран ақындар,
Шырмау ойға маталып, байланатындар.
Айналаңнан жан таппай сырыңды тыңдар,
Айдалада айтатын айға датың бар.

Ақындар-ай, ақындар, қайран ақындар,
Сарқылмас руһ, сендерде қайнар ақыл бар,
Иілмеуге ант ішіп кейбір иттерге,
Итжеккенге жазықсыз айдалатындар.

Ақындар-ай, ақындар, қайран ақындар,
Өлең деген астыңда жайдақ атың бар.
Қарапайымдылықтың қырларын кезіп,
Жыр жайлауда мыңғыртып ой бағатындар.

Ақындар-ай, ақындар, қайран ақындар,
Найзасы боп намыстың қайралатындар.
Жайшылықта жиынға жай баратындар,
Қайшылықта құйынға айналатындар.

Абайсыз қазақ – абайла

Шайырға жүрген сарайда байып,
Жыр жазу мехнат Абайға лайық.
Мың жерден мейлі, болсақ та ойлы,
Абайсыз Қазақ – абай болайық.

Абайсыз жүрміз абайламай біз,
Абайша ұят пен ар ойламаймыз.
Абадан руһ арман боп арзу,
Абалап үріп, абағайлаймыз.

Қайран да, Абай, қайран арысым,
Қайғыдан оттай қайнаған ішің,
Өтеді уақыт… өткен күндердің,
Күшпегі кері айналамысың?!

Өлеңге алтын ой аптап емін,
Санасын елдің оятпақ едің.
Қайран сөзіңді қор қылатұғын,
Өз қандасыңнан таяқ та жедің.

Иманын сақтап Тәңірлік құлдың,
Жалғанның жұртқа мәнін ұқтырдың.
Қамшыдан бетің қан жуса — дағы,
Пайғамбар сынды сабырлық қылдың.

Дұшпаны көп қой анық дарынның,
Қажеті қанша тамұққа нұрдың?
Қараңғылыққа «Хош!», — дедің сірә,
Ішіне еніп жарық қабірдің.

Шығыстың жарық ай-күні – Абай,
Батысқа мәшһүр, әйгілі – Абай.
Үш дарияның тоғысып жатқан,
Тұңғиық терең айдыны – Абай.

Тәуелсіз елмін, азатпын бүгін,
Бабадан жеткен ғажап бірлігім.
Алашым дейтін азамат болса,
Абайдай айтсын қазақтың мұңын.

Кеңсайда

Қасыңа келдім, басыңда тұрмын, жан аға,
Білмеймін құран, оқуға өлең бола ма?
Аядай ғана, аңыздар елі – Аякөз,
Төрінен келдім, ғашықтар жатқан молада.

Арманды қуып Алматы келдім мен де, аға,
(Баспана жоқта бас іздеп мұнда нем бар ә!? )
Бабадан қанша қалса да байтақ кең дала,
Ақынға пана ұлтарақтай-ақ жер ме аға?!

Келемін аға, соқпақпен өзің сап кеткен,
Теңселе басып адамдай болып ат тепкен.
Жабыққан сәтте жырыңның жұтам шәрбатын,
Кермегі басым өмірді мынау тәтті еткен.

Күпісін шешіп, үстіне жапқан шекпендей,
Дұшпаныңа да қарадың күле кектенбей.
Қараөлең жұрты қаңырап орның бос қалды,
Өзіңмен бірге бір әлем көшіп кеткендей.

Бүгіннің де, аға, бауыры қатты тастайын,
Құлқыннан басқа ойларында жоқ басқа уайым.
Келіссең аға, жанымды айырбастайын,
Сен адам болсаң мен молаң бола бастайын…
Келісемісіз жанымызды айырбастайық!?…

Алматы 2012 жыл

Өлі қала

Тірі қала сыртында өлі қала,
Жалғандағын фәнидің ел ұға ма?
Адам көзі тоймайды дүниеге,
Толтырады оны тек көрі ғана.

Тірі қала сыртында өлі қала,
Басы – құрсақ, өмірдің соңы – мола.
Өлген адам бар-жоғы өзімен бір,
Екі-ақ құлаш жөнелер кебін ала.

Тірі қала сыртында – өлі қала,
Өлілердің көбі жас, көбі бала?
Марқұмдардың мүбәрак руһтарына,
Бұйырса екен жәннаттың төрі дара.

Тірілердің жәутеңдеп шаһарына,
Жатыр ма екен дәме етіп бата дұға.
Бүкіл жерден жасайды – өлі қала.
Ұшырасақ Алланың қаһарына.

Тірілер бөлісе алмай бірдеңені,
Өлгендер мазалайды түнде мені.
Өлгендер өлмегендер руһыменен,
Тірілер… тірі жүр тек мүрделері…
Кімдер тірі?.. Тәңір-ау, кімдер өлі?…

Тірі қала сыртында өлі қала…

 

Халал қала

Ішіп-жемі болса егер харам ғана,
Заман емес кінəлі адам ғана.
Бірінші боп көшер ем, ойланбастан,
Салынса егер елімде халал қала!

Ол қалада ішімдік сатылмаса,
Жаңа жылда от шашу атылмаса.
Жезөкшелер бұрыштан етек түріп,
Азаматты азғырып шақырмаса.

Ол қалада пара да алынбаса,
Жемқорлықтың шамы да жағылмаса.
Ол қалада адамдар тұру үшін,
Ең алдымен дін ислам қабылдаса.

Тұрғындардан адалдық арылмаса,
Уəсуəсына шайтанның бағынбаса.
Жігіттер де шаш бояп, қасын жұлып,
Қатын құсап салпыншақ тағынбаса.

Əйел біткен дүниеге табынбаса,
Шектен шығып қара да жамылмаса.
Оқушы қыз мектепке барғанында,
Орамалға еш тыйым салынбаса.

Асханалар «Қош келдің, мүмін!» десе,
Аспазшылар ізетпен күлімдесе.
Ол қалада шошқаның еті тұрмақ,
Суреті де құрғырдың ілінбесе.

Ол қалада несие берілмесе,
Ешбір адам пайыздан желінбесе.
Ешбір адам кепілге алтын салып,
Белшесінен қарызға көмілмесе.

Жігерсіз боп жігіттер шегінбесе,
Арулары кəпірге берілмесе.
Ол қалада өтетін нəпсіменен,
Мұсылмандар жихаттан жеңілмесе.

Ол қалада құмалақ, бал ашпаса,
Құмар ойнап, теңгеге таласпаса,
Бір Алладан басқаға серік қосып,
Тура жолдан туғандар адаспаса!

Ол қалада көршілер ұрсыспаса,
Қатындардың қабағы тыртыспаса.
Абысындар тату боп, ас көп болып,
Ағайындар ат үшін қырқыспаса.

Азаматтар арқалап зор салмақты,
Əр үйдегі ақ жаулық болса ардақты…
Ол қалада болмаса қарттар үйі,
Жетімдердің үйі де тор шарбақты.

Əлсіздерге көрсетпей қаракүшін,
Барлық адам жарысса сауап үшін.
Басты мақсат, басты арман, басты ұран,
«Барлық қала — тек қана халал үшін!».

Ішіп-жемі болса егер харам ғана,
Заман емес кінəлі адам ғана.
Бірінші боп көшер ем, ойланбастан,
Салынса егер елімде халал қала!

Деп ішімде бір Қазыбек айғалаған,
Жетелейді мені де ойға жаман.
Халал болсын, иә мейлі харам болсын,
Аякөзден жақсы жер қайда маған?

aitysker.org

Пікірлер(1)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *