Басты бет Негізгі бет ТАРАЗДЫҢ ТАРЛАНБОЗЫ ШОРАБЕКПІН!!!

ТАРАЗДЫҢ ТАРЛАНБОЗЫ ШОРАБЕКПІН!!!

 867 0

выапрТараздың тарланбозы Шорабекпін,
Даусымда дауылпаздай болады екпін.
Әттең-ай домбыраны тарта алмаймын,
Не түрін көрсетер ем кереметтің. 

 

 

 

 

 

 

Көне шаһарлардың көшін бастап тарихтың құрдасындай боп кеткен Тараз Тараз болғалы қаншама ұрпақ алмасып, қаншама өзен өз арнасын ауыстырды десеңізші. Сусыған құмдай орнында тұрмас зулаған уақытты меңзеп, «өткен күннен алыс жоқ,келер күннен жақын жоқ» деп ой түйген ғой кешегі кемеңгер бабаларымыз. Ілгергіде Жібек жолының кезінде барынша кемелденіп, талайларды тамсандырған қарт қаланы қақ жара Талас өзені ағып жатыр. Мұнан 1254 жыл бұрын мұсылман әскерінің қытай қосындарын қынадай қырған ғазауат соғысына куә болмағандай, кезінде керуен-керуендердің түйесін шөгертіп шөлін баспағандай, оны айтасыз ай мүсінді ару Айша ақ бетін жумағандай сан қилы сырды ішіне сақтап баяу жылжып барады. Арындай ағып Арал теңізіне құймасамда,етектегі жағалай қонған жалпақ елдің ерінін жібітейін дейтіндей.
Суы балға, балығы майға бергісіз осынау өзеннің ортаңғы сағасында орын тепкен Амангелді аталатын алақандай ауыл бар. Бақилық өмірге асығыс аттанған қаршыға бітімді, қырғи тілді ақын Серік Томановша айтсақ аталмыш ауылда екінің бірі ақын, үшеудің бірі жазушы, төртеудің бірі көкпаршы…санаса саусақ жетпей жалғаса береді. Ділі дін аман, дәстүрі берік сақталған ауылдардан еңбекте ерен ерлік жасағандар мен өресі биік өнер өкілдерінің мол шығатындығы расында шындыққа сиымды құбылыс.
Аса, Талас екі өзен,
Ат бауырынан саз алған.
Балдырғанын жегенде,
Баланың көңілі мәз болған.
Жаужұмыры құмандай,
Сексеуілін жыққанда,
Кедейдің көңілі тынғандай…
-деп майын тамызып Майкөт ақын жырлаған Таластың суын ішіп, талшыбығын ат қып мініп, шоқтығы биік Шона ақынға тартып туып, Алаштың аяулы ақынына айналған шоқ тілді Шорабек Айдаров қазағына жайында ой өрбітіп, сөз сабақтағанды жөн көрдік. Қазақы қалжыңға құрылған отты өлең, өткір жырларымен көрермен көңілінен шыққан Шөкеңді тәптіштеп таныстырып жатудың өзі артық тәрізді.Көлдің орнының құр жатпайтыны белгілі, әріден қозғамай-ақ ақынның әкесі Бәтей де ауыл арасына сыйлы, өлеңді қиып айтатын кісі болса керек.
Қос мүшел жастан аса қолына домбырасын алып айтысқа араласқан ақын әдепкіде әдебиет әлеміне жазба өлеңдерімен жасқана басып кіргендігін айтады. Балауса жырларына батасын беріп, бағыт сілтеген ұлағатты ұстаз Есалы Қырықбаевтың есімін елжірей есіне алады. Өзін өнер жолына бағыштаған адам өткел бермес асау өзендерді, асу бермес асқарларды басып өтері ақиқат қой. Бұралаңы көп бұл жол бұрыннан-ақ оқтаудай түзу, тақтайдай тегіс боп даңғырып жатпаған. Айтыс ақынына айналғанға дейін қонышына кітабын қыстырып қой да бақты, аудандық газетте ауыл өмірін өндірте жазған тілші де болды. Көзінде оты, көкірегінде намысы бар жасты ақырында өмірдің өзі қақпайлап, айтыстың алаңына айдап әкелді. Шығармашылығын шыңдай жүріп, түбегейлі айтыспен айналысуына түрткі болған жорналшы Әбдірахман Әбдірасылұлына да алғыстан өзге айтары жоқ.
Ақынның атойлап айтысқа кірген тұсы өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың бел ортасы кеңестік жүйе керегесінің көгі кетіп, сыры көше бастаған кез. Қазақ телевизиясындағы С.Оразалин, Ж.Ерман бастаған қажырлы топтың игі ізденістері нәтижесінде көпшілік қауымның ата өнер айтыспен шұрқырай табысып, жамырай көрісіп көзайым боп жатқан шағы еді. Қадірлі өнердің шаңырағы қайта көтерілгенде уық боп демескен ақтаңгер ақындар: Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Есенқұл Жақыпбеков, Қонысбай Әбілов, Ерік Асқаров, Әзімбек Жанқұлиевтар шоғырында Шорабек Айдаров та бар болатын. Осындай дарынды толқынмен толыққан қазақ айтысы даңғыл жолға түсіп, бір белден асып кеткендей болған. Бір қарағанға, Кеңестік идеологияның илеуінен шыға алмай, сол жүйенің сойылын соққандай көрінгенмен, айтыс өнері талай шындықтың шымылдығын сыпырып, өзінің о бастағы табиғатынан әсте тайқымаған. Дәлелсіз сөз дәрменсіз десеңіз, шындыққа суғарылғандай шымыр шумақтарды Айдаровтың айтыстарынан да аз кездестірмейміз. Мәскеудің айтқаны өтіп, атқаны тиіп тұрған шақта, ұланғайыр даламызға шикізат көзі деп ғана қараған сыңаржақ саясатын сынап: «Мәскеуге дейін бізден толы барып, бос қайтқан кері қарай вагондардай» деген тәрізді орталықтың дегбірін қашыратын сөздерді айту елін сүюдің ерен үлгісі емес пе? Ширек ғасыр айтыс алаңынан шегінбей, көпшілікті күлкіге көміп арқа-жарқа ғып келе жатқан ардақты ақынның қазақ айтысына қосқан қаншалықты үлесі бар дегенде оның қазіргі айтыс сатирасындағы сардарлық тұлғасын, сонардағы іздей сайрап жатқан өзіндік сөз өрнегін ауызға алар едік. Шөкең шығармашылығының шырайын кіргізіп тұрған кәдімгі қазақы қалжың мен бүйіріңді бүлк еткізер жылы юмор. Ойын образға орап сөйлеу, астарлап айту да ақынның оң жамбасқа келетін оңтайлы тәсілдері.
1991 жылы иісі қазақтан ғана емес, түгел түркі жұртынан тұңғыш ғарышқа ұшқан Тоқтар Әубәкіров туған топыраққа аман-есен оралып, қандас бауырлардың құшағынан босай алмай жүрген кезі болса керек. Батыр ұл Талас ауданының орталығы Ақкөл ауылына да ат басын тірейді. 56 еңбек ері шыққан елде дүркіреп өтіп жатқан шопандар тойының үстіне дөп түсіп, қонақтың құрметіне ат шаптырылып, ақындар айтысы ұйымдастырылады. Ақын Айтмұханбет Исақов өз кезегінде:
Уақыт мүмкіндікті тұсап еді,
Сонда да өлтірген жоқ құса мені.
Егерде шын әділдік болған кезде,
Орыстан бұрын Тоқтар ұшар еді, —
деп сол бір кездегі солақай саясаттың жарқын мысалын жамағатқа жайып салады.Қарсыласының қаттылау кеткенін сезген Шөкең де қарап қалсын ба? Қарымта жауабын былайша қайырады.
Алайда байқа бала, байқа бала,
Айласыз ақын шындық айта ала ма?
Орыстан бұрын ұщқан ешкімде жоқ,
Орыстан бұрын ұшқан « лайка» ғана.
Күйіп тұрған мәселеден күлкі туғызып айтуды шеберлігі шыңына
жеткен ақыннан ғана күтуге болатын шығар сірә.
Азаттықтың алтын күрек желі соғып, сірескен қардай тоталитарлық жүйенің көбесі сөгілгенде, қалың ел өзінің қазығына қайта оралып, қазақшылыққа бет бұрып, айтысқа құшағын айқара ашты.Ұлттық ұғымдарды ұлықтауда, салт-дәстүрімізді дәріптеуде, тағылымы мол тарихымызды тануда айтыс өнері қомақты үлес қосты десек қателесе қоймаспыз.Бұл тұрғыдан алғанда, ұлтты ұйқысынан оятқан айтысты қоғамдық құбылысқа қолма-қол үн қосатын жауынгерлік жанрға жатқызуға болар еді.
Ұлтымыздың ұстазына баланатын Ахмет Байтұрсынов қамсыз жатқан қазақты «Маса» болып тұрғызып қаракетке жұмылдырғысы келсе,Міржақып Дулатовтың «Оян қазақ» деп ұран тастағаны ұрпақ зердесінен өшпек емес.Қайың сапты домбырасын қағып-қағып жіберіп қайран Шөкеңнің «Ей ағайын» деп ащы айхайға басуының арғы жағында Ахаңдар мен Жахаңдар оятқан қазақты қайта қалғып кетпеуге, сапта тұрған сарбаздай сергектікке шақыру тұрған секілді көрінеді.Ақындар қашанда өзі өмір сүрген қоғамының барометрі болып келген ғой.Бұл мәселеде олар тіпті сарабдал саясаткерлерден де көш ілгері кетіп жатады. «Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» дейтін кешегі Кебекбай шешеннің сөзі осындайда ойға оралады.
1990 жылы қайым айтыстың қайнар көзіндей болған Ұлбике апамыздың 165 жылдығын ұйымдастыруда Шөкеңнің тікелей ұйытқы болғанын қалайша ұмытайық. Бөлтірік шешеннің шеті кертілмей ел ішінде елеусіз жатқан сөздерін жинап, жарыққа шығарысып та кітапқұмар қауымның алғысына бөленді. Мұның бәрі ақынның қоғамдық істерде де қол қусырып отырмағандығын көрсетеді. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығы, халықаралық Наурыз айтысы, қазақ жырының құрагері Ілияс Жансүгіровтың 100 жылдығына орай өткізілген аламан айтыстардың бас жүлдегері туралы өмірінің өне бойы өлеңмен өріліп жатқан өзінен сұрасаңыз былай дер еді:
Тараздың тарланбозы Шорабекпін,
Даусымда дауылпаздай болады екпін.
Әттең-ай домбыраны тарта алмаймын,
Не түрін көрсетер ем кереметтің.
Қасымда қаумалаған халқым куә,
Өмірдің өзін ғана өлең еттім.
Алматыда айтысып қыз-қырқынмен,
Әсия, Нәсілханды орап өттім.
Алайда, мықтымын деп айта алмаймын,
Бір рет Әселханнан сораң еттім.
Анау жылы айқасып Қонысбаймен,
Бардымдағы үстіне қона кеттім.
Ақсуда қайта айтысып Әсекеңмен,
Ойда жоқта олжалы бола кеттім.
Көшеде қаймана қазақ қайрылып келіп сәлем беретін ақынға құрдастары: «айтыста халық ақындарын жеңгеніңмен, өзің халық ақыны емессің» деп қалжыңдап жатады.Тасқа басып, мөрмен бекітіп бермегенмен, ел-жұрт «өзіміздің ақынымыз» деп әлдеқашан егеленіп, еншілеп те алған. «Халықтың көлеңкесіз көңілінен артық не бар дейсіз тәйірі, Іленің бойында, Ілиястың тойында айтыстың тарихында тұңғыш рет темір көлікті көлденеңдетіп маған мінгізген екен» дейді Шөкең де ағынан жарылып.

ег
Таңдайында өлеңнің ұясы бар Ұлбике апамыз, алашқа аты мәшһүр Майкөт ақын, жарықтық, жыр алыбы Жамбылдар жырымен жаңғыртқан,Кенен атамыз әнге кенелткен өлкеде ақындық дәстүр жарасымды жалғасын тауып, желісін үзбей келеді.Өнер жолында аянбай тер төгіп жүрген жыршы-термеші Аяз Бетбаев, айтыстың гүлі болған әйгілі Әзімбек Жанқұлиевтардың жарқырап шығуы айтылған ойымыздың айғағындай. Тү-у түркілерден бермен қарай келе жатқан бекзат өнердің беделін түсірмей,мазмұнын байытып ұрпақ қолына ұстату да үлкен ұстаздық қабілетті қажет етері даусыз. Ежелгі Тараз елінің айтыс ақындарына бас-көз болып, басалқалық жасап жүрген жанның бірі жазушы, драматург Елен Әлімжан екенін екінің бірі біле бермейді. Алайда желкілдеп шыққан жас ақындар қандай да бір жетістікке қол жеткізіп жатса, оны осы облыстың бас ақыны Шорабек Айдаровсыз әсте қарастыра алмаймыз. Қаншама қарымды қаламгерлерге Шерхан ағамыздың шапағаты тигені секілді Шөкеңнің шапанынан шықтық дейтін айтулы айтыскерлердің өзі бір шоғыр. Аттарын атап, түсін түстегенде: Үміт Битенова, Ербол Қамбатыров, Мұхаметжан Тазабеков, Айнұр Тұрсынбаева, Бекен, ЕсетДосалиевтар, Біржан Олжас Отарлар айтыс ардагерінің алдын көріп, ақындық мектебінен өткен өнерпаздар.
Қазір жер-жерлерде жеткіншек айтыс ақындарын баулитын мектептер ашылып жүйелі түрде жұмыс жасап жатыр. Олардың алды өзінің оң жемісін де бере бастады. Жыр жампозы Жамбыл атамыз өмірге келген өлкеде осындай мектептің болмауы әрине ойланарлық-ақ жағдай. Бұл базынамыз ат үстінде жүрген атпал азаматардың намысына қамшы басса қанекей. Қаншама айтыстарға қатысып, туған жердің туын жықпаған тарланбоз ақын Әулиеата өңіріндегі осынау өнердің ертеңіне елеңдеулі екенін жасырмайды. Әйтседе, бесігіне береке дарыған елдің әлі талай Әзімбектерді береріне біздің иманымыз кәміл.
Азаттыққа қол жеткен азғана жылдардың аясында елімізде көптеген мешіттер бой көтеріп, азан даусы айқын естіле бастады. Кеңестік кезеңде Алланың дінінен алшақтап кеткеніміз сондай, қазір жастардың жаппай мешітке баруын жаңалық деп жүрген жоқпыз ба? Иманға шөліркеген жандар хақ Исламға бас қойып, ізгі амалдар атқарып жатса нұр үстіне нұр емес пе? Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың мұратты жолын ұстанып басын сәлдеге бермегенмен, маңдайын сәждеге тигізіп жүрген мұқым мұсылмандар сапында Шөкең де жүр.Құранның ғажайып сырларына құмарта ден қойып, құбыласын тапқан пенденің айналасына үлгі шашуды өзіне үстеме жүк қып алатыны бар. Оның үстіне ол кісі аузына ел қараған ақын болса, иыққа түсер салмақ екі еселене түсетіндей. Шариғаттың шарттарын шама-шарқынша орындау әлі жетпеген ахыретшілдің ісі емес,ақыл иелерінің әрекеті екені дәлелденген ақиқат. Көз жетіп, көңілі тоғайған шындықты көпшілікке өлеңмен айтсам өтімді болар дейді ақын.
Келеді ел Исламға іш бермей шын,
Иманмен күнәлі іске күш бермейсің.
Намаз ол бейне ағып жатқан бұлақ,
Күніне бес жуынсаң күстенбейсің .
Жеті сайын жұмаға барып тұрсаң,
Аптада бір моншаға түскендейсің.
Осынау өлең жолдары Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың хадистеріндегі қағидалармен қабысып, қарапайым жандардың да қабылдауына жеңіл боп тұрған жоқ па? «Өзіңе нені тілесең, соны өзгелерге де тілемейінше шын мұсылман болмайсың» деген тәмсілді ескерсек, ел-жұртқа сыйлы басымен талмай шауып келе жатқан тарланбоз ақынға руханият майданында маңдайы жарқырап жүре беруін тілейміз.

ШЫРЫНБЕК ҚОЙЛЫБАЕВ,
Филология ғылымдараның кандидаты

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *