Басты бет Жаңалықтар Шұғайып Сезімхан: «Басқаша қырымнан көрінуге тырысамын»
Шұғайып Сезімхан: «Басқаша қырымнан көрінуге тырысамын»

Шұғайып Сезімхан: «Басқаша қырымнан көрінуге тырысамын»

 508 0

Кеше Орал қаласында өткен «Алтын домбыра» республикалық қорытынды айтысының үшінші жұбында айтысқан азулы ақындардың бірі Шұғайып Сезімхан жарысты ерте аяқтады. Ол Баянауылдық Аспанбек Шұғатаевпен сөз сайыстырып, 88-85 есебімен есе жіберген болатын. Айтыс соңында Шұғайыптан алған қысқаша сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз. 

— Шұғайып, қазылар алқасының шешімімен биылғы «Алтын домбыра» айтысының финалына өтпей қалдыңыз. Көңіл-күйіңіз қалай?

Шұғайып:

Көңіл-күй жақсы, бұрынғыдай. Жалпы айтысқа дайындығым аз болып қалды. Ұялатындай жаман айтыс жасаған жоқпын. Айтыстың бұрынғы ережесі бойынша біріңғай он алып өтерліктей айтыс болды деп ойлаймын. Қарсыласым да мықты, азулы Аспанбек Шұғатаев болғандықтан сахнада айқасып айтысу оңай емес. Қазылар алқасы әділ бағасын берді. Еш өкпем жоқ. Көңіл-күй керемет.

— Биылғы жылда жақсы өнер көрсеттіңіз. Жылдың қорытынды айтысы «Алтын домбыра» айтысына рейтинг бойынша іріктелдіңіз. Енді алдағы жылға қандай жоспарларыңыз бар?

Шұғайып:

— Кешегі айтыс тақырыбындағы тұңғыш өткен тимбилдингте ағаларымыз өте керемет ойлар айтқан болатын. Айтысты табиғи қалпына келтіру, сахнада жеребе жасау жайлы түрлі ұсыныстар айтылған болатын. «Ақындардың жеке мақамдары болуы керек, жеке стильдік ерекшеліктері болу керек, соған баса назар аударамыз», деп жатты. Осы айтылғандар бойынша жұмыстар жасағым келеді. Мүмкіндігімше мақамымды ауыстырып, ізденіп басқаша қырымнан көрінуге тырысамын. 

— Биылғы «Алтын домбыра» айтысының финалына өткен ақындар жайлы жеке пікіріңіз, көзқарасыңыз?

Шұғайып:

— Жалпы биылғы Орал қаласында өтіп жатқан VIII «Алтын домбыра» айтысының финалына өткен ақындардың барлығына құтты болсын айтамын. Әділ түрде нағыз лайық адамға «Алтын домбыра» бұйырса екен деп тілеймін. Баршасына сәттілік, амандық болсын!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *