Басты бет 1984 жылғы айтыстар Супер ретро айтыс! Есенқұл Жақыпбек пен Әселхан Қалыбекова

Супер ретро айтыс! Есенқұл Жақыпбек пен Әселхан Қалыбекова

 1 083 0

папа1984 жыл. Алматы мен Шымкент облыстарының сайысы.

Есенқұл Жақыпбек пен Әселхан Қалыбекова

 

ЕСЕНҚҰЛ:

Армысың айдай сұлу ақ келіншек,
Аузымды бүгін менің бақ келіншек.
Бір кешке сен күйеуден, мен әйелден
Қайтеді уақытша қақ бөлінсек?

Ақтарып ал ендеше ізгі жырды,
Атайық алтыауызды біз бүгінгі.
Ептеп-ептеп жақындап, еркелетіп,
Есіңе түсірейін қыз күніңді.

Мраста сен біреуді сүйікті еттің,
Әй-шайға қарамай-ақ тиіп кеттің.
Бес бала мен күйеуің – Баянбайды
Қалайша дәтің барып қиып кеттің?

Келіншек жақсы болды кездескенің,
Жібердің шабытымды тербеп менің.
Қыздардан айтысуға ақын шықпай,
Кемпір мен шалдар боп еді селбескенім.

Айтысқа енді шындап жол ашармыз,
Құмардан армансыз бір тарасармыз.
Ұзынды-қысқалы боп отырсақ та,
Өлеңмен, өнерменен жарасармыз.

Алыстан айтысам деп аттаныпсың,
Ел-жұртқа ақынмын деп мақтаныпсың.
Мен оқуда жүргенде миым ашып,
Сайрандап сал-серімен кеп қалыпсың.

Өлеңің болмаса да өтімді шын,
Бойыңнан көрініп тұр нөпір күшің.
Айтысайын деп емес, сен менімен,
Күресейін деп осы отырмысың?!

Ендеше неден болса аянбай кел,
Қорқақты айтыстағы қоян дейді ел.
Мен жайлы жиған-терген өсегіңді
Ал қане, ақ келіншек, баяндай бер.

ӘСЕЛХАН:

Кеудеме ұялаған асыл арман,
Жасымнан өлең жаздым жасыра алман.
Ордалы оңтүстіктен сәлем алып,
Келгенмін Арыстан бап, Отырардан.

Фараби өскен жердің төрі биік,
Өскенмін сол даланың қырын сүйіп.
Сағынып сапар шеккен астанамның
Халқына сәлем берем басымды иіп.

Аяулы астананы айға балап,
Күніміз құлпырғандай майда ғажап.
Алыстан алты жасар бала келсе,
Қарсы алып, сәлем берер қайда қазақ?
«Дәу ғой» деп қаштыңдар ма тырағайлап,
Екен ғой сәлемге де керек айбат.
Тығылып Алатауға қалды ма деп,
Тұр еді көрмеген соң ызам қайнап.
Егерде оңашада жолыққанда
Жұтуға дайын едім бір-ақ шайнап.
Қызымын оңтүстіктің әлпештеген,
Шабытым шақ келтірмес шоқтай жайнап.

Көрейін жауаптасып өлеңменен,
Бұл жерде жағдайың бар төмендеген.
Есенқұл, өлеңіңді айта берші,
Жеңермін бассам-дағы денемменен.

Бойыңда айтысатын бар ма қайрат,
Ақыны сен екенсің қойған сайлап.
Бар болса сүйерің де тұрмас едің,
Қойды ма соны біліп келін байлап.
Бар болса өлеңіңді жылдам естірт,
Тұрғанды жақтырмаймын босқа сайрап.

Қыз алып қалу деген тым ескілік,
Тыңдасаң менің сөзім-бұл естілік.
Салмағым ауырлау боп қалғаннан да,
Қайтайын мен өзіңді ілестіріп.

Көп сені мазаламас бойдақ қылық,
Жүрерсің теңің тауып ойнап-күліп.
Жігіттің қадірін білмес жан емеспіз,
Қоярмыз тым болмаса қой бақтырып!

ЕСЕНҚҰЛ:

Домбыра қолымдағы қарағайсың,
Сен мені дедің «кіші баладайсың».
Денең үлкен болғанмен өлең сөзде,
Қолыма су құюға жарамайсың.

Домбыра тарта алмадың жайлап, онша,
Олақтар көп екен-ау қайда барса.
Дәл осмы қалпыңменен жарасқандай,
Қолыңа найза беріп жауға қойса.

Қайттық қой сөзді біраз жарыстырып,
Өтейін енді өзімді таныстырып.
Айтысқан ақындардың екі елі аузын
Тастаймын өлеңменен қарыстырып.

Жазба ақынмын, және де төкпе ақынмын,
Исадай универсал отты ақынмын.
«Менмін деп ақын Сара, мекіреніп»,
Менменсіген қыздарды көп қатырдым.

Алматы – аузымдағы арман әнім,
Жамбылдың жалғасы боп жалғанамын.
Біржан да емес, басқа емес, Ақан да емес,
Есенқұлы осы елдің мен боламын.

Еседі домбырамнан асқақ екпін,
Айтыста талайларды таптап өттім.
Анамнан Пушкин жайлы естіп-біліп,
Әкемнен Жамбыл жырын жаттап өстім.

Менімен айтысқанның бағы бар шын,
Мен арқылы ел-жұртқа таныларсың.
Шымкентке күні ертең барғаннан соң,
Шымшыма сөздерімді сағынарсың.

Осыны көңіліңе түйгейсің де,
Басыңды мына маған имейсің бе.
Аңсағаның әу бастан мен едім ғой,
Бетімнен шөп еткізіп сүймейсің бе?!

Сүйем деп болма бірақ сарыуайым,
Сен – палуан, мен — қасыңда тарыдайын.
Тойға піскен тоқаштай жарым барда
Толағайын біреудің не қылайын?!

ӘСЕЛХАН:

Өмірде сен секілді талай жан бар,
Сен ақын болсаң егер сөзімді аңғар.
Есенқұл, іздеп жүрсең домбырашы,
Менімен айтысуға келіп нең бар?

Айтысар әркім тауып теңіменен,
Кез келді бүгін қайын, сеніменен.
Қақтаймын оңтүстіктің аптабымен,
Үрлеймін арыстанның желіменен.

Соққанда арыстанның желі тынбай,
Қалар ең керімсалдан есің жимай.
Жан сақтап сая жерде жүрген басың,
Өлер ең ауызыңа тілің сыймай.

Көзің көк, өзің сары, сесің берік,
Айтасың мықтымын деп кесірленіп.
Соңынан Надя апаңның қалмай жүрсің,
Үйректің балапаны секілденіп.

Ауылымның қызы өзімдей алып бәрі,
Ұл керек Қажымұқандай халыққа әлі.
Облыстың үлкені емес, ортасы деп,
Жіберген мені әдейі танытқалы.
Еліңде бала өсіру кем боп отыр,
Ғалымдар жазып-сызып анықтады.
Қыздарың қуыршақтай жылтыраған,
Ана боп ұл өсіріп жарытпады.
Артына қалдыратын ұрпағы үшін,
Өмірін құрбан етер балық-тағы.
Өмірді балық құрлы сезінбесе,
Адамның осы болар шалыққаны.
Қуғаны жастарыңның ресторан,
Ит бағып ермек етер жалыққаны.

Ақыным біле алдың ба мұның жайын,
Болмасын болашақта бұл уайым.
Қарыздар қалмайсың ба келешекке,
Айта бер жауабыңды болса дайын!

ЕСЕНҚҰЛ:

Әселхан, қыз екенсің сөздерің көп,
Ол рас бетім сары, көздерім көк.
Көздерім көк болғанмен бұл айтыста
Бәйгені ешбір жанға бергенім жоқ.

Достықты жырла десе парасатпен,
Жырлаймын домбырамды ала сап мен.
Орыс пенен қазақтың ортақ қызы
Ол рас, Надежда менің нағашы әпкем.

Кезекті күтіп қалды өзгелер шын,
Әселхан, әлі талай кез келерсің.
Алтынның қолда барда қадірі жоқ,
Сағынып әлі мені он келерсің.

Болмасын мұның бірақ шын құсалық,
Кетпегін бір жаманды мың құса ғып.
Қасыңнан енді сенің кетпей болмас,
Күйеуің қарай берді дүрбі салып.

ӘСЕЛХАН:

Сөзіме нақты жауап айта алмайсың,

Шын өзің нағыз тұлпар байқалмайсың.
Әр сөзім атқан оқтай тиген кезде,
Жыландай белге соққан қайқаңдайсың.

Ақын боп жүрген кезде жерді басып,
Кез келді айьтысуға бүгін нәсіп.
Суырып салма ақындық оңай емес,
Шығатын шын айтыстан құмарласып.
Қиыннан қиыстырып әкеле алсаң,
Келеді-ау өлең шіркін балдай татып.
Советтік заманада дәуірлеген,
Ақыны болу елдің қандай бақыт!
Өлеңдге жаңа талап, жас екенсің,
Шабытың шарықтасын талмай, тасып.

Кетті ме көп алдында мысым басып,
Жаутаңдап қарайлайсың құтың қашып.
Айтысты сен бастадың, аяқтайын,
Сен-дағы көп алдында жүрме жасып!

ЕСЕНҚҰЛ:

Сөз бенен домбыраға олақсың ғой,
Жаттап алған сөздерді бораттың ғой.
Дәп бүгін берер едім сазайыңды,
Қайтейін, бүгін бізге қонақсың ғой!

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *