Басты бет Жаңалықтар Серік Қалиев 48 жаста
Серік Қалиев 48 жаста

Серік Қалиев 48 жаста

 453 0

Бүгін ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі аға буын айтыскер ақын Серік Қалиевтің туған күні.

Ақынды «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық Одағы» РҚБ,  «Aitysker» ақпараттық порталының ұжымының атынан шын жүректен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық, шығармашылығына табыс тілейміз.

Назарларыңызға ақынның көпшілік оқырманға белгілі жазба өлеңін ұсынамыз.

Әкемнің ері

Алты алашқа даңқы кеткен мақтаулы,
Бір тұлпарым болмаса да баптаулы.
Үйімде әлі үйір жылқы айдаған
Әкемнің ер-тоқымы сақтаулы.

Аттан түстім,
Заман жатыр ұсақтап.
Көкірегімді сансыз сауал пышақтап.
Ақан құсап егілемін, дүние-ай,
Құлагердің ерін қалған құшақтап.

Тұлпар мінген бабалардың дерегі
Әкем күтіп ұстаған бұл ер еді.
Қараша үйден аттанғалы қара шал,
Енді ешкімге болмай қалды керегі.

Әкем менің жан емес-ті әйгілі,
Ат үстінде асқан бірақ айбыны.
Бұл жәдігер көзіндей сол әкемнің,
Ұрпағына қалған қымбат байлығы.

Ат мінбеген бағалар ма ер құнын,
Көңілімді боздатады шер-мұңым.
Жолатпайтын жастап жатсаң жыланды,
Тоқымына сіңген иіс тер бұрын.

Сыйласына қонақ болып төрлеген,
Біздің қазақ тарылып еш көрмеген.
Қалап келген арғымағын берсе де,
Үстіндегі ер-тоқымын бермеген.

Жүген салып, жарауы сай күреңге,
Баһадүрдей бір қонармын бұл ерге.
Тарпаң мінез керек мынау заманда,
Қойдан жуас қазақ дейтін ұлы елге.

Қазы жалтаң, би айнығыш шағынар,
Қоғамда есек бәйге алады бағы бар.
Темір мінген, темір мінез адамды,
Темір жұтып бара жатыр қағы бар.

Кешір, әке, сақтағанмен мұраны,
Ұлыңның да қала болды тұрағы.
Ерді көрсем дарқан дала елестеп,
Тұлпар мініп жарысқым кеп тұрады.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *