Басты бет Мақалалар Өміржан Көпбосынұлы: «Жылқының құты — құр атта»
Өміржан Көпбосынұлы: «Жылқының құты — құр атта»

Өміржан Көпбосынұлы: «Жылқының құты — құр атта»

 142 0

     Неше күннен бері Арқа төсіндегі алай-дүлей ақтүтек боран басылар емес. Дала бөрідей ұлып, басқан ізіңді басатын сырғыма ұйтқып соғып тұр. Осындай қытымыр қыстың қаталдығын көргенде, атам қазақ ата кәсібі — мінсең көлік, ішcең сусын болған жылқы баласын жақсы көрген ғой. Елдегі ағайынның адал терімен тапқан тебіндегі жылқыны ойлайтынымыз рас…

      Алты, жеті жастағы бала кезім. Атам марқұм қайда барса да қасынан қалдырмай, ертіп жүретін.

      Ауылдың жылқысын бағатын Әйділдә ағатай күзге таман елдің жұмсалатын саяқтарын әкеліп, кармацехқа қамады дегенді естіген атам мені сонда ерте барды. Еркек малдың ішіндегі үлкен бітімі бөлек жал-құйрығы күзелген торы құр ат ерекше көзге түсті.

      Біздің елде ертеден қайтқан адамның жылдық асына немесе жасы таяған үлкен кісіге арнап жал-құйрығын күзеп жіберетін. Құрық тимеген сол атты, не оның екі-үш жыл мінілмегенін «құр ат» дейтінбіз. Ол бөлек әңгіме…

      Атам торы құр атқа сүйсіне қарап тұрып: «Жарықтық, көкем әр үйір ішіне екі-үш құр аттан жіберетін еді», — деп, сағынышпен көзіне жас алды.

      «Көке» деп отырғаны — Көпбай. Бес болыс Таманың биі болған Әлі болыстың бәйбішесінен туған ағасы.

      Әлі болыс 1928 жылы кәмпескіге ұшырап, мал-мүлікі тәркіленіп, түйе-жылқысын айдап әкетеді. Ұлы Көпбаймен аталас ағасы Жақсылық бетпақтың сай-саласына он шақты үйірлі жылқысын жасырып қалған деседі. 1929 жылы Шуды қыстап Сарысуға қайта көшіп келгенде, үкімет кіші байларды қайта кәмпіскелеуді бастайды. Сол кезде Көпбай бірін-бірі сатқан ел ағаларына ашуланып, босағасында жүргендер басына шыға бастағанына күйініп, үкіметтің шолақ белсенділеріне «тізгін сендерге тигенімен құрық әлі менде» деп, Кәдір інісі бастаған атқосшыларын ертіп Әулие атаға қарай жылқысын айдап қашады.

      Құрығы ұзын үкімет қоя ма, көп байдың бір ғып Көпбайды да кәмпіскелеген болар… Ал інісі Кәдір отызыншы жылдары әзер дегенде елге жетеді. Көпбайдан хабар болмай, сол кеткеннен оралмайды.

      Өткен жылы ұстазым Аманжол, Төлеген ағаларыммен Арқаның мыңды айдаған жылқылы байларын аралап жүріп, Қарсадыр таудың етегін жайлаған «саңырау Бейбіт» дейтін Бейбіт байдың екі мың жылқысына тап болдық.

      Жылқы шетінде солдат бас киімі бар, тозығы жеткен күпәйке киген жиырма жас шамасында бір жігітті кезіктірдік. Жұпыны киінгеніне қарағанда жалшысы болар деп едім, шатасқан екем, байдың кенже баласы. Сол малдың иесі екен. Жылқының буы қоя ма, бізді менсінбей амандасты. Елге тірідей мал сатпайтын Бейбіт байдың кенжесі жылқысын әзер аралатты. Сары аласы бар, құла бурылысы дейсің бе, көп кезіге бермейтін құрым құласы, жылқының түсіңе де кірмейтін бар түсін табасың.

      «Әкеңнің аузын толтырып мақтайтын алып аталық айғырын көрсетші»,- деген еді Аманжол ағамыз. Жаясында қара түймедей теңбілі бар көк айғырдың үйірін көрсетті.

      Көз тоқтатып қарасам, көк айғырдың үйірінде екі-үш құр аттан жүр екен. «Мына құр аттарды не үшін қоя бергенсіңдер»- деп сұрадым жалма-жан. Бірден ағытылып айта қоймады. «Жылқышының жымы бір» дегендей қолтықтап алдым да, «Әй, ана ағаларыңды танисың ғой?» — дегенімде танитынын айтты. «Бұл ағаларыңның ақшасы көп, жылқы алып жүр» дегенімше болған жоқ.»Ақшасын қазір санап бере ме?» — деді. «Иә, санап береді!»,- дедім. Мыңдап жылқы айдаса да, мың теңгенің жүзін көрмеген-ау, шамасы, жүзі жайнап кетті.

     Атамның айтуы бойынша, Құр аттың қасиеті, семіз болса кез келген мезгілде жұмсайсың. Семіз мал қыста тоңбайды. Ат құлағы көрінбес ақ боранда осы аттар бірінші құйрығын боранға беріп тоқтаса, қалғаны да соның алдына паналайды екен де, жылқы малы ықпайды екен. Сосын қыстың ортасында туатын мама бие ішіндегі құлынын ойлап қасындағы тай-құнан, байталдарды сырғыта бастайды, сол кезде тай-құнан, байталдар құр аттың маңайына жиылады. Жылқының ең қауіпті тұсы боран емес, қар қатқан кезде осы құр аттар шаршамай, әлді тұяғымен қарды тарпып, шөбін тауып жейді. Қалғаны сонымен күнелтеді. Құр ат деген гасамсот қой, гасамсөт! Мұндай құр атпен бір қыстап шыққан айғыр да бой салып қумайды екен.

      Аманжол ағамыз басын шайқап, «Оқымай-ақ қаладағы академиктердің аузынан шықпайтын ақыл айттың- ау!» — деп арқасынан қақты.

      Мен болсам баяғы атамның көкесін айтып, көзіне жас алған кезін ойладым. Көнектің түбін көрген көнекөз қариялардың көп нәрсе ішінде кетті-ау. Көзейдің Көпбай мен Жақсылық жиған көп жылқысының құты, құр ат екенін кім білген?!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *