Басты бет Айтыстар Бүгін дауылпаз ақын, ел еркесі Есенқұл Жақыпбектің туған күні
Бүгін дауылпаз ақын, ел еркесі Есенқұл Жақыпбектің туған күні

Бүгін дауылпаз ақын, ел еркесі Есенқұл Жақыпбектің туған күні

 353 0

Бүгін дауылпаз ақын, ел еркесі Есенқұл Жақыпбектің туған күні.

Есенқұл Жақыпбеков 1954 жылы 10 ақпанда Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Бірлік ауылында дүниеге келген. 1974 жылдың тамыз айынан аудандық  газет редакциясында қызмет істей бастады. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы өнер мектебінде айтыс ақындарына дәріс береді. Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық бөлімшесі поэзия секторының меңгерушісі,  Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің Бас редакторы болып қызмет атқарған.

 

«Бастау», «Ағымнан жарыламын», «Біз екеуміз», «Жеріңе табын», «Біздің елдің жігіттері», «Есіл дүние-ай!», «Жан қисса», «Бұл жаз да өтер», «Тау басында кәрі қар», «Сарғайған сары терезе» атты кітаптары жарық көрген. Телевизиялық ақындар айтысының тұңғыш лауреаты. Айтыс сахнасында 30 жылдай еңбек еткен. Халық арасында кең таралған ән-термелердің авторы. Ақын 2013 жылы дүниеден өтті.

 

Алпысқа аяқ басқанда

Жеттік міне, алпысқа,
Өттік талай өткелден.
Біреулерге тұлға боп, біраз жерге жеткенмен,
Жігіттеймін кезінде жетімдікті көп көрген.

Кештім талай тар өткел,
Өттім бірақ жасымай.
Азаматқа дәл мендей дұрыс екен осылай
Ащыны да жеп көрген,
Тәттіні де жеп көрген.

Күміс күйме мінбеген,
Алтын түйме тақпаған,
Қарабайыр жарымның болғанына мақтанам.
Кімің бар деп еліңде
Біреу тізім жасаса,
Сол тізімнің ішінде
Бар болғанға мақтанам.
Алпыс жасқа келгенше ағартқам жоқ шашты да
Мені сөйтіп ел-жұртым мейіріммен баптаған,
Болдым содан мінеки, мисыз жүйрік ақтабан.
Бермесе де ат астыма жолдас қылып жақсыға
Таңқаламын Құдайым.
Қалай мені сақтаған?!

Ағаларым алса да қанатының астына,
Отқа салып күйдірген, шоққа салып қақтаған
Төске салып содан соң қылыш қылып таптаған.

Ақын ақын болып па,
Қаратаудың ойында,
Қарасудың бойында,
Алтын құйрық, құндыз жүн
Құлын туар ма екен деп,
Кендебай сал сияқты,
Түнде кірпік қақпаған.

Киіп алып нілді етік
Қилы-қилы күнді өтіп.
От дария су кешіп осы алпыс жасымда
Опалымен бірлесіп,
Отырғандай боп тұрмын,
Оқпан таудан оралып.
Алты Алаштың ішіне,
Атақ-даңқым таралып.
Мың жасадым көңілмен,
Қайта-қайта жаралып.
Сен аман бол, ендеше Еділ, Жайық, Жем, Сағыз,
Сен аман бол, Қара Ертіс, Есіл, Нұра саласы.
Сен де аман бол, Іле, Шу, Арысы мен Таласы
Ешқайсына елімнің көзімнің жоқ аласы.
Сен аман бол, ендеше алты Алаштың баласы,
Сен де аман бол, Жетісу — қасиетті қара жұрт!

***

Құдай-ау, күн туар ма кең үзеңгі,
Жүргенде күнде асығыс сезім өлді.
Көретін көркемдікті көзім өлді,
Аясаңшы бауырлар, алпысқа кеп,
Ағаңның байыз табар кезі келді.
Түскім келмей отыр ғой тартысқа көп,
Кетейінші одан да кезіп елді.

Ағаң енді айылын жия бастар,
Алатауға қараймын қия-жақпар.
Көкмайсаға,
Қайтайын күнге шығып
Жалықтырар жанымды бірге туып,
Бір сүйекке таласқан ұяластар.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *