Басты бет Мақалалар Қазақ ақындары: «Есте қалған Элмирбек»
Қазақ ақындары: «Есте қалған Элмирбек»

Қазақ ақындары: «Есте қалған Элмирбек»

 1 152 0

Қазақ айтыскерлері қырғыздың біртуар ақыны Элмирбек Иманалиевтің өмірден өтуіне байланысты  ғаламтор, әлеуметтік желілер арқылы көршілес елге көңіл айту хаттарын жолдады. Ежелден ел іргесі бөлінбей, төскейде малы, төсекте басы қосылған бауырлас халықтар арасында алтын көпір бола білген сөз зергерлерінің біршама жазбаларын топтастырып, жұртшылық назарына ұсынуды жөн көрдік.

Баянғали Әлімжанов, айтыскер ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Түркі әлемінің манасшысы: «Бір туған қырғыз елінің дарынды ұлы Елмірбек Иманалиев өмірден озыпты. Ал, дүние ай! Елмирбек ерен талантты , нағыз төкпе ақын, жыршы еді. Қырғыздың асыл қазынасын кеудесіне жинап, жарқырата жырлап, ежелгі даңғылдардың дәстүрін жалғап жүрген , әні де, сәні де, мәні де келіскен марғасқаның нақ өзі болатын. Имандылық жолындағы ибалы, әдебі мен сәлемі келіскен , келбетті бауырымызбен кездескен сайын қуанып, шұрқырасып қалушы едік. Айтыстағы алған асқарлары биік еді, қазақ-қырғызға сүйікті еді. Ал ,одан бөлек, қырғыздардың ескі жыр, аңыздарын, есті сөздерін нәшіне келтіре орындап, ата жолын белсене насихаттаған еңбегі тағы бір төбе. Мен оның айтыстарын да талай көріп, тыңдадым, жыр айтқанын да, «Манас» айтқанын да көрдім, естідім. Маған ол кешегі жыр дүлділі Естемес Тұрсыналиевтің жаңа заманда жаңғырған жарқын бейнесін елестеткен. Соншама жырды жанына қондырып, жадына тоқып, жер-жаһанға жар салған жалынды жас арғы заман мен бергі заманды жалғастырушы сияқты көрінетін. Бүгінгі жаһанданудың жындылықтарына аталардың асыл құндылықтарын тосқауыл қылып, жас қырғыздарға жол көрсетіп тұрған жарық шамшырақтай көрінетін. Кездескенде айналайын деген ағалық сөзімді айтып, арқасынан қағатынмын, сырттай, экраннан көріп, тыңдап, өнеріне, еңбегіне риза болатынмын. Енді міне, қырғыз бауырларыма көңіл айтуға тура келіп отыр. Иманы саламат, алды жарық, арты қайырлы болсын! Жаны жәннатта болсын! Қырғыз еліне амандық, саулық, жақсылық тілейміз!»

Аманғазы Кәріпжан, айтыскер ақын: «2002 жылғы Бішкектегі халықаралық айтыстағы Элмирбек Иманалиев екеуміздің айтысымыз ерекше өтіп еді. Бұл айтыста Элмирбек пен Жеңісбек бас жүлде, Бөрібай, Майра 1-ші орын, Серік Қалиев 2-ші орын, мен, Әзімбек, Рахматулла (Қырғызстан) үшінші орын алған едік. Элмирбектен де айырылыппыз. Жаны жәннатта болсын!»

 

 

Балғынбек Имаш, айтыскер ақын, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», «Алтын домбыра» иегері: «Төсекте басы, төскейде малы қосылған бауырлас елден, Алатаудың күнгейіндегі ақ қалпақ қырғыз ағайындардан қабырғаны қайыстырар қаралы хабар жетті. Қырғыздың залқар ақыны, аузымен құс тістеген төкпесі, Эстемес мен Әшірәлілердің орнын басқан от ауызды, орақ тілді жыршысы — Элмирбек Иманалиев жасындай жарқылдаған 42 жасында дүниеден озды.
         Элмирбек — айтысты қалт жібермейтін біздің елдің қырағы жанкүйерлеріне де жақсы таныс. Себебі, ол біздің елде өткен Халықаралық айтыстарға бірнеше мәрте келген. Ол мықты айтыскер ғана емес, өте жақсы жыршы-термеші, әуезді әнші, сырбаз сазгер. Басқа қырғыз ақындарына қарағанда Элмирбекпен айтысу жеңілірек. Оның сөйлегені қазақшаға өте жақын, түсініктірек. Мақамы да тартымды, сахнадағы образы да сүйкімді. Әсіресе, оның Айнұр Тұрсынбаевамен, Мелс Қосымбаевпен айтыстары өте көркем шыққан. Мен де Бішкекте өткен айтыста Элмирбекпен айтысып, қазылардың шешімімен екеуміз де Бас бәйгелі болған едік. Қазақ-қырғыз бір туған бауырлас ұлт болғасын, тіліміз де, дініміз де, түріміз де, салт-дәстүріміз де, әдет-ғұрыптарымыз да ұқсас. Біздің қырғыз ақындарымен бүгінгі қарым-қатынасымыз — кешегі Сүйінбай мен Арыстанбек, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Оспанқұлдың достығынан жалғасқан тарихи сабақтастық іспеттес.
Мен Элмирбек ақынның қазасына қайғыра отырып, барша қазақ халқының, айтыскер ақындардың атынан жалпы қырғыз халқына, қырғыз ақындары мен айтыссүйер көрермендеріне көңіл айтамын. Бақұл бол, қырғыз бен қазаққа ортақ бұлбұл. Ақырет жұртында Алланың Рақымына, Пайғамбарымыздың (с.ғ.у) шапағатына бөленгейсің!

Дәулеткерей Кәпұлы, айтыскер ақын, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағы Нұрсұлтан қалалық филиалының директоры: «Кеше түнде Алатау асып жеткен суық хабар жанымызды мұздатты, өзегімізді өртеді. Қырғыздың халық әртісі, ақын, сазгер, дастаншы досымыз Элмирбек Иманәлиев мезгілсіз дүниеден озды. Алатаудың күңгейі мен теріскейінде де, Сарыарқада да айтысып, тартысып едік. Қазақтың әнін қазақтан кем айтпайтын. Сахнаға домбыра мен қомузын қатар қолтықтап шығып сайрай беретін сабазым еді. Қайғырдық, қамықтық. Тәңір ісіне не шара?! Айырқалпақты ағайынға көңіл айтамыз.
Жарқынжүзді асыл ерім, иманнұрың сегіз бейіш төрінде шалқысын!

Қайран да досым, Элмирбек,
Артыңда қалды-ау ел күйреп.
Үш жүзімді жырлап беруші ең,
Үш ішек қомуз сен күйлеп.

Қара орман қазақ күтсе асық,
Жырыңмен жауһар, құт шашып.
Алатаудан төте түсуші ең,
Таутекедей тік басып.

Ақ боран шабыт берсе екпін,
Алатау басын теңселттің.
Сен қомузыңды қолтықтап,
Сал домбырамды Мен шерттім.

Жан сырың ән боп еміреніп,
Ел мұңын айттың тебіреніп.
Домбыраны бастың бауырға,
Қоңыр қомузбен тең көріп.

Әшірәлі мен Эстебес,
Бағаңды берген бесте бес.
Шаңқайтүсте ұштың ғайыпқа,
Бесін ауған шақ – кеште емес.

Ажалдың қағып қақпасын,
Тағдырдың шағып тақтасын.
Туғанбай әкең шақырып,
Бейішке бұрдың ба ат басын?!

Бұлбұлдың әнін аңсаған,
Айыр да қалпақ барша жан.
Тоқтағұл туған топырақ,
Көңіл айтамын мен саған.

Атбасы алтын – бағасы,
Түгел түркінің баласы,
Жайраңдап туған асыл ер,
Жайраған күнін қарашы.

Ақтаңдайы боп арда елдің,
Басыңнан көшті дәурен күн.
Дәуірлер жақсын білтесін,
Сәуірде сөнген сәулеңнің!

Айбек Қалиев, айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің иегері, Айтыс ақтаңгері: «Қырғыздың айтулы ақыны Эльмирбек Иманалиев досымыз қайтыс болды деген суық хабар кеп жатыр. Қазақтың домбырасын қомыздан кем көрмейтін, қазақтың да арғы-бергі поэзиясынан мол хабары бар жайсаң азамат еді. Иманы саламат болсын, бауырлас қырғыз халқына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын!»

 

Мұхтар Ниязов, айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері: «Қырғыздың ғажайып ақыны, сазгері жан-жақты талант иесі, ең бастысы жаны жұмсақ, жайдары жүзді ағамыз Элмирбек Иманәлиев өмірден өтіпті.Қырғыздың Қырчын жайлауында екі күн сөйлесіп, сырласып көп сырына қанып едік. Мұқағалидың өлеңдерін, Лена апайдың әндерін, қос халықтың ортақ байланысын, бай мұрасын таңға талмай айта беретін. Қырғыздың кейбір ақындары бізге артық сөйлеп жатса қазылар қатарында отырып өз қолымен құлатып, бізден сахнаның артына кеп кешірім сұрап жүретін баладай елпілдеген адам еді. Атасының аты да Иманәлі екен, Алла иманын жолдас етсін. Амантай, Жеңішбек, Аалы, Азамат, Асылбек бастаған барлық қырғыз ақындарына, Садық Шер-Нияз ағамызға және барша бір туған қырғыз халқына қазақ халқының атынан қайғыра көңіл айтамыз. Ағамыздың соңғы айтқан әндерінің бірі «Қоштасу вальсі» екен ғой, мүмкін Алла сездірген шығар, иманды болсын!»

Кең дүние тарылады дем біткенде,
Ажалға көрсете алмас ерлік пенде.
…Елді үйіріп ырдайтын Елмирбек,
Енді қайтып шықпайды ел күткенде.

Жастықтың әсем сұлу әнін үзбей,
Жайраңдап жүруші еді бәрміздей.
Көктемі ғұмырының көктей солып,
Сағынышқа айналды-ау сары күздей.

Жоқ енді хабарласып, хат алыспақ,
Ұзайды ол бір қимас сәт алыстап.
Қос халықты балқытты қорғасындай,
Қомыз бен домбыраны қатар ұстап.

Ыстық едің, таныстық Ыстықкөлде,
Көк толқынға көміліп түстік бірге.
Сазыңды қайталатып қоятынсың,
Сайраған бақшадағы құс біткенге..

Елеке, ақын едің үнің тәтті,
Таңдайды ойып түсер тілің тәтті.
Бал сорғалап күй тартқан бармағыңнан,
Талайлар шөлдеп келіп шырын татты.

Бақ түгіл сенің сорың мұңың тәтті,
Еркелеп елге шерткен сырың тәтті.
Ақыры қаныңдағы қант көбейіп,
Тәтті өмірің үзілді, тыным тапты.

Көп дегенмен көршімде дарынды ұл-қыз,
Ішіндегі өзің ең жарық жұлдыз.
Сол жұлдызың мезгілсіз ағып түсті,
Бәріңе көңіл айтам, қалың қырғыз!

Қырғызым, кетті ортаңнан ерке балаң,
Қара жер құшақ ашар ертең оған.
Жолдас болсын иманың жолыққанда,
Күліп қарап тұратын көркем адам!

 

Дайындаған: Еркебұлан Қайназар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *