Басты бет Мақалалар Т. Өтепбай. Баян-Өлгейге барғанда (сапарнама)​
Т. Өтепбай. Баян-Өлгейге барғанда (сапарнама)​

Т. Өтепбай. Баян-Өлгейге барғанда (сапарнама)​

 269 0
2019 жылы шілденің 7 күні Астанадан  Баян-Өлгейге екі көлікпен сапарға шықтық. Шілденің 9 күні екі мың шақырымды артқа тастап,  Ресейдің шекарасынан кіріп,  «Алтай  Республикасының» аймағын басып өтіп Өлгейге жеттік.
         Ресейдің шекарасынан өткенде менің паспортымда басылған Араб мемлекетінің визасына байланысты жеке кабинетке апарып бірнеше сұрақ қойды. Экстремистік бағыттағы дін таратушы ма деген күдік, күмәндары болса керек. Дегенмен,  «Қазақстан неге латын әрпіне көшіп жатыр» деп саяси сұрақ та қойды. Соған қарағанда Ресейдің ішкі әлемінде «Қазақстан әлі біздің отарымыз» деген өктемдік бар секілді.
         «Алтай Республикасы» аймағынан өткенде ұққанымыз,  сол жердің бәрі бұрын қазақтар мекендеп, Көшім хандығы болған жер екен. Ұлан-ғайыр таулы аймақты, табиғаты тамаша сұлу жерді Ресей аямай-ақ басып қалыпты. Жүрегің аурады.  Тіпті екі мың шақырым жерді кесіп өткенде сұлулыққа сүйсініп көліктің терезесінен қарап, көзің талмайды. Қазақтың сұлтан-болыстарын, руларын бір-біріне айдап салып қырылыстырып қойып өздері қазақтың ең тамаша жерін талан-таражға салып, тақымында әкеткен екен. Біздің сұлу шаһарымыз Көкшетаудың табиғаты, тау-тасы Алтайдың аз ғана бөлігіндей. Негізі табиғаттың бәрі солардың еншісіне кетіпті.
          Қош, Өлгейге жеттік. Моңғолияның шекарасына кіргенде өзіміздің елдегідей еркіндікті сезіндік. Моңғолдар момын секілді көрінді. Бізді күтіп тұрған Өлгейдің ақындары көп бөгелдірмей, бірден шекарадан өткізіп алды. Қазақтың дәстүрі мен моңғолдың салтын қатар ұстанып бір қазақша, бір моңғолша киінген екі қыз қымыз ұсынды. Сосын Айдос Рашатұлы деген ақын өлең айтып, ән шашу шашты. Бірден қонақасына келдік, ет жеп отырғанымызда киіз үйге тағы бір қойды әкеліп «Ақсарбас» айтып, бата сұрады. Бұл дәстүрді өте берік ұстанады екен. Өйткені бірнеше күн сол жақта болғанда келген қонақтардың батасы берілмеген бір-екі қой сойылмай көліктерінде жүріпті.
          Сосын, киіз үйдегі жабдықтар сол баяғы қазақ салтына сай. Және оны күнделікті күйбең тіршілікте пайдаланып отыр. Біздің ел секілді наурызда ғана емес, аппақ киіз үйлер Өлгей аймағына кіріп келе жатқанда жайлауда, таудың баурайында  жиі кездеседі. 
            Жайлауда отар-отар қой, жылқы, сиыр, қодас та жүр. Моңғол үйлер іргесін шыммен бекітіп, қыста да сол үйде қыстай береді екен. Маңайының бәрі тау, арасында бұлақ ағып жатыр. Ең үлкен тауы — Бесбоғда, Сайыр, Алтай таулары екен. Бұланай (Гималай) шыңынан кейінгі екінші тау осында деп естідік. 
           Тұлба көлінің жағасына барып, екі қойға бата беріп басын қағып тастап екі күн жаттық. Қарашоқының басына шығып  тастан қарақшы үйдік. Тұлба көлінің жағасында шұбарайғыр деген рудың ұл-қыздарымен таныс-біліс болдық. Атажұрттан келген қазақтарға ерекше ықылас танытады екен. 
          Тағы бір күнімізде «Моңғұл күресті» көруге орталық алаңға бардық. Күрестерінің ережесінде кімнің тізесі жерге тисе,  сол жеңілген болады. Оған дейін ешкім тоқтатпайды. Сосын жеңген палуан қыранша қанат жайып, Моңғұлдың туын айналып билейді. Ең атақты палуандары күресетін қарсыласты өзі таңдап алады екен.
          Шілденің оны күні Өлгей қазақтарының үйлену тойында қонақ болдық. Айбек ағай жаңа түскен жас келіннің бетін ашты. Тойда бес жүз адам болды, тілек аз айтылды. Етті тойдың соңында тартты. Өйткені бұл жақта ет жеп болғасын қонақтар тұрып үйлеріне кете береді екен. Сондықтан  тойдан ешкім кетпеу үшін  етті аяғында әкелді. Ал бәрі еттен дәм татпай тойдан кетпейді, бұл үлкен астан аттамай құрмет көрсетулері деп түсіндім. Тойдың аяғында Қазақстаннан келген қонақтарға той иесі бір-бір түлкі тымақ, құндыз құлақшын кигізіп құрмет көрсетті. Бет ашқаны үшін Айбек ағайға күміс кісе  тақты.
           11.07.2019 күні сағат 14:00-де «Халықаралық айтыс» басталды. Он төрт ақын, жеті жұп. Үш ақын Қазақстаннан, Қытай қазақтарының атынан  Ержанат Байқабай бар. Ол жақтағы негізгі рулар Керей, Уақ, Найман. Әйгілі Ақыт, Кәкей, Оспан, Сұлубай, Қожаберген, Ақтан жырау секілді ақындар мен батырлардың ата қонысы. Айтыста  керейлер көп болғасын Ержанат Байқабайға ерекше қошемет көрсетті. Өйткені оның да руы — керей. 
        Қазақстаннан барған Айбек Қали ағамыз, Мұхаммед Қонқаев секілді ақындар жақсы өнер көрсетті. Әсіресе Айбек ағай Зоя деген келіншекпен жарасымды айтыс жасады. Зояның жеті баласы бар екен. Айбек ағай оны аруанаға теңеп көтеріп отырды. Бірақ ол өзі «мен жеті лақтың анасымын» деп төмен түсіп кетті. Ағай да сол кезде «мен сені аруана десем, сен ешкі ме едің» деп халықты ду күлдірді. 
        Одан кейін аламанды қыздырған Ерлан Дәулет деген Өлгейдің тумасы, қазір Ерейментауда тұратын ақын. Ерлан Дәулет қызған сайын бауырын жазып, қанша ақын әкелсең де тас-талқан қылардай арынын көрсетті. Бір ерекшелігі өзі қарсыластан бір мін тауып, іле оны өзі ақтап,  көтеріп алып еркін айтысады. Ержанат Байқабай елді шулатты. Бір байқағаным ел оның сөзінен бұрын өзіне қол соғып  отырды. Әйтпесе солақай ақынның мына бір сөзін өте бір сәтті шыққан демес едім.Ағайын солақайды сыйлаңыздар,
Адамзаттың жүрегі сол жағында. 

Бұл сөзге ел бұрын-сонды жүректерінің сол жақта екенін білмейтіндей қол соқты. Дегенмен Қытайдағы екі миллион қазақтың Ержанатына айналған ақын елдің еркесі екендігін бәрімізге көрсетті.
            Кезінде Кейкі бабамыз секілді азаттық үшін атқа қонған Оспан батыр да ол жақта талай тар жол, тайғақ кешулерден өткені мәлім. «Сары орыстың бәрі орыс» деп Кейкі қалай атойласа, Оспан да ол жақта азаттық үшін солай күрескен. Сондықтан Оспанның атын атауға Моңғұлдың ішкі саясаты қарсылық танытады деп жергілікті қазақтар жиі айтты. Айтыс барысында да Оспан жайлы айтылған шумақтарды жергілікті басшылар тақым қысып отырып  тыңдайды екен.
           Ал Моңғұлдың ұлттық батыры саналатын Джа Лама жайлы Мұхтар Мағауиннің «Кесік бас»  әңгімесінен оқыған едім. Қазір Прагада музейде тұрған тірідей сыпырылған тұлып қазақ екенін және оны  Джа Лама істегенін М.Мағауин осы әңгімесінде жазады. Бұл осы өңірлерде болған оқиға дейді. Кейін Джа Ламаны да орыстар өлтіріп, басын эрмитажға қойған екен.
             Баян-Өлгейге бізден бұрын барған ақындардың ол жақ жайлы түрлі қалжыңдарын естігенбіз. Біреулері жатар қонақ үй, монша жоқ деп те айтқан. Біз барғанда оның бәрі болды. Жергілікті басшыларды «дарға» деп атайды. Бірінші дарға, екінші дарға сол сияқты кете береді. Дарғаларын жергілікті мәслихат дауыс беріп сайлайды екен. Енді Моңғұл мемлекеті болғаннан кейін, саяси тұлғалары сол мемлекеттің заңына тәртібіне бағынуы заңдылық. Тоқсан бес пайыз қазақ тұратын Өлгей аймағына осы кезге дейін тек қазақтар ғана дарға болып келіпті. 
            Айтыс біткеннен кейін Қазақстаннан барған ақындарға және белгілі ақын, сазгер Жәкен Омаровқа  «Баян-Өлгей аймағының мәдениет саласының үздігі» төс белгісін тақты. Қызылжарлық кәсіпкер, өнер жанашыры Жомарт деген ағамызға және ақындарды сол жаққа бастап барған Өлгейдің тумасы, айтыскер ақын Жарқын Жұпарханға  «Баян-Өлгей аймағының құрметті азаматы» атағы берілді.
           Сөйтіп «Надам» тойына барған қазақ елінің ақындары 16.07.2019 күні елге қайттық. Жолда келе жатып табиғатқа тағы тамсанып қазақтың жерінің, тарихының бір парасы осы аймақта жатқанын сезіндік. Ендігі осы қалған жерімізді көзіміздің қарашығындай қорғау парызымыз екенін ұқтық. Жердің қадірін біз әлі білмей келеміз. Дүниенің байлығы өз еліңнің бір уыс топырағына татымайтының осы сапардан санама түйіп келдім.
 

Тоба Өтепбаев 
Қостанай.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *