Басты бет Жаңалықтар Айтыскерлер Мақтарал үшін мәрттік танытуда
Айтыскерлер Мақтарал үшін мәрттік танытуда

Айтыскерлер Мақтарал үшін мәрттік танытуда

 825 1

Еліміздің оңтүстігінде орын алған су тасқыны салдарынан зардап шегіп отырған Мақтарал ауданы жұртшылығына айтыс ақындары да көмек көрсетуде. Өзбекстан Республикасында орналасқан Сардоба су қоймасында болған апат салдарынан  Мақтарал ауданының бірнеше ауылын су басып, тұрғындар қиындыққа тап болғаны баршамызға мәлім. Осы орайда айтыс ақындары да өз әлінше мұқтаж жандарға қаржылай қолғабыс етуде. 

Бүгін «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық Одағы» РҚБ Басқарма Төрағасы Жүрсін Ерманның басшылығымен  біршама қаржы жиналып, Түркістан облысы ақындарына аударылды. Қайырымдылық шараға С. Қалиев, Е. Қайназар, Ш. Сезімхан, Ш. Ізбасаров, Х. Бердіхан, Ж. Жұпархан, Б. Асқаров, А. Жолмағамбетов, Д. Қами, А. Жұбаншев сынды ақындар, Маңғыстау өңірінен А. Жаманбаев бастаған бір топ айтыс жанкүйерлері қолдау білдірді. Жиылған қаржы Шымкенттегі «Шамшырақ» шығармашылық бірлестігіндегі Б. Байту, Қ. Білдәш, Н. Мейірманов сынды ақындарға аманатталып, айтыскерлер сәлемдемесін жеткізу тапсырылды.  Олар ертең Мақтарал аймағын бетке алмақ. 

 

    Сондай-ақ, бүгін Қызылорда облысының ақындары Сыр бойы жұртшылығы  тарапынан бөлінген 15 тонна азық-түлікті тиеп, Мақтарал жұртшылығын бетке алды. Сыр елінің суырыпсалма ақыны М. Ниязов: «Алла деп Мақтаралға Сыр елінің көмегін алып жолға шықтық. Аймақ басшысы Гүлшара Наушақызының ұйымдастыруымен ерікті кәсіпкерлердің қолдауымен 15 тоннаға жуық азық-түлік, қосымша құрлысқа қажетті жабдықтар, көрпе-төсек т.б заттар бар. Бұл Сыр елінен шығатын көмектің басы ғана, бұйырса әрі қарай жүйелі түрде жалғасатын болады» деп хабарлады.

«NurOtan» партиясы, «Жас Отан» жастар қанаты, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер жұмылдырылған көмек керуенінің құрамында атсалысып жүрген  айтыскер ақын     Е. Әбді: «Мақтаралдағы ағайынға Алла жеңілдік берсін! Ал сырбойылық жомарт азаматтарға рахмет!» деп, қолы ашық жандарға алғыс білдірді. 

         Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалы үй-жайы суға кетіп, қиын жағдайда қалған Мақтаарал халқына материалдық көмек аударды. «Ел басына төнген апаттан болған залалдың орнын толтыру үшін жан-жақтағы жомарт жандар оңтүстікке гуманитарлық көмек жіберуде. Осыған орай Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының БҚО филиалы, яғни Ақжайық айтыскерлері Мақтааралға қаржылай көмек жөнелтті. Бізден барған қаражат апаттан зардап шеккен ағайынның игілігіне жарасын дейміз!» дейді Одақтың облыстағы өкілдері. Жиналған қаржыны оралдық ақын Т. Мықи табыстады. 

Ел басына күн туған шақта ақындар тарапынан жасалған азын-аулақ көмек қарлығаштың қанатымен су сепкендей, шағын ғана үлес екенін білеміз. Орасан шығынның орнын толтырмаса да, жабырқаған жұрттың жанына жалау болар деген үміттеміз. Алдағы уақытта өзге де өнерпаздарға ой сала отырып, жақсылық жасауда жарысуға шақырамыз. 

Қалың елдің хал-ахуалын бір сәт те назардан тыс қалдырмайтын Олжас Отар былай тебіренеді:

Оңтүстігім — ажарлым, ару өңді,
Бастарыңа бір сынақ тағы келді.
Болған іске болаттай төзімді бол,
Суға кетіп қалмасын салың енді.

Қалың қазақ бірігіп қай шаруада,
Ісі оңалар алақан жайса Аллаға.
Қамқорлығын жасаған халықпыз ғой,
Арыс, Құлан, кешегі Зайсанға да.

Әз басыңның теректей теңселгенін,
Естігенде еріксіз кемсеңдедім.
Жақсылығын Жаратқан аямасын,
Қайсарлықпен көтерші еңсеңді елім.

Тасқындар да толастар тауды ағызған.
Жаңылмайық бастысы тәубамыздан.
Ақ ордалар қайтадан бой көтеріп,
Шаттық үні естілсін аулаңыздан!

Ақынның сөзіне біз де қосыламыз!

aitysker.org

Пікірлер(1)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *