Басты бет Жаңалықтар Онлайн жазба айтыс жалғасуда
Онлайн жазба айтыс жалғасуда

Онлайн жазба айтыс жалғасуда

 182 0

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты департаменті жоспарына енген О.Досбосынов атындағы ақындар орталығы бастаған онлайн жазба айтыс жобасы жалғасуда.

Елдегі төтенше жағыдайда аталған оқу ордасындағы әдебиетсүйер жастардың шығармашылығын шыңдап отыру мақсатында басталған онлайн айтыс сәуірдің алғашқы аптасында қайым айтыс жанрында басталған болатын. Айға жуық уақыт жалғасып келе жатқан жыр додасында күнде бір жұп сөз қағыстырып отырады. Жас айтыскерлер және жазба ақындар қатысуымен өтіп жатқан онлайн айтыстың бірнешеуін назарларыңызға ұсынамыз.

 Республикалық, облыстың жас ақындар айтысының жүлдегері Қазыбек Жеңісхан мен талантты жазба ақын Нұрболат Жексенбайдың айтысы:

 

Нұрболат:

Ассалаумағалейкум, ақ Қазекем,

Көңілі жақсылыққа жақ Қазекем.

Карантинің нелермен өтіп жатыр,

Тұсауланып қалдық қой, қап Қазекем.

Көз де жетті бүгінде адамдарға,

Дәйім жатып демалу жақпас екен.

Кейінгі кез күмән да орын алды,

Не болса да бір Құдай сақтаса екен.

Елегізіп күттірмей тез-тез бітіп,

Он біріне үмітті ақтаса екен…

 

Казыбек:

Жас қалам клубының татымды ері,

Басына симай жүрген ақыл кені.

Уағалайкумассалам Нұрболатым,

Алыстан елеңдетті атың мені.

Арнайы мені жұптап қойыпсың ғой,

Бұл Нұрболат айтыскер ақын ба? Еді.

Сұрайсың менен келіп карантинді,

Қазыбек дəрігерге жақын ба еді.

Құдайдың қалауымен қайтар олда,

Оныңда шешіледі ақыр жөні.

Несіне оны қатты уайымдайсың,

Сабырыңды бойыңа шақыр кері.

Жоқ əлде Қазақстанның дамуына,

Карантин кедергі боп жатыр ма еді.

 

Нұрболат:

Сен жапа шекпейсің ғой даладағы,

Біз қиналып отырмыз қаладағы. 

Айран ішіп,  етін жеп мәз боп отсың,

Ертең күні әлегін салады әлі.

Қазір тыныш болғанға шаттанбағын,

Тәж тажалдың зардабы таралады.

Сол кезде көреміз ғой көңіліңнің,

Қалай-қалай соғарын жағалауы.

 

Айтысқа жат адам деп қалған ба едің?

Қай қазақ та өлеңшіл болған керім.

Тізіміңді көбейтсем қуансаншы,

Әлде айтысты меншіктеп алған ба едің?

 

Қара өлеңнен қорымыз тарықпаған,

Қағытудан қашанда жалықпағам.

Соңғы кезде,Қазеке расымен,

Өлең-сөзбен айтысқыш болып барам.

Қорқынышың орынды мен айтысқа,

Бұйырса алдағы уақ барып қалам.

 

Қазыбек:

Бауырым соза бердің жолды несін,

Әп әдемі басталған сөздің кешін.

Жақында мен айтысқа бармын деп,

Айтыстың көздейсің-ау сен жүлдесін,

Сен айтысқа келгенде байқа бала,

Көрермендер азайып қап жүрмесін.

 

Атымды қамшылаймын шабам ба деп,

Жоғымды іздеп келем аман ба деп.

Жəй отырмай жан жағын шымшылайтын,

Нұреке, жұққан екен саған да əдет.

Өзіңменен айтысқым келмегені,

Бауырым стиль бөлек жобам бөлек.

Бір жағынан отырмын уайымдап,

Бал беретін қазылар сараң ба деп.

Шындықты қатты айтып тастағанда,

Жұмысымнан қысқарып қалам ба деп.

 

Бауырым не қыласың майдалынып,

Өмір тоқтап қалмасы айдан анық.

Карантин, карантин деп қоймайсың-ау,

Енді ғана отырғандай жəйға қанып.

Мүминнің бар байлығы сабыры ғой,

Сондықтан əсте-əсте ойланалық.

Молдеке жұртқа айтатын уағызыңды,

Үйренсеңші осындай да пайдаланып.

 

Нұрболат:

Оның рас діни сауат алған едік,

Бірақ соны қумадым шаруа көріп.

Алла деп ақ жарылып сөйлесек те,

Кеткемін жоқ бауырым молда болып.

 

Қазыбек:

Жасаймыз бұрынғының рымдарын

Қайтеміз қазіргінің шуылдаған

Тəж вирусы келді деп елдің бəрі

Қайнатып отыр іште зығырданын

Бұл əлемді сұлулық құтқарат деп

Айтыпты баяғыда зуылдағың

Махаббат махаббат деп сен отырсың

Нұреке түсіндірші мұның мəнін

Вирустан құтқармай ма бəрімзді

Қайда жүр сенің əлі сұлуларың

 

Нұрболат:

Көрсеттің-ау кемшілік тұстарыңды,

Мен айтайын ендеше нұсқауымды.

Сұлулар мен сұлулық сыртыңды емес,

Өзгертеді,  Қазекем,  іш жағыңды.

Қазыбек:

Ақынба ой мен сөзі сай түспеген,

Қасқыр-қасқыр болмайды жəй тістеген.

Бір рет жазып жүз рет дұрыстайтын,

Поэзия емес саған айтыс деген.

 

Нұрболат:

Бұрыннан азаматпыз біз өрелі,

Cері болсаң артыңнан қыз ереді.

Бұл алғашқы айтысым, кешіре сал,

Көшің де жүре-жүре түзеледі.

 

Қазыбек:

Ақынсың арманы асқақ, əппақ арың,

Сурғаннан аз болсын жаттағаның.

Айтыстың əппақ туын желбіретсең,

Тұсауыңды кескем деп мақтанамын.

 

Нұрболат:

Сөздеріміз болса егер тарамдалып,

Қалмадық қой әйтеуір шабандалып.

Қазеке осыменен бұл айтысты,

Осылай әдемі қылып тәмамдалық!

 

Қазыбек:

Боламын анда-санда саған да алаң,

Жерім жоқ бауырымды жамандаған,

Тəмамдалық десеңіз бұл айтысты,

Ендеше тəмамдалық » тəмəм, тəмəм»

 

 

          Жүлделі орындар иеленіп жүрген жас айтыскер ақындар Айбын Жәмали мен Данияр Нысанғалиевтің айтысы

 

Айбын:

Ағайын айтатұғын жырымды аңғар,

Болайын бір қолдасаң бүгін заңғар.

Ассалаумағалейкум салем бердім,

Киелі қара өлеңді суырғандар.

Карантиннің пайдасын көріп біліп,

Отбасы құндылығын ұғынғандар.

Жіпсіз байлап қойсада мына уақыт,

Түксіз қалмай , ұйым боп құрылғандар.

«Атауының шешсеңдер мәселесін,

Бұдан былай, бөлініп қырылмаңдар.

Сендерсіңдер ұлықтап поэзияны,

Апшысын қара жердің қуырғандар.

Өнер үшін өрелі еңбек етіп,

Өлең үшін, өмірде туылғандар!!

 

Айтысу Данияр мен арман еді,

Жүлдеден жан емеспе зор дәмелі.

Махаббаттың бастайын бір дастанын,

Жүйрік жыр жетелесе алға   мені.

Сегізінші сыныппын әлі есімде,

Айбын досың ол кезде аңғал еді.

Көрші ауылдың қызына ғашық болып,

Бала қиял жетелеп барған еді.

Пласмас гүл, қолымда супер контик ,

Оның өзін жалынып дүкеншіден)

Тауыққа айырбастап алған еді.

Бір сағат жол, қажытып әрең жеттім,

Баламас деп бос белдеу жанға мені))

Әрі ысқырдым, шықпады бері ысқырдым

Бар жұмысым, үй жағын барлау еді)

Иті шығып қуалап, бір таландым,

Қарап қалсам қолымда қан-қан еді.

Жетпегендей ағасы ұстап алып,

Қарындаста жұмысың барма деді.

Сол ауылдың ұрғызып балларына,

Көз қырыңды екінші салма деді.

Әрең  кашып құтылдым ауылыма,

Жібердігой әйтеуір таңда мені)..

Қызға ғашық болмадым, көп жыл өтті,

Ойлай берем өкініп әр бәлені.

Махаббат па, қайтейін айталмаймын..

Қыздан, сезім, сағыныш атаулыдан,

Содан бері көңілім қалған еді.

 

Данияр:

 

Маңдайына жазылған анық, нақты,

Жағдайын баян етіп шарықтатты.

Бала көңіл апарған бұл досымды,

Балағынан анау ит нағып қапты.

Шапағатын төкпеген сол сұлуға,

Махаббатын жырлауға жалықпапты.

Талатса көрші ауылдың төбетіне,

Тағдыр саған оң қабақ танытпапты.

 

Еске алып өткенімді өтемін де,

Енді саған мен баян етемін де.

Көрші ауылдың қызына ғашық болып,

Көшесіне түн ауа жетемін де.

Тасада жатқан итке таланып ем,

(Кесір тиіп жатса да кетемін бе?)

Бірақ мен сен сияқты мұңаймадым,

Өткен күннің сұраман өтеуін де.

Сондықтан сен де достым қапаланба,

Бір таудың қалған жандай етегінде.

Ит таласа таласын, ештеңе емес,

…Ит өмірдің жүрміз ғой жетегінде.

 

Айбын:

Хайуанға үру үшін үн берілген,

Адамға айту үшін тіл берілген.

Негізі ит қапқаны дұрыс болды,

Іштей ғана өкініп жүргеніммен.

Таланбауды үйретті талайларға,

Қаймықпауды үйртетті бірге бірден.

Ондай иттер жоқ қазір байқап тұрсам,

Күзетіп қожайынын түнде жүрген.

Айдалаға үреді ұры көрсе,

Айдақтаса шабады кім көрінген.

Жұмыртқасын ұрлап жеп өз үйінің,

Байқатпай кеп тістейді бір жеріңнен.

Қайран сол ит, жоқсың болды бұл күндері,

Қадіріңді неліктен білмедім мен?

Сен артықсың бүгінде талайлардан,

Талап, тырнап артымнан үргеніңмен.

Данияр:

Махаббаттың жолында жаралылар,

(Итке де өкпе артатын талабы бар)

Алғашқы махаббатыңдай болмаса да,

Ал саған жолықсыншы саналы жар.

Қанша жыл оқиғаңа өткенменен,

Құтырынған ит шығар, қаралып ал.

Таланбауды үйретті дейсің маған,

Тағы егер мүмкін болса жаңарып ал.

Қаймықпай айтысуға меніменен,

Қайтадан сол итке бір таланып ал.

 

Қарасаздың жадырар жүзісің де,

Мұқаңдардың қап кеткен ізісің де,

ҚазГудан ҚазҰПУ-ға ауысып ең,

Кінәрат көрмек едік біз ісіңде.

Басында: «Сендер үшін келдім», — дедің,

Бірақта қалып қойды сыз ішімде.

Біздермен жүрген кезің болмады ғой,

Біздің қадір болмады сіз үшін де.

Қырындап қыз қаратып, күнде солмен,

Қыдырып жүретінсің күз ішінде.

ҚазҰПУ-ды «қара шаңырақ» дейді бәрі,

Ірілердің қалғасын ізі ішінде.

Бауырым, жауап берші енді осыған,

Бұл ордаға келгенің біз үшін бе?

Жоқ әлде, шаңыраққа келгендігің,

Шаңырақ құрам деген қыз үшін бе?

 

Айбын:

«Түрін көріп қоянның

Қалжасынан түңілдім »

Жырын көріп досымның,

Жазғанынан түңілдім.

Келмедің деп біз барда,

Кеттің дейсің қыздарға.

Құрғақ жерден сүріндің.

Мен сендермен біргемін,

Талай бірге жүргемін.

Шындық айтар бір ұлмын.

Орталықта мүше боп,

Сайысқа бірге қатысып,

Бауырың болып біліндім.

Талай рет сен үшін

Апайлерменен қырылдым.

«Күн шықса жұмып көзіңді»

Тырнаққа өзің іліндің.

АГУ-ге келген себебім,

Ортасын көріп тірілдім.

Дос тауып сендей бауырым,

Жақының болдым біріңнің.

Жауап беретін біздерміз

Тазалығына тілімнің.

Кетсем ба деген ойым бар.

Отбасын ойлап ертеңнің,

Шырағын жағып білімнің.

 

Сен секілді таусылмас ерден жігер.

Үзбейтін қиын сәтте елден күдер.

Айтпакшы вирус келіп күллі әлемге,

 Дәрігердей қол созды көргенділер.

Бұл өзі саясат па шын індетпе?

Осыған бір жауапты демдеп жібер.

Оған басың жетпесе, жырыңменен,

Шаршаған елдің жанын емдеп жібер.

 

Данияр:

Жылауға берілмеді саған жанар,

Жылауға берілмеді маған жанар.

Жер жүзін жайлап кеткен індет жайлы,

Жер-жерге тарап жатыр жаман хабар.

«Саясат па, індет пе?» деп сұрайсың,

Сауалың осы болды санаңда бар.

Саясат бола қоймас, індет шығар,

Дегенмен, бұл билікке налам да бар.

Сондықтан үйде отырып қу жандарын,

Сабыры сарқылмайтын адам бағар.

Осылай анда-санда айтыс қылып,

Отырсақ ақыл, төзім адамда бар.

Тышқан жылы тараған бұл індеттен,

Інінен шықпағандар аман қалар.

 

 

Айтыс қысқартылып, ықшамдалып алынды!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *