Ән алыбы.

Ән алыбы.

 166 0

Ән алыбы.
     Сөз жоқ, ән — өнері киелі. Осы өнерге мені алғаш қанаттандырған ауылымның белгілі әншілері Көлмағанбет Нұрмағанбетов, Байзақ Сейілов, Аманбай Сарымсақов, Абылай Шуланбаев, Есенғали Төкебаев сынды ағаларым шопандар тойында, мерекелік концерттерде әндерін шырқап, елдің көңілін көтеріп жататын. Елге көрші Түгіскен ауылынан Игілік Омаров, Ақтүбектен Жақсыгелді Кемалов, Жаңаарқадан Қорабай Есенов, Серік Оспанов,Жезқазғаннан Жақсыкелді Сейілов, Береке Көшенов ағаларымыз келіп, ауылды әнге бөлеп кететін. Осы ағаларымның әнін тыңдап өстім. Әнге деген құштарлығым артып, қалай ғашық болғанымды өзімде сезбей қалдым.
Ауылымызда күнделікті елдің көңілін көтеріп, таң атқаннан кеш батқанша қазақ радиосының алтын қорындағы халықтың ән-күйлерін, еліміздегі болып жатқан жаңалықтарды жеткізіп тұратын жалғыз радио болды.
      Сол радиодан ең алғаш Қайрат Байбосынов ағаның әнін тыңдағанда таң қалғаным сонша, ішкі дүнием қозғалып кеткендей болды. Сол күннен бастап «Радиодан енді қашан Қайрат ағаның әнін береді екен», — деп тосып жүретінмін. Тыңдаған әндерді домбыраға түсіріп, үйрене бастадым. Шіркін осындай әнші болсам ғой, бір көрсем деп жүргенімде 1984 жылдың қоңыр күзінде әке шешеммен кешкі асты ішіп отыр едік, көрші Серік ағамыздың үйіндегі Мәрия жеңгеміз үйге келіп:

 — Әнші ағаң Қайрат Байбосынов келіп жатыр еді, домбыраңды бере тұршы,-деді.  Бұл хабарды естігенде қуанышымда шек болмады.

—  Сіз бара беріңіз домбыраны өзім алып барамын, — деп ол кісіні үйіне жіберіп, әкем  екеуіміз артынан  бардық. Көршінің үйінде Қайрат ағам мен ауылымыздың жақсы- жайсаңдары жиналып отыр екен , амандасып болған соң домбырамды қағып- қағып жіберіп:

—  Домбыраң жақсы сөйлеп тұр ғой, өзің ән айтасың ба?  

 -Аздап айтып жүрмін

— Ендеше бір ән айт, — деп домбыраны ұстата берді.  Сол жерде Біржан салдың «Жонып алды»,  Кәкімбек Салықовтың  «Сағыныш»,  Ақан серінің  «Құлагер»  әндерін орындаған едім, ақ батасын беріп, «Дауысың жақсы екен, мектепті  бітірген соң Алматыға оқуға келетін бол» — деп ескертті. Бұл ұстазыммен алғаш танысуым еді.
        Бір жылдан соң Алматыға оқуға бардым.  Эстрада цирк өнер студиясы — халық әндерін орындайтынжалғыз  оқу орны. Қайрат ағаммен хабарласып едім, «Гостролдік сапарларым көп сондықтан қазір сабақ бермеймін, Жәнібек Карменов ағаңда оқисың, арасында ән үйреніп үйге маған келіп тұрасың», — деді. Сөйтіп Жәнібек ағамда бір жыл оқып, әскерлік борышымды ойдағыдай өтеп келсем Қайрат ағамның мектебі ашылыпты. Бір жыл әнші ағама шәкірт болдым. Қайрат ағама шәкірт болу белесі осылай басталып еді.
      Мен өте бақытты адаммын. Біріншіден, Қазақстанның Халық әртісі Жүсіпбек Елебековтың телқоңыр атанған шәкірттерін қатар еміп өстім. Екіншіден,  ұстазымның қасында жұмыстада, өмірде де, өнерде де ұзақ жыл бірге келе жатқан шәкіртімін.
      Содан бері отыз алты жыл өтіпті. Менің өмірімде осы уақытқа дейін Қайрат аға ұлағатты ұстазым, ақылдасатын ақылшым, сырласатын, пікірлесетін рухани ағам болып келеді.
        Қазақтың ән өнерінде Қайрат ағамның орны ерекше. Олай дейтін себебім, халық әндерін орындаушы ретінде қазақ әніне үлкен жаңалық кіргізген, жеке мектеп қалыптастырған феномен, өнерді жасаушы тұлға. Қазіргі таңда Қайрат Байбосынов мектебін (стильін) жалғастырушы шәкірттері өте көп. Атап айтсақ,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ж Кемалов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Р.Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Айтбаев, С .Қазақбаев,  Ж. Құжыманов,  Қ. Абуев,  Қ. Жүнісов, Е. Төлеутаев, Е. Базарбеков, Ж. Базарбеков, С. Мұхамеджанов және т.б.
      Әнші ағаның дауыс көлемі (диапазон) өте жоғары, дауыс бояуы (тембрі) сұлу, мейлінше кең тынысты.  Кез келген әнді қиындығына қарамай мың құбылтып, түрлендіріп жіберетіні  таңдай қақтырады.  Кейбір әншілер әнге дауысы жетпегендіктен әннің жоғары нотасын немесе төменгі нотасын кесіп алып тастап жатады. Қайрат ағам осы уақытқа дейін ұстазы Қазақстанның Халық әртісі  Жүсіпбек Елебековтен әнді үйренген қалпын бұзбай, әр әннің бір нотасын түсірмей, көздің қарашығындай сақтап, шәкірттеріне үйретіп келеді. Ән орындағанда домбыра сүйемелдеуі ерекше Қали Байжанов, Жүсіпбек Елебеков,  Қосымжан Бабақов, Байғабыл Жылқыбаев, Игілік Омаровтардың домбыра қағыстарын барлығын меңгеріп қана қоймай, Жаңаарқа өңіріне тән Сайдалы Сары Тоқа, Дайрабай күйлеріндегі домбыра шерту әдістерін бойына сіңірген. Тек қана әннің әуенін ғана домбырада шертіп тартатын әншілер сияқты емес, айтып отырған әнінің әуені, мінезіне сай келетін сол мінездегі күйлердің үйлесімдік жағын орын — орнымен әнге қолданып, болмай жатса өз жанынан импровизация жасап әр әннің кіріспесін түрлендіріп жібереді.  Мысалы, Біржан сал «Айбозым»,  «Ақсеркеш»,  халық әні «Ағаш аяқ»,Үкілі Ыбырай  «Толқын»,  Сәтмағанбет  «Шәмсиқамар», Балуан Шолақ  «Ғалия» ІІ түрі»  және т.б.  әннің сөз мәтініне келгенде әр әннің әр сөзін дауысқа әдемі жатқызып тайға таңба басқандай анық айтып, әннің нюаныстарына қатты көңіл бөледі. Ән айтқанда көрерменмен арадағы байланыс жібін үзбей ұстайды, орындап тұрған әнінің кейіпкеріне айналып кететіні таң қалдырады. Сахнаға үкілі бөрікпен, оқалы шапанын киіп келе жатқанда Біржан сал,  Ақан серілер осындай болған шығар деп ойлайсың.
         Әнші ағаның тағы бір үлкен еңбегінің бірі- ұстазы Ж. Елебековтен үйренген репертуарымен қалып қоймай, гостролдік сапармен ел арасында жүргенде ел арасындағы айтылмай ұмыт болып бара жатқан екі жүзден астам халық әндерін, халық компазиторларының әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Илия Жақанов ағамызбен бірлесе отырып Қазақ радиосының алтын қорына өткізіп, қазақ әндерінің сақталып қалуына еңбек сіңірді. Көгілдір экраннан «Асыл мұра» бағдарламасынан халық әндерін, халық компазиторларының өмірбаянын, шығармашылығын елге насихаттап,  қайта түлетіп отырды.
       2013 жылы Қайрат ағамның репертуарындағы ел арасынан жинаған барлық әндерін жинастырып, әндердің әуенін күйші  Қ Айтбаевқа өтініш жасап нотаға түсірттік. Нотаға түскен әндердің әуендерін әнші ағам өзі қадағалап отырды. Әндердің мәтіндері Кеңес өкіметі кезіндегі идеологияға байланысты өзгеріске түскен, барлық әндердің  мәтіндерін, төл туындысын  Ғылым  Академиясынан,  Қазақ радиосының алтын қорынан, ел арасынан іздестіріп тауып, әннің авторларын ғылыми тұрғыда дәлелдеп үш жарым жылдық еңбекпен Қайрат Байбосыновтың репертуарындағы бес жүзден астам ән жинақталып «Сыр сандық» атты қазақ әндер антологиясы 2016 жылы жарық көрді.
      Ұстазымның тағы бір қыры — қол өнері.  Әкеден балаға берілген өнер. Ағаштан түйін түйеді. Бос уақытында ағаштан жасалатын дүниелерді жасай береді. Көбіне домбыра жасағанда ағаш шеберлері сияқты жәй жасай салмайды. Домбыраның сыртқы пішініне әсіресе дыбыс тазалығына, даусына көп мән береді. Сонымен қатар шақшаның түр түрін жасай береді. Қасында жүріп домбыра жасау өнерін өзімде үйреніп алғанымды байқамай қалыппын.
      Алматыда Сүйінбай атындағы облыстық филормониясында гостролдік сапармен бірге жүріп елді мекендерге көптеген концерттер бердік. Концерттік сапарда бір байқағаным бір әнді әр концертте көңіл күйіне қарай мінезін, жүрісін, нюанысын өзгертіп түрлентіп жіберетін.Мен көбіне Қайрат ағаның әндерін сахнада тыңдағанды ерекше әсер алатынмын. Сахнада мен әнімді орындап келгеннен кейін, маған түзетулер жасап,  ағалық ақылын айтып отырады. «Жақсыдан шапағат», — деп халық тегін айтпаған ғой.  Қайрат ағамның арқасында еліміздің қаншама игі жақсыларымен дәмдес болып, алдарында ән айтып, баталарын алдым. Әншілік өнердің қыр сырын түсіндім.
      Қайрат ағамның қазақ әні үшін сіңірген еңбегі орасан зор.  1987 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясынан Халық әні кафедрасының ашылуына мұрындық болды. 2009 жылы Астана қаласына көшіп келіп,  2010 жылы Қазақ Ұлттық өнер университетінен Дәстүрлі ән кафедрасын ашып, он жыл ішінде жыр, айтыс мамандығының ашылуына ат салысты. Жан-жақтан жақсы мамандарды шақырып,  кафедраның іргетасын қалап, сапалы білім беретін, қазақтың ән өнерін насихаттайтын білім ордасын қалыптастырды.
     Қазақ ән көшінің қара нары, сахнаның саңлағы, ұлағатты ұстаз , Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, Парасат, Достық Ордендерінің иегері  Қайрат Байбосынов ағамыз биылғы жылы 70 жасқа толып отыр. Бұл мерей той қазақ өнерінің тойы. Ән дүлдүлі Қайрат ағамызға Мемлекет тарапынан Еңбек Ері атағы берілсе барша қазақ қуанар еді-ау!

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Нығызбаев Айтбек Жақсылықұлы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *