Басты бет Мақалалар Кәрібай Таңатарұлы және оның жасампаздық еңбектері туралы
Кәрібай Таңатарұлы және оның жасампаздық еңбектері туралы

Кәрібай Таңатарұлы және оның жасампаздық еңбектері туралы

 220 0

Асқар Игенұлы, фольклоршы, журналист.
2012 жылы өлке (ШУАР) деңгейінде «Қазақ фольклорын қорғауға, жинап-реттеуге сіңірген елеулі еңбегі үшін» номинациясы бойынша тұңғыш рет “Атамұра сйлығының” иегері.

 

Кәрібай Таңатарұлы және оның жасампаздық еңбектері туралы

    Түстігінде Еміл, терістігінде Ертіс сынды ерке сылқым екі өзені бар қарт Тарбағатайдың қоян- жон жотасы, қыртысты қырқасы, құйқалы қойнауы өткен сол бір тарлан тарихтың ащысы мен тұщысына куә.  Алтын бесік ел іші небір ғажайып аңыздар мен жырға, бүкпесіз сырға толы. Оның арғы тарихында елім деп еңіреген ерлердің жан алғыш жауы мен  айтулы “Шорға соғысы”, “Қалба қақтығысы”, “Еміл жеңісі” секілді сұрапыл соғыстарда ту көтеріп, тұлпар мініп қол бастаған Қаракерей Қабанбай мен Дәулетбайдай жаужүрек батыры өтсе, бергі тарихында әйгілі шешен Ақтайлақ би, хан Сүлеймен, Тана мырза, Аға сұлтан Бұтабай, және ел арысы Демежан өтті. жауға аттанса жасағына жалынды жырымен рухани медет, ұлы күш беретін жыраулары мен ақындары болғаны секілді Ақтамберды жырау мен Дулат, Сұртай,  Жанұзақ ақынның жалғасындай Кәрібай ақын өтті. Тағдырдың рақымсыздығы сол−сахараның ерке саңлақ, арқалы ақыны Кәрібай Тарбағатайдың жотасы, шекарада оққа ұшты. Міне, сол 1931 жыл−бертін замандағы Қазақ Халқының тарихындағы ғұмыр-бақи естен кетпес бір опат жылы болды. Осы жыл тіршілік харекеті бағзаманнан бері мал шаруашылықпен біте қайнасып, күнделікті тұрмыста ет, сүт өнімдерін тұтынған Қазақ елі жөнінен сонау 1723 жылдан басталған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» аспаса кем соқпаған. Бейкүнә халық өз ортасының серкесі болған  саңлақ, көкірегі ояу перезенттерінен айырылып, ашаршылық пен қанды қырғынның қыспағына шыдамай бақ қонып, ырыс ұялаған қонысы − өніп-өскен құтты мекен жерін артқа тастап, әлдеқашан түскен шекара сызығын елең құрлы көрмей, ата-бабасының ежелгі күл төккен мекеніне өздерінен үш ғасырға жуық бұрын келіп ірге көмген қандастарға қара тартып босқан ел талшық етуге ас таппай, аш-жалаңаштықтан азып-тозды, күйзелді, күңіренді. Өрімдей ұл-қыздарының тым құрыса тірі қалуы үшін болса да оларды қарақат көзін жәудіретіп, бұндағы тұрғылықты Қазақ, Дүңген, Дағұр(солаң), Ханзу қатарлы ұлт адамдарына бір астау бидай, болмаса бір шелек тарыға айырбастап кете барған-ды.  Көз жасы қан боп тамған келмеске кеткір аянышты сол күндер уақыттың ескіріп, ұрпақтың жаңалануымен өшкіндеп, өткен істер ұмыт боп, өксігі басылғанымен Кәрібайдай аяулы арысы оққа ұшқан сол бір қаралы, қазалы күн әлі ел есінде.

       1931 жылдың мамыр айы.  Ақсуат жеріндегі Қарғыба, Базар, Боғас, Нарын өңіріндегі тұтас елдің басына бақытсыздық бұлты үйірілген. Асыра сілтеу аласұрған Сталин дәуірінің 1928 жылдан басталған айтулы кезеңде “Кіші октябрь” идеясін жүргізем деп елеуреген Голощекин секілді әпербақан атаманы әу бастан-ақ еркіндікті бәрінен жоғары қоятын осы бір жауынгер халықты шұралап, мықтап тұралатып, мүлде басынып алуды көздеген. Ол қарапайым бұқараның да мал-мүлкін мүсәдіралап (конфискелеп),  алым-салық қысымын жасап, салық төлей алмағандарды қамауға алды. Көзқарақты оқыған зиялыларды “Алаш ордашылар”,  “Ұлтшылдар”, “Байшылдар” деген үрейлі атпен қамауға алып, атамын дегендерін атып, бір бөлімін жер аударып, ел берекесін  кетіреді. Қылаң еткеннің бәрі қылмыс боп адамдар жүріп-тұрудан қалады. Бейшара Халықтың қорасынан малын, қабынан дәнін қидай сыпырып, ашаршылық апатын қолдан жасап берді. Сөйтіп, әміршіл тәртіптің жазалау жүйесін пайдаланған  Ф.Голощекиндік зұлматта 2 миллион 300 мың қазақ жұрты ашаршылықтан қырылды, 900 мың қазақ Ресей, Орта Азия, Моңғолия,  Ауғанстан, Иран және Қытайға ауа көшті (1996 жылы Алматыда шыққан «Қазақ» атты кітаптан). Бұл бір ауыр күн осы елдің басына ғана емес, ұланғайыр кең өлкенің түкпір-түпкіріндегі қазақ жұртының “түтін санын түгендеді”.  Осының салдарынан халық мүшкіл хәл кешті.  Бейне отқа жақын жердегі бір кесек Тоңмайдай жемірілді. Бұл кезеңді Кәрібай ақын:
…Мың тоғыз жүз отыз бір болды бір сын,
Күйзеліс болды қатты халыққа тым.
Ерлерге ел таныған қатер төніп,
Ықтайтын керек болды қоянға жым,- деп тұжырымдайды.  Одан ары терең үңілген ақын:
…Ашылы, Ақсуат пен Жаңатоған,
Былықты күннен-күнге біздің қоғам.
…Алдымен қойды жиып, сиырды алды,
Күн санап халық күйі қиындады.
…Бітірды астығыңды салық салып,
Күн сайын тексеріліп-анықталып…
немесе:
…Теп-тегіс күңіренді бай мен жарлы,
Сыпырды жұрдай қылып қолда барды.
Жан сақтап өмір сүру қиын болды,
Бастағы төлей алмай шығындарды,- деп халықты тұншықтырған қара түнек жағдайды әшкерелей келіп, аш бөрідей малға шапқан рақымсыз жауыздықты ашынған ақын:
…Сыпырып қазір Орыс алып жатыр,
Халықтың көбі менен азғанасын,-дейды.
        Сөйтіп, ол еңбекпен жиған адал малы мен тірнектеп тапқан қазынасының келімсектерге тегін олжа болғанына халық атынан осылайша өкініш білдіреді.  Малы түгіл басын қайда қоярын білмей, еркіндігінен жұда болған,  күңіренген ел жанашыр-жақындарын тұтқынға беріп, омыртқасы сынып, қанат-құйрығы қырқылған осы қарсаңда, “Екі қолынан басқа ештеңесі болуға хақылы емес” пролетарияттың көрсоқыр белсенділері мен тақыр қолтық кедейдің шашбауын көтерген “революция” байлардың мал мен мүлкін мүсәдіралап, дәулетін талап жатқанда, “көне заманын көксеген, ескішіл” делінген Кәрібай ақын да бай-манаптар қатарында “көкесін көзіне көрсететіндер” тізімдігіне түскен соң еріксіз бас сауғалап, жиырма шақты ауыл шығысты бетке алып, Еміл жағасындағы нағашысы−руы Шотай Есбай зәңгі ауылына өтпекші боп үдіре көшеді. Олар бір тәулік жүріп, Нарын өзенінен өтіп орман ішін далдаламақшы болғанда екі тәулік тоқтаусыз нөсер құйып, сорлыға сойыл боп тиген. Нұртаза қыстауын паналаған олар нөсер басылған соң көліктің күйіне бола қозы көш жер жылжып, “Көлеңкелі” деген жерде тасаттық беріп, тілеу тілеп отырғанда Кәрібай ақын жаураған жандардың көңілін сергіту үшін әрі өзінің екі күн бұрын көрген түсін жаманға жорып:
Мен келдім Тарбағатай тағы асқалы,
Жоныңа демімді алдым таң асқалы.
Құрылды ауаға−тор, жерге−қақпан,
Құтылар ер жігіттің бағы асқаны,- деп қағазға жазған толғауын толғап қоштасқандай болғанда, Елшібай домбырашы бебеулетіп күйін тартқан.  Қара айырықтағы Керейбай бастаған мұздай құрсанған шекарашы Орыс солдаттары түсіп, тұс-тұстан қоршауға алады.  Жол бастаушы Құнанбай қызыл көк аттың күшімен ат бауырына кезек түсіп қашып, бораған оқтың ішінен әйтеуір аман құтылып кетеді. Атумен шабу әдеттеріне айналған жауыздар “Бандының атаманы” деп Кәрібайді табанда атып тастайды. Дүние бір сәт болса да мұңға шомады.
        Өзінің келте ғұмырында талай майданда топ жарып, алты арысқа атағы жетіп, “Майқы би” сынды шежірелік дастанды, “Қаракерей Қабанбай”, “Қанжығалы Бөгенбай”, “Мұрын және Байжігіт” қатарлы тарихи дастанды өлеңмен жазып, ата-баба фольклорына мирастық етіп, бүгінгі ұрпаққа өлмейтін енші қалдырып кеткен шығыс жұлдыздарының бірі−дарабоз ақын жат қолынан жан беріп, мәңгіге көз жұмады. Араға екі-үш ай салып ғұлама ақын Шәкәрім қажыны өз мекені Шыңғыс тауындағы үйінде дәл осылай оққа байлау−озық ойлы, тағдырлас азаматтарымыздың соңына әдейі шам алып түскен сұрқиялықты ұғындырғандай еді.
Кәрібай ақын оққа ұшқан қан майданда ішінде болған 79 жастағы Дөрбілжындік Қапас Қали ұлы көзі көрген оқиғаны былайша баяндайды:
−Еркектерді бір бөлек, әйелдерді бір бөлек тұрғызып тергеуге алған солдаттар әкіреңдеп зілмен кекесін тіл қатып:

—  «Иә, бастарың ауырған соң  Қытайдың “88” шайын ішкелі барасыңдар-ау”,-деді. Сонда үрей билеген кемпір-кешектер жағы:

—  “Қарақтарым-ау, жаза бастық, қателестік қой»,-  деп үн шығармай кемсеңдеп шлауыштарымен көз жасын сығымдады. Түгелімен қырып тастай ма деген адамдарда зәре қалмады. Шыбынның ұшқаны естілетін тыныштық орнады. Ақыры шағын ауылды шып-шырғасын шғармай алдына сап “дабайлаған” олар, Кәрібай ақынның мүрдесін қанын сорғалатып ақынның үлкен ұлы Құнапяның алдына өңгертіп берді. Жиырма шақырым шамасы кері қайтқан соң қараңғы түсіп, ел жүгін түсіріп тынықты.  Ертеңіне сүйекті түйеге артып, көш Қарғыба өзеніне жеткенде, соқамен жер жыртып жатқан салықшылардың алдына әкеп: “Мына бандының көзін жоғалтыңдар”,-деп  түйе үстінен Кәрібайдің мүрдесін лақтырып тастады. Солдаттар жанашыр  жақыны мен ұл-қыздарына да топырақ сап, әкесінің бетін жасыруға рұқсат етпеді. Көшті район орталығындағы “Фонтқа” әкеп, елді бір айдан астам уақыт қамақта ұстаған дейді.  Ал, Қарғыба ауылының тұрғыны мешіт мәзімі Тортай Жағыпарұлы 1997 жылы ақпанда маған:

−Кейін білдік, Шаянбаева Мәрзия қатарлы екі-үш әйел қабырстандықтан жасырын Жерошақтай жер қазып “шейіт” деп Кәрібай ақынды киімімен бетін жасырған болыпты. Бірақ, қазір орынын дәп басып табу қиын. Сол жолы Құнапия, Секебайларды Көктерекке (Көкбекті) апарып сұраққа тартып, бастарына темірден құрсау сап, ауыр жазамен қинапты деген еді.
      Кәрібай оққа ұшқан сол кезде, ел ішінде қалай шыққанын кім білсін  Әнжан Уса ұлы деген Балшабек атыпты деген қауесет тарап, ол кейінгі күнге де жеткен. Алайда, жаңсақтықтың шығуы былай болыпты: Әнжан қасына солдат ертіп Кәрібай ауылын қуа шығады, ондағы ойы Кәрібай ақынды екінші бір елге өткізбей алып қайтып Көктерек маңына апармақшы екен. Өкінінерлігі, олар жетіп үлгіргенде ақынның қанға малшынып жатқан қазасының үстіне түседі. Кәрібайді атып тастағандықтарына налып кейістік білдіргенде шекара солдаттары: “Бандыны аяған сенде бандысың” деп шармаяқтасып құрал көтеріскенде Керейбай (шекара мәнсәптісінің көмекшісі) басу айтып екі жақты тоқтатады. Көп өтпей, сол Әнжанға да қудалау түсіп, түрмеге жабылады. Ақырында екі көзден айырылып, қорлықпен дүниеден ол да көшеді. Кәрібайды Әнжан атты деген осы бір жаңсақ ұғым ақыры шынына шығады. Кәрібай оққа ұшқан сол майданда бірге келе жатқан Тоқабай руының 17−18 жастағы Байқуаныш деген жігіті сондағы өзі көрген қан майдан оқиғасын Бейсенғали Садыханұлына 1948-49 жылдары әңгімелеп Әнжанның атпағандығын айтып түйіншекті шешіп берген. Біз жоғары да айтқан түсінен түңіліп жазған толғауын жиырманың ішіндегі Сайлаубай Тұрлыбекұлы (Тұрлыбек Садыханмен бірге туысқан кісі)  ұлтарағының астына жасырып кейін бері алып өткен. Бұл ақынның ақтық демі таусылар алдындағы бізге тастап кеткен өсиеті боп бұл күнге жетті.
        Кәрібайдың мезгілсіз қаза болуы орны толмас өкініш болса, арнасына келмейтін тағы бір ауыр қаза−бір тұстары Кәкең өзі ақылын сарып қып, көз майын тауысып “Майқы дастанын” өлеңмен жазуына желі болған «Рисала−и−тауарих» кітабі қатарлы құнды тарихи шығармалардың өзенге тасталуы еді.  Кәрібай ауылы босудан ілгері “Ұрда жық, ат та шапты” өзінің саяси мақсатының нысанасы еткен тепершілікке төзе алмаған қыруар Қазақ ауылдары түп қотарыла Тарбағатайдың түстігіне аспақшы боп Нарын өзеніне жеткенде, көктемнің соңғы шағы−теріскей қарлары бұзылып, оның үстіне нөсер жауып, сабасына симай буырқанып, өркештене тасып жатқан өзенге қамалған Құттықадам Жәкула ауылдарын Ақсуаттан өкшелей солдаттар қуып жеткен. Осының алдында Сыбан елінің Асан бастаған жүз шақты жігіті келіп қосылмақшы болған. Бірақ, оларды Аягөзден қуа шыққан солдаттар “иттің жалынан” ұшырастырып, екі жақтап қыспаққа алып оқ жаудырғанда іштерінде руы Тоқабай Сағынай мерген бар жүз шақты жәй бұқара солдаттарға төтеп беруі қиын болған. Өмір мен өлім арпалысында қалған бейкүнә ел тәуекел етіп өзеннен өте шықпақшы болып даланың қоңыр аңындай суға лап қояды. Ат көлігі жілікті, су ішерлігі барлар ғана өзеннен аман-есен өтіп құтылады да ат-көлігі әлсіз, бір қауым ел солдаттардың ат үстіне құрған пулемет оғының астында қалып, қырылады. Бала-шаға мен кәрі-жастың қызыл қаны өзен бетін бояды. Үріккен елдің жүк артқан қалың түйелері де су бетінде аққан сеңдей бірде қалқып, бірде батып, көзден ғайып боп жатады. Осы ала сапыран қыспақ ішінде 83 жастағы әйгілі шежіреші Маусымбай қария суға малшынған екі  қоржын кітабін амалсыз өзенге тастап, ақбоз аттың жалын құшып жағаға шыққан. Сол жолғы оқиға құлағында бар қарияларымыздың айтуында сондағы табиғат пен жауыздар қолынан істелген “Қос апат” бір мыңға жуық адамның жанын жалмаған…

     Қоржынымен суға кеткен сол қомақты қазына араб, парсы, түркі тілдеріндегі ертедегі аса құнды тарихи кітаптар көрінеді. оның ішінде VIII-IX ғасырларда жасаған Арап тарихшысы Ибн Ғаббастың «Рисала−и−тауариғы» және Ұлықпан кәкімнен мирас қалған делінетін «Рисала−и, шипа−и, баянның» мәлім бөлігі мен Әбу Һұрайраның (Ғұрайданың) «Рисала−и сәуле»(яғни Мұсакәләм Алла үшінші ықылым заманауи дәуір) атты шығармалары болған делінеді.
      Шекарадан өткен елдің де жағдайы мүшкіл болған. “Тұрымтай тұсына балапан басына” кеткен заман туады. Тарыдай шашылады. Кәрібай ақынның  “Майқы дастанын” өз қолжазбасынан көшіріп алып, бізге жеткізген Жанұзақ байдың мырзасы Құсайын шекара аттаған соң ат-тонын қарақшыға алдырып, ақыры Дөрбілжын деген жерге келіп қайыр тілеген аш-арықтың бірі болады. Қазіргі Күрті деген ауылдағы бір Дүңгенге 8 жасар қызын жанарын жаудыратып екі шелек Күрішке бергенін көрген көне танысы Сымағұлдың әйелі Қамила өзінің босқын елмен бірге келіп, күн көрісі үшін біреудің етегінен ұстаған жәй-күйін ұмытып өзін тежей алмай: “Мырза-ай, қайтып қидың, о, дүние-ай!” деп етегі жасқа тола еңіреп, бір тұстары алдынан кісі көлденең өтпейтін Құсайын ақынға аяушылдық білдірген. Сонда Құсайын ақын: “Әттең,  Қамила-ай, осы бір шелек күріш маған өмірлік азық болады деймісің? әйтеуір жаны тірі қалама деп тұрмын-ғой”,-депті өзегі өртенген байқұс бауыр еті баласын жат біреуге қалдырып. Өзі отыздан аса аш тобырды ертіп Шоқат деген шилы жазықта отырған он сұмын қара Қалмақтың үкірдайі Маданның ауылына жұмыс іздеп барады. Мадан үкірдай: “Орыс елі ауылымның сиқын бұзады. Қазақ ішіне қарай Толының Керей, Уағына апарып тастаңдар”,-деп бұларды қабылдамайды. Іштерінде біреу екі жасар ұлын Үкірдайдің алдына апарып: “Бір табақ құртқа алшы!”,-деп аяғын құшқанына бола есіркеген Мадан болған жоқ. “Бүлінгеннен бүлдірген алмайсың”,-деп баланы да алдырмай, олардың тобын жаздырмаған беті Теңселбай секілді жалшының алдына сап бетбақ далаға қарай қудырады. Көп ұзамай-ақ қара тұяғынан хал кеткен олар аштықтан жүре алмай жусап жатып қалады. Ертесі және ауылдан алыстатқалы барған Теңселбай олардың өліп жатқанын көріп, мұсылмандық парызым ғой деп бір шұңқырға үйіп, беттерін жасырған болады. Сол Теңселбайдың қызы 79 жастағы Бижамал(Бишән) ана қазірде көзі тірі, Дөрбілжын ауданының Еміл фермасынд тұрады.

II

Кәрібай Таңатарұлы тоғыз таңбалы Найманның бір таңбасын еншілеген қабырғалы Қаракерейдің Байыс ұрпағы. Жұйеден шешесі Мұрын атымен тараған Сарымырза ұрпағы. одан бері бұтарлағанда жеті Жолымбеттің бірі Назардан: Жанболат → Сары → Көки → Жамантай болып ұрпақ жалғап, одан Боқбасар биге келеді. Ақынның үш жүзге аты мәшһүр әйгілі осы би бабасы туралы жазған “Боқбасар би” толғауы бар.
…Жылында мың сегіз жүз жетпіс екі,
Келіппін дүниеге есік ашып,_деп ақын өзі айтқан 1872 жылы Қазақстанның Семей облысна қарасты қазіргі Ақсуат ауданының Қарғыба өзені бойындағы өзінің ата қонысы−Кішкенетау да дүниеге келеді. Ол бір әкеден жалғыз еді. Ақынды көре қалған некен-нұқан кәряларыміздің есінде қалуынша, Кәрібай ақын аса бойшаң, кесек денелі, атжақты, қыр мұрынды кісі екен. оның ширата қойған мұрты мен шоқша сақалы өр тұлғасына нәзіктік беріп, от шәшқан жанарына қараторы өңі құп жарасқан көрікті кісі болыпты.
Ақсуат ауданы Қарғыба ауылының басым көпшілігін ақынның елі Жанболаттың Сары ұрпақтары ұстағандықтан, қазіргі қарғыба ауылы “Сарының ауылы” делінеді.
Кәрібайдің әкесі Таңатар барымта-қарымтаның кезінде жортуылшылар қолынан өлген. Сол түнгі жылқы күзетінде 5−6 жастағы кішкентай Кәрібай әкесінің қасында болыпты. Түн жастанып жылқы алғалы келген ұрылар Таңатарды тұрмастай қып соққыға жыққан соң, сәби баланы бірге алып кетеді. Межелі бір жерге жетіп, аттарының белін алдырып, өздері тамақтанып жатқанда бойында иманы бар ұрының біреуі өзінің атарманының атын атап: “Ей, Кәрібай, әкесін ғой өлтірдің, енді мына баласын тірі қалдырып кет”,_дейді абайсыздан. Серігінің бұл сөзіне жол берген ол баланы сол жерге қалдырып кетуге көнеді де өз жөндеріне тартады. Иенде шырқырап жылап қалған су ішерлігі бар сәбиді ауылы таяу біреу тауып алып, сұрастырып жүріп оны еліне табыс етеді. Бірақ та, қанішер атарманның қасындағы серігі жағынан аталған Кәрібай деген ат сол сәттен бастап бала Кәрібайдің мәңгі құлағында қалып қояды…
Кәрібайдің ержетіп 16−17 жастарға келген шағы дейді. Бір жылы Талдықорғанда ұры-қарылар мен барымташыларды тезге салатын Съез болып, Сот ашылады. Оған бір түрлі үміт пен Кәрібай да барады. Ұрылардың үкімі жаряланып, аты-жөні аталғанда: ұры Кәрібайдің жағасына барып жармасқан кіші Кәрібай өз факттері арқылы Билер мен Соттарға арызданып, қандықолды әкесін сойылға жығып, жазым еткенін мойындатып, әкесіне бір тоғыз құн төлетіп алып қайтады. Әкеден жастай жетім қалған Кәрібай кейінгі күнде әкесі Таңатармен бірге туысқан Қайранның ұлы Байжұман байдың тәрбиесінде өсіп, ат жалын тартып азамат болған. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін “Ерекше кулак” деп пәле жабылған Байжұманның мал-мүлкі мүсәдыраланған. Оның шалығы Кәрібәйді да шарпиды. “Көнешіл”, “Байдың құйыршығы”, “Бандының атаманы” деген айдар тағылып, қоныс таптырмайды. оның соңы Кәрібайдің қазасына жалғасады.
Кәрібай ақынның кіндігінен үш ұл, үш қызы болыпты. Үлкен ұлы Құнапя Дөрбілжын қалашығының Тасырқай мешітінде мәзім боп тұрып, 1961 жылы 66 жасында қайтыс болған. екінші ұлы Секебай 1955 жылы Қазақстанның Ақсуат ауданына кеңестер одағы(Сәвет) тұрғынындық(Граждандық) кінешкемен қайтып, 1964 жылы 63 жасында сонда дүние салған. оның ұлы Жұмақын қазір Ақсуат ауданы орталығында тұрады, зейнеткер. Атасының жолын қуған немерелерінің бірі−Гүлсімхан Жәйсаң қаласының Қаратал ауылында. үшінші ұлы Қызырғали 28 жасында ертерек дүние салған. Қыздарынан Қазима және Бижамал мен Нұрбәтіш(дін жолын тұтынған адам) 80 жылдар ішінде қайтыс болған. бұлардың ұрпақтары Дөрбілжын ауданының Маралсу, Үшқарасу ауылдарын мекендейді.
Ал, Кәрібайдың ақындық жолына түсуі жәйінда ақынның ұлдары Құнапямен Секебайдың қалдырған деректері мынадай. Кәрібай 13 жасқа шыққан мүшел жылы маусым айында “Дәулетбай тоғанындағы” уысты құлақ егінін суарып жүріп, шаршап-шалдыққан соң, жамбастап жатып ұйықтап қалыпты. Ұйықтап жатып түс көріпті. Түсінде бір алып қарақұс Кәрібайді қанатына қысып алып ары-бері алып ұшады да жерге тастайды. Сонда бір кәря Кәрібайдің қасына келіп: “Балам, оқу аласың ба, домбыра аласың ба?”,депті. Кәрібай: “Домбыра алайын, ата!”,дейді. Сөйткен Кәрібай сол жатқан күйі тұп-тура екі тәулік далада жатып қалады. Іздеушілер оны тауып алғанда ол мүлде тіл-ауызсыз қалған. Үйіне келген соң молдаға қаратып, дем салғызып, ұшықтатады. Молда Кәрібайдің туыс-туғандарына: “Абыржымаңдар, бұл балаға ие қонған, басына бақ қонады екен”,_дейді. Әйтеуір Кәрібай да есін жинайды.
Содан бастап тұтас ауыл боп Кәрібайді: “Ие қонған киелі бала”деп, бетіне қақпай өсіреді. айтып-айтпай Кәрібай да өлең-жырға әуес боп, ақын бала атанады. Кәрібайға ақындық өнер құдыреттің әмірімен осылай дарыпты делінеді. Жеңгесі Жанапяның: “Қайыным аяғың ойылып қалған ба?”,дегенде айтқан:
Келемін қозы бағып өрістетіп,
Бойына Сарыбұлақтың еңістетіп.
Қажалып екі аяғым жүре алмадым,
Бір етік тіктіріп бер келісті етіп,_деген осы бір шумақ өлеңінен-ақ оның тым жас кезінен өлең-жырға әуес, балауыз шамдай жылтыраған тума талантты болғанын көреміз.
Алайда, ол медіресе есігін ашып, хазыреттен оқымаса да өз бетінше жүре хат танып, өжет боп ержетеді. Он жеті жасынан бастап төңірегіне танылған, ел көзіне түскен ақын боп толысады. Ол жасаған ортада не бір ділмәр, тақуа, шешен-шежіре, ғұлама ғалымдар өмір сүрген. Соның бірі өзімен рулас ұстазы−Маусымбай шежіреші Кәрібайді жас күнінен ақындыққа жебеп, ата-тек шәжіресін ұқтырып, өткен-кеткен тарлан тарих қамбасының терең қатпарынан сыр ақтарып, жас ақынды білім кәусәрінан сусындатқан. “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” дегендей, Араб, Парсы тілдеріне қанық ұстаздан тәлім алған Кәрібай, Шығыстың ертеден-ақ ықпалы күшті атақты ақын-жазушылары−Науай, Фердауси, Низами, Сағди және қожа Хафиз қатарлы әдебиет жұлдыздарының еңбегімен молынан танысқан. Алайда, ол өз өлеңдерін, өлең шежірелерін тұнық ана тілде жазатын, тіл шыбарламайтын жүйірік ақын боп жетілген.
Әсіресе, оны Алашқа танытқан 1894 жылы тамызда Көктұмада өткен сязда(Бейсенғалидың айтуында Қаракерей түселі делінеді) әйгілі Әсет ақынмен айтысы−деп сенімді түрде айтуға әбден болады. Сол съезге қатынасуға барған Ақсуат елінің болыс-билері: Қазақ жүрген жер ән-күйсіз, дыр-дусыз, сөз сайыссыз болмас, сәті түссе керекке бір жарар деп Кәрібайді үкілеп қолға ұстап бірге ала барады. Сол жолы Кәрібай Қабанбайдың төртінші ұрпағы әйгілі төбе басы−Би Сүлейменнің алдында өлең айтып, дұйым көпті аузына қаратады. Қабекеңнің түр-тұлғасы, ересен ерлігі, жүрек жұтқан батырлығы Сүлекеңнің аузынан әңгіме боп шертіліп, Кәрібайдің көмейінен жыр болып сорғалайды. Сондағы айтылған өлең-жырлар ауыздан-ауызға көшіп, біреуден-біреу ұқты және сауатты-сауатсыз жазбалар арқылы бұл күнге жетті. Кәрібай ақынның бұл еңбегі−кейінгі күнде Қабанбай тақырыбында қалам тартқан зерттеушілер мен жазушылардың ойына арқау, қаламына қарпым, жігеріне шабыт бітірді. Тарихтың бастау көзіндей тұнып, Қабанбай мұрасына қосылған алтынның бір түйір сынығындай жарқырап бүгінгі тарихқа қосылды.
Сол түсел майданда жас ақын әншілігімен ғана емес, айтс ақындық өнерімен де айырықша ел көзіне түсті. Ол Әсеттей ақ найзалы сөз зерігері мен айтысып, өзін Қазақтың айтыскерлері ішінде сиірек кездесетін таланытты, төкпе ақын екенін көрсете алды. Сол дәуірдің өзінде Орта жүз алты арыстың ішінде иық теңестіріп, үзеңгі қағысатын, білім салыстырып, сөз таластыратын Арғын мен Найман сынды−екі арыстың бапталған екі жүйірігі “Әр кімнің өзі шыққан төбесі биік” деп, айтыс мазмұнын рулық мақтаныш шеңбер төңірегінде өрбітеді. Өз кезегінде бірін-бірі шымбайына батыра жездей қақтап, жер-жебіріне жеткізе, жеміре айтады. Олар айтыс үстінде екі арыста өткен өнерпаздарын, Қыдыр дарып, құт қонып, қазанына қақ тұрған лықсыған байлары мен ел серкесі билерін, үлгі шәшқан орақ тілді, от ауыз данышпандары мен даналарын өз ұлысының мақтанышы етеді. Екеуінің айтысында феодалдық Қазақ қоғамындағы ел тіршілігі оның елдігі сөз боп қалмастан рулық шежірелер жағында да мол сауатқа ие екені аңғарылады. Ол заманның қай бір айтысы болсын, бәрінде де ру жөні қағыс қалмаған. “Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер”_деген осы бір тектілік қағиданы қатты тұтынғандықтан болар, жеті атасын білуді жетелілік деп таныған. Тап берме айтыста осылайша құлаш сермеу, сол дәуірдің шанағына сиып, салтына үйлесіп, адамдардың түйсігінен үйлестік тапқан. Сондықтан да, аруақты ата-бабаларының аруағын ауызға алу, ұран қып шақыру−сайыскерлер үшін бір тілсім тақырып сяқты өзіне тартып тұрған. Күш бағыштаған. Сондықтан әр кім өзін Оралтаудың бұғысы санайтыны сөзсіз.
Кәрібай мен айтысқан Әсет бір сөздің кезегінде, өзінің бір неше көйлек бұрын тоздырған тісқақты ақын екенін аңғартып:
Кім жетер ән-жырымның орамына,
Ұлы тау бір келтірер боранына.
Сені мен ермек үшін айналдырдым,
Шын шапсам жете алмассың бараныма,_деп бойына тоғытпайды. Сонда Кәрібай:
Құданың құдыретіне таңғалғандай,
Ертеде Ғазырейыл жанды алғандай.
Қырымның қызыл желін мен де жидым,
Сен түгіл тамам Арғын сандалғандай.
Өрме жал Үшназардың жүйрігі едім,
Көрген жан дүбірімді аңғарғандай,_деп жауап қайырады. Айтыс барған сайын ширығып қызба табан күйге өтеді. Сонда дауылпаз Әсет:
Найманның тіл бұлғаман делбесіне,
Көрген жоқ Қазақ шыдап сермесіме.
Алдында Ақпатшаның ән салғамын,
Сүйсінген жеті болыс ел кеңесіме.
Қайраулы Қарқабаттың қанжарымын,
Жүрмісің көзің жетіп өлмесіңе.
Арғында асыл текті адамым көп,
Мен кепіл қолдан намыс бермесіме,_деген кезде дереу сөз тауып үлгірген Кәрібай:
Арғынның тіл былғаман шатпасына,
Үй тентек, қазан бұзар от басында.
Жасыңда жарты мата көйлек киіп,
Жылаушы ең, Белгібайдың қақпасында.
Найманда екі жүзді мен нар кескен,
Тұрма екен көзің жетіп шаппасыма?
Әсет-ау, әлі-ақ сенің көзің жетер,
Асыл кездік қын түбіне жатпасына,_деп еруге қару қайтарады.
Зәредей зорлану, сөз таба алмай түйткілсу жоқ төрт аяғын тік басқан сом ұйқастар. Нағыз ақын айтысына тән қасиет бұл! данышпан Абайдың: “Өлең−сөздің патшасы, сөз−сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы”_деген сынына толатын сөз өнерін жете меңгерген ділмәрлар осылар-ақ болар.
Кәрібай мен Әсет тірнек кезінен-ақ шалғысы жетілген, тұлпар боп тұяғынан от шәшқан алдына қара салмаған, шәшасына шаң жұқпаған жампоз екені анық.
Әсет пен Кәрібәй айтысқан бұл жылы яғни, 1894 жылы Кәрібай 22 жас та да, Әсеттің 27 жастағы алабұртқан кезі екен.
Білетіндердің айтуынша: айтыс бір күн ішінде емес, съез өтіп жатқан күндердің көңіл ашар әредігінде өтіп, үш күнге созылғандейді. Айтыстың өтуі жөнінде мынадай бір әңгіме бар-ды. Сол жолы Көктұма съезіне барған руы Мұрын ішінде Тоқабай Байғабыл мен Жұмабек деген кісілер(кейінгі күнде екеуі Толы ауданында болған) сондағы оқиғаларды естеріне алғанда: “Кәрібайдің дауысы онша зор емес еді, қалақша домбыра ұстайтын, өлеңді бүлкілдетіп айтып, төпелеп төккенде бір мүдірмейтін, сөзге ересен тапқыр еді”,дейтін. Олар тағы айтатын: «Съезге Мұрын елін бастап келген сүйегі Мырзас ішінде Қалқаман Көнекбайдың отызға кеп қалған ұлы Құсайын мырза еді. Ол съезге қатынасқан он екі бидің бірі−Қытай елінен келген Мамырбек төреге тігілген үйге ақсақалдармен бірге кіріп аман-сәлем істегенде, бұрыннан келе жатқан жосын бойынша басқалар қамшысын белдеуге қыстырып үйге алып кірмегенде, ол қамшысын сүйіретіп кіреді. Мамырбек жақтырмай қасындағы адамға бұрылып: “Мынауың кім?”,деп күңік еткенде Құсайын: “Әкең Әбілпейіздің бабасымын”,дейді өр дауыспен. Е, демде жылы шырай көрсете қалған Төре: “Жарайды, жігітім, бабамның ұрпағы екенсің”,деп төрге шығарады әрі Құсайынға бағасын береді. “Жігітім, ерлігіңмен қызыл тіліңде айтар жоқ, бірақ сәл еңкіштеу екенсің, ел жегіш боларма екенсің, апыр-ау”»,депті.
Құсайынның: “Әкең Әбілпейіздің бабасымын”_деуі: Әбілпейізді Найманға төре қылам деп алып келген кісінің руы Мырзас ішінде Қалқаман атақты Боранбай би екен. Өзінің арғы жағының Боранбай би мен тамыры бір аталас болғандығын арқаланып, өзін көрсету үшін жоғарыдағы сөзді айтқан екен. Оның өрең сөйлегенінен бір гәптің барын түйген Мамырбек те сезгірлік байқатып, жылты бар отты жігітке ізет-құрмет көрсеткен.
Бұл күндері айтыстың ғасырды артқа тастап бізге жеткен жеті нұсқасын жолықтыруға болады. бірі−Бейсенқалы нұсқасы. Көлемдірек бұл нұсқаны Бекең 1943 жылы Кәрібай ақынның үлкен ұлы Құнапяның жатқа айтуынан жазып алған екен әрі Бекең сонау 1926 жылы жаңадан сауат ашып, қара танып, сәлемхат жазуға талпынып, отау иесі бола бастаған шағында қайын атасы Омар ауылында айтыстың жазбаша тарап жүрген кітабынан бірсыпырасын жатқа алғанын айтады. Енді бірі−Әріпжан ақынның үшінші ұлы Сапиолла 1974 жылы жатқа айтып, қағазға түсірткен шағын нұсқа. 1996 жылы Шатабай Кенжебайұлының аузынан жазып алынған тағы бір шағын нұсқасы болды. Тарбағатай өңіріне тараған бұл үш нұсқа әлі күнге дейін тиісті басылымдарда жарық көрген жоқ. Ал, Алтай өңіріне тараған және бір нұсқасын Асқар Татанай ұлы 1960 жылдардың аяқ шенінде белгілі халық ақыны Болмас Төлемісұлынан жазып алып сақтап, оны «Мұра» журналының 1983 жылғы №2 санында бастырған әрі Шыңжаң жастар баспасынан 1985 жылы жарық көрген «Қазақтың байырғы айтыстары» атты кітапқа енген .
Ата мұрасн ардақтайтын мұра сүйер қауымға аса бір мақтанышпен шүйіншілеп, ауыз толтыра айтатын елеулі бір іс мынау: 1997 жылы ақпан айында, жоқ іздеген салт атты жолаушыдай ақын мұрасын жинастырып Кәкеңнің ата мекені Ақсуат ауданына(бұрынғы Семей облысына қарайтын) бардым. “Жол қуған қазынаға жолығады”дегендей, көміліп жатқан асыл қазынаға жолыққан, жүргенге жөргем ілінген өмірдегі ең ұмытылмас күндерім болды. Қарғыба ауылында тұратын Аудандық мешіттің көмекші имамы 67 жастағы Тортай Жағыпарұлы Кәрібай ақынмен аталас болып шықпасы барма! 1955 жылы наурызда Шәуешек қаласынан Сәвет гражданындық кінешкемен Қазақ еліне көшерінде Дөрбілжын ауданы қалашығы іргесінде тұратын Кәрібай ақынның үлкен ұлы Құнапядан әкесінің “Әсетпен айтысын”, “Қанжығалы Бөгембай” дастанын, “Боқбасар би”, “Отырарым астанам”, “Ши халдайға” деген толғауларын және ашаршылық жәйлаған аласапыран жылдары Қабанбайдың ұрқы Қанағат болыстың үйінде айтқан ұзақ өлеңі қатарлы сүбелі 8−9 еңбегін үш сөтке жатып жазып алған. Бұған разы болған Құнапя: “Әкемнің еңбегі түбі жерде қалмас”,деп Тортайға есікпен төрдей күрең атын мінгізіп аттандырған әрі өзінің көшпейтінін айтып: “Қызыл имперядан көңілім қалғаны сонша, әкемнің суша шәшіраған қаны күні бүгін көз алдымда. Енді қызылды Құдай көрсетпесін, қайран ел, қайран жер”,_деп егілгені мен жүрегіне байланған шері жібімеген дана кәря жылы орнын суытқысы келмей, Дөрбілжынде қалып қояды.
Жуық жылдары дүние салған ұлы отан соғысының ардагеры Мәуітхан Сыдықовтың жеке архибынен табылып «Ақсуат арайы» гәзетінің 1991 жылғы 21, 23 наурыз сандарында “Әсет пен Кәрібай айтысының” тағы бір көлемді нұсқасы жарық көрген. Міне, бұл айтыстың ежелгі өрнегін қалпына келтіруде орасан септігін тигізді. Бұдан тыс, атақты Ауған ақынның “Кәрібай мен Әсеттің айтысын” өзінше жаңғыртып жырлаған бір нұсқасы болыпты. Бірақ Ауған ақын айтыс майданында болмағанымен ел ішіне кең тараған айтысқа қанық еді. Жүрген жерінде ел одан “Кәрібай мен Әсеттің айтысын” айтып беруін қолқалағанда “Кәрібай бүйтіп айтқанда Әсет былай депті”,_деп ақындық қарпымы күшті ол өзінше жырлаған айтыстың бұл нұсқасы−Мұқаншы ауданында тұратын сақа педагөг Мәулітхан Сейтханұлының қолында сақталғанымен оны Алматыда тұратын теле-журналист ұлы Аманкелді алып кеткендіктен менің қолыма ілікпеді.
Бір талайдан мәдениет кіндігі болып, төңірегіне үлгі шәшқан Жәйсаңнан оқып сауаттанған азаматтар аз болмаған. Соның бірі−Жәйсаңға(Жәйсаң оязына) қарасты Саты, Сайболат, Жұмық, Тәуке руларының болысы руы Ақнайман Кәлім деген көзқарақты кісі айтыс өтіп жатқан майдан үстінде қолына қағаз ұстатып, жазатын қалам беріп, екі ақынның айтысын үтір, нүктесіне дейін қағазға түсіріп отыруды бір неше адамға жүктепті. Алайда, айтыс аяқталып, съез тарап, жиылған ел алды-алдына қотарыла аттанғанда, үш күнгі айтыстың мәтіні, реті бойынша толық реттелмей әлгі жазып алғандардың қолында кетеді. Соның салдарынан кейінгі күнде ел ішіне тараған айтыстың бірнеше толық емес нұсқалары пайда болған. Ал, Әсеттің сөзден сүрінуіне оның: Кәрібайді оқымаған, дін сіләм ілімінен қараңғысың, ғылымнан хабарың жоқ деуі−себеп болған. Кәрібайдің ұпай алуы: Оқыған алтын өзек ғалым болсаң ата-анаңды бағар едің, қу мүйізді құшақтатып(Найманбайдың мүйізден насыбай шақша жасап сатуын меңзеп), әкеңді қаңғытып қойдың. “Әкең Қоян болғанда−сен бір Көжек, ата-анасын күтпегеннің орны−тозақ”. Кәне, Шариғат та, Хадис те не дейді екен деп сөзді Қазыларға тастауынан болға. Ал, 84 шумақ(336 жол) сөз басын, яғни “Беташарын” айтыс өтісімен Кәрібай өзі қосып әрі айтысты толықтап елге жәйған көрінеді. Бұнда айтыстың жалпы барысы, кімдердің барғаны, неліктен Көктұма съезінің ашылғаны жөнінде құнды деректер бар. Сондықтан да бұл айтысты сол күннің қағазға түсірілген кемел шежіресі деп те айтуға болады.
Кәрібайдің бұдан тыс ауыл арасындағы айтыстарынан “Бәтимен айтысы”, “Нұржанмен айтсы”, “Дубаймен айтсы” және “Қуанышбаймен айтсы” деген айтыстары болыпты. Соның ішінде тек Қуанышбайды сөзден тоқтатқан:
Баласы Сатбақ Иттің Қуанышбай,
Тұмсығың иір біткен арам құстай.
Сатбақтың партяда басы бұлды,
Не қылсын әншейінде ондай құлды-ай,_деген жолдары иісі шошақ тұмақты Қазақтың шежіресін тарататын сұңғыла кәря Қаусылдың айтуынан оның ұлы Сәлімжанның есінде сақталып қалыпты.

III

Кәрібай ақынның әр түрлі оқиғаларға қатысты айтқан толғаулары мен суырып салма өлеңдері өте көп. Бұл толғаулардан Кәрібайдің ақындық мінезі анық танылады. Бірде Кәрібайді орталарына алған Омар, Қыдырмолла, Әбділдабек қатарлы Би, Болыстар Көктұма съезінен қайтқан сапарында Шәуешектің Ойжәйлауындағы руы Тоғас Ағажан бидің ауылына ат тұмсығын бұрады әрі өздеріне шендес келетін биді жасытып алуды көздеген олар Кәрібайді би ауылындағы келеңсіз жәйттерді тартынбай мейлінше толғауды сұрайды.
Кәрібайдің сондағы айтқан өлеңдерінен Палсафалық(философялық) толғамға бейім, өзіндік көркем түйсігі қалыптасқан ойлы ақын екені аңғарылады. Мысалы:
…Жарлылар кәсіп жоқ па мал бақпасаң,
Не керек мал баққанмен жан бақпасаң.
Адал еңбек қан-терің болмағанда,
Жарылқап беріп еді аруақ қашан.
Дені сау, қайраты бар, азаматтар,
Кәсіп көп ебін тауып тармақтасаң,деп қарапайым еңбек адамдарын өз күшіне сүйеніп алуан түрлі кәсіп көзін ашып, күн көрісін жақсартуға үндесе, енді бір жақтан игілік, байлық атаулының қан мен тердің бодауына келетінін, байлықтың анасы−жер, атасы−қашанда еңбек, құр тәңірге жалбарынып алақан жаю өмірге деген қянат, тілсім күштің тосыннан жарылқап сені сыилар түгі де жоқ,дейді.
…Жастарды тіршілкке дұрыс баулы,
Кәрілер есің кетіп алжаспасаң.
Нұр жауар талаптыға демеді ме,
Айтам ба тегін біліп, қар баспасам,_деген ұлағатты ой толғап, салмақ салады.
Билерді бет-жүзің бар деместен ашты тілмен қитығына тигізе шенеп те алады әрі жас жеткіншектерді: Мал соңынан көкжұлын етіп, салпақтатпай өнер-білімге, түрлі харекетке, дұрыс тіршілік жолына, мәнді өмірге баулы,_деп кеңес береді.
Ел арысы Демежан үкірдайдің нақақтан қанын төккен Чиң үкіметінің Тарбағатайды билеуге жіберген ұлығы қанішер Мәтен амбының(амбан) бір қанша жандайшап Халдайлары болған. соның бірі−Шәуешектің Қарақабақ, Түлкібұлақ деген жерінде зәйімкесі бар Ши халдайдың (Тарбағатай халдайы атанған) әспенсіп, асқынғаны сонша, тіпті: “Ауылымның қасынан өткендер аттарынан түсіп жаяулап өтсін”,деп жүргіншілерге қатаң тиым салған. Бір жылдары Еміл бойы−Басқұлыстайдың Үшқарасуындағы Есбай зәңгі ауылынан аттанып, өз елі Ақсуатқа бара жатқан жолында Ши халдайдың зәйімкесінің жанынан өте шығады. Жалғыз атты жолаушыны көріп қалған Халдайдың жандайшаптары Кәрібайдің шылбырына оралып, жүргізбей Халдайдың алдына әкеледі. Ашудан жарыла жаздаған Халдай: “Әліңнен асқан осы ғұрлы сен кім едің?”,дейді Қазақ тілінде. Сонда Кәрібай:
−Я, Халдай, Көктұма съезінде Әсет деген ақынмен айтысқан Кәрібай ақын мына мен едім,_дегенде Халдай зілдене тілін безеп:
−Кәнеки, ақын болсаң өлеңіңді естілік,_дейді. Сонда “Бас кеспек болса да тіл-кеспек жоқ” қой деген ақын:
Уа, Ши халдай, Ши халдай,
Бақ берген саған бір Құдай.
Астыңдағы мінгенің,
Бәйге бермес кер дөнен.
Байлығың сенің жерменен,
Атағың сенің елменен.
Ылдидан келіп ентелеп,
Сыбағам менің төр деген.
Еженханнан енші алып,
Ие болдың жерге сен.
Шерік болып келіп ең,
Еркіндік басқа бермеген.
Жалдамалы құл едің−
Қамшының үші сермеген.
Жалаң қабат көйлегің,
Шіріп түскен терменен.
Әрең жеттің далама,
Шыбын жаның өлмеген.
Ши халдай Амбы атанып,
Дәулетің мынау өрлеген.
Өзін-өзі білгеннің
Ісі болар жөн деген.
Кешегі өткен заманда,
Көресің барма көрмеген.
Қазақ келіп құтылдың,
Баса тұғын “Шүркілден”(албасты басу, қара басу)
Шындықты айтам көз көрген,
Бетіңді көріп іркілмен!
Уа, Ши халдай, Ши халдай,
Шапаның қызыл шиқандай.
Кісі етін жеп үйренген
Бас Төбетің−Титәнбай(Ши халдайдың асырандыларының бірі)
Пейілі кең, жері кең,
Дәмдес болдың қазақпен.
Ұмытып кеттің өміріңді,
Құлдықта өткен азаппен.
Тарбағатай, Барлық-ты,
Көрмедің жерден тарлықты.
“Он басқа бір бас−алман”_деп,
Шығардың үкім-жарлықты.
Уа, Ши халдай, Ши халдай,
Басыңа бөркің сиғандай.
Қоңыздың найза ұшымен,
Жапырылдың қоғадай.
Сібе-Солаң қырылды,
Үйілді сүйек обадай.
Найзаның бәрі уланған,
Тиген жері оңарма-ай?
Шоқпарлап қырды жартыңды,
Найзамен тілді артыңды,
Қызыл көтен жасап ед,
Орындамай шартыңды,деп төпелеген ақынның сөзі сүйегінен өтседе үнсіз тыңдайды. Дүре соқтырмайды. Сабарманға ұмтылған шеріктеріне қолын көтергенде олар қос қолын түсіріп, сымға тартқандай қимылсыз қаздиып тұрып қалады. Өз ана тіліндей Қазақ тіліне жеттік Ши халдай сыздана баптап-баптап тіл қатып: “Жәрайсың, ақыным, ол болға-н…о-қиға”,дей келіп иығына шапан әкелдіріп жауып, қоржынына бір шерік Шай сап беріп, өзі қолтығынан көтеріп аттандырыпты. Сол кезде шерік Шайдің өзі бір дөнен өгізге айырбасталады екен.
Кәрібай тамаша сазгерде болған. Оның “Балбала”, “Туған жер”, “Сәнім-ай” деген әндері де болыпты.
Жасымнан талаптанып өлең бақтым,
Бұлбұлдай ән шырқадым, таңдай қақтым.
Ішінде шаршы топтың сан жиында,
Сөйледім ойдағысын, елге жақтым.
Жүрегін сұлу жардың бағындырдым,
Әнімді шырқап салған сағындырдым.
Қалыңсыз тәтті сөзбен сұлуды алып,
Мұқтаж ғып махаббатқа жалындырдым,−деп шығандата ән де шырқаған.
Өмірлік жары Рәбиға мен сөз байласып жүргенде, шекара күзетінің бір шетіндегі қолына шерік(Әскер) ұстаған Ма шетейді(дүңген) арқа сүйеніш еткен біреудің Рәбиғаға астыртын құдалық жүргізгенін сезген соң “Балбала” әнін шығарады.
Ғашығым көңілім сүйген “Балбаласың”,
Сырыңды сыртқа айтуға арланасың.
Жүргенде жүрек елітіп, ақыл таппай,
Уытты Әбжыландар арбамасын.
Уа, сүйіктім, Балбала,
Арманда қалып зарлама.
Білгенде қатер төнгенін,
“Қарқ” етіп ұшар Қарғада,_деп асқақтата шырқап оған жолбарыстың аузына түсіп қалмауды осы әні арқылы жеткізеді әрі әннің құдыретімен ойлаған арманына жетіп, жанұялық тіршілік жолын бастайды.
Кәрібай айтыс ақыны, әнші, сазгер, шежіреші ғана емес, ол жазба ақыны да. Оның ата-баба тарихы, жорық жолдары, егей ерлігі, үш жүздің қоныс теуіп мекендеген өңірлері туралы толғаулары соған дәлел. Тотяиындай өткір тілінің құдыретін өзі де шамалағандықтан болса керек:
“Кезінде дес бермеген қара сөзден,
Найманның тіл мен көзі Зұлфбұһары”,_деп тұжырады. Оның Ақтамберды жырауша құлашын алысқа сермеп, асқақ арманға толғатқан кездері кісіні тіпті селт еткізеді. Мәселен, “Отырарым−Астанам” деген өлеңінде:
Жаратушы бір Алла,
Тілегімді бере гөр.
Жебеуші жақсы аруаққа,
Көмекке өзің келе гөр!
Бас-аяғын теңерсің,
Кездесіп тұр ылди-өр.
Жаудан кегін алуға
Асыл туған ұланым,
Егеп найза білерме?(қамшыны білеу, найзаны білеуді меңзеп отыр)
Аспанға ұшқан қыраным,
Жерден тоят тілерме?
Қойға шапқан бөріні,
Қос шеңгелдеп бүрерме?
Жалмайтұғын Әбжылан,
Ініне қайта кірер ме?
Жалтаңкөз болған сорлы елім
Алшаңдай басып жүрерме?
Жеті ықылым тілдерді
Түгел оқып білерме?
Берекелі ел болып,
Бақытты өмір сүрер ме?
Аспанға ұшып, су қалқып,
Қара тас еріп, мыс балқып,
Мәскеу(москва), Мысыр(египет), Бағдаттай(ирақ астанасы),
Сәулетті қалам болар ма?
Емінбейтін басқа елге,
Бақыт құсы қонар ма?
Байтақ жұртым жәннаттай
Жәйнаған гүлге толар ма?
Халқымның көңілін ашатын,
Қайғы-шер, мұңын басатын,
Орынатып дүние жұмағын,
Бұлбұлдар сайрап тұрарма?
Үрім(1) мен Шам(сұрядағы байырғы қала), Делімдей(2),
Қап таудың биік беліндей,
Жау баса алмас маңайын
Қорғаны биік Бежіндей(қытай астанасы−Бейжиң).
Отырарым−астанам,
Бар қазаққа баспанам,
Топырағыңды іискеп,
Отырар күн болар ма?
Асан ата дәнішпан,
Қайтып енді туар ма?
Кездеспей дауыл, нөсерге,
Ұрпақтар аман өсерме?
Еңсесін жауға бастырмай,
Кеудесін оққа төсер ме?
Құлдықтың қамыт-ноқтасын,
Семсер мен турап кесер ме?
Ел қатарлы ел болып,
Мұратына жетерме?
Осынау тілек-арманды,
Өз көзіммен көрсемші?!
Жарыла жүрек қуанып,
Қуаныштан өлсемші?!
Арман да арман, шын арман,
Тілегімді берсеңші?!_деп жырлайды.
Екі ел Қазағының дәм мен тұзын тең татқан ақын Тарбағатайдың түстігі мен терістігін бірдей аралайды. 1916 жылғы Ақпатшаның бұратана ұлт азаматтарынан Әскер алу жөнінде түсірген қатал бұйырығы кезінде екі бірдей ұлы Құнапя мен Секебай Әскерлікке әкетілетін болады. Еліне деген өкпе-араздықпен Дөрбілжыннің Үшқарасу деген жеріндегі нағашы жұртына қара тартып көшіп келеді. Бұнда да ақын ел құрметыне бөленіп, бейбіт тұрмыс кешеді. 1924 жылы Сәдубай бастаған туыс-жұрағаттары он жеті адаммен Үшқарасуға келіп, ақынның нағашысы Есбай зәңгінің ризалығын алып, Кәрібайді Ақсуатқа көшіріп әкетеді. Ақынның соңғы тынысында айтқан:
Қалыңдар аман-есен өрендерім,
Қызығым енді бітті көрер менің.
Егерде қаза тартып, қан баспаса,
Қытайдан бұнда қайтып келерме едім,_деген арманда кеткен өкінішінің бір себебі де осында жатыр.
Кәрібай үшін Көктұма съезі(қаракерей түселі) аса бір үлкен мектеп болады. Ол содан бастап ата-тек шежірелеріне ден қоя бастайды. Өлеңмен жазған “Мұрын және Бәйжігіт” дастаны сол ізденістен туған. Ол сонымен бірге орда бұзар отыздың ішіндегі кезінде-ақ тарихтың терең қатпарына үңіліп әрі іргелі ел ішіндегі шежірешілер Маусымбай Сабанұлы мен Кәрмен секілді адамдармен жалғасып шежіреге ден қояды. “Қабанбай батыр” туралы деректер жинастырып, ол туралы кітап жазып, Қазандағы баспаханадан шығаруға едәуір құлшыныс жасаған. Бұл толғаулар іздеуден кемдік көрмеседе қолға ілкпеді. Алайда оның жаңғырығы−Шаған шәйқасы, Шорға соғысы кезіндегі оқиғаларды толғаған Бұхар жыраудың, Сұртай мен Алшынбайдың өлеңдерінде, сондай-ақ Бейсенғали ақсақалдың 1986 жылы Шыңжаң халық баспасынан шыққан «Қабанбай батыр» кітабында кездеседі.
Кәрібай Таңатарұлының шығармаларының басты бірі саналатын “Майқы дастаны” туралы аз-кем тоқтала кетуді лайық деп білеміз. Ойткені, дастанда: Қазақтың түпкі тегі−Араб. Ғакаша сахабаның нәсілі немесе Қалмақ яки Өзбек−деп тұжырым жасайтындарға тойтарыс жасайды. “Қазақ” деген ұлт есімінің бертін заман тарихшыларының 16 ғасырдың басынан бастап “Қазақ” аты пайда болды, тізілген қаз сяқты т.б теңеулерден бара-бара пайда болды дейтін тұспалмен келіспейді. Атап айтқанда, топан судан кейінгі тараған тұқым яғни Сіләм діні таралудан ілгері Жаңа ерадан мың жыл бұрын Макаридің тұқымынан өрбіген, Тайып деген елді мекенде өніп-өскен көшпенді тайпа−Аннас, Есынастің Әбусақтан таралғанын, жоғарыдағы Аннастан 10 ата(оншы) Сақ Ғақаптан Мақмұттың туғанын айта келіп түбіміз бір Түрік екенін баяндауға тырысады. Бір дәуірде Кәуірдің шапқыншылғынан елі шығыстан батысқа қоныс аударып, Тайып шаһарынан Амұрға одан бірте-бірте Сырға келген дәуірінде жоғарыдағы Мақмұт ел данасы “Мажиқы”(маураннаһыр өңіріндегі көл) да елінің басын құрап жиналыс өткізеді әрі Мақмұтты ақылгөй, кемеңгер, даналығына қарап ел-жұрты алғашында “Мақмұт дана” атаған. ол “Жеті жарлық” заңын шығарып, алты арысты үш жүзге бөліп, Ұлыжүзге−Қыпшақ биді, Орта жүзге−Көсем биді, Кішіжүзге−Халменде биді қояды.
Сүйтіп, Мақмұт дана көп істі Мажиқы да шешіп, әмір-пәрмен жүргізіп, билік айтқандықтан Мажиқы деген жер атына байланысты ақыры “Майқы би” атанып, Үшжүздің үстінен қарайтын төбе би боп ел билейді. “Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би” делінетін ел ауызында жиы айтылатын осы бір аталы сөздің әмәнда со бір заманының туындысы екенін айтады. Ел билігін қолына алған Майқы бидің ендігі істейтін игілікті ісі Халқына жер емшегін емізу болғандықтан, елін отырықты ету үшін ең әуелі “Орнық” деген қала салдырып, көшпенді елді біртіндеп отырықшылыққа бастайды. Тыныш тіршілік құрып, шабындыдан да құтылып, тыныс ала бастаған осы қарсаңда жер қайысқан қалың қолмен Сіләм дініне бағындырушы Араб Әскерлерінің ат тұяғы да Орта азяға жетеді. Бағдат-мсыр Патшасының қатал жарлығын жеткізген елші: “Расұлдың хақ діні−Сіләмді өз еріктерімен қабылдайма, жоқ па, соған үш күннің ішінде жауап беруін талап етеді”. Жан алу мен жан берудің екі айырығына тура келген дәл осы қыспақ кезеңде Майқы би ел-жұртымен ақылдаса отырып, ең ақыры соғыспайтын келісімге тоқтап: “Алла−бір, Құран−шын, Пайғамбар−хақ” деп бір Аллаға құлшылық қып Сіләм дінін өз еріктерімен қабылдаған. Дін уағыздап қалған Мысырдан келген Сымағұл есімді хазырет-ишан Майқы елінде он екі жыл тұрған. Одан Құбайдолла деген ұл туып, оның ұрпағы кейінгі күнде “Қожа” деген атпен Қазақтың бір руы болып қалыптасқан. Майқы бидің қара қылды қақ жарған әділдікіне риза болған ол Майқыға “Қазы-ақ” деп атақ берген. Сүйтіп, Майқыға қарасты төңірегіндегі бүкіл рулар біртіндеп “Қазақ” деп атанды. Дастанда қазақ аты бертінгі бір неше ғасырдың жемісі емес, сонау 8 ғасырдың аяғы, 9 ғасырдың басынан бері пайда болған_дейды.
Дастанның тарихи-мазмұндық құндылығы да осында. Бұны бұлжымас шындық, өзгермес тарих демегеннің өзінде де, тарихи көркем сананы жүйелеуде бір кәдеге жарайтыны шүбәсіз. Кейбір тарихи деректер мен ғылыми еңбектерде айтылып жүргеніндей, Қазақ атауы 15, 16 ғасырда пайда болған жоқ, Ол ұғымның ілгері заманнан бастау алғаны аңғарылады. «Жұлдыз» журналының 1983 жылғы №3 саныныда жаряланған Телғожа Жанұзақовтың «Қазақ деген сөз қайдан шыққан» атты мақаласы «Мұра» журналының 1983 жылғы №4 саныныда көшіріп басылған еді. Онда белгілі Түрколог А.Вамбери мырзаның “Түрік халықтарының етнографясы мен етнологясы” атты еңбегіндегі: «“Қазақ” есімі 9 ғасырдан бастап бүкіл әлемге белгілі болды» деген сөзін келтірген. Шет елдер ғана емес, Қазақ шінде де ерте күннен-ақ “Қазақ деген сөз қайдан шықты?”дейтін сұрауға өзінше жауап іздеген. Оған біз сөз етіп отырған “Майқы дастаны” куә. Ал, дастанның жазылуына келсек, көрнекті шежіреші Маусымбай Сабан ұлы 1913 жылы Көкбекті(көктерек) жеріндегі Қалба жәйлауының “Ойшілік” деген саздауыт елді мекенінде отырған Жанұзақ байдың үйіне Кәрібай ақынды алдыртады. Оған үкілеп ат мінгізіп, “Майқы дастанын” өлеңмен жазуды міндеттейді. Маусекеңнің: “Көзім тірісінде орындап кетсем”деген ақ тілегіне түрткі болған тарихи кітап−Уфа қаласында тұрған, тегі Түрік Сұлтаншәріп хазыреттің қыл қаламмен “1863 жылы милады” деп қағазға түсірген, жалпы Түрік тектес Халықтардың тарихы жазылған «Рисала−и−тауарих» атты кітабі еді. Уфа қаласында Сұлтаншәріптен он екі жыл сабақ алған Қондыбайдың ұлы Дәрібай молда оны оқып, түсіндіруге қолғабыс еткен. Ал, Маусымбайдың өзі де асқан шежіре әрі ақын кісі болғанымен сол кезде жасы алпыстың жуан ішін аралап, едәуір егде тартып қалғандықтан болса керек, өз төңірегіндегі ақындар ішінен Кәрібай ақынды қолқалаған жәйі бар. Кәрібайдің ұйқасқа жүйрік, ойға шүлен, тапқыр да таланытты ақындық өнеріне тәнті боп, осы бір игілікті істің мүддесінен шығады деп оған сенім артқан. Жұмысты тындыруды мықтап қолға алған Маусымбай шежіреші кітаптің ішіндегі Араб, Парсы тілдеріндегі сөздерді тәржымалап отыруға кітапті сақтап келген ақы иесі Ибыраһиым Дәрібайұлы мен Кәрмен молдаға жүктейді. Ибыраһиымның ұлы әкесі Қондыбай кәря мен Мамырбайдың інісі Әдікбай ақыл-кеңес береді. Қағазға түсіріп отыруды ғұсни жазудың шебері Жанұзақ байдың ұлы Құсайын ақынға бұйырады. Сұйтіп, “Майқы дастаны” өмірге келеді. Беташар бөлімінде−«Рисала−и−тауарих», бірінші бөлімінде−Қазақтың арғы тегі, екінші бөлімінде−“Үш сапар” тарихының бірінші кезеңі жазылып бітеді. Бұл тұрғыдан қарағанда “Майқы дастанын” осыдан 86−87 жылдың алдында жазылған ұжымдық шығарма деуге де болады. Дастанның тағы бір тұсында:
Бұл жерлер мекені екен Ортажүздің,
Кітаптан көргенімді хатқа тіздім.
Ұлы жүз азяның орталығы,
Мекені батыс жақта Кішіжүздің.
Ғасырдың он да, он бір кезіндегі,
Тарихымыз осылайша ұққан біздің,_делінеді әрі Майқы аттастың бірнешеу болғанын да ескертіп:
Өтіпті дәнішпән боп атам Майқы,
Кейбіреу түсіне алмай қылар сайқы.
Қойылған осы лақап бірнешеу бар,
Екенін ұғушым аз, заты қайсы,_дейды.
Мысалы, Шыңғысты(темучінді) ұлы хан сайлағанда Үйсіннен−Ақбармақ, Найманнан−Қаракерей батыр, Жалайырдан−Мұқалы, ал, Арғыннан−Қаракесек Майқы барды делінеді. Демек, бұл дастанда екі Майқы ауызға алынады. Айта кетер бір жәй: Дастанның ғасырлық мерзімінде, уақыт дәлдігінде алшақтықтар жоқ,−деп айтуға мүлде болмайды. Оның үстіне, Дастан ақынның ерте күндегі өз қолжазбасымен өзгеріске ұшыраусыз бізге жетіп отырған жоқ. Сондықтан да біз Кәрібай Таңатарұлы шығармаларын баспаға ұсыну барысында ақын еңбегіне және оны сақтап қалушыларға құрмет көрсете отырып, оған редаксялық өзгеріс жасамадық. Белгілі фолклоршы Бейсенғали кәря былай деп жазғаны мәлім:
«1931 жылдың 16 қазаны ауылымыз Шәуешектің Сән гүң (қазіргі Ар гүң ауылына қарасты) деген жерінде болатын. Рулық жағынан туыс, шешеміз жағынан нағашы келетін Мау атам (Маусымбай) тыртық сан ақбоз жорғасымен мініп үйімізге келді. Қонысынан ауған елде не күй бар дейсің, босқындықтың салдары болар, айналасы жарым жылдың ішінде-ақ, аласа бойлы шымыр денесі шөгіп, от шәшіп тұратын отты жанары нұрсызданып қалыпты. Шай ішіп жәйланған соң қоржынындағы қолжазба кітаптарді әкемнің алдына жәйіп салып: “Бұның ендігі иесі-өзің”,_деп бір-бірден тапсырып жатты.
Онда “Майқы дастанының” өлеңге түскен қолжазбасынан тыс, “Шыңғысханның ұрпағына қалдырған үш мұрасы”, “Алаш ұраны туралы”, Ақтайлақ би жазған “Билік келесі”, “Төлегетай келесі”, “Қытай бидің өлімі, яғни иесін алған Бүркіт”, “Жолымбет бабаңның 107 жасында некеленуі әрі оның өсиеті”, “Қазақ елінің алты салты туралы Боранбай бидің Едіге биге айтқандары” , Әбілқайыр ғалым жазған “Әз-наурыз тарихын” Парсы тілінен қазақшалаған өзінің “Нұқ және Наурыз” дастаны мен 691 беттен тұратын өз кезінде баспаға әзірлеген “Ата жөн туралы” кітабі және Кәрібай ақынның “Мұрын және Байжігіт” дастаны,  Қабанбай батыр туралы бір қыдыру өлең-толғаулары болып жиыны 16 бөлек (буда) құнды мәдени мұраларды беріп болып, көзіне мөлтек-мөлтек жас алды. Бір түрлі қимастық билеген құлазыған көңілмен:
…Бар жоғы, қолымдағы осы ғана,
Амал не, сақтай алмай алдым төгіп.
Халыққа табылмайтын зор қазына,
Түбіне тұңғиықтың кетті шөгіп.
Зерттеген көп ғалымның еңбегі еді,
Еш адам өндіре алмас жерден егіп,- деп сол жылғы 20 мамырдағы Нарын өзеніне шарасыздан тасталған бір бөлім кітаптарын егіле арман етті.
Сөйтіп:
…Құрастыр, күнің туса баспаға бер,
Шығады асыл−тастан, жастан өнер,−деп жақындарының ұрпақтары ішінде сауаты бар, хат танитын Бейсенғалиға аманат еткен.
Маусымбай ақсақал 1932 жылдың 15 қаңтарында 84 жасында пәниден бақиға көшіп, Еміл бойындағы “Тұнықбай бейтіне” жерленеді. Зау атан көтерген ауыр жүктің тайлақ өзіне қалғанын іштей сезінген зерек Бейсенғали тұрмыстың ауыры мен жеңілін көре де, көне де жүріп, көтере де жүріп, сол мұраларды жасынан жаттап, көкірегіне тоқиды. Ол уақыт ұзара келе Құранның аятындай есінде жатталып қалды.
Өкінерлігі, жоғарыда айтылған, сары алтындай сақтаған қыруар шығармалар мәдениет төңкерісінің алғашқы шұрқанында-ақ кісіліктен безген безбүйректердің қолынан өртеледі. Аман қалғандарын құрым киізге орап күлге көмеді. Алайда, оларға су өтіп шіріп кетіпті. Он жылға созылған ойран аяқталып, халық ауыз әдебиеті фольклорын қорғау, жинау, игілікке жарату мәселесі қолға алынған тұста беталысы айқындалған соң ғана Бейсенғали ақсақал жер таянған жетпіс жасында қолына қалам алып, есінде қалғандарын тірнектеп қағазға түсіреді. Кәрлікпен қабаттасқан қарбалас ішінде еңбектенген ақсақал ешкімнің таласы жүрмейтін мол деректі «Қабанбай батыр» кітабін құрастырып жазудан тыс, өз авторлығындағы “Қубас ат” қиссасын, “Майқы дастанының” үшінші бөлімін (бұл жинаққа қосылған жоқ), “Көлбай қажы”, “Естігүл мен Серік” дастанын жазып ұрпаққа мұра ғып қалдырды әрі жоғарыдағы аталған мұралардың бір бөлімін мерзімдік басылымдарда жарялады. Кәрібай ақын мен Маусымбай мұрасының жанашыры, септеушісі болған қайсар қарттың қолынан қаламы түскелі де он жылдың жүзі болды.
Біз әлі күнге дейін Кәрібай ақынның мұрасын шып-шырғасын шығармай жиып алдық дей алмаймыз. Кәрібай туралы зерттеулер мүлде жоққа сәкүн. Бұл алдағы уақыттың безбенге салар сарабы, назары болмақшы.
Қорыта келгенде, көрнекті шежіреші, дарынды да талантты бір туар ақынның екі ел арасына кең тараған еңбектері жалғасты іздестіруге, зерттеуге зәру. Сондай-ақ, қалам қайраткерлерінің тың ізденіспен жабал атсалысуына мұқтаж.

Түсініктер: (1) Үрім−ертеде Қазақтар Түркияны осылай атаған.
(2) Делім−Жаңа Дели қазіргі Үндістанның астанасы.

1997 жылы қыркүйек Шәуешек.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *