Басты бет Негізгі бет Айтыскер ақын Айбек Қалиев Ахмет Байтұрсынұлының туған жеріне қатысты ұсыныс жасады
Айтыскер ақын Айбек Қалиев Ахмет Байтұрсынұлының туған жеріне қатысты ұсыныс жасады

Айтыскер ақын Айбек Қалиев Ахмет Байтұрсынұлының туған жеріне қатысты ұсыныс жасады

 289 0

«Жақында Ұлт руханиятының көсемі Ахаңның туған жері (Қостанай облысы Жангелді ауданы) Ақкөлге барып қайттым. Ахаңның кіндік қаны тамған Сарытүбектегі үйіне де кірудің сәті түсті. Осыдан он шақты жыл бұрын сол жердегі Ақкөл, Қарасу ауылдарының тұрғындары асар жасап, Сарытүбектегі Ахаң туған үйді қалпына келтірген болатын. Қарасу ауылының тұрғындарымен пікірлестік. Ахаңның ұрпақтары біраз өкпе-реніштерін айтты. Ахмет Байтұрсынұлының аса көп насихатталмай жүргенін, Алты Алаштың мұңын жоқтаған Ахаңның қазір тек Үмбетей руына ғана қажет боп қалғанын ашына жеткізді. Расында да біз өте науқаншыл боп кеттік, ұлыларымызды тек мерейтой қарсаңында ғана есімізге алып, жайшылықта мүлде ескере бермейміз», — дейді Айбек ақын.

2022 жылы қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы және реформаторы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы болмақ. Айтыс ақынының айтуынша, осы бір айтулы күні той да, айтыс пен бәйге де ұйымдастырылуға тиіс. Спорттық шаралар мен ғылыми конференциялар да өтуі мүмкін. «Бірақ тойдан қалар бір белгі болуы керек», — деген ой көпшілікті мазалайтын көрінеді.
«Ауыл тұрғындарымен пікірлесе отырып, солар айтқан үш мәселені ортаға салғым келіп отыр. Бірінші, Ахаңның Сарытүбек деген жердегі кіндік қаны тамған туған үйін сол жердегі Ақкөл, Қарасу ауылының тұрғындары асар жасап, өз қаражаттарына қалпына келтірген болатын. Бірақ сол үйдің қазіргі қалпы көңіл көншітпейді. Архитектор азаматтар сол Сарытүбектің туристер мен зиярат етушілердің келуіне лайықтап эскиз-макетін дайындап отыр. Бұл – әрине, қаржыны қажет етеді. Сарытүбектің дәл жанында Ахаңның атасы Шошақтың, әкесі Байтұрсынның және анасының зираты тұр. Ол зиратты да ауыл тұрғындары қоршау жасап күтімге алған. Енді осы жерді абаттандырып, Ахаң туған үйді қалпына келтіріп, жанына қонақ күтетін үй мен шағын мұражайы ашылса»,  — дейді ақын арқалаған аманаттың артындағы ағайын.

Екінші ұсынысында Ахаң туған Сарытүбекті, айдынды Ақкөлді көруге және  зиярат етуге келетін халықтың көптігіне байланысты жол мәселесін сөз еткен. «Ақкөл ауылына баратын 100 шақырымдық жол Ахаңның өмір жолы сияқты азапқа толы, — деп ашынған ақын: —  Әсіресе, көктем мен күз айларындағы жауын-шашын кезінде жол мүлде езіліп кетеді, ал қыстағы боранда апталап ашылмай жатады. Аудан әкімшілігі қанша қаржы құйғанымен, көтерме жол бетінде асфальты болмағасын жауын-шашында жүруге жарамай қалады. Былтырғы Наурызда Елордадан келген лауазымды кісілерді апарамын деп жарты жолдан батпаққа батып, қайтып келгенмін. Ахаңның 150 жылдығында осы 100 шақырым жолға асфальт төселсе, Ахаңның кіндік қаны тамған үйіне туристер мен зияратшылардың келуіне мол мүмкіндіктер тудырар еді», — дейді.

Осылайша, ол аймақтағы тарихи нысандар мен киелі орындардан бөлек ел ішіндегі туризмнің артуына да өзіндік септігі тиер еді деген үміт отын қозғайды. Егер жол жағдайы жақсарса, Қаратұздағы шипалы су мен Тентексайдағы емдік қасиеті бар ыстық суға да келушілер қарасы артпақ. Сондай-ақ жазба авторы қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданына Ахмет Байтұрсынұлының есімін беру керек деген ұсыныс тастап отыр.

«Торғай жұртшылығы да, жалпы Алашшыл зиялы қауым да Ахаңның 150 жылдық мерейтойынан үлкен бір өзгерісті, Осы Жангелдин ауданының есімін Ахаңның атымен атауды күтіп отыр. Әрине, Әліби Жангелдиннің де елеулі еңбегі бар шығар, бірақ салыстырмалы түрде Ахаңның еңбегі басым екендігі дау тудырмайды. Жангелдиннің есімі кеңес заманында насихаттаудан кенде болған жоқ. Қазақстанның қай тұкпіріне барсаңыз да Жангелдиннің атындағы ауыл, жоқ дегенде мектеп пен көше атауын міндетті түрде кездестіресіз. Сондықтан, бұған Әлекеңнің рухы да разы болады деп ойлаймыз», — делінген ақынның жазбасында.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *