Басты бет Жаңалықтар Сиазбек Сембайұлының туғанына 50жыл.
Сиазбек Сембайұлының туғанына 50жыл.

Сиазбек Сембайұлының туғанына 50жыл.

 246 0

Сүлейменов Сиазбек Сембайұлы
(1971-2020)

Сиазбек Сембайұлы 1971 жылы 6 сәуірде Семей облысы Ақсуат ауданы, Үштөбе ауылында дүниеге келген. Әкесі Сембай Сүлейменұлы (1922-1989 ж.ж.) мал шаруашылығында өнімді еңбек етсе, анасы Биқан Самажанқызы (1935-2014 ж.ж.) 12 бала өсірген алтын алқалы ана. Биқан апа қазақтың ән-жырын, қара өлеңін нақышына келтіріп орындайтын, жадына тоқығаны мол қазына жан еді.
Отбасында Сиазбек 8 қыздан кейін туған тұңғыш ер бала боп әулетке зор қуаныш әкеледі. Одан кейін ізінен ілескен 3 інісі бар.
Сиазбек Сембайұлы 1978-1988 жылдары «Ленин жолы» (Қазіргі Қызылкесік ауылында) орта мектебін бітірген соң 1989 жылы Алматы зоовет институтына агроном мамандығын оқуға түседі де, сырттай бөліміне ауысып әскери борышын өтеуге аттанады. 1989-91 ж.ж. Харьков қаласында 6 айлық әскери оқу-жаттығудан өтіп, «Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімі» құрамында Ауғанстан шекарасындағы Термез қаласынан бірақ шығады. Сол қалада әскери борышын аман өткеріп еліне қайтады.

Әскерден соң Семей облысы Аякөз ауданындағы Тарбағатай ауылында агроном боп қызмет етті. Әпкесі Оралхан Сембайқызының айтуынша, әскерден келгеннен кейін өзі шығарған «Қос аққудың» сыңары деген әнді домбыраға қосып айтып жүрген екен. Ақындық қабілеті де сол уақытта байқалып, 1992 жылы Аякөз ауданының  Батпақты ауылында шабантойдың құрметіне айтыс өтіп бас жүлде иеленіп, ат мінді. Содан былай елдегі жыр додаларына шақырылып, Абаш Кәкенов, Серікқан Жақиянов,  Сембай Жансақов, Қайыртай Ақылбеков, Хасен Закария,  Айтақын Бұлғақов, Тыныбай Үсенов, Қызырхан Үсенов секілді дарындармен сахнада сөз қағыстырып, айтыс әлемінің сырына қанығады.

1994 жылы алматылық ару Гүлназ Нұрмұхамбетқызымен отау құрып, Семей қаласына қоныс аударды. Бүгінде олардың 4 баласы өсіп келеді.

1998 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті ректоры Сыдықов Ерлан Бәтташұлының қолдауымен «Наркескен» ақындар мектебінің іргетасын қалады. 2004-2006 жылдары аталмыш университеттің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын оқып шықты.

Наркескен ақындар мектебінен бойына ақындық қасиет дарыған студент жастар мен жоғарғы клас оқушылары тәлім алды. Тәлім алып қана қоймай, додалы жарыстарға түсіп, облыстық, республикалық, халықаралық айтыстар мен мүшайраларда алдаспандай жарқылдады. Олар: Асқар Тілеуғазин, Серік Туғанов, Серік Мұхамедсадықов,  Берік Әліпбаев, Әсем Ережеқызы, Ринат Зайытов, Сара Тоқтамысова, Қазыбек Байжұманов, Фархат Маратұлы,  Қарлығаш Әубәкірова, Жанарбек Торайғыров, Назерке Рамазанова, Сәуле Әмежанова,  Әсел Сүлейменова, Әсем Сағимұратқызы, Әлия Құлбаева, Римма Жүндібаева, Гүлайым Нұрғалиева,  Гүлшара Ошанова, Мақпал Оспанова, Эльмира Мамырбаева, Перизат Әліпбаева,  Майра Жұмағұлова, Болат Күләйхан, Құралай Жұмаханова, Ардақ Жұмаханова, Гауһар Оралбекова, Салтанат Қалибай, Ержан Жұмабек, Саягүл Бірлесбек,  Жасұлан Қоңыров, т.б.
Бүгінде Сиазбек Сүлейменовтың шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде ел игілігіне қызмет етіп келеді. Дулат Бабатайұлынан басталып Абай Құнанбайұлы биікке көтерген ақындық дәстүрге құрметпен қараған Сиазбек Сембайұлы Семей өңірінің ақындық өнеріне үлес қосқан тұлға ретінде сөзсіз мойындалады.

Марқұм Сиазбек ортамызда болғанда бүгін 50 жасқа толар еді…

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *