Басты бет Жазба өлеңдер Қайнар АЛАГӨЗОВТЫҢ жазба өлеңдері

Қайнар АЛАГӨЗОВТЫҢ жазба өлеңдері

 7 707 6

Қайнар Алагөзов

Айтыскер ақын Қайнар Алагөзовтың жазба өлеңдері  

(Ақтөбе, Шалқар)

 

«Туған жерді таныстыру»

Ақтөбеде Шалқар деген ел жатыр,
Біздің елде туып-өскен ер батыр.
«Еңкейме деп дұшпаныңның алдында»
Қарттарымыз бала күннен берді ақыл.

Ер Тілеудің жүрегінің оты бар,
Ел қорғаған Дәрібай мен Көтібар.
Ер Есеттің батырлығы бір басқа,
Қас жауына жебе болып атылар.

Дана десең дана да бар Шалқарда,
Иманды елге не бермесін мәрт Алла!
Мөңке бидің нақылынан нәр алып,
Қазанғаптың күйін тыңда әр таңда.

Асан Ишан иманы бар, ары бар,
Тағыберген қамшыгерім тағы бар.
Алты Әлімнің ұранына айналған
Бақтыбайды туған елдің бағы бар.

Сары Батақ ел деп кешті қайғы мұң,
Боранбайдың Саршолағы — айбыным.
Мырзағұл да мырза болыс болыпты,
Халық үшін құрбан еткен байлығын.

Саналы ұрпақ Ідіріспен мақтанар,
Нағымдайын еңбек сүйсең бақ қонар.
Боз кілемде желбіреткен көк туды
Есенгелді есте мәңгі сақталар.

Мекен еткен ауызы бір алты Әлім,
Мен сендермен мақтанамын Шалқарым!
Бізден шыққан әр азамат лайықты,
Мол сеніммен тапсыруға хан тағын.

Дұшпан болсаң қастығыңды кел, ұқтыр,
Досым болсаң әзіл айтып жеңіп тұр.
Қорамдағы жалғыз қойым сойылсын,
Қонақ болсаң есігімді теуіп кір!!!
(Бірақ бізде барлық есік сыртқа қарай ашылады)

«Менің анкетам»

Аты-жөнің?
— Алагөзов Қайнармын.
Әкең бар ма?
— Бар еді ғой, жайдарлым.
Қазір қайда?
— Қара жерге тапсырдық.
Қайрылмасын түсінген соң қайғы алдым.

Анаң бар ма?
— Бар,  сенерім сол менің.
Алладан не тілемейсің?
— Өлгенін.
Не тілейсің?
— Пенде бар ма мәңгілік,
Көргеніндей қылсын  енді көрмегін.

Кім еді атаң?
— Көкен шалдың ұлымын.
Шегірткеден көп Шектінің бірімін.
Бауырларың?
— Отбасында үшеуміз.
Бір ағам бар, мен ортаншы, бір інім.

Үйлендің бе?
— Хас сұлуға үйлендім.
Әйеліңді сүйесің бе?
— Сүйгенмін.
Алғашқыда жүрек дүрсіл қағатын.
Ал, қазір ше?
— Сәл де болса үйрендім.

Қанша адаммен сыйласасың?
— Жетеді.
Достарың кім?
— Аян, Құрал екеуі.
Олар кімдер?
— Сазгер бойдақ біреуі,
Біреуі ақын он жетіден некелі.

Ет жеймісің?
— Қазақпын ғой, шырағым.
Өз ұлтымның ұлы болу ұраным.
Қазақ саған не береді, ұланым?
— Біртүрлі екен сұрағың.
Сен қазаққа не бересің?
— Жанымды.
Арым үшін, мен сөзімде тұрамын.

 

           Бала махаббат

Бәріңе ортақ, балаша әдет:
Сезім дегенді білмейтін едім.
Таласып ойнап, «ә»десе «мә» деп.
Ұл-қызды бірдей күндейтін едім.

Тек, сенің мөлдір көзіңнен ғана,
Байланып тілім, тосылатынмын.
Мектепке, тіпті, сезіммен бала,
Көрсем деп сені асығатынмын.

Ауылда сені көп көруші едім.
Өзің де мені көп көретінсің.
Алаңға барып доп тебуші едім.
Сол кезде-ақ маған от беретінсің.

Қас батырдай боп қасыңнан өтем.
Ат қылып талдың ұзын шыбығын.
Сол кезде-ақ менің ашылған екен.
Он екідегі бірінші гүлім.

Азайтып ынжық, жасықтығымды,
Өзіңе қамқор боп жүретінмін.
Сонда да саған ғашықтығымды
Су шашып кетіп сездіретінмін.

Мен ешкімге ештеңе деген жоқпын,
Керілдесе біреулер керең боппын.
«Же» дегеннің тамағын тауысып жеп.
«Жеме» деген нәрсесін жеген жоқпын.

Әңгімеге келгенде әл бермедім,
Естімеген бір әзіл әр келгенім.
Тілмен шагып отырса біреу мені,
Маса шағып отыр деп мән бермедім.

«Бәленшемін», «түгенмін», «солмыз» дедім,
Танысатын қолайлы қолды іздедім.
Соққыдан қорғанатын амал емес,
Қорғанудан қорғайтын жолды іздедім.

Халықтыкі айтеуір жаткан сақтық,
Қауіп жоқтай ажалдан сақтансақ түк.
Күштіңде бар күш-қайрат менде де бар.
Төбелесу меніңше, мақтаншақтық.

Қорықпаған кезім жоқ, не қорыққан,
Қай жерің бар, бауырым, мен ауыртқан?
Жігіт сыннан сүрінбей өту үшін,
Сынбаса болмай ма не бел — омыртқаң?

Керілдейсің, бір қадам шегінбейсің,
Таяқ тұрмақ, тағдырдан темір жейсің!
Аз білетін адамдар көп сөйлейді,
Үндемесең ешкімнен жеңілмейсің.

Атам мен әжем

Менің атам әжемді боқтайды әлі,
Сәл үзілсе шұбаты, ет-қаймағы.
Ал, әжем жылап-сықтап он жыл бұрын,
Қаза болған кенжесін жоқтайды әлі.

Жоқтағанмен жазмышқа көніп отыр,
«Зарлама» деп атам да төніп отыр.
Түнде көрген түсімді айтып едім,
Жасын сүртіп жақсыға жорып отыр.

Жетпіс жылдай үйренген ұрысқа тіл,
Шәйі орамал кепкенше жуысты акыр.
Екі қария шәй ішіп отыр, әне,
Екі таяқ айқасып бұрышта тұр.

Таңы атады, әйтеуір түн батады,
Қатарының кетті ғой бір қатары.
Төрт түлігін біз үшін тауысқалы
Бізді санап екеуі бір жатады.

Атам-тарих, сөз тыңда, қасына отыр,
Ақылыңа береді қосып ақыл.
Әжем болса, жыламай жүр ме екен деп,
Кеткен қызға құмалақ ашып отыр.

Туыстармен арада көпір бұзбай,
Апта сайын ет асып шақырғызды-ай.
«Осы келін жақсы» деп мақтап қояд,
Келіні бар шешемді отырғызбай.

Атам болсам әжемді сүймес едім,
Әжем болсам атама тимес едім.
Қараймын да күлімдеп екеуіне,
Мәңгі қартаймайтындай күй кешемін.

Қыздар гүлге ұқсайды, ұл шыбыққа,
Екеуі де жаурайды күн суықта.
Ұл мен қызы аралас ызғар көрмей,
Жиырма оқушы оқыдық бір сыныпта.

Әр есепке үңіліп, әр аңызға,
Ең сауатты мен болдым арамызда.
Ең соңғы қоңырауда көзім түсті,
Ең соңғы партадағы қара қызға.

Он бір жылдың жазында шаңға аунаттым,
Он бір жылдың қысында қарға аунаттым.
Сабақ айтар сауатың болмағасын,
Сұлу қыз екеніңді аңғармаппын.

Қарамаушы ең өзің де елге төніп,
Мұғалімнің бергенін жерге төгіп.
Тоғыз ұлға көрінген бір пұшық қыз,
Ең бірінші партадан қол көтеріп.

Бүгін сенің түп-түзу бойың қалай?
Қас-кірпігің тәртіппен қойылғаны-ай.
Алла жазса, көшенің көркі болмақ,
Көшіріп жазатынын мойындамай.

Ініме

Балдан тәтті болса да кей қылығы,
Қылығынан көбірек қиғылығы.
Інім өсіп ізімнен келе жатыр,
Бидің ұлы, өйткені үйдің ұлы.

Жастайынан шыныққан ірі мүсін,
Бір көрсетпей тұрмайды құбылысын.
Бір-екі рет айына төбелеспеу —
Жұмыссыздық сияқты інім үшін.

Алысқанды астына салғыш інім,
Аз болғандай жүреді әлгі шығын.
Мен анамның еңсесін көтеремін,
Көтереді інім де қан қысымын.

Келе жатсақ енді-енді бүтінделіп,
«Көбісінен баймыз ғой, шүкір» дедік.
Анда-санда ортайып отырамыз,
Міліцәнер ағайға пітір беріп.

Жорығыңды азайтшы, тірі арыстан,
Аман шығып алайық мына қыстан.
Өз алдыңа үйленіп, үй боп кетсен,
Жылап-жылап алар ем қуаныштан.

Менің інім десе де адал бірақ,
Менен гөрі жігітсің табандырақ.
Ілік іздеп, әркімнің аузын бақпай.
Ауызыңа қараған Анаңды бақ!

Пікірлер(6)

  1. Кайнардын Олендери оз алдына бир керемет! Айтыст
    арыда азилимен жаксы отеди. Олендериде Хан да Карада тусинетин карапайым кунделикти создермен жазылган. Шабытынызды Шарыктай берсин бауырым, шыгармашылык табыстар тилеймин. Алла Тагалам жар бола журсин бауырым Жарайсын!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *