Басты бет Жазба өлеңдер Серікзат Дүйсенғазының өлеңдері

Серікзат Дүйсенғазының өлеңдері

 2 219 1

Серікзат Д

     

Айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазының өлеңдері

(Семей-Астана)  

 

Туған жерге сағыныш

Алыста жатқан ауылды аңсаймын,
Астана жақтан елеңдеп кейде.
Сағынып жүрек, сарылған сайын,
Сарала қаздай өлең жетпей ме?

Шаһардан жеріп тастан қаланған,
Құлын шағымның құнын жоймаймын.
Тас жарып шыққан бастаудан алған
Бұлақтай мөлдір күнімді ойлаймын.

Ыстықсың ескі жұртым-ау маған,
Бабамның даңғыл белгісі жолың.
Қарашығымда бұлтың аунаған,
Өкпетім бөлек болмысым едің.

Көкжалдар жортқан көне жотаңда,
Тасыңның тарих төркіні кілең.
Бөрі боп кірген өлең-отауға,
Бөрілі тауым бөлтірігің ем.

Қызылтасымның қысын армандап,
Қызарып батқан күннен сұраймын.
Түлкі аулап қайтар тұсынан барлап,
Қансонарыңды кімнен сұраймын.

Аягөз-бұлақ қан тамырымда,
Бүлкілдеп соққан тағдырымбысың.
Табиғат сыры тартады мұңға
Дарытқан бойға барлық үлгісін.

Жанымның сырын жасырмай кетем,
Жарқ ете қалсам жасындай жырлап.
Әлемде сірә, асыл бар ма екен,
Тарбағатайымның тасындай қымбат.

Томар

«Көктомар көрінесің бұлдыр-бұлдыр,
Ағады бұлағыңның суы сылдыр.»
Атам Дүйсенғазының өлеңінен

 

Томарым, жаз жайлауым туып өскен,
Суретің өшер ме екен ғұмыры естен.
Көгіңде мұнар-мұнар сағым кілкіп,
Шөбіңнен таңғы шықтың буы көшкен.

Таза ауа, тастай бұлақ жанға рахат,
Лайламас адам түгіл мал да нахақ.
Жағалай тораңғыл мен тобылғы сай,
Қойнауы қой бүлдірген, тау қарақат.

Қылтиса күн кірпігі қыр астынан,
Бусанып салушы еді буаз тұман.
Қорадан ақтылы қой тауға беттеп,
Шегіртке секіретін гүл астынан.

Ойнақтап құлыншақтар, тай жарысып,
Ит үріп, шәуілдейтін майда күшік.
Бақылап тіршіліктің сілкінісін,
Аспанда жалғыз қыран айнала ұшып.

Соныға бас қойған қой баяулайтын,
Ал әкем атын ерттеп аялдайтын.
Түндігін түріп сосын қазақ үйдің,
Соңынан отарының аяңдайтын.

«Ыңқиттап» суыр біткен тау жақтағы,
Жартастар жаңғыратын аумақтағы
Шелегін алып шешем аттанатын,
Сиырдың қорасына аулақтағы.

Бала едік ойын қуған ояна сап,
Қызыққа бала сезім тоя ма сәт?
Қанқызыл қарақаттың шырынына
Шиедей бетімізді боямасақ.

Ағашты ат қып мінген, ойын бағып,
Табанға көбелектің майын жағып.
Түсуші ек бір топ бала әбігерге,
Кешқұрым жарысуға дайындалып.

Шапқылап шыбық атпен шынығатын,
Шамамыз болмаушы еді тынығатын.
Шырылдап бөктергіден қашқан торғай,
Шыткөйлек қойнымызға тығылатын.

Ызыңдап зауза қоңыз, кіл шыбыны,
Сайрайтын сандуғаштың сыршыл үні
Анамның қазанымен қатар қайнап,
Жататын жайлауымның тіршілігі.

Күндер-ай Томарымда өткен дара,
Екен-ау өткінші бір өткел ғана.
Санамда қалған қазір сағынышым,
Жарқ еткен сәулелі сол сәттер ғана.

Көкдөнен

Бүгін де кіріп, көкдөнен түсіме менің,
Көңілімді бұзды күлдірлеп кісінегенің.
Жасыңнан баптап өсірген жануарым-ай,
Сүлеймен болсам тіліңді түсінер едім.

Кісінегенің ол қыстың қаттылығы ма,
Балгердей баға бере алман ат қылығына.
Тұлпар мінезді Тұранның ұлы емеспін бе,
Кеудемнен кәусар жырларым атқыды мына.

Есімде менің тай кезден тарап жалыңды,
Бәйгеден озсам деген сол бала арманымды.
Әкемнің маған атаған бәсіресі едің,
Тілеуші ем тура аш бурадай жаранғаныңды.

Құйындай шауып төсінде ағызып белдің,
Сауырыңнан жерге ащысын тамызып тердің.
Жексенбі күнгі ауылдың тай жарысында,
Құйғытып қамшы салдырмай қара үзіп келдің.

Жүйткіген жүйрік болған соң тек іздегенім,
Сезімім шалқып ұқсаған теңізге менің.
Балаша жуып, жабулап, жанымды салып,
Сұлыдан басқа дақылды жегізбеп едім.

Шабандоз жастық мұнымен тоқталмас анық,
Әбзелдеп мініп, ел-жұрттан оқшау жасанып.
Маңғаздау қарап, өзімді сері сезініп,
Ортаға олжа салғанмын көкпарға шауып.

Ол шақта сидаң бозбала жел жұқпа мінез,
Ат десе асын тастайтын болдық қағылез.
Бойжеткен көрсек бұрқанып бойда қан тасып,
Ағызып шауып алатын албырт тағы кез.

Жарысып желмен, заулатып, ұшырып арман,
Кезім де болған қамшымен құс ұрып алған.
Келмеске кеткен балалық кезді сағынам,
Басқаны қойшы, тақымның қышуы қанған.

Есейдім, сосын оқуға қалаға кеттім,
Соңымда қалды барлығы балаң әлектің.
Кекілі майда дөненім кермеде тұрды,
Қоштасқан қарап легіне далада көптің.

Жылдарым жылжып, күн арты күнім жүріпті,
Шаңырақ құрдым еткен соң білімді құтты,
Тойыма менің баяғы дөненді сойып,
Қазақы мінез ата-анам ырым қылыпты.

Тарланды мінбей қайтейін тамсанып онша,
Ат көрсем қазір мұңаям, барша қуанса.
Түсімде түгіл өңімде бәйгені көрсем,
Көкдөнен көңіл заулайды аңсарым ауса.

Иманжүсіп

Кезіп жүр кең даланы сол бір әуен,
Қосылып күмбірлейді домбырамен.
Ежелгі Ерейменмен қоса егіліп,
Тартады демін ішке торғын әлем.

Киесі табиғаттың тосын күші,
Иесі Иманжүсіп есіл кісі.
Шымырлап тамырларға тарап жатыр
Тылсым ән, мұң мен рухтың қосындысы

Тудырып Ереймендей ән ұлысын,
Тәрк еткен тағдыр атты Тәңір ісін.
Серкесін серілердің сел боп іздер,
Есілдің кім түсінер сағынышын.

Үлгісі өлең жүрек, өр тірліктің,
Көтерген қара нардай дертін жұрттың.
Шекесін шерткізбеген шегірлерге,
Еркесін аңсайды елі еркіндіктің.

Бөрідей бөлек еді тегі неткен,
Батырлық сертке ғана сеніп өткен.
Жемейтін қазы-қарта қайран басын,
Қапыда қаққан жауда кегі кеткен.

Арысын сардаланың ерте өлтіріп,
Көл қалды көз жасындай көркем тұнық.
Нияздың Аюлы мен Қара көлі
Тыншиды арнасына шер толтырып.

Бұғылы, Тағылымен тағы мұңда,
Олар да саятшысын сағынуда.
Қасына ерген жігітке олжа салар,
Татитын ұл бар ма екен тағылымға.

Жылайды Ерейментау жетімсіреп,
Бұлт қана басу айтар “бекінші деп”.
Қыпшақтың бар қатыны ұл тапса да,
Тумайды Иманжүсіп екінші рет.

2002 жыл.

Абыралыға барғым кеп жүр…

(Ұстазым Рымғали Нұрғалидың рухына арнаймын)

Басында Қобыландының арша жалғыз,
Жете алмай сол аршаға шаршағанбыз.
Айрылып Алты алаштың абызынан,
Қайғырып талай жылды қарсы алармыз.

Дегелең ерте кезден дертің қалың,
Көргенбіз қойнауыңда шер тұнғанын.
Ақандай күңіренеді қобыз далаң,
Құшақтап Құлагердің ер-тұрманын.

Жалғызтау аңқаны ашсын ақ самалың,
Көңілдің шипа болар тапшы амалын.
Қайнардан қайнап шыққан әрбір бұлақ
Лебізін аңсағанда жақсы ағаның.

Түсініп туған жердің мәнін үстем,
Тасбұлақ тұнығыңнан қанып ішкен.
Батырдың жығасындай Сұлушоқы
Сұңқарын күтіп жатыр сағынышпен.

Көрсем деп тарихтағы төл бейнеңді,
Көңілін ондай ешкім бөлмейді енді.
Ордасы шежіренің Таңбалытас,
Қыраның төскейіңе келмейді енді.

Бармайды қазығына жанын байлап,
Қазақы қалжың сөзі қанында ойнап.
Көсіліп көсемдердей сөйлемейді ол,
Кіндігін кескен жердің төрін жайлап.

Алды да кетті өмірден мәңгі үлесін,
Босатып талай елдің жан-жүйесін.
Алаңдап Абыралыға барғым кеп жүр,
Ұстаздың тыңдайтындай әңгімесін.

Қызылтас

Қасқайған қарқарадай Қызылтасым,
Жүректің оятушы ең жүз ынтасын.
Есіме түскен сайын кеудемдегі,
Сырнайын сағыныштың сызылтасың.

Талдырған құс қанатын құз ең биік,
Сөз жетпес суретіңді тізер жиып.
Сайыңнан сая тапқан тіршіліктің,
Көзіндей ойнайды арқар, күзен, киік.

Төсіңде мыңғырған мал шұрқырасқан.
Сүмеңдеп қарсақ жортып, түлкі қашқан,
Кіндігін күннің нұры өзі кесіп,
Түндігін көк аспанның сілкіп ашқан.

Төбеңнен түнергенде төніп келіп.
Көз жасын жіберетін төгіп, төгіп.
Көркіңе ғашық болған шағырмақ бұлт,
Кенеттен көлге айналған көбіктеніп.

Жануар, жәндігіңді масайратып,
Жапырақ мөлдір шықтан жасайды ақық.
Табанда жылжып аққан күміс өзен,
Тасиды арнасында тас ойнатып.

Тау едің тұрғызғандай тастан қалап,
Бастайтын баспалдақтай аспанға нақ.
Түксиген түннің өзін елжіретіп,
Жымыңдап жұлдыз бен ай ашқан қабақ.

Бұтаң мен бүргеніңді жел аймалап,
Ататын әрбір таңың арайлап ақ.
Табиғат тарту еткен кереметке,
Таппайсың айтарыңды қалай мадақ.

Тарихтан тамыр тартып, қанға сіңген,
Кешегі өткен күннің таңбасы іргең.
Жатырсың жалғастырып бүгінгіні
Бабалар байыз тапқан сан ғасырмен.

 

 

Қоштасып тұрдың…

Өзіңді сағынған сайын,
Керемет шағымды аңсаймын.
Алғашқы махаббат әнін,
Шырқаған бағымды аңсаймын.

Қайда сол ғашық жүрегің,
Жайнаған жасыл гүл өңің.
Өзіңсіз жалғанда мынау,
Қалай жер басып жүремін.

Кездессек көзің күлетін,
Бір сәуле кезіп жүретін.
Сөндіріп кетпедің неге,
Лаулаған сезімнің отын.

Қоштасып тұрдың асылым,
Ашылмай сұңғыла сырың
Жасаурап жанарың мөлдір,
Сездірді мұңды жасырын.

Жетпеді сәл тұрақтылық,
Жүрсек те жарқырап күліп.
Қоштастық жапырақтайын,
Жанымыз қалтырап тұрып.

Айып па, аптығар болсам,
Кезігер сәт туар қашан?
Махаббат кімге керексің,
Жанымдай тәтті болмасаң!

 

 

Толғанттың мені…
Толғанттың мені тобылғы өңді торғын қыз,
Тосудан ұзақ тотыдай болдым тордағы.
Кеудеме келіп сәулесін құйған шоқжұлдыз,
Үмітімді үзіп сөнбесең бір күн болғаны.

Керіліп тұрған кермарал сынды келбетің,
Көзімнің алдын тұмшалап алды елеспен.
Шарласам мәңгі жеті қат көк пен жер бетін,
Аймаңдай ару аңсарым өзің емес пе ең.

Талдырмаш бойдан тарыдай мін де табылмай,
Құлпырып келсең құрақтай жасыл жайқалған.
Қулықтан ада құралай көзден лағылдай,
Байсалды мінез, байыпты күлкің байқалған.

Сертің де сірә, сетінемейтін тым берік,
Сыртыңнан талай серілер жүр-ау сұқтанып,
Қарлығаш құстай қалықтап қана бір келіп,
Мәртебемді өсір, мазасыз ойдан құтқарып.

Пәк жүзбен албырт тасқа кеп тамған тамшыдай,
Мөлдіреп тұрсаң манаурап мамық сезіммен.
Арқарды көрсе арқасы қозар аңшыдай,
Өмірге деген құлшыныс алам өзіңнен.

Бұлбұлым болып сайрашы көңіл бақшамда,
Ақындар деген ауылдың мен де шерлісі ем.
Сары ауруменен сары жамбас болып жатсам да,
Сағынышыңмен сарғайта көрме енді сен!

21 желтоқсан, 1998 жыл

 

 

Ауылым менің…

Ауылым менің, ақала ордам, кереге керген тепсеңге,
Періште кезден мейірім қанған, пейілім қалған тек сенде.
Бағалы затын қалдырған жандай қарайлай берем артыма,
Арманға мініп, ала шыңдардың сауырын сипап кетсем де.
Күмбірлеп тұрған күйсандық кеудем сағыныш сазға толғанда,
Құрыш қауырсын қаршыға құстың қанатын байлап жетсем бе?

Шалғайға кетсем, сағымды қуып, қияға өрлеп, қырды асып,
Қиындық көріп қиырда жүрген көңілім саған күнде асық.
Жолбарыс жонды жоталарың мен шұрайлы шалғын өлкеңе,
Ұланың едім, қыраның едім, шынайы ғашық, шын ғашық.
Арманым бар ма үйреніп барсам құйқылжып тұрған құс тілін,
Тылсымға толы табиғатыңмен таңмен жарыса сырласып.

Асау жел айдап жөңкіген бұлттай бағытсыз ғұмыр көшпелі,
Тағатсыз уақыт тынымын алып тағдырдың белін шешпеді.
Балалық шақтың, базарлы шақтың қара қазанын қайнатқан,
Сағынған сәтте санамнаң сенің суретің сол бір өшпеді,
Тығырыққа кеп тірелген шақта қайраңдап қалған қайықтай,
Тоқырау толқын жартасқа соғып бөлініп түскен ескегі,
Қол ұшын бере алмаса егер кеш мені!

6 желтоқсан, 1996 жыл

 

 

Ақындардың атына көше берме

 

Ақындардың атына көше берме,
Онсыз да сыймайды олар еш өлеңге.
Көшесі жоқ ауылда туған Абай,
Жазылған ұлт едің ғой пешенеңде.

Қалдырам деп есімін, қала берме,
Аспан атын бергендей қара жерге.
Қаласыз да қауырсын қаламымен ,
Танылған Мағжан ақын бар әлемге.

Тұтанса күннен де ыстық ақын кеуде,
Күннің нұры тарамас жақын жерге.
Ақынға таудың да аты керек емес
Далиған даланың да атын берме.

Беу, қайран ағалар-ай атқа мінген,
Бабаның қыла көрме бақтарын кем.
Оларға енді керегі атақ емес,
Ұрпақ қана жырларын жатқа білген.

Жұртына даңғыл еткен жолын дара,
Сөзінің қорын емес, сөлін қара.
Ақындарға керегі адамзаттың,
Жүрегінің төрінен орын ғана!

15 қазан, 2002 жыл

Пікірлер(1)

  1. Серікзаттың өлеңдері ұнайды.ақынға жақын оқырманмын ғой.Шығыстың киелі топырағынан десем де артық емес яғни Серікзаттың жерлесімін.Өнері өрлеп, өлеңі лайлай берсін!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *