Басты бет Айтыскер ақындар ҚЫДЫРНИЯЗОВА Шолпан

ҚЫДЫРНИЯЗОВА Шолпан

 1 533 1

Шолпан     ҚЫДЫРНИЯЗОВА Шолпан Батырқызы 

           ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері

1949 жылы 6 мамырда  Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қаракөл селолық округінде дүниеге келген. Әкесі Батыр Қыдырниязов ақын, журналист.Анасы Бибібатима Ерғалиева сөзге ұста, эпостық жырларды жатқа айтатын өнерлі жан болған.  1956- 1966 жылдары мектепте орта білім алады.

Еңбек жолын аудандық «Еңбек туы» газетінде бастайды. Газетте жұмыс жасай жүріп, өлең, мақалаларымен аудан жұртшылығына танылады. Аудандық ақындар айтысына қатысып, жоғары білімді ұстаз Құмарғали Ғұбайдуллинмен сөз жарыстырып тұсауын кестіріп,  «Аудан ақыны» атағын алады, жеңімпаз ретінде облыстық ақындар айтысына жолдама беріледі. Қаратөбе ауданының атынан  айтысқа шыққан  он жеті жасар Шолпанға Тайпақ ауданынан жиырма бес жасар Мақот Құсанов деген өнерпаз қарсылас болып, екеуі жарасымды жұп құрап, бірінші орынды бөліседі, екеуіне де «Облыс ақыны» деген атақ беріледі.Айтыста жарқ еткен жас қыз сол жылы  А.С.Пушкин атындағы  Орал педагогикалық институтына оқуға қабылданады. Төрт жыл жоғарғы оқу орнында оқи жүріп  ақындар айтысына тұрақты қатысып, өнерін шыңдап, облыс жұртшылығының көзайымына айналады.Республикалық телехабарларға шақырылады, баспасөздер ол туралы көлемді материалдар жариялап, елге таныстыра бастайды.

  А.С.Пушкин атындағы  Орал педагогикалық институтының  түлегі (1971), қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Сегізжылдық мектепте мұғалімдіктен бастап, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары (1971-1976), аудандық газетте жергілікті радио хабарын ұйымдастырушы, газеттің жауапты хатшысы (1976-1983), халық депутаттары аудандық Совет атқару комитетінде  ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, төраға орынбасары, аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары (1983-1993), Орал қаласына қоныс аударуына байланасты «Қазақгаз» мемлекеттік холдинг компаниясының салалық «Рауан» газетінде тілші, «Батысгаз», «Тахат» акционерлік қоғамдарының кадр бөлімінің бас маманы (1993-2002), Орал қалалық мәдениет бөлімінде, облыстық мәслихатта аудармашы (2002-2004), Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы (2004-2008) қызметтерін абыроймен атқарады. Қазіргі кезде зейнеткер. Саналы ғұмырының жиырма жылын мемлекеттік қызметке арнаған ол талай таланттың жолын ашып,талай өнерпазға қамқорлық жасады. Бір ғана Қаратөбе ауданының өзінен сегіз өнерпаздың «Облыс ақыны» атағына ие болуында оның үлесі зор.Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен облыста  тұңғыш рет бәйгеге бес жеңіл автокөлік тігілген халықаралық ақындар айтысы оздырылғанын халық әлі күнге дейін мақтанышпен еске алады. Шолпанның еңбегі елеусіз емес, халық оны «Ақжайық айтысының анасы» десе, мемлекет тарапынан да марапаттауларға ие.

«Қазақстан республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағының (1980), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» ,«Ерен еңбегі үшін» медальдарының, Қазақстан Республикасы мәдениет министрлігінің  Құрмет грамотасының,  «Қаратөбе  ауданының  құрметті азаматы» төс белгілерінің иегері.  51айтысқа қатысып, соның 29- ында І-орын алған.

         «Жазира»  (1980) ,«Ерке құс» (1991) , « Елігі еркін даланың»  (2004), «Қос  қанат» (2010) жыр жинақтарының авторы. Бұдан басқа  ақынның  өлеңдері мен айтыстары   «Жайықтың мөлдір сырлары», «Жыр шашу», «Он алты қыз, бір жігіт» топтамаларына, ол туралы мәлімет республикалық «Кто есть кто», Батыс қазақстан облысының энциклопедиясына, «Ақжайықтың асыл арулары» энциклопедиясына,  тіл  дамыту және өнер иелері жөніндегі мақалалары мен ұсыныс, пікірлері  халықаралық, республикалық, облыстық  конференциялар жинақтарына енгізілген.

 

Пікірлер(1)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *