Сүйінбай Аронұлы (1815-1898)

Сүйінбай Аронұлы (1815-1898)

 1 524 0

Аронұлы Сүйінбай – қазақтың әйгілі ақыны, айтыс өнерінің майталман жүйрігі. Туып-өскен жері Алматы маңы, Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ елдімекені. Осы өңірден топырақ бұйырған. Шыққан тегі – Ұлы жүзШапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы. Шежіре дерегі бойынша арғы атасы Күсеп дәулескер қобызшы болған. Күсептен Арон, одан Сүйінбай туған. Сүйінбайдан туған Малыбай, Бағыжан, Жетібай есімді балаларының ұрпағы өсіп-өнген.
Сүйінбайдың ақындық дарынының алтын бесігі — халқының ежелден қалыптасқан өнерпаздық дәстүрі. Әсіресе, ел ішінің сөз өнерін әспеттеген ұлы дәстүріне жастайынан құлықты болған Сүйінбай, өзінің бойындағы ақындық дарынын ерте ұштап, төңірегіне ерте танылады. Ел аузында айтылатын:

«Екейде елу бақсы, сексен ақын,
Жаратып мінеді екен ерттеп атын.
Қобызға домбырасы үнін қосып,
Гулейді жын қаққандай кешке жақын «-

деген өлең сол ортаның ән-күймен өлең-жырды айрықша дәстүр еткенін аңғартса, одан тағылым алып өскен Сүйінбайдың:

«Атыңнан айналайын Қызыр бабам,
Түсімде таңға жуық келді маған.
Білмеймін «өлең» деді, «көген» деді,
Сайрауық құстар келіп төнді маған» —

деуі, оның ақындық дарынының ерте оянғанын аңғартады.
Сүйінбайдың даңқын елге жайған, ауыздан ауызға тараған шығармаларының бір шоғыры өз кезіндегі хан-қара, би-төре, бай-манаптарға, көзкөрген замандастарына қарата айтылған өлендері. Бұл өлендері, бір жағынан — елдің мұңын мұндап, жоғын жоқтайтын, табанды да турашыл азаматтың тұлғасын танытып отырса, екінші жағынан — айтаройын ұрымтал образ, ұтқыр ой арқылы жеткізуге шебер ақынның тегеурінді қарымын танытады.

«Хан емессің, күйіксің,
Қалың елді айдап жеп,
Теріңе зорға сиыпсың,
Ұры-қары залымның,
Жаныңа бәрін жиыпсың . . .
Дүниені жұтса тоймайтын,
Түпсіз жатқан ұйықсың.
Қадірің жоқ халыққа,
Аққан судай сұйықсың», —

дейді Сүйінбай. Құнарлы сөз, құдіретті мінез, кесек ой, келелі уәж оның поэзиясына эпикалық қарым, көркемдік сипат дарытып отырады.
Сүйінбайдың, әсіресе, айтысқа түскенде қыннан суырылған қылыштай жарқылдап, өзінің туабіткен ақындық стихиясымен қауышқандай әсерге бөлеп отырады. Оның Майлықожамен, Тезектөремен, Қатағанмен, Арыстанбекпен айтыстары нағыз шашасына шаң жуытпайтын жүйріктіктің айғағы. Сүйінбай поэзиясы арқылы қазақтың айтыс өнерінің өрісі анағұрлым ұзарып, биіктеді, тақырып аясы кеңейіп, әлеуметтене түсті.
Эпикалық қарымдағы ақын ретінде Сүйінбай халықтың әртүрлі жыр-дастандарын таңды-танға ұрып айтып, «Манас», «Көрұғлы», «Рүстем-Дастан», «Тотынама» сияқты туындыларды шығармашылықпен өзінше жырлаған.
Оның Сұраншы, Сауырық батырлар туралы циклды өлендері мен толғаулары нағыз эпик ақынның өресін танытатын өлмес мұра. Мұнда ежелгі эпосқа тән аскақ рух, алапат теңеулер қарша борап отырады. «Лашын құстай түйілген, ақ тұйғындай шүйілген » батыр тұлғасын, » отыз жылдай алысқан, қырық жылдай шабысқан » дұшпан бейнесін нағыз жыраулық тегеурінмен сипаттайды.
Кез келген біртуар дарын иесі сияқты, Сүйінбай да шапағат нұрын алысқа шашқан, өзіндік мектеп қалыптастырған, үлгі-өнегесін өкше басар ұрпағына жұғысты ете білген құнарлы ақын. Бұл ретте ұлы Жамбылдың «Менің пірім −Сүйінбай!» деп ағынан жарылуы, ұлы Мұхтар Әуезовтың «Сүйінбай Жетісу ақындарының алтын діңгегі» деп нық сеніммен айтуы –жарқын айғақ.
Дереккөз: М. Жолдасбекұлы, Қ. Салғарұлы, А. Сейдімбек.
«Ел тұтқа» кітабы — Астана: KUL TEGIN. – 2009ж.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *