Кемпірбай Бөгембайұлы (1834-1895)

 1 323 0

Кемпірбай Бөгембайұлы 1834 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында туып, 1895 жылы қайтыс болған. Оның әйгілі ақындар Шөже,Тезекбай, Әсет, Жәмшібаймен айтыстары халық арасына кең тараған. Кемпірбайдың Шөжемен айтысының аяғы жұмбақ айтысқа айналады. Кемпірбайдың Жәмшібаймен сөз қағысы ру айтысының дәстүрінде өтеді.
Әсет ақынның Кемпірбай ауырып жатқанда көңілін сұрай келіп айтқан өлеңі, оған Кемпірбайдың қайтарған жауабы — көркемдік жағынан қазақ фольклорының тамаша үлгілерінің бірі. Бұл айтыс алғаш «Таң» журналының бірінші санында (Семей, 1925), С.Сейфуллин құрастыған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» жинағында (А.,1931), кейін халық ақындарының айтыс жинақтарында (1939, 1948, 1965 т.б) жарияланды.
Әсет пен Кемпірбай айтысы
Кемпірбай ақын ауырып жатқанда ақын Әсет Найманбайұлы көңілін сұрай келеді. Әуелі Әсет Кемпірбайға көңілін сұрай өлең айтады:

Әсет:
Ассалаумағалейкум, нар Кемпірбай,
Науқасқа шипа берсін патша, құдай.
Аспанға айнала ұшқан ақ сұңқарым,
Кез келіп жайған торға бопсың мұндай.
Науқасың меңдеу тартты дегеннен соң
Жыладым бәйіт айтып үш күн ұдай.
Дауысым –танимысың, атым — Әсет,
Мен келдім әдейі іздеп көңіл сұрай.
Япырау, жауап қатпай кеткенің бе,
Алашқа атың шыққан қыраным — ай?!

Кемпірбай:
Көңілді Әсет келді көтергелі,
Болмайды кеуде шіркін жөтелгелі.
Артыма бір-екі ауыз сөз тастайын,
Басымды жастықпенен көтер бері!
Өлсем де «Көк кептерге» бір соғайын,
Қу тақтай екі ішекті әпер бері.
Аузыма айырыларда сөз салмасаң,
Қонғаның, өлең шіркін, бекер ме еді?
Ал, енді шіркін көмей былпылдасың,
Сөзімді әшиесіз кім тыңдасын.
Ішінде арғын, найман салдым айғай
Не қылып, шіркін көмей, жыртылмасын.
Мойынға әзірейіл салса құрық
Білемін ғазиз жанның құтылмасын.
Кемпірбай бұл дүниеден көшіп кетсе,
Білемін енді өзімдей ұл тумасын.
Суырған қынабынан наркескендей,
Әр жерден қызыл тілім қылтыңдасын.
Көңілімді Әсет сұрап келгенінде,
Шаба алмай кәрі тарлан сылпыңдасын.
Боз шапса, боз озбай ма буырылдан,
Мен шапсам жер танабы қуырылған.
Жай тастап құлашымды алып жылдам
Жабының күнде озушы ем тұғырынан.
Біреумен алтын жүзді дос-жар болмақ
Өзіңнің бойға біткен пиғылыңнан.
Келсе де тоқсан ақын торай бермей,
Мен дағы озып жүрмін ықылымнан.
Ер Дәуіт жеті жаста иектенген,
Жасынның суын ішіп құдығынан.
Тереңдеп сырдың суы қаптаса да,
Сонда да келмеуші еді жұлығымнан.
Әй Әсет, осынау дерттен мен өлемін,
Науқасым меңдеу тартты бұрынғыдан.
Ұшса да қанат байлап аспанменен,
Өлімнің кім құтылар құрығынан,
Сұрасаң хал-жайымды, Әсет жаным,
Жатырмын ұшайын деп тұғырымнан.

Әсетжан осы аурудан өлем білем,
Алланың аманатын берем білем.
Кеудемнен көкала үйрек «хош» деп ұшты,
Сол шіркін, кәрі жодас өлең білем.

Басымда отырды өксіп қимай тоқтап,
Кете алмай бөтен жаққа айналсоқтап.
«Серігім хош-аман бол, Кемпірбай» деп
Жылады бұрынғы өткен күнді жоқтап.

Әсетжан, осы ауру қоймас білем,
Алланың әмірі екі болмас білем.
Қамығып «хош» деп жылап ұшып кетті,
Осы өлең Серкебайға қонбас білем.

Сәлем айт Арқадағы хан-қараға,
Қара Ертіс, Қарқаралы жандараға.
Атығай, Қарауыл мен өрдегі Үйсін,
Қараөткел таныс едім екі араға.
Семейде топырағым болар, білем,
Кемпірбай дұға қылсын бейшараға.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *