Басты бет 2014 ж. Сәтбаев қаласы. "Қош келдің, әз Наурыз" СӘТБАЕВТА ӨТКЕН АЙТЫСТЫҢ БІРІНШІ ЖҰБЫ (жазбанұсқа)

СӘТБАЕВТА ӨТКЕН АЙТЫСТЫҢ БІРІНШІ ЖҰБЫ (жазбанұсқа)

 1 290 5

       Ассалаумағалейкум, ардақты оқырман қауым! Наурыз айының 19-20 күндері  Сәтбаев қаласында «Қош келдің, әз Наурыз!» атты аймақтық ақындар айтысы өткен болатын. Сәтбаев қаласы әкімдігі және Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық Одағының ұйымдастыруымен, «НұрОтан» партиясының қолдауымен өткен жыр сайысы «Қазақстан» ұлттық арнасының ұжымымен бейнетаспаға түсірілді. Алдағы уақытта эфирден таратылады деп жоспарлануда.  Қазірше  айтыстар хатқа түсіріліп, оқырмандар  үшін  сайтымызда жарияланып тұрады. Бүгін алғашқы болып сөз сайыстырған Сәтбаев қаласының ақыны Жамбол Көпбосынов пен астаналық Еркебұлан Қайназардың айтысын ұсынамыз!

ЖамболЕркебулан

БІРІНШІ ЖҰП   

ЖАМБОЛ КӨПБОСЫНОВ  (СӘТБАЕВ)

пен

ЕРКЕБҰЛАН ҚАЙНАЗАР (АСТАНА)

Жамбол:

Сөз басы «Бісмілләдан» басталатын,

Кәлимам-куәлігім расталатын.

Бойымда Ұлытаудың рухы бар,

Кезім жоқ бүгін енді  жасқанатын.

Сарайына Шәкеңнің кірген кезде,

Жүрегім жарылуға шақ қалатын.

Үмітіңді ақтармын сенімменен,

Үкілеп аламанға қосқан атын.

Туған ұлың туыңды алып шықты,

Биікке көтере алса бақ табатын.

Сапарымды сәтті қыл ұшқан кезде,

Сәтбаев Жезқазғанмен қос қанатым.

Айтыстың астанасы, амансың ба,

Әнуар ақын әкім басқаратын!

 

Сарыарқа сағым қуған сәнді аймақтан,

Айналдым Сәтбаевтай әнді аймақтан.

Ежелден шоқтығымыз биік еді,

Қожабай өнеріңнің шамын жаққан.

Омар мен Болмандардың айтысына

Таңғалып талай қазақ таңдай қаққан.

Шынағам заманының заңғары еді,

Шындықтың қазанында жыр қайнатқан.

Үкілі Ыбырайдың батасын ап,

Тайжан Москвада сырнайлатқан.

«Дәридай» Мұқаш ақын мұқалмаған,

Сөздері кір тасындай қандай батпан.

Әңгімені бастайтын мәдениеттен,

Әуені Әнуардың балдай жаққан.

Тектілердің жолымен мен де шықтым,

Құдайым айырмасын маңдай бақтан.

Ұлытауда ұлылардың жолын қуып,

Ұлы жерге ұл болған қандай мақтан.

 

Ұлттық бояу, болмысы бүлінбеген,

Әз Наурыз құтты болсын дүбірлеген.

Қалайсың, Еркебұлан Қайназаров,

Айтысқа шығып отсың бүгін менімен.

Өзіңді бірінші рет көріп тұрмын,

Ішіңде не жатқаны білінбеген.

Шынболаттың шәкіртін шошытпассың,

«Шырылдауық шегіртке» түріңменен.

Жылқы жылы көрейін шұрқыратып,

Асау аттай қарайсың мінілмеген.

Өстіп жүріп Одақтың оң қолысың,

Ақын жоқ Жүкең айтса жүгірмеген.

Одақты пайдаланып кітапи жаздың,

Ішінде Жамбол ақын ілінбеген.

Мені қойшы, сол кітапта Шәкең жоқ қой,

Жүрегім соны көріп дірілдеген.

Ұлытаудың ұлы боп шыққаннан соң,

Аттап аса алмассың бірің менен.

Жүкең де ат терлетіп елге кепті,

Көктемдегі Кеңгірдей гүрілдеген.

Күндестерің көбейді күн сайын да,

Кигіз үйдің сыртында күбірлеген.

Отыз жылда көрдіңіз оттың бәрін,

Шиебөрілер денеңді тілімдеген.

Айтыстың жыртық-жыртық жан жарасын,

Жалап жазып келесіз тіліңменен.

 

Еркебұлан:

Байқаймын, сізге өнер дарымапты – ау,

Шыға сап айтып жатсың тағы мақтау.

Жамболдайын ағамыз алғаш келген

Қонағын «шегіртке» деп қабыл апты-ау.

Бір сөзді қырық жолмен жеткізесің,

Шынболат шәкірттерге жарымапты – ау!

 

Бісміллә, енді мені көрсін елім,

Өмірден өлең ғана еншіледім.

Бармысың, Сәтбаевтың қазақтары,

Бәріңе Наурыз құтты болсын, елім!

Мені де анда – санда қолдап жібер,

Көрем десең маңдайдың тершігенін.

Әлемде тоғызыншы орындағы

Жерге ие болған соң жершіл едім.

Қарға тамыр қазақтың баласымын,

Жалғанда жанашырым сенсің, елім.

Биографиям дұрыстау келмесе де,

География жағынан көршілерім.

Қазақ пенен кәрістің арасына

Мыстан көпір орнатқан елшілерім.

Тірідей жер астына түсіп жүрген,

Құдай-ау, сен не деген ерсің, елім!

Майлы асын қайласымен қазып жеген,

Ассалаумағалейкум, кеншілерім!

 

Келеді қыстың лебі күзбен ғана,

Көктем келсе қыс байқұс үзген қара.

Төрт мезгіл жердің бетін шыр айналып,

Уақытты салғандай ізгі арнаға.

Әр заманның болады өз дүлдүлі,

Шығарған мыңнан тұлпар, жүзден дара.

Әнуар — заманының дүлдүлі еді,

Кешегі төрт жол өлең тізген бала.

Қырып – жойып тастаған түгіміз жоқ,

Келеміз солар салған ізбен ғана.

Сол Әужекең бүгінде әкім болып,

Ұлыс күнін қарсы алмақ бізбен жаңа.

Ағайын, ол да болса сенің арқаң,

Мақсатың – жақсы адамды іздеу ғана.

Әкімін ақын қылған ел көргем жоқ,

Ақынын әкім қылған сіздер ғана!

 

Ендеше құтты болсын, өр Алаш, той.

Ауылымыз аралас, қоралас қой.

Ассалаумағалейкум Жамбол аға,

Сізге сәлем бермесем ол оғаш қой.

Көктемге көтерем боп жетіп едім,

Қарсыласым – маң басқан «мерионос» қой.

Жамболмен айтысасың деген кезде,

Қалтырап қатты састым, о да рас қой.

Жабаев тірілгендей шошып кеттім,

Есімі сол кісімен шамалас қой.

Сөйтсем мынау кәдімгі ел білетін-

Атақты «Маркстағы» «Домалаш» қой.

«Домалаш» десе жұрты дегендей-ақ,

Атына фигурасы жобалас қой!

 

Отырсың мына маған қарап бүгін,

Жолына нұр жауады – ау талаптының.

Кітапқа енбедім деп өкпелейсің,

Енбесең ол өзіңнің салақтығың!

 

Сен бе едің ақын болып «ілінгендер»,

Қонаққа қатты айтпастан күлімдеңдер.

Кітапқа атың енбей қалып жатса,

Өзіңнің Өміржандай ініңнен көр.

 

Бұл інің сөз бастаса батыр еді,

Әр сөзі саф алтынға татыр еді.

Көптен бері айтысқа шықпаған соң,

Шабытым шалқасынан жатыр еді.

Әупірімдеп айтысқа шыққан кезде,

Маған осы «местныйлар» жақын еді.

Уа, Жүке, мұның өзі сценарий ма,

Айтыс сайын қыласыз қапы мені.

Аралға барғанымда Қайрат ақын,

Жырымның ащы дәмін татып еді.

Шымкентке барғанда Маржан апам,

Баласына бал тілін қатып еді.

Ал енді Сәтбаевқа келгенімде,

Алдымнан шықты ауылдың ақыны өзі.

«Ауыл итінің құйрығы қайқы» деген

Бабалар айтып кеткен нақыл еді.

Қарсылас «местный» болса, «местный» болсын,

Жюрилер «честный» болса мақұл еді.

 

Мұндайда қарсыласты қаққан жақсы,

Қызған шоқ жанып тұрған оттан жақсы.

Барға шүкір дейтұғын жігіт едім,

Әйтеуір қарсыласым жоқтан жақсы.

Сізбенен шыққаныма мәз боп тұрмын,

Осындай  да  «қызыққа»  батқан жақсы.

Айтыс деген аңшылық секілді ғой,

Айтылған сөз – атылған оқтан жақсы.

Қасқырды айдаладан іздемей-ақ,

Апанының аузында соққан жақсы!

Жамбол:

Келмейді ел алдында аласарғым,

Бұл тойда бірге шауып жарасармын.

Ел сенімін ақтаған жігіт едім,

Шартпа – шұрт өзіңменен таласармын.

«Өзіңнің салақтығың» деп қояды,

Сен қалай мына сөзге бара салдың?

Кітап жайлы айтып ем бір өзіңе,

Өміржан құрдасыңа жаба салдың.

 

Ол рас, ауылдағы «Домалашпын»,

Сақтанған қарсақтарға жоламаспын.

Ауылымның намысын көтерейін,

Ағайын, өздеріңмен араластым.

Жүйрігі болып осы жекпе-жектің,

Жамбол ақыны болайын бар Алаштың.

 

Еркебұлан шығып бүгін толғана ма,

Киелі домбырасын қолға ла ма?!

Мені қой, шықпасам да кітабыңа,

Жүрегім ауырады ел алдында,

Шынболат ақын ағам болмағанға.

 

Ақынның ел сүймейді былжырауын,

Таниды қазақ өзі кіл жырауын.

Абылайға дат айтқан Бұқар жырау,

Көмекей әулием еді шын жырауым.

Қаһарынан қаймықпай хан Жәңгірдің,

Махамбет жырмен шешіп тұрды дауын.

Жетпіс жыл жетегіне ертіп алып,

Көршілер салған жоқ па қыл бұрауын.

Махамбет, Бұқарларың болмаған соң,

Өнерің қоймай қойды құлдырауын.

Сол кезде «сөйле тілім, тартынба!» деп,

Шынағам оққа тосты омырауын.

Бұқар, Махамбеттерден Шәкең шығып,

Шындықтың соға білген қоңырауын.

 

Әз Наурыз, жұрттың бәрін жиып тұрсың,

Қазағым, мәртебеңді биік қылсын.

Сағынып бұл айтысты шөлдеп отқан,

Ағайын, міне бәрің ұйып тұрсың.

Алты Алаш білетұғын Шынболаттың

Босағасына басыңды иіп тұрсың.

Кітабыңа сыймаған Шынболаттың

Сарайына сен қалай сыйып тұрсың?!

 

Еркебұлан:

Қоймады-ау қайта-қайта ақын алдан,

Кітапты айтып сайрайды сахнаңнан.

Кінәларын жабады бізге әкеліп,

Өздерің  хабар бермей жатып алған.

Атақты Шынболатқа мұңаясың,

Ол кісі бар құрметті татып алған.

Шынболат бір кітапқа қарап қалмас,

Мәңгілік ел есінде аты қалған!

 

Сөйлейсің әрбір жерден , Жамбол аға,

Мен мұндайды көрмеп ем сан додада.

Сегіз қырлы бір сырлы жігітсің-ау,

Сіздерсіз Сарыарқада сән бола ма?

«Жылдың үздік әншісі» атаныпсыз,

Жамболсыз Жезқазғанда ән бола ма?

Бірақ та айтыс деген мүлде бөлек,

Ар жағыңда бірдеңең  болмаса егер,

Құр әншейін айқайда мән бола ма?

Тайқазанда сорпаңды сапырғанмен,

Түйір еті болмаса дәм бола ма?

Қазаққа сендей ақын таңсық емес,

Әйтеуір аман-есен бар бол, аға.

Дәулеткерей ағаммен ақылдасып,

Әртіс қып жібермесек Моңғолияға!

 

Уа, Жәке, сен де «ақ маңдай», мен де «ақ маңдай»,

Жарқ етіп шыға қаппыз шам жаққандай.

Наурызда күн мен түн де теңеседі,

Болмайық мен қатқандай, сен батпандай.

Қазы болып отырған Асанәлі,

Біздерді кейіпкер қып таңдатқандай.

Патша ақылды жігіт ем, тазша тілді,

Келбетім — отыздағы Қаңбақ шалдай.

Ал енді қарсыластың түрі мынау,

Туылғанда күллі әлем толғатқандай.

Жалғыз көзді дәу құсап төніп отыр,

Алыптығы аңғалдығын аңдатқандай.

Қаңбақтай болсам-дағы қайрат қылып,

Қылайын бүгін мұны шаң қапқандай.

Қатынға «Қара Дәудің басын ас» деп,

Тоңқайтып таудан әрі аунатқандай!

 

Тәңірім, таңдайма өлең бердің,

Өлеңді бергенде де шебер бердің.

Атышулы атбегі сіз екенсіз,

Айтайын көз алдында көрерменнің.

Қай жерде көкпар болса сен жүресің,

Ит пен құсын шулатып көлемді елдің.

Ат ойнап, бие қашып, тай жарысқан,

Бұл Наурыз-жердің беті көгерген күн.

Жұмысыңның барлығын тастай салып,

Менімен айтысам деп жедел келдің.

Көктемде жылқы біткен ойнақтаушы еді,

Иесі құтырғанды сенен көрдім!

 

Жамбол:

Таңдайың, Еркебұлан, тақылдады,

Ағасына жәй-жәймен жақындады.

Шәкең менен Жүкеңді елесмтетсейші,

Осындай Сарыарқаның ақындары.

Көзге қораш көрінбес жігіттері,

Арқаның біз секілді батырлары.

 

Жөн шығар өрге өнерді сүйрегенім,

Алғанымнан көп әлі үйренерім.

Қадап-қадап айтасың қарсыласым,

Ағаңды найза- жырмен түйремегін.

Сері болсақ жігітке жарасады,

Бауырым, жөн болмады-ау білмегенің.

Бәйге ат пен тазы жүйрік болып тұрса,

Алғаны қызыл түлкі-илегенің.

Топ алдында тосылмай шаба білсек,

Бұл сөзім айқын жетер кімге менің.

Көкпар тартып , ағайын, намыс үшін,

Додаға түсіп талай жүрген едім.

 

Дүние, қарап тұрсам жалғаның көп,

Осындай кітап жазған заңғарың көп.

Әр нәрсеге балайды қарап тұрып,

Ағайын, бір ауылдың тарланын кеп.

Жамболдай ақын жігіт өтті екен деп,

Жүрегіңде қалсам-ай арманым жоқ.

 

Ақылыңмен шешерсің бала батыр,

Еркебұлан қандай жаққа бара жатыр?

Шындық деп шырылдаған Шынболаттар,

Кешегі білесің ғой, дара батыр.

 

Тойыңа тұлпарыңды баптап отсың,

Білемін бәрін артқа сақтап отсың.

Ақынын сырып тастап  ел алдында,

Әкімін ел алдында мақтап отсың!

 

Наурызда жер болмайды көгермеген,

Көрінген ағалар көп беделменен.

Кезінде Әужекең де топқа түсіп,

Көтерілген білемін өлеңменен.

 

Ал бүгін табылып тұр қасымыздан,

Танушы ек бұл өнерде жасыңыздан.

Ұлыс күні айтайын ақ тілекті,

Бармақтай бақ таймасын басымыздан.

 

Ақтайтын ұл едік қой ел тілегін,

Шабытым шалқар бүгін келші дедім.

Наурыздан жетейік Наурыздарға,

Осылай айтыс жасап, кеншілерім!

 

Еркебұлан:

Өлеңі бұл Жәкеңнің өрнек білем,

Бүгін тағы бір қызық көрмек білем.

Әкіміңді атасам ол да ақын ғой,

Жүретін елдің жайын тербеп кілең.

Мені ысырып тастады деп ренжіме,

Шәкірті Шынболаттың сол деп білем!

 

Ау, аға, бұл сөзімді жақтасаңшы,

Ініңді келіп беттен қақпасаңшы.

Сәтбаев сенім артып шығарған соң,

Ел-жұртыңның үмітін ақтасаңшы.

Ат баптаймын дегенің сылтау емес,

Мақтасаң ақындықты мақтасаңшы.

Жиып ап жылқыларды баптай бермей,

Анда-санда өзіңді баптасаңшы!

 

Ағаштан тербетсең де бесігіңді,

Аямай берген Құдай несібіңді.

Атыңнан айналайын, Қаныш атам,

Ел-жұртың мәңгі ұмытпас есіміңді.

Қазақтың қажетіне жарайды деп,

Сызыпты талай жерді осы күнгі.

Бірақ та байқап тұрсақ ұрпақтарың,

Өзгертіп жібергендей шешіміңді.

Ертектегі жеті лақ секілденіп,

Әркімге бола берді   кешірімді.

Қаныш аға, кеше гөр, өзің жоқта

Қасқырға ашып қойды-ау есігіңді!

 

Мына күн көңілдерің жайланған күн,

Ұлыстың Ұлы күні тойланған күн.

Сәтбаев жайлы біраз естіп едім,

Көзімменен көргенде қайран қалдым.

Үстінде алтын жүрек адамдар жүр,

Мыс пенен мырыш толған қойнаулардың.

Ұлытау ұлтымыздың ұясындай,

Санасына нұр құяр ойланғанның.

Бұл  өлке ізі қалған мекендер ғой,

Кешегі Қожабай мен Тайжандардың.

Болмандай ақынның да ұрпақтары

Бүгінде ішінде жүр ән-майданның.

Шындықтың шыңы болған Шынболат та

Осы ауылда салыпты сайранды әр күн.

Ұлытау ұлылардың зауытындай

Қайсыбірін айтайын қайран нардың?!

Жеқазған Ұлытаудың Ордасындай,

Теңеумен дәл осылай ойға алғанмын.

Жезқазғаннан енші алған іргесінде-

Сәтбаев ақ отауы наймандардың!

 

«Найман» деп ем біреулер тұрып кетті,

Біреулер мойнын теріс бұрып кетті.

Қазақты бөліп-жару мақсат емес,

Мен қайта сөз қылмақпын бірікпекті.

Ағайын, бірліктерің бекем болсын,

Бірліксіз қаншама ел құрып кетті.

Кешегі Сирияны көрдіңіздер,

Салқыны біздерді де ұрып кетті.

Бір ағаш кесеміз деп түрік бауыр,

Құлағын айқай-шуға түріп кетті.

Кешегі дос боп жүрген Украйна,

Ыдырап іштерінен іріп кетті.

Адамын бір-біріне айдап салып,

Сырттандар сырттарынан күліп кетті.

Саясаты «науқас» боп жатыр еді,

Кеше ғана өмірден жүріп кетті.

Қырық батыры болса да Қырым байқұс,

Аузына бір аюдың кіріп кетті!

 

Жасаған, керегемді кеңейте көр,

Қазақты бар әлеммен теңелте көр.

Ағайын, әрқашанда бірлікте боп,

Халықты қуанышқа кенелте бер.

Онсыз да он-ақ миллион қазақпыз ғой,

Бесікке жылда сәби бөленте бер.

Жауып ап  «бірлік» деген кең көрпеңді,

Бейбітгүл, Тынышбекті көбейте бер!

 

Ал, аға, сөзімді енді бағалай бер,

Ішінде қате болса саралай бер.

Ұлыс күні тілегім қабыл болсын,

Іні болсам, сен маған ағадай бол!

Басты мақсат – көбейту қазақтарды,

Жеңгемізді күн сайын мазалай бер.

«Домалаш» деген атың бар емес пе,

Қоғадай ел-жұртыңа доғадай бол.

Арттарыңнан шұбырып бала-шағаң,

Әрқайсының үйлерін жағалай бер.

Немерелер  «футболдық  команда» боп,

Солардың ортасында домалай бер!   

 

Пікірлер(5)

  1. Еркебулан Кайназаров ойы ушкыр, киялы жуйрік акын… Кітапка енбей калса Жамбол акыннын оз кінасі деп білем… Айтыска айтарлыктай енбегі сінсе енер еді гой… Еркебулан мырза Республикага танымал акындардын бірі, Жамбол акын туралы алгаш естуім…

  2. Жиып ап жылқыларды баптай бермей, Анда санда өзіңді баптасаңшы)))) Ерекең басым

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *