Басты бет 2014 ж. Сәтбаев қаласы. "Қош келдің, әз Наурыз" «ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ), ЕКІНШІ ЖҰП.

«ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ), ЕКІНШІ ЖҰП.

 1 035 0

19-20 наурызда Сәтбаев қаласында өткен «Қош келдің, әз Наурыз!» атты айтыстың екінші жұбы 

толегенбеке

ТӨЛЕГЕН ЖАМАНОВ  (ЖЕЗҚАЗҒАН)

пен

БЕКАРЫС ШОЙБЕКОВ (ТҮРКІСТАН)

 

 

Төлеген:

Сыр тартып Сарыарқадай сағым белден,

Сөз бастап бөлісейін барымды елмен.

Тұлпар мініп, ту алған жұрт емес пе ек,

Тараған түркідейін тамырлы елден.

Алашқа аты әйгілі бұл аймақтың,

Далама талай-талай дарын берген.

Ұшам деген қыранға тұғыр болып,

Жанам деген жүрекке жалын берген.

Жеріне алтын, күміс, мырыш берген,

Еліне сары алтындай сабыр берген.

Ассалаумағалейкум, амандастым,

Сәтбаев төріндегі сабырлы елмен.

Ар ма екен ұлт ұясы-Ұлытауым,

Қазақта хан тағындай қадірленген.

Ұлыстың ұлы күні, ау, ағайын,

Несібең азаймасын Тәңір берген!

 

Қауышып айтыспенен халқым отыр,

Қаймағын қара сөздің қалқып отыр.

Жүрсіндей ағамыз да жүз жасасын,

Аулына наурыз айтыс тартып отыр.

Туған жер топырағына табан тіреп,

Тулаған жүрегінде толқын отыр.

Құрметті кісілерді қазы қылып,

Айтыстың абыройы артып отыр.

Ұлтымды ұлы өнермен қауыштырып,

Әнуар әкім әне, шалқып отыр.

Намысыңды қорғауға тырысайын,

Ел маған үлкен сенім артып отыр.

Қонаққа бұрылайын қасымдағы,

Қабағы бұның неге салқын отыр?!

 

Хал қалай, алты Алаштың Бекарысы?

«Айтыстың алтын айдар Бейбарысы».

Деп сені Мұхамеджан мақтаушы еді,

Бойынан көрінген соң ел намысы.

Жүрсін де «Арыстан» деп ардақтайды,

Азуыңа бар ма екен байланысы.

Көрейік арыстанның алысқанын,

Кеңгірдің жолыңда тұр жолбарысы!

 

Жарыссақ жезді аймақтың жазығында,

Мен емес қаңтарылар қазығында.

Бір сапарым болған соң шығып тұрмын,

Бір қағары болмай ма тазының да.

Кешіктірмей берейін кезегіңді,

Айдың нұры ойнаса азуыңда.

Азуыңа сенем деп, бірақ, Беке,

Жолбарыстың кетпегін ауызында!

 

Бекарыс:

Бісміллә десем жетер айға әуенім,

Белімді тәуекелге байлап едім.

Ассалаумағалейкум, арда ағайын,

Сіздердей қошеметшім қайда менің?

Кенге бай, кең-байтақ ел болғаннан соң,

Ырыс пен берекенің қайнары едің.

Астыңдағы байлықты далаға емес,

Айтысқа шашып жатқан аймақ едің.

Армысың, Ұлысымның Ұлы күні

Көңілін дастархан қып жайған елім.

Мыстан да мысы басым тұратұғын,

Жезден де жүзі жарық жайдары елім!

 

Ұқсайтын ел басқарған төрелерге,

Мен бірден бұрылайын Төлегенге.

Сорайып қасымызға қайдан келдің,

Күндік жерден көрініп төмен елге.

Адам боп аман қалдың, қор болар ең,

Құс болып жаралғанда сен егерде.

Шырылдаған шымшық пен торғайға емес,

Түйеқұсқа теңейін теңегенде.

Түйісіп өзіңменен бір көрейін,

Сайысқа түскеннен соң жеме-жемде.

 

Болған соң түйеқұстан түсі аумайтын,

Бұл менің әзілім еді мысалдайтын.

Өзімше құсқа теңеп отыр едім,

Құмарым еске түсіп құс аулайтын.

Ақындар бар бақ құсы қонбады деп,

Өздерін күні бұрын тұсаулайтын.

Төлегенмен жұптасып отырған соң,

Бақыт құштым еш адам құша алмайтын.

Ұшып-қонған бақ құсын не қылайын,

Үш қонып басыңызға үш аунайтын.

Соя салсаң жүз келі ет беретін,

Түйеқұсым жақсы ғой ұша алмайтын!

 

Төлеген, жүйрікпісің, жорғамысың,

Адамды аямайсың олжаң үшін.

Кісіге көп ақылдың керегі жоқ,

Төлегеннің арғы ойын болжау үшін.

Үнемі Мақсат пенен Айтбайлар,

Қорғаушы  ед осы өлкенің өр намысын.

Айтысқа екі жылда бір шығасың,

Оларға да тимейді қолғабысың.

Екі жылдай ұйықтап қайта кепсің,

Тіліңдегі нәрсені толғау үшін.

Өзінше жолбарыспын деп қояды,

Арыстаннан қорыққандай болмау үшін.

Қандай күш үңгіріңнен қуып шықты,

Ұйқыдан бас алмайтын жолбарысым?

1

 

Төлеген:

Арыстан болғанменен ақын, атың,

Сен емес шетімізден жапыратын.

Анда-санда айтысқа шығасың деп,

Әдетің  сынап – мінеп отыратын.

Кей ақындай айтысқа көп шықпаймыз,

Бір айтқанын қайталап отыратын.

Ұйқыдағы сен қандай жолбарыс деп,

Азуың осы болды батыратын.

Біз деген жымда жатқан жолбарспыз,

Өзі кеп тиіскенге атылатын.

 

Қашанда қамшы жолдас шабандарға,

Шабандық танытпайын шамам барда.

Ұшпайтын түйеқұсым қасымда деп,

Жаңа бір әзіл айттың жарандарға.

Бекарыс, бақ қонбайтын бас болмайды,

Баса алмайтын арт  болады адамдарда.

Түйедей Төлегенді түйеқұс деп,

Шатастырып тұрсаңыз шарам бар ма?

Сөзіңе жауап беріп отырғанмен,

Көзіңе сығырайған амал бар ма?!

 

Уа, Беке, жан болсаң да от көмейлі,

Атағың жайылса да көпке мейлі.

Сенімен айтысқанға қуанамын,

Көтеріп әкетсең де көкке мейлі.

Айтыста «Киллер» деген аты қалған,

Қазақта сендей ақын көп демейді.

Алайда айтыс болса біраз ақын,

Бекарыс безбүйрек деп беттемейді.

Көзіңе қарап тұрып кейбір ақын,

Кәрістен аумайды деп өкпелейді.

Біздің ауыл үйренген кәрістерге,

Қорықпа, шабытыңды шектемейді.

Түрің кәріс болғаны ештеңе емес,

Түбің кәріс болса да кет демейді!

 

Бекарыс:

Жүйрік ат шаба алмайды тоқ басылмай,

Бәйгеге жүруші едің көп қосылмай.

Сен мені безбүйрек деп бекер айттың,

Ақын едік бір үйлік отбасындай.

Сырт көзге қатал болып көрінгенмен,

Жұмсақпын Мақтааралдың мақтасындай.

Халықтың пейіліне тоя ма адам,

Ашылған қошеметтің қақпасындай.

Сарарқамның ел-жұрты қолдап тұрса,

Самарқанның еримін көк тасындай!

 

Болғанға Төлегеннің бойы дардай,

Жігіттің деп ойлаушы ем сойы нардай.

Кәріске теңеп мына Бекарысты,

Менімен ойнайтұғын ойы бардай.

Етбетіңнен түспесең жарар еді,

Екі ауыз сөзді жөндеп қайыра алмай.

Көзімді сығырайтып көрсеткенмен,

Ойым жоқ оған менің мойығандай.

Көзіңді шел басайын деген екен,

Шатаққа бара қоймас шайыр ондай.

Ит жейтұғын кәрістің баласымен,

Ет жейтұғын қазақты айыра алмай.

 

Жарамас енді ақынның тосылғаны,

Белгілі алға ұмтылған көшің бары.

Барыңды кеп отырмын асырғалы,

Жоғыңды кеп отырмын жасырғалы.

«Ауруын жасырған өледі» деп,

Айтып кеткен қазақтың асылдары.

Бүгінде жалпақ жұртқа мәлім болды,

Жезқазғанның аламан тасырлары.

Біраз ұлың кетіпті Сирияға,

Ұнамай Ұлытаудың жасыл бағы.

Ешкімге де абырой әпермейді,

Солардың содырларға қосылғаны.

Әкесінен айрылған кім ойлайды,

Жетім менен жесірді осындағы.

Баласынан тірідей айырылған

Анасының қайғысын басындағы.

Кәріс деп меніменен алысқанша,

Қазағыңа еге бол қасыңдағы!

 

Ой айтқан ретім жоқ бөтен бүгін,

Шақырсын ынтымаққа шекер жырым.

Жиһат жасап жәннатқа кіреміз деп,

Арандап қалма қазақ, бекер бүгін.

Жат елде жауға қару көтергенше,

Өз еліңнің еңсесін көтер бүгін.

Әркімге туған жері – Мысыр шаһар,

Осыны ұғындырсаң жетер бүгін.

Елден безіп кеткендер білмейді ғой,

Жағдайдың бүгінде төтендігін.

Жаңылысып жүр білем, шаһит болсаң,

Жәннатқа кіргізер деп есерлігін.

Олар әлі түсінбей жүр білемін,

Жер жәннаты-Жезқазған екендігін.

 

Наурызым менің сауық-сайран болсын,

Әр күнім мереке мен мейрам болсын.

Қонақжай Сәтбаевтың қаласының

Ішіне, сыртына да мейман толсын.

Төлегенмен айқасып отырған соң,

Бекарыс қайдан ғана бейғам болсын?

Қазы болып «Бекежан» ағам отыр,

Сізді көріп жағамыз жайлау болсын.

Кинодағы оқиға қайталанып,

Көрерменнің барлығы қайран болсын.

Төлегенді тағы бір топ еткізші,

Маған да тигізген бір пайдаң болсын.

Түн ішінде атып ең Төлегенді,

Бұл жолы да жасайтын айлаң болсын.

Құдайдың жарығында қақыратып,

Қақ маңдайдан атқандай қайдан болсын?!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *