Басты бет 2014 ж. Сәтбаев қаласы. "Қош келдің, әз Наурыз" «ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ), ҮШІНШІ ЖҰП.

«ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ), ҮШІНШІ ЖҰП.

 1 069 2

19-20 наурызда Сәтбаев қаласында өткен «Қош келдің, әз Наурыз!» атты айтыстың үшінші жұбы

Рустем  КайыртайАсем

РҮСТЕМ ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ  (АЛМАТЫ)

МЕН

ӘСЕМ ЕРЕЖЕҚЫЗЫ  (АСТАНА)


 

 

Рүстем:

Ұл едім ұлық сөйлеп күпінбеген,

Сәлемсіз сөз бастауды күпір көрем.

Ағайын, айып ете қоймассыздар,

Амандассам ащылау пікірменен.

Бұл заман сауда менен нарық заман,

Арды да ақша — аждаһа жұтып жеген.

Сарқылды қанша құнды дүниелер,

Шала-пұла шығарған үкімменен.

Майқы би болжағандай базар барсам,

Су қосылып сатылған сүтін көрем.

Айдан да жер сатып ап жатқандар бар,

Ақшаның шаруасы жоқ бітірмеген.

Бір күні күнді біреу сатып алып,

Зар болып қалар ма екем бұ күнге мен.

Айырбастап береді ақшаң болса,

Жүрек сатып аласың лүпілдеген.

Құдайдың қолға ұстатпас ауасын да

Уладық уранменен, түтінменен.

Армысың, тәубәшыл ел, сол ауаны,

Тегін жұтып жүргенге шүкір деген.

 

Бұзылып бір мезгілдің күш қамалы,

Ашылар жылдың жаңа іс парағы.

Көктемнің келетіні бір ақиқат,

Қыс батыр қос бүйірден қысса-дағы.

Жамағат, наурыз тойы құтты болсын,

Шырқалған шаттықпенен құстар әні.

Бұдан былай бұйырса күн ұзарып,

Ал қыздардың көйлегі қысқарады.

Таңғалам арабтардың қыздарына,

Жыл он екі ай исламды ұстанады.

Балтыр түгіл балағын  көрсетпейді,

Күн қанша градусқа ысыса-дағы.

Аруының абыройы жабық елді,

Ешбір жау ала алмасын ұқса бәрі.

Қар кетсе де қыздардан ар кетпесін,

Тек осыны отырмын нұсқағалы.

 

Жеріне Жезқазғанның желіп кірдім,

Кім болса да жеңем деп келіп тұрмын.

Бұл айтыста ақындар арасында

Үш арудың жүргенін шолып білдім.

Біреуі ер мінезді Жансая екен,

Қатарын толтырғандай бөрікті ұлдың.

Ботадай Жұлдыз атты қарындастың

Көзінен балалығын көріп тұрмын.

Аузымның салымдысын қарасайшы,

Ыңғайлысы кездесті көріктіңнің.

Жан-жағына нұр шашқан Әсем деген,

Жарқыраған сұлуды жолықтырдым.

Басқа жұрт Жезқазғаннан жез іздеуші ед,

Ал, мен алтын тапқандай болып тұрмын!

 

Әсеммен айтысам деп жең түргенмен,

Жарар еді айырылмасам еркімнен мен.

Он жеті жылдан бері білем сені,

Басқа біреу емессің бертін көрген.

Біз алғаш айтысқанда аңқау қыз ең,

Серіге сендікпін деп сертін берген.

Әлі сол әп-әдемі қалпыңдасың,

Қалайша өзгермейтін өң-түр берген.

Ал маған мұрт түгілі сақал шықты,

Жастықтың жалынымен желпінгенмен.

Қызық-ау  отыз беске келген қыздан,

Балауса бойжеткеннің көркін көрген.

Қарадай таңғаламын сені көрсем,

Баладай тісі бүтін кемпір көрген.

 

Әсем:

Рүстем, жан емес пе ең салқын қанды,

Шығардың осы күні сәл тулауды.

Несіне жұрт алдында шіренесің,

Таптым деп Әсем дейтін жарқын жанды.

Алдым деп алтын тауып жар салдың ғой,

Алтынға балап менің бар тұлғамды.

Алтынның қайда екенін білмей жүрсің,

Түсінбей мәселенің парқын мәнді.

Храпунов Швейцарияға көшкен кезде,

Алтынды вагон-вагон тартуға алды.

Талай бай шетел асып қашқан кезде,

Айрылып қазынасынан халқың қалды.

Сол байлар үшті-күйлі жоғалды ғой,

Табуға көрген жоқпын талпынғанды.

Ал сен болсаң Әсемді таптым дейсің,

Жұртыңа жасағандай тарту мәнді.

Неліктен тапқыш болсаң таппай жүрсің,

Әлиев алып кеткен алтындарды?!

 

Айтпаспын Рүстемге ер байламын,

Бісміллә, сөз бастауға бел байладым.

Сәтбаев –ұлт тірегім, құтты жерім,

Ұлытау- хандар қонған ен жайлауым.

Шиліөзен, Кеңгіріңді ел біледі,

Аққу, қаз ұшып — қонған көл қайнарым.

Жезді мен Қарсақбайым әлемге әйгі,

Қазақтың қазынасы кең қойнауым.

Мысымен талайлардың мысын басқан,

Бұл жерді ешкімменен тең қоймадым.

Жерасты байлығының арқасында,

Аспанда желбіреттің ел байрағын.

Жерасты қазба байлық былай тұрсын,

Ерің көп еркін тосқан желге айдарын.

Басқасын айтпағанда Жүрсін сынды

Туғыздың текті тұлға ел қаймағын.

Жатса да кенге түсіп той жасаған,

Сендерсің көңілдері ең бай қауым.

Жерінің асты да бай,үсті де бай,

Армысың кең пейілді кенді аймағым!

 

Рүстем, шабытыңыз көл, теңіз бе,

Қарап ап көсіліңіз көрпеңізге.

Жап-жассың, қартаймапсың деп отырсың,

Кемпір боп қартаюға ерте бізге.

Қыз деген мәңгі қызыл қызғалдақтай,

Құлпырып өсетұғын өлкемізде.

Ажары арулардың жайнап тұрса,

Әрдайым биік болар еңсеңіз де.

Нартұлға Жүрсін ағам жырлағандай,

Әйелдің өн бойынан жен-шен ізде.

Әлемде әйелдердің бәрі әдемі,

Мейлі ол кемпір болып келсе жүзге.

Бәрібір жүрекке әжім түспейді ғой,

Ағайын, осы сөзге келісеміз бе?

Сен түгіл Сәкенді де ғашық еткен,

Қашан да қыздың жасы он сегізде.

 

Рүстем, кезбе боп ең далада көп,

Қалыпсың Сәтбаевтай қалаға кеп.

Айтысқа екі-үш жылдай шықпай кеттің,

Үзіліс болып қалды арада көп.

Соткаңды алмағанда, алаңдап ек,

Табылмай біржолата қала ма деп.

Екі жыл өліп — талып өзіңді іздеп,

Шарқ ұрып  шартарапты аралап ек.

«Барсмысың бауырымға» да хабарластық,

Рүстем бауырымызды таба ма деп.

Әйтеуір Сәтбаевтан табылдың ғой,

Жоғалсаң үшті — күйлі не болар ек?

Екі жыл жоғалғанда не бітірдің?

Сол сауал тұр ғой менің санама кеп.

Әскерге барды ма деп ойлап едік,

Ойлап ек не келіншек ала ма деп.

Бірақ сен екеуін де тындырмапсың,

Бір істі бітірсең де бағалар ек.

Тек сақал өсіріпсің – тапқан пайдаң,

Бітірген бар шаруаңды саралап ек.

Мен бірақ сол сақалдан күдіктендім,

Тып-тыныш елге үрей сала ма деп.

Шығарды соңғы кезде сақалдылар,

Қашатын Сирияға жаман әдет.

Байқаймын сен солардан аумай тұрсың,

Қорқып тұрмын бір пәлекет бола ма деп.

Рүстем аяқасты мылтық алып,

Шапаннан бірер бомба таба ма деп.

Жеңіліп бара жатса айқай салып,

Сарайын кеншілердің жара ма деп.

1

 

Рүстем:

Әсем-ау, екпініңді әрі үдетіп,

Дейсің бе бітірмедің әлі де түк.

Өзімді емес, мен сені уайымдаймын,

Айтарымды айтайын анық етіп.

Әсемді мысал етіп біраз қыздың

Мұңын айта кетейін мәлім етіп.

Оқу, жұмыс, табыс деп жүрсе қыздар,

Өмірінің қалмай ма мәні кетіп.

Институтты абыроймен аяқтапсың,

Қатардағы құрбыңнан тәуір оқып.

Енді магистратура тәмамдадың,

Әрине болсын деймін бәрі де құт.

Биыл докторантураға түсемін деп,

Жүр екенсің бір іске тағы бекіп.

Әсем – ау, осыменен тоқтасаңшы,

Қолыңдағы барыңа сабыр етіп.

Диплом жинай бергенше күйеуге ти,

Кітаптың тауыса алмайсың бәрін оқып.

Сараңдау жеңешемнің балы құсап,

Тәттіңіздің қалмасын дәмі кетіп!

 

Апанын алдырмайтын бөрі сынды,

Қорғайтын бір солдатпын қонысыңды.

Қорықпа, бомбаға емес, өлең-жырға

Толтырып келдім қойын-қонышымды.

«Әскерге де бармадың» деген сөзің,

Солқ еткізді садақтың оғы сынды.

Автоматтың орнына домбыра алып,

Сахнада өтеп жүрмін борышымды.

Менің де мылтыққа онша икемім жоқ,

Елім де көрмесе екен соғысыңды!

 

Қазақтың ұлан-байтақ даласында

Қарудың күші, шүкір, бар осында.

Әттең бірақ жемқорлық қатты өршіп тұр,

Біздің елдің қорғаныс саласында.

Миллиондап бөлінген қаражатқа

Қой көрген қорқау құсап таласуда.

Жиі еститін боп алдық погон таққан

Жандардың ұрлығы мен парасын да.

Бірінен соң біреуі тұтқындалып,

Телміріп темір тордан қарасуда.

Бір генерал өлтірді өзін атып,

Бірдеңе бар күмәнді дәл осында.

Жөндеуден өтті деген әлгі ұшақ,

Неге құлады Шымкент қаласында?

Жөнделетін ақшаны жеп қойған соң,

Құламайды дегенге нанасың ба?

Зам министр Мәйкеев деген шенді,

Айналған адам болып жанашырға.

«Әскерде жемқорлықты азайттық» деп,

Бір жыл бұрын беріп еді бағасын да.

Таяу маңда ұсталып параменен

Өзі жүр сол жемқордың арасында.

 

Айтсақ та әскер жайлы нетүрлі дау,

Үйренді жемқорлыққа етің мынау.

Оқ алатын ақшаға біздікілер,

Өзіне тон алатын секілді ме-ау?

Ескіні жаңартқанның орынына

Кетеуін одан сайын кетірдік – ау.

Шетелдің істен шыққан техникасын,

Біз алып масқара боп отырмыз-ау.

Соны істеген шендіде ұят бар ма,

Қайтпекші алар болса шетіңді жау.

Өкімет өгіз ал деп берген пұлға,

Сатып алып келіп жүр соқыр бұзау.

 

Ердің көркі — ақыл мен иманында,

Қыздың көркі — мінез бен дидарында.

Жақында сегізінші наурыз өтті,

Сабылып еркек біткен сый қамында.

Кілең сұлу қыздарды Елбасының

Білеміз Ақордаға жиғанын да.

Былтыр Айнұр апамыз болып еді,

Патшаның ең таңдаулы мейманында.

Биыл сен барады деген сыбыс шығып,

Қуанып жүр едім сол ұйғарымға.

Елбасыға  әзір не деп  айтады деп,

Шалқалап мен отырдым диванымда.

Эфирден бірақ сені көре алмадым,

Қасынан орыс қызы Нинаның да.

Кім біледі киноға шақырған соң,

Бір жігіттің көңілін қимадың ба?

Елбасы тағы бірде шақырар деп,

Әлде қымбат сыйлықтар жинадың ба?

Жоқ әлде басшылармен айтысам деп,

Ұйымдастырушыларды қинадың ба?

Соншама не айтпақшы болдың, Әсем,

Сарайда қарсы алатын мейрамыңда?

 

Әсем:

Семейде ата-анам, отбасым деп,

Мейрамда елге бұрдым ат басын дөп.

Мен егер  Елбасыға барар болсам,

Айтар ем «табылмасын аққа сын» деп.

Үкілеп үміт артқан Үкіметім,

Зауытын «ҚазақМыстың» жаппасын деп.

Кеніме қожа болған  кәрістерім

Сенімін қазағымның ақтасын деп.

Көбейтіп кеншілердің жалақысын,

Бағалап, барын беріп баптасын деп.

Жезқазған, Сәтбаевтың асыл халқын,

Жұмыссыз қап қоюдан сақтасын деп.

Бейнеу мен Жезқазғанның темір жолы

Бойында жаңа ауылдар қаптасын деп.

Сол жолға бөлінетін мол қаржының

Жемқорлар қызығына батпасын деп.

Жолдауда әңгіме еткен жолдарымыз

Жарамай ештеңеге жатпасын деп.

 

Тағыда тиістің бе бала батыр,

Сен мені ессіз қызға балама құр.

«Шырағым, көп ойланбай теңіңді тап»,

Деп ылғи айтып жатыр анам ақыл.

Тимеймін деп жүргем жоқ, таппай жүрмін,

Көбейіп оқу оқып барады ақыл.

Алладан бұйрық болмай жатқаннан соң,

Ғылымды тоқып жүрмін санама кіл.

Ешкімге мені алыңдар демеймін ғой,

Алатын жігіт болса алады ақыр.

Дәл бүгін Сәтбаевтан мені алатын,

Бір кенші табылады, қара да тұр.

Қазір-ақ үлгермесе алатындар,

Артынан қолы жетпей қалады ақыр.

Оқыған қыз тоқыған текеметтей,

Бұрыннан осы нақыл санада тұр.

Тілімен Шымкенттің айтар болсам,

Емес қой қыздың құны қара бақыр.

Көбейіп жылдан-жылға дипломым,

Қымбаттап қалыңмалым бара жатыр!

 

Әзілдеп айтылғанмен ең әуелі,

Астары әрбір сөздің терең еді.

Қашаннан қазағымның даласында,

Қадірі қыз баланың бөлек еді.

Мағауин Мұхтар ағам осы жайлы,

«Айнасы – әйел ұлттың» деген еді.

Қарасам дәл қазіргі аруларға,

Көшінен жаңылғандай көнедегі.

Жаз шықса жалаңаш қыз жаудай қаптап,

Таппайсың жабық жерін денедегі.

Қыдырып түнгі клубта, үйге қонбай,

Жүргендер болашаққа не береді?

Үлкенге ақыл айтқан қатты сөйлеп,

Бір шетке сый-құрметті шегереді.

Көшеде көрінгенмен қолтықтасып,

Көлденең көк аттыға көп ереді.

Ал кешегі тарихқа көз жүгіртсем,

Аналар ақ жаулықты кемел еді.

Ардақтап азаматын, арын сақтап,

Өмірін өткізіпті өнегелі.

Тиылған қырық үйден Қыз Жібекке,

Қазақтың ғашық болған Төлегені.

Шоқанның шоқ жұлдыздай жарқырауы

Ананың Айғанымдай беделі еді.

Шаруасын Бәйдібектің дөңгелеткен

Домалақ анамыздың көмегі еді.

Ұлжаннан Зере менен тәлім алған

Кешегі ұлы Абайлар зерек еді.

Осындай аналардың жалғасы едік,

Соларға ұқсап бақсақ керек еді.

Тәлімді ана, тәртіпті қыз болмаса,

Ажырап тамырынан ел өледі.

Тарайды арлы қыз бен асыл қыздан

Ұлтымның  кемеңгері, көрегені.

Құнанбай туылатын құрсағынан

Қазақтың көбейсе екен Зерелері.

 

Өзіңді айтыстағы лидер десем,

Әсемді дайын тұрсың түйреуге сен.

Таяқтың екінші ұшы саған тиеді,

Ойланбай дәл осылай сүйреңдесең.

Рүстем, өз мініңе қарап алмай,

Күйеуге шеберсің-ау ти деуге сен.

Әр қызға күйеу қайда, сенің өзің,

Отызда отау құрмай күйбеңдесең.

Үй соғып, көлік алып алайын деп,

Той қуып күндіз-түні үй көрмесең.

Есімов басқаратын елден келдің,

Не болды жанған базар, күйген көшең.

Бірақ сол өз үйі жоқ әкіміңнің

Ақылын ұқсамайсың түйгенге сен.

«Үйінде әйелімнің тұрам» деді,

Ахметжандай Алматың сүйген көсем.

Үйлен десем үйім жоқ дей салатын,

Ойыңнан болмас енді жиренбесем.

Шырағым, сен далада қап қоясың,

Әдісін әкіміңнің игермесең.

Ахметжан ағамыздың айласымен,

Үйі бар бір әйелге үйленбесең!

 

Пікірлер(2)

  1. Маш Аллаһ, Аллам разы болсын сіздерге! Керемет айтыс болған екен! Түсінбеймін мен ұлттық арнаға неге кесіп тастаған екен… Аллам Қазақтың бірлігі мен рухын төмен түсірмесін!!!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *