Нұрхан Ахметбеков (1903 – 1964)

 1 579 0

Нұрхан Ахметбеков 1903 жылы Қостанай облысы Жангелдин ауданы Жаркешу ауылында туып — 16.10.1964, Торғай ауылында дүние салды.
Нұрхан Ахметбеков — Қазақстанның халық ақыны (1963). Торғай өңірінде алғашқы ауданаралық театр құрып, оның тұңғыш директоры болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында жалынды жырларымен халықтың жігерін жандырып, жеңіске деген үмітін оятты. Н.Ахметбеков 1946 — 1950 жылы Торғайдағы Амангелді Иманов мұражайының директоры, 1951 — 1955 жылы Торғай ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. 1943 жылы қараша айында Қостанайда өткен облысы айтыста Сәт Есенбаевпен, сол жылдың аяғында Алматыда болған республикалық айтыста Молдахмет Тырбиевпен, 1945 жылдың ақырында Майташ Смағұловамен, 1957 ж. Сәт Есенбаевпен екінші рет айтысқан. Бұл айтыстары “Қостанай ақындарының айтысы” (1958), “Айтыс” (3 — 1., 1966) жинақтарында жарияланды. Н. Ахметбеков классикалық шығыс үлгілерінің желісіне орайластырып бірнеше дастан шығарған. “Мың бір түн” ертегісінің оқиғасына байланыстырып “Қамарлы заман”, “Албан Жұпар ханым” (1939 — 1940), өткен кезеңдердегі тарихи оқиғалар сюжетіне “Есім сері” (1929), “Қарға” (1938) дастандарын жазды.
“Күләндам” (1934) дастанында 1932 — 1933 жылдардағы қазақ, даласын жайлаған алапат аштық тұңғыш рет шынайы көрсетілді.
Ақынның ұзақ жылдар талмай жырлаған сүйікті кейіпкері — Амангелді батыр бейнесі. “Үрпек соғысы” (1944) өлеңі кейін “Амангелді” дастанына ұласты. “Жасауыл қырғыны” дастаны оқырмандардың жоғары бағасына ие болып, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды (1951). Ахметбековтың өзі шығарған “Күй басы”, “Июнь толқыны”, “Жеңіс” сынды күйлері де бар. Қостанай облысы Торғай аудандық мәдениет үйіне, орта мектепке, көшеге Н.Ахметбеков есімі берілген.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *