Басты бет 2014 ж. Сәтбаев қаласы. "Қош келдің, әз Наурыз" «ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ), ТӨРТІНШІ ЖҰП.

«ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ), ТӨРТІНШІ ЖҰП.

 1 003 0

19-20 наурызда Сәтбаев қаласында өткен «Қош келдің, әз Наурыз!» атты айтыстың төртінші жұбы

НурматБауке 1

 

НҰРМАТ МАНСҰРОВ  (ҚЫЗЫЛОРДА)

ПЕН

БАУЫРЖАН ХАЛИОЛЛА  (ОРАЛ)

 

 

Бауыржан:

Төресі болмасам да төл өнердің,

Шерін кеп тарқатайын шемен елдің.

Ассалаумағалейкум, дүйім қазақ,

Көзіндей қазыналы көрегеннің.

Ұлыстың ұлы күні құтты болғай,

Тілеймін кең болғанын керегеңнің.

Иә сәт, жіберейін аттың басын,

Өзімше өлмейтіндей өлең өрдім.

Үш жүздің бүгін сөзін айта алмасам,

Үш күндік жолды кесіп неге келдім?!

 

Болмайық кәрі менен жасқа бөтен,

Белімді буғаным жоқ босқа бекем.

Ақсүйек  атамұрам өлмесін деп,

Ерманов қанша майдан бастады екен!

Айқасып сайқалмен де, сайтанмен де,

Атағы, абыройы асқақ екен.

Бұл күнде қалт-құлт еткен осы шалды,

Кім қандай күресінге тастады екен.

Айтыста ақындарды жікке бөлген,

Бұл қандай саясаттың астары екен.

Жүкеңе жылы құшақ жаятындай

Қалмады-ау Сәтбаевтан басқа мекен.

 

Кезім бұл жырдан жаңбыр төгетұғын,

Айтыста сөз қамшысын өретұғын.

Әнуар көкемізге мың бір алғыс,

Сіздерге айтыс жасап беретұғын.

Әкіммін, басшымын деп дандайсымай,

Өлең деп, осы жолда өлетұғын.

Сен жалғыз дәлелдедің айтыскердің,

Қолынан әкім болу келетінін.

 

Келмейді мен інімді желкелегім,

Айтыстың кемесінің желкені едің.

Хал қалай, айналайын, Нұрмат інім,

Соңымнан өсіп-өнген өркен едің.

Өзіңді өз інімдей сағынғанда,

Өзегім күйіп-жанып өртенемін.

Келдің ғой Сыр елінен-жыр елінен,

Көргеннің көзі тойған көркем едің.

Ал шапшы, танауыңды көкке шаншып,

Кекілін жел тараған кер төбелім!

 

Нұрмат:

Бісміллә, домбырамды бауырға алып,

Сөйлейін екпінімнен тау ырғалып.

Сәтбаевтың ел-жұрты аман ба екен,

Дос сүйсініп қарайтын, жау ұрланып.

Түртіп қалсаң тасы да сөйлеп кетер,

Шетінен ақын халық, шайыр халық.

Сабырмен тірлік кешіп жатқаннан соң,

Ерекше ел ішінде шамың жарық.

Осында тұрып жатыр деп естіп ем,

Атағы  жалпы әлемге мәлім халық.

Жеті қабат жер астына күнде түсіп,

Бейнеті басқалардан ауыр халық.

Тәуекелдің қайығын мініп алып,

Тәубесін ескек қылған тәуір халық.

 

Бұл жаққа келмеймін ғой күнде асыға,

Гүлдей боп құлпырайын қырға шыға.

«Сәтбаевтан басқа елі қалмады» деп,

Жүкеңді кіргіздің ғой жыр басына.

Шынболаттың елі бізді шақырып еді,

Үлкен айтыс жасаймыз деп жыл басына.

Едігенің тұлпарындай айтыс қана,

Шындықты шығаратын шың басына.

 

Ұлдарың отырғанда атқа бекем,

Ұлытау бола алмайды жатқа мекен.

Ерманов айтыс үшін Асанқайғы,

Ісімен лайық осы атқа көкем.

Желмаясын желдіріп ел білгелі,

Айтыс деп әрбір таңы атқан екен.

Алашта аяқ жеткен жерге барды,

Осы өнермен деп бірге баққа жетем.

Айтыспен Париж барды, Мәскеу барды,

Сарбаздарын тұрғызып сапқа бекем.

Жер, әлемді айналып бүгін міне,

Ұлытаудың есігін қаққан екен.

Айтыстың жерұйығын іздеп-іздеп,

Ақыры туған жерін тапқан екен.

 

Жүретін жолың жатыр алдыңда айқын,

Бос шелек емес едік қаңғырлайтын.

Бауыржан ағам менің қасымда отыр,

Жөн болатын нәрсені жөн қылмайтын.

Қара өлең десе қамшы салдырмайтын,

Анау-мынау айлаға алдырмайтын.

Әйгілі Қособада туып едің,

Әрекетің тарих пен тағдырға айқын.

Белгілі Бекежанның інісісің,

Тектілігің емес қой қан қумайтын.

Батыстың Бауыржаны осы, ағайын,

Сәл-пәл әрекеттерге алдырмайтын.

Айтытсың ауа-райын бұзып кейде,

Мінезі бар дауылдап, жаңбырлайтын.

Жүкең саған «Бомба» деп ат қойыпты,

Ат қойса әдеті бар оңдырмайтын.

Тиме десе тиетін ерін құсап,

Қасарысса қамшыны салдырмайтын.

Осы сенің арқаңда эфирлерден

Айтысымыз болды ғой қол бұлғайтын.

Айтпа деген нәрсені айтып қойып,

Болад деген айтысты болдырмайтын.

 

Бір айтыс жасайықшы екеуара,

Екеумізге ортақ қой Отан, аға.

Оралдың қаласынан келіп едің,

Орыспен қатар тұрған шекарада.

Іргелес Сыр елінен мен де келдім,

Арқаға жасайын деп сапар, аға.

Көктем туса сені су мазалайды,

Бұл жағдай маған да шын батады, аға.

Жұбымыз қатар болып қалған екен,

Мұңымыз да негізі қатар, аға.

Жарқыратып жақсы айтыс жасайықшы,

Атымызды шығарған соң атап, аға.

Жайық пен Сырдария қосылыппыз,

Су шығарып кетейік сахараға.

1

Бауыржан:

Шыққан соң қуанышты бөлісуге,

Айтыстың құлын – тайы тебісуде.

«Бомба» деп атақ берсе ағам маған,

Ол сөзі қалсын ойдың өрісінде.

Болдым-ау барлығына «Халық жауы»,

Мен үшін кейбір адам керісуде.

Айтылып кетті емес пе айтылған сөз,

Өлеңім- жеңілісім, жеңісім де.

Бас жарып, көз шығарған ештеңем жоқ,

Болмай ма осы сөзге келісуге.

Жындылау шәкірті едім Ермановтың,

Бір тентек жүрмейді ме ел ішінде!

 

Шарабын шабытымның шайқайыншы,

Ал енді сөздің шынын айтайыншы.

Айтыстың тағдырына алаңдаймын,

Сондықтан алды-артымды байқайыншы.

Ештеңе бүлдірмеші деп айтып ед,

Бұл жолы тып-тыныш-ақ қайтайыншы!

 

Өлеңің болсын сенің хаққа жақын,

Мен емес табаныңда тапталатын.

Оның шын, туған жерім – Қособада,

Ол менің атажұртым мақтанатын.

Киелі атамекен, атағың көп,

Әлі де парызым көп атқаратын.

Інісі Бекежанның деп айтасың,

Барлығы болды-ау менен сақтанатын.

Бекежан – Асанәлі қазыда отыр,

Көргенде халық оны шаттанатын.

Асеке-ау, не қылайын бұл баланы?

Амалым қалмады ғой ақталатын.

Сіз құсап сұр жебені қадап кетсем,

Басына төнбейді ме қап-қара түн.

Әй бірақ Жібекжаннан обал болар,

Иесіз күтіп жатса Ақбозатын!

 

Халықтың алаңдасаң тағдырына,

Құлақ қой өксігі мен зар-мұңына.

Сен келдің жыр елінен-Сыр елінен,

Секілді төрге шыққан арлы құда.

Мұнайды сорып жатсың Құмкөлдегі,

Бұл әлде Жасағанның жарлығы ма?

Сол Құмкөл Жезқазғанның аймағында,

Айтайын жағдаятты заңды мына.

Қарыз ғой Сырдың елі осы өлкеге,

Осы жайт бүкіл елді таң қылуда.

Сондықтан сол қарызға мынау елдің

Шапан жап өлеңменен барлығына.

 

Жиылдың елім алқалай,

Жақындау кел деп анталай.

Шайырың енді шырқатсын,

Шабыттың бұзып көбесін.

Толғап-толғап тартайын,

Өлеңнің сырлы жебесін.

Сайрашы қане, қызыл тіл,

Маңдайдағы қос шырақ,

Бір күні сен де сөнесің.

Отыздан асқан шағымда

Желіп жүріп көп көрдім,

Қазақтың байтақ белесін,

Ылдиы мен дөңесін.

Бір азғантай сөйлейін,

Алдарыңда  байқатып,

Ақындықтың өресін.

Жиылған мынау жамағат,

Жайықтан келген бұл бала

Жырламай кетті демесін.

Құтты мекен Жезқазған,

Алтынымен, мысымен,

Асырап елді келесің.

Ауысып жатса өзіңнен,

Кәріске бөліп бересің.

Пайдасы кейін тие ме,

Жазмышыңнан көресің.

Айналайын, Алашым,

Қалың елім қарашым,

Кім не десе о десін,

Бұл жерге өзің егесің!

 

Сөзімнің басы әуелі

«Бисмилладан» құралған.

Атам  Сырым — байбақты,

Семсер ұстап, ту алған.

Кескілесіп келгенде,

Қылышын қанға суарған.

Исатай менен Махамбет

Теңдігі үшін Алаштың

Айқайлап жауға сыбанған.

Маған біткен арғымақтың желі бар,

Көсіліп шаппай тұра алман.

Айтулы жүйрік мен едім,

Алқалы топта сыналған.

Еңку-еңку шабайын,

Ел көңілін табайын,

Тыңдаушым шықсын құмардан!

 

Жүрсін деген қызғыш құс,

Қанатың қатты, мойның бос.

Көп ақыннан айрылып,

Біздерменен болдың дос.

Аспандап ұшқан Жүрсеке,

Сөз қорыған сен едің.

Сен де айырылдың сөзіңнен.

Сені қорыған мен едім,

Мен де айырылдым өзімнен.

Сені айтыстан айырған,

«Дөкейлердің» екпіні.

Мені айтыстан айырған,

«Көкелердің»  тепкіні.

Айтып-айтпай не керек,

Құсалықпен өтті ғой,

Ермановтың көп күні.

 

Нұрмат:

Жебесін қамдап келген, қанжарын да,

Не дейін батыстағы заржақ ұлға.

Асекеңе «атам ба» деп ақылдастың,

Бұл сенің қымбатың ба, арзаның ба?

Үйімдегі Жібегім қыпшақ еді,

Уа, Бауке, ойлап қойшы ол жағын да.

Атам деп күшенгенмен ата алмассың,

Медет боп тұрған кезде ел жанымда.

Бекежанның қор қылмас інісіне,

Жібектің ағасы отыр оң жағыңда.

 

Өткізген олағай мен бұлағайды,

Көзге атқан мерген едің құралайды.

Сөзбен шапан жабармын мынау елге,

Бірақ, Бәке, ескерші мына жайды.

Әнуар басқаратын бұл Сәтбаев,

Өлеңнен менен шапан сұрамайды.

 

Қанды қасап болмаса да бауыздар қой,

Ақындар негізінде жауыздар ғой.

«Осы елдің Құмкөлін алып отсың»,

Дедің – ау, «мойыныңда қарыз бар ғой».

Мұнайын алмасам да сыйласар ем,

Қоңсы  қонған, себебі парыз бар ғой.

Жераасты байлығымен шектелмейді,

Жезқазғанда қаншама маңыз бар ғой.

Ұлытауда үш жүздің басын қосқан,

Осы өлкеде туылған абыздар ғой.

Сәтбаев мыстан бұлақ ағызғанда,

Шынболат жырдан бұлақ ағызған ғой.

Уа, Бәке, сен де қарыз мына жерге,

Айтар болсақ бізде де ауыз бар ғой.

Кішкентайдан өзіңді баулып жүрген,

Жүрсін ағам, көсемім-нағыз нар ғой.

Талай-талай тектіні тудырған соң,

Сыйлайтын мойнымызда парыз бар ғой.

Сен де емес, мен де емес бұл өлкеге,

Негізі алты Алаш қарыздар ғой!

 

Ініге көрсететін күші қандай,

Ағамның шарықтайтын құсы қандай.

Оралдың елі де бай, жері де бай,

Дұшпанды басатұғын мысы қандай!

Мұнай мен газ шығады жеріңізден,

Ойымды айтпас едім пішіп алмай.

Жайықта қызыл балық, сазандар жүр,

Бір-біріне қалың ел ұсынардай.

Вокзалыңда бір ескерткіш тұр еді, аға,

Қонақтардың зәресін ұшырардай.

Чапаев қылышымен қиқулап тұр,

Мен соны жүр ем көптен түсіне алмай.

Кешегі Сырымдардың ұрпағына,

Бұл енді іс болып тұр қысылардай.

Алашқа ақыл айтып сен жүрсің ғой,

Жігіттің сөзі қандай, ісі қандай?!

Күндіз-түні  күшенгенмен Чапаевты

Жүрсің-ау тұғырынан түсіре алмай!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *