Көкен Шәкеев (1924 – 2000)
0  2 514

Көкен Шәкеев (1924 – 2000)

 2 514 0

      Көкен Шәкеев Целиноград ауданы, Сарыадыр ауылы, Красный Яр ауылында туған. Қазақстанның халық ақыны (1987), Қазақстанның ақын және жыршылар қоғамының президенті (1990), көптеген республикалық айтыстардың жүлдегері. 2-дүниежүзлік соғыстың ардагері. 13 жасынан лирикалық және поэтикалық шығармашылықпен айналысып, айтыстарға қатысқан. Жергілікті Көкшетау ақындарының мектебін басқарды. Көптеген медальдармен марапатталған. «Қабанбай батыр» және «Бөгембай батыр» эпосын айтып, таратушы, насихаттаушы, сақтаушы.

Қазақ Энциклопедиясы

АҚЫННЫҢ АЙТЫСТАРЫН КЕЛЕСІ БЕТТЕН ОҚИ АЛАСЫЗДАР.

Көкен Шәкеев пен Көкшетау қаласының ақыны Сарбас Ақтаевтың айтысы

(1961 жылғы облыстық ақындар айтысы)

САРБАС:

Жас ақын жауар бұлттай күркіреген,

Қалайша нөсерлетпес бұл күні өлең.

Қаққан соң дүние есігін әу баста-ақ,

Шалқар жыр, шат-шадыман күлкіменен.

Тартайын шабыт құстың томағасын,

Халқыма болсын жырым қонақ асым.

Ақынның жаны да өлең, малы да өлең,

Өлеңнен тұлғасын ел қалағасын.

Уа, Көкен, өлең-жырдың гүлі едің,

Жүлдегер, бәйге бермес дүлдүлі едің.

Отыр ма айтысқалы тілің қышып,

Жезтаңдай, айыр көмей бұлбұл едің.

Жыр болып қайнағалы батыр күшің,

Бұрқанып, буырқанып жатыр ма ішің?

Айтыспақ Теміржаның келмей қалды,

Көз смүзіп қазір маған отырмысың?

КӨКЕН:

Шарықтап шықса даусым саңқылдаған,

Жерім жоқ тыңдаушымды таң қылмаған.

Қанатын қақса жырым үдей түсіп,

Әдеті шаршы топта шарпылмаған.

Жырым бар осындайда көсілетін,

Арқаның самалындай есілетін.

Әдетім айтысқанда мысым жеңіп,

Талайлар мезгілінен кешігетін. 

Ұлымын еркін өскен ен даланың,

Сым болып керек болса жалғанамын.

Толқыған теңіз дәннің диқанымын,

Жапанда иесімін сан қаланың.

                     *   *    *

Көктемде көк өзенмен күркіреген,

Мұндайда нөсерлейді шіркін өлең. 

Білегім жұмысшының сом білегі,

Алдында аспан оты дүркіреген.

Қызамын айтыста да, тартыста да,

Кел, жарыс, тізгініңді тарта ұстама.

Төгіп сал жыр маржанын бұршақтатып,

Сарбасжан, өнеріңді қалт ұстама!

Көкен Шәкеев пен Айыртау ауданының ақыны Кәрім Тақауиннің айтысы (1964 жыл)

 

КӘРІМ:

Сайраған Айыртаудың ақынымын,

Әділет ақындықтың жақынымын.

Тайпалтып топқа түскен ақындардың

Өнерін көрсінші бір халқым бүгін.

 

Көктемде сел қопарған дауылдаймын,

Шамдансам толас бермес жауындаймын.

Кездеспей-ақ жүр едім ақын Көкен,

Шыға алмас асуыма тауындаймын.

 

Мен тыңның түлеп ұшқан түлегімін,

Өлеңнің эксковатор күрегімін.

Алдымен, халқым, сені құттықтаймын,

Жырымен қайнап шыққан жүрегімнің!

 

Өлкемнің он жыл толған өмірінде,

Шоқтығым биік болып көрінді де.

Қаптатып асыл тұқым мал өсіріп,

Жайқалтып егін ектім өңіріме.

 

Атырабын Айыртаудың көрсең бойлап,

Думандап еңбек қызып жатыр қайнап.

Қыры – орман, белдері – егіс, өңірі – өріс,

Байлығын халқым жатыр бүгін тойлап.

 

Екенсің өзің құрдас меніменен,

Сөзіңнің танысайын жөніменен.

Салып көр таразыға екі ауданды,

Аралап танысыпсың елімменен.

 

КӨКЕН:

 

Өзің де сәлемет пе, ақын Кәрім,

Таңдантшы өнеріңе жұрттың бәрін.

Көкшедей көңілің кең айтыссаң да,

Ақынның болмас дейді іші тарын.

 

Табыс мол биылғы жыл елімізде,

Ғажап бар туып өскен жерімізде.

Коммунизм шыңына шыққан сайын,

Сан жетпес еңбектегі ерімізге.

 

Бірлігім шыңдалады жылдан – жылға,

Түскенде мызғымаған талай сынға.

Достық пен туыстықтың нышаны көп,

Біз өскен, біз игерген осы таңда.

 

Жемісі сол достықтың қанат жайып,

Туғызды ерлік істер таңғажайып.

Бәріміз де партия жаршысымыз,

Жақсыны жария ету бізге лайық.

 

Ақынға талпынбаса өнер қонбас,

Қонса да тыңдаушының көңілі толмас.

Жүрексініп отырсың, бастап бердім,

Шырқай бер домбыра ал да, Кәрім жолдас.

 

КӘРІМ:

Айыртау, Шарқары мен Сырымбетті,

Қай ақын болса дағы құрмет етті.

Ақан мен Ыбырайдың қанатты әні

Ұйытып тыңдаушысын тебірентті.

 

Өнердің бізде шалқып шыққаны бар,

Жүлдегер жүйріктерді жыққаны бар.

Көргенде ең дәулетін ауданымның,

Өзіңнің ақын жаның ұққан болар.

 

Жыртулы жүз процент жерім дайын,

Тазарған сабандардан егін жайым.

Сапта тұр темір тұлпар тракторым,

Сақтаулы цистернада жанар майым.

 

Тракторист әрі ақын азаматпын,

Жөнім бар жұрт алдында мақтанатын.

Домбыра, штурвальді бірдей ұстап,

Үн қосып моторына ән салатын.

 

Көрдіңіз өзім тұрған бөлімшені,

Жоқ онда жалқау менен еріншегі.

Жігіттер өз ісінде маман болса,

Сауыншы еңбекте үздік келіншегі.

 

Қаймықпай ақпан, қаңтар аязынан,

Ерқожа тебінге әкеп жылқы салған.

Шалдырмас жанасқанды, жарысқанды,

Жүз биеден жүз құлын аман алған.

 

Өміржан, Біркен сынды шопандардың,

Аралап көрші барып отарларын.

Клавадай жеңгейімнің сауған сүтін,

Тартуға күші жетпес ат арбаның.

 

Лепіріп жұла тулап мақтанатын,

Мен емес мінім болса ақталатын.

Өлкеге, облыс түгіл болған аян,

Бөлімше Байлин Нұрбай басқаратын.

 

Төсінде «Алтын Жұлдыз» жарқыраған,

Бар ма еді Тұрлыбектей батыр ағаң.

Таңдаулы совхозымның бригадирі,

Халықтың мақтанышы, асыл адам!

 

Биылғы Шатохиннің сепкен жері,

Үш жылдай асырайды, Көкен, сені.

Көрдім ғой ауданыңның жыртқан зябін,

Сапасыз тереңдігі екі-ақ елі.

 

Өлеңмен желдей жүйрік қарыштадым,

Сенің де жарамайды қалысқаның.

Бермесем сөзді, кезек өкпелерсің,

Тыңдайық ауданыңның табыстарын.

 

 

КӨКЕН:

Тоқтайын ауданымның табысына,

Риза қып жұмысымның барысына.

Тартайын кезек-кезек жыл жемісін,

Ере алсаң жарар еді шабысыма.

 

Егіннен Кәрім, маған ере алмадың,

Көзіңмен көрмеген соң сене алмадың.

Он жеті миллион пұт астық бердік,

Сен мұның тең жартысын да бере алмадың.

 

Жөнелтіп Отаныма алтын дәнді,

Отырмын аңқылдатып жарқын әнді.

Жарыста үздік шыққан бес совхозым,

Орталық Комитеттің туын алды.

 

Училище табысын кім білмейді,

Диқандар еңбек десе көз ілмейді.

Алды олар алпыс центнер әр гектардан,

Ал сенің түсіңе де бұл кірмейді.

 

Жүргенде үлкен астық күресінде,

Жаңалық жақсы іс туды «Приишимде».

Курста оқып шыққан жиырма екі қыз,

Шофер боп дән тасыды, білесің бе?!

 

Малшыда толып жатыр жүйріктерім,

Дұрыс қой әділ сөзге іліккенің.

Бізде бар Мырзат пенен Руменко,

Мұңайтпасов, атақты Филипптерім.

 

Жаз бойы жайылымда малды жайлап,

Жарыста озып шықты Қазыбаев.

Атанды бір совхоздың шамшырағы,

Жүз қойдан жүз жиырмадан қозыны алып.

 

Жоспарын ерте орындап сүт пен еттің,

Бұл жолы тағы сенен озып кеттім.

Айтайын, жасырмайын, арнап келші,

Табысқа қолым жетпес қалай жеттім.

 

Айтыста ақын айтар барлық шынын,

Болып па ең «Салқынкөлде» бұдан бұрын.

Сапта тұр солдаттардай тракторым,

Сенбесең өзің көрші бұрап бірін.

 

Мәнерлеп тіккен ісін өрнектеген,

Және бар тігіншіміз Ермек деген.

Әдейі комбинатқа соқсаң еді,

Жақсыны нақыл бар ғой «көрмек» деген.

 

Өсуде Мәдениет сарайларым,

Таңғалтқан көргендердің талайларын.

Көбінің қызметі талапқа сай,

Қызықты әрбір күнім, әр айларым!

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *