Басты бет 2014 ж. Сәтбаев қаласы. "Қош келдің, әз Наурыз" «ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ), АЛТЫНШЫ ЖҰП.

«ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ), АЛТЫНШЫ ЖҰП.

 1 026 3

19-20 наурызда Сәтбаев қаласында өткен «Қош келдің, әз Наурыз!» атты айтыстың алтыншы жұбы  (Ескерту:Бесінші жұпта өнер көрсеткен ақындардың айтысы сәтсіз шыққандықтан жарияланбады)

Максат АкановИран Гайып

 

МАҚСАТ АҚАНОВ (ҚАРАҒАНДЫ)

ПЕН

ИРАН-ҒАЙЫП КҮЗЕМБАЕВ (АСТАНА)

 

 

Мақсат:

Жай жүрген жан емеспіз тасадағы,

Жай түскендей қылайық осы араны.

Ассалаумағалейкум, асыл халқым,

Алла деп аттап тұрмын босағаны.

Кемеңгер көрерменім, қалайсыздар,

Өлеңге құштар елім аса жаны.

Сәтбаевқа сапарым алғаш емес,

Бұл жерден тапқам талай дос, ағаны.

Бұрын бұлай болмаушы ем қанша жерден,

Қаныштың қаласы бұл болса – дағы.

Ал бүгін көңіл бөлек, сезім басқа,

Бір ауыз сөзге адам жасарады.

Қаныштың өзі келіп отырғандай,

Көзіндей кеп тұрғанда Асанәлі.

 

Ұлытау деп өлеңді бастағасын,

Ұл едім өзі берер рас бағасын.

Ұлыстың күніменен құттықтайын,

Жезқазған, Сәтбаевпен қос қаласын.

Наурыздағы береке-бірлігіңе,

Күйініп жау, сүйініп дос қарасын.

Жыр сүйер жұртты көріп осындағы

Мақсатыңа жеткендей мастанасың.

Сәтбаевта сөз бастау қиын боп тұр,

Әкімнің көріп тұрмын «масқарасын».

Шынболаттың отсам да ордасында,

Шындық айтып кетуге жасқанасың.

Әкімдерің айтысқа шығып кетіп,

Әкемізді танытып тастамасын.

 

Екі мың жетінің бір кешінде ме,

Есімде жоқ, білмеймін бесінде ме.

Дәл осы сахнада айтысып ек,

Дәл солай болып кетсе кешір деме.

Шынболаттың тойында жетпіс жылдық,

Оңбай таяқ жегенің есіңде ме?

 

Мынаның түрі орыс қой, қазақ емес,

Сендейлер Сәтбаевта аз-ақ емес.

Қорқытып отырмасам жаңағыдай,

Мынауың алған беттен жазар емес.

Бастығының қасына отырып ап,

Бас бермей кетуі де ғажап емес.

 

Қуанам оңы туса айыңыздың,

Түсі де бөлек екен райыңыздың.

Көктемде сап-сары боп қайдан келдің,

Жапырағы секілді қою күздің?

Ұзынсары келді ме дейін десем,

Ұзындығы келмей тұр бойыңыздың.

Дегенмен Жезқазғанның жезі құсап,

Шырайын ашып отсың тойымыздың.

Домбыраңды қолға алып, қомдана бер,

Суығанын күткенше шайыңыздың.

Шеберлігін көрейік тіліңіздің,

Тереңдігін көрейік ойыңыздың.

 

Болмайды бүгін бізге сөзді иітпей,

Тыпыршып сен тұрғанда сөзді күтпей.

Қалбалақтап қасыма жетіп кепсің,

Қалаға кіріп кеткен жез киіктей!

 

Иран-Ғайып:

Мақсат, сенің көп екен күпіріңіз,

Есесіне аз екен шүкіріңіз.

Қатқан қара, болсақ та күндей сары,

Сақтар менен ғұндардың тұқымымыз.

Есіңе бір нәрсені сап кетейін,

Ескерту жасауға да құқылымыз.

Қазылар жағына да қарап қойшы,

Сары адам бар танитын бүкіліміз.

Алтынбек Қоразбаев ағам отыр,

Екеуміздің ұқсайды бітіміміз.

Алтынбек аға, Мақсатқа бал берерде,

Ауырлау болар бәлкім үкіміңіз.

Қадірімізді білмейтін мұндайлардан

Сәті кеп тұрған кезде құтылыңыз.

Мен мына жақтан жіберем қалжыратып,

Сіз сол жақтан шаруасын бітіріңіз!

 

Ұлытау етегінде ғұмыр кешкен,

Ағайын, армысыңдар күлімдескен.

Жүрсіннің жүйріктері келді ауылға,

Тұлпардай тұяғынан дүбір көшкен.

Солардың бірі болып мен де келдім,

Қырықтың бірін қазақ Қыдыр дескен.

Шынболат ақыныңның жалғасы едім,

Шындық деп Сырда туып, қырыңда өскен.

Жеті жыл бұрын келіп ем араңызға,

Шығармаған шығарсың ұлыңды естен.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында

Сәйгүліктей шабайын сүрінбестен.

Ал, халқым, қиқу салып, шабыт берсең,

Қызыл тіл бір сөйлесін мүдірместен.

 

Мейіріміңе ағайын, еріп тұрмын,

Жүйрік құсап өзімше желіп тұрмын.

Мақсатың жаңа айтысты бастағанда,

Қолды соғып, мәз болып желіктірдің.

Жерлесіміз жеңсе деп отсыңдар-ау,

Оны да өз көзіммен көріп, білдім.

Ақановпен айтысып нем бар еді,

Құрбаны боламын ба бөрікті ұлдың?!

Мен де бөтен емес ем Жезқазғанға,

Көршілес Сыр елінен еніп тұрмын.

«Көрші ақысы -Тәңірдің ақысы» деп,

Алладан соң сіздерге сеніп тұрмын.

Сондықтан маған да қол соғыңыздар,

Керегемді сіздер деп керіп тұрмын.

Шынболатпен туылғам бір ауылда,

Ақиқатты айтуға ерікті ұлмын.

Тайжанның мектебінен тәлім алған,

Нартайдың ауылынан келіп тұрмын!

 

Ассалаумағалейкум, Мақсат ақын,

Әдетің қарсыласты қақсататын.

Бұл менің Мақсат деген маңғаз досым,

Шаршағанда шалқайып шақша ататын.

Арғы бабаң саятшы, мерген бопты,

Атқан аңын құлатып, ақсататын.

Сен де сол мергендердің жалғасысың,

Мылтықтан насыбайды жақсы ататын!

 

Мақсат, сен елден асқан дарасың ба,

Шынболаттан бата алған баласың ба?

Екеуміз үш-төрт рет айтысыппыз,

Өткенді ой-елекке саласың ба?

Сен соның барлығында жеңіліпсің,

Осыны бір сәт еске аласың ба?

Бабың келіп тұрғанмен бағың жанбай,

Тағы да орта жолда қаласың ба?

Жоқ әлде осы жолы мені жеңіп,

Алла жазса доданы жарасың ба?

Жоқ әлде әдетіңше әйеліңе

Қазыларды жамандап барасың ба?!

1

Мақсат:

Қасына отырып ем қауіпті ердің,

Тыныш отпай бірдеңе тауып бердің.

Алтекеңе отырсың қарсы қойып,

Оған жауап бермесем не ғып келдім?!

Ұшақтан күтіп алып кеше ғана,

Ағамды өзім мұнда алып келдім.

Сондықтан сенің сөзің жарамайды,

Мен ол барлық амалды тауып келдім.

Асанәлі ағам мен Алтекеңнің

Қалтама ондықтарын салып келдім.

 

Сырларым бар еді айтар, Жүке, сізге,

Сыртыңыздан соғып жүр дүре сізге.

Мысалы соңғы кезде Жүрсін аға,

Құлағыңыз шуылдап жүресіз бе?

Себепсіз шулап жүрген құлағыңның,

Себебін айтсам құлақ түресіз бе?

Мынауың Ерман-Жүрсін деген атты

Ұлына неге қойды, білесіз бе?

Ақиқатын айтайын енді соның,

Білмеймін жылайсыз ба, күлесіз бе?

 

Бұл сойқанның ойлары арам екен,

Ісі де түсі құсап жаман екен.

Жұмыстан сізден сөгіс алған күні

Үйіне ашуланып барады екен.

Сол күні «Отағасы ашулы» деп,

Барлығы қас-қабағын бағады екен.

Кішкентай Ерман-Жүрсін отыра ма,

Бірдеңе бүлдірмесе, бала ма екен!

Сол кезде мына сойқан ашуланып,

Қасқырдай өз күшігін қабады екен.

Бұйрығына кішкентай көнбегесін,

Құйрығынан аямай қағады екен.

Киттей Жүрсін Ерманға кеткен кегін,

Биттей Жүрсін Ерманнан алады екен!

 

Үйінде мұның сондай майдан екен,

Айтыңдаршы, бұнысы айла ма екен.

Мынаның ауызынан сізді қойшы,

Қаншама сөз естіді қайран әкең.

Енді біліп жатсыз ба, ат қоюдың

Себебінің мысалы қайдан екен.

Сіздей сырттан болсын деп ойламапты,

Сыртыңыздан сыбауға қойған екен.

 

Иран-Ғайып:

Мақсат неге ұлыма қапа боп жүр?

Қойған атың дұрыс емес, қата деп жүр.

Біреулер керісінше мені құптап,

Мынау қойған есімің сақа деп жүр.

Жұрт не десе о десін, Иран-Ғайып,

Өзінше Ерман-Жүрсінге папа боп жүр.

Мені қойшы, үйдегі келіншегім

Атын атау қиын ғой, «че то» деп жүр.

Қиын болмай қайтеді ол байқұсқа,

Өзінің туған ұлын «Ата» деп жүр!

 

Иранның атын айтып бөпесінің,

Жұртқа жайғандай болдың жеке сырын.

Балама  Ерман-Жүрсін деп ат қойдық,

Бөле-жармай бір үйдің екі есімін.

Ұлыма атын қойсам айып па екен,

Өзінің атасы мен көкесінің.

Жұрттар құсап ұлыма қойғаным жоқ,

Шетелдің мағынасыз жат есімін.

Жүрсін Ерман – әкесі осы айтыстың,

Ал мен – Ерман-Жүрсіннің әкесімін!

 

Мынаның он салардай қалтасына,

Жүк артып келдіңдер ме арқасына?

Жүрсін аға, бірдеме қылмасаңыз,

Сенбей қалдым қазылар алқасына.

 

Мына бала дәл сондай нашар ма екен,

Шуағын әлде бізге шашар ма екен.

Қалтасына сап алған «ондарымен»,

Қиналмай қарсыластан асар ма екен?!

Ел білмейтін бір сырын мен айтайын,

Аптығын сонда Мақсат басар ма екен.

Кеше облыс әкіміне кіріп шықты,

Осы бір құпиясын ашар ма екен?

Ендеше әкім жайлы айта отыр,

Барғанда құрбандыққа не шалды екен.

Қазылар қалтаңызға  «он» салғанда,

Әкімдер қалтаңызға не салды екен?!

 

Ақиқатты осылай ақтарасың,

Болмаған соң, әрине, бақталасым.

Сен мені не нәрсеге теңесең де,

Халық өзі айырар ақ-қарасын.

Мен де сені теңейін бірнәрсеге,

Шамаң жетсе қорғанып, сақтанасың.

Түрің судай болғанмен, тілің балдай,

Әйтеуір елің сүйген ақ баласың.

Қарағандының көмірі дер ем сені,

Сен бірақ көмірден де қап-қарасың!

 

Пікірлер(3)

    1. Алтыншы жұпты жариялағанда ескерту жазған болатынбыз, бесінші жұпта өнер көрсеткен ақындардың айтысы сәтсіз болғандықтан жарияланбады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *