Басты бет 2014 ж. Сәтбаев қаласы. "Қош келдің, әз Наурыз" «ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ), ЖЕТІНШІ ЖҰП.

«ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ), ЖЕТІНШІ ЖҰП.

 1 166 3

19-20 наурызда Сәтбаев қаласында өткен «Қош келдің, әз Наурыз!» атты айтыстың жетінші жұбы 

МейірбекЖансая

МЕЙІРБЕК СҰЛТАНХАН  (АСТАНА)

МЕН

ЖАНСАЯ МУСИНА   (ОРАЛ)

 

 

Мейірбек:

Болса да қанша қатер төнген мейлі,

Алладан бұйрық келмей пенде өлмейді.

Өзекке өлең дейтін дертім түсіп,

Көрмесем елдің жүзін емделмейді.

Армысың, айтыссүйер ағайын-жұрт,

Перзенттік ақ тілегім сендер дейді.

Халықымның пейілін көрген кезде,

Шабытымның желкенін жел кернейді.

Ақынын алақанда аялайтын

Ел барда сері көңілім сенделмейді.

Қалайша мына халық қиқу салып,

Делебемді қоздырып, дем бермейді.

Ақынға ел болмаса шабыт қайда,

Терек те жел болмаса тербелмейді.

Ұлылықтың нышаны Ұлытауда

Биіктен көрінетін бер деңгейді.

Бұл жақтың дала көңіл дархан елі

Ақынының орынын төрден дейді.

Біз түгіл есіктегі құлдың өзін

Бесіктегі ұлынан кем көрмейді.

Бұл жақтың тумасынан жөн сұрасаң,

«Қазақпыз, Қарсақбайдай елден» дейді

«Едіге, Тоқтамысты хан көтерген

Алаша хан жерленген жерден» дейді.

Әйтеуір білетінім Ұлытауда

Ұлылардан басқа ешкім жерленбейді.

Бір уыс топырағына бұл өлкенің

Басқаның алтыны да тең келмейді!

 

Айтыстың өзің едің Әлиясы,

Өмірлік құрылмаған жанұясы.

Қыз бен жігіт айтысын қыздырайық,

Сарқылмай сыйластықтың дариясы.

Осынша жасқа дейін қандай қызсың,

Махаббаттың өтпейтін магиясы.

Он сегізден он бір жас асып кеткен

Қыздардың халың қалай қариясы?

 

Ақынсың ел сенімін ақтай білген,

Жүйріксің берілетін шаппай жүлдең.

Айтыстың ақ сазаны өзің едің,

Қармағын тірі жанның қаппай жүрген.

Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін,

Көзіме басыласың оттай бірден.

Сендегі сұлулықты көрген кезде

Қараймын кірпігімді қақпай мүлдем.

Ақыры не боларын Құдай білсін,

Өзіңді той үстінде мақтаймын мен.

Жезқазғанның байлығын тауып берген,

Қалайша Сәтбаевты айтпаймын мен.

Жансая, сен де сондай байлықсың ғой,

Еш жігіт игеруге батпай жүрген.

Сау басыңа тілеген сақинаны

Қыз едің саусағына тақпай жүрген.

Шаш-етектен байлығы бола тұра,

Шахтасың ғой шахтерін таппай жүрген.

 

Сәтбаев қадамымды сәтті еткесін,

Қалайша ақын жырын тәтті етпесін.

Шахтаға теңеді деп ел алдында,

Қабағын Жансая қыз қатты етпесін.

Сен де енді ертерек қамданып қал,

Таңдайдан жыр, маңдайдан бақ кетпесін.

Шахтамын деп шалқайып жүргеніңде,

Қазынаң игерусіз қап кетпесін.

Қасыңнан жігіт түгіл шал табылмас,

Басыңнан балдай дәурен шақ кеткесін.

Қазақтарды менсінбей жүргеніңде

Басқалар инвестиция сап кетпесін.

Абайла, Сәтбаевта отырсың ғой,

Акцияңды кәрістер ап кетпесін!

 

Жансая:

Нең бар еді мына менің акциямда,

Өзім білем шалқаям, қақшиям ба!

Көлденең көк аттымен кете алмаймын,

Тәрбие көрген жанмын жақсы ұямда.

 

Ұқпадық, Мейірбекжан, әй, мұныңды,

Көрсеттің Сәтбаевта айбыныңды.

Шахтаға теңеп жатсың шыға салып,

Мұнымен көтермексің қай  құныңды?

Жарайды, шахта болсам бола салам,

Осымен ұмыта алсаң қайғы-мұңды.

Ендеше өзім жайлы баяндаймын,

Ойлаймын өмірімді сай қылуды.

Шахтада жұмыс бар ед бір шахтерлік,

Сонымен өткізейін ай, жылымды.

Онда да кәрістерді жолатпаймын,

Қайтемін даладағы қайбіріңді.

Сондықтан, ағайындар, хабар тарат,

Жұмысшы керек маған жайлы, құнды.

Күрегін сайлап келіп қара қазақ

Игерсін бойымдағы байлығымды!

 

Тиістің бойдақсың деп сен кімге кеп?

Байқаймын мен дегенде дертің бөлек.

Жалғыздық бір Құдайға жарасады,

Жанашыр айтқаныңа сенгім келед.

Ол рас әлі күнге бойдақ жүрмін,

Енді ойлап болашақты, серпілген ек.

Қыздардың тағдырынан хабар берер

«Келіндей» сериалды ел білген ед.

Бесіктен белі шықпай әйел алған,

Жагдишиа не деген джентелмен ед!

Ал бізде ондай дәстүр болмағасын,

Тым ерте Анандиден желпінбеп ек.

Әйтеуір қазақ қыздар асықпаймыз,

Білмеймін, неге сонша еркіндеп ек.

Күйеуге он жасында қайқайтатын

Бізге де Калянидей кемпір керек!

 

Сен барда қайыспайтын қабырғам бар,

Қазақы қан тулайды тамырдан дәл.

Ағайын, аманбысың, есенбісің,

Шынболат сарайынан табылғандар.

Айтысты эфирлерден көрмей қалып,

Ақсүйек өнерімді сағынғандар.

Доллардың өскендігін уайым қылып,

Доғдырды көп шақырып сабылмаңдар.

Банкке ақша сақтап қоймаса да,

Банкілеп қияр жапқан тәуір жандар.

Соғымның соңғы етін де бір-бірімен

Бөлісіп жеп отырған бауырмалдар.

Аталар, аманбысың амалсыздан,

Қартайып кемпіріне бағынғандар.

Әжелер, аманбысың ақ жаулықты,

Тоқсанға келмей тұрып ауырмаңдар.

Ағалар, жеңгелер мен қыз-жігіттер,

Қошемет көрсетуден тарылмаңдар.

Алаштың ақындары жиналғасын,

Дегендей менің де бір бағымды аңғар.

Ат үстін терге малып келіп қалдым,

Батыстың ақ сәлемін қабылдаңдар!

 

Сөзімді тыңдайтындай құлақ бар ма?

Құлағыңды түр енді шын ақпарға.

Мейірбек, айналайын аманбысың,

Менімен шыққаныңа мін  ақтарма.

Алысам деп келіп ем зорларменен,

Өзіңді бұйыртыпты бірақ та Алла.

Бел буып, белдесем деп сен де кепсің,

Сен де өзі сөйтетіндей қуат бар ма.

Отырсың домбыраңды әрең ұстап,

Шекеңнен шертіп қалсам жылап қалма.

Осалдау менен көрі құрылысың,

Төзетін сықпытың жоқ сынақтарға.

Бес минутта шыдамай белдесуге,

Бесоба кешеніндей құлап қалма!

 

1

Мейірбек:

Мына қыз шыға салып не деп кетті,

Ойбайы өзгелерден бөлек бопты.

Сахнаға Жансая деп шығарып ед,

Шорабек боп кеттің бе не боп кетті.

Бес минутқа шыдатпай құлатам деп,

Бесоба кешеніне теңеп кетті.

 

Ебін таппай иба мен инабаттың,

Сен мені келе салып мидан аттың.

Қорықпа Мейірбекті құлайды деп,

Бойыма тектілікті жинамақпын.

Менің әкем бұл жердің қызын алған,

Нағашымның ел-жұртын сыйламақпын.

«Үйдің жақсы болуы ағашынан,

Ердің жақсы болуы нағашыдан»,

Мен құласам болады «виноват» кім?

Сырдағы сүлейлердің сарқыты едім,

Айтыстың алаңында ширамақпын.

Мен Үкімет сап берген үй емеспін,

Қалайша Бесобадай қирамақпын?

Қара өлеңмен көтеріп ірге тасын,

Жүрсін Ерман көтерген ғимаратпын!

 

Қыз деген қырдағы өскен қырмызылар,

Жүрек жұтқан жігіттер гүлді жұлар.

Басына тиер сөзді ойламайтын,

Батыстың Жансаядай бір қызы бар.

Келе сап беттен алып, төске шапсаң,

Құдай-ау қылығыңа кім қызығар?

Қыздарға үлкен бақыт ана болу,

Аналардың жайнаған нұр жүзі бар.

Сенімен қатарлардың бұл күндері,

Кемінде екі-үшеуден ұл-қызы бар.

Бақаныңды көтерер жігіт тауып,

Сен де тез шаңырағыңды тұрғызып ал.

Тұрмыс құрып, құт бітіп құрсағына,

Жанса екен Жансаяның жұлдызы бар.

Сен мені құлатқанда не табасың,

Білесің ғой білекті бірді жығар.

Сондықтан саған айтар ақылым сол,

Санаңның саңылауына кіргізіп ал.

Біреудің бес этажын құлатқанша,

Өзіңе екі этажды тұрғызып ал!

 

Болмайды Жансаяға қамданбаса,

Кеш болад суға кетіп тал қармаса.

Қарағанды көмірін табар ма едік,

Байжанов Апақ дейтін жан болмаса.

Тек қазаққа берем деп қазынамды,

Жансая маңғазданды маң – маң баса.

Күректің күші саған жете қоймас,

Эксковаторменен аудармаса.

Сөз салған жігіттердің барлығын да,

Бетінен қағушы едің белден баса.

Барлығының көңілі қалды сенен,

Өзіңді аламын деп армандаса.

Сені ешкім енді арнайы іздеп келмес,

Алда-жалда біреулер аңғармаса.

Кешегі Апақ Байжан атам құсап,

Қой бағып жүрген біреу тауып алмаса.

 

Ақын едім басқадан үзген қара,

Жүйріктей озып шыққан жүзден дара.

Сәтбаевтың төрінде айтыс болып,

Жұрт отыр жырды күтіп бізден жаңа.

Көп қала айтыс десе шошынушы еді,

Көніп жүрміз тізімнен сызғанға да.

Мың алғыс ел басқарған әкіміңе,

Қарамаған салқынға, ызғарға да.

Наурызда салт-дәстүрің бір жаңғырып,

Ақ сүйек іздеуші еді қыз бен бала.

Бұл айтыс та ақсүйек өнерің ғой,

Бастайтын жамағатты ізгі арнаға.

Сәтбаев дәл осы күн болып отыр,

Тереңнен жыр маржанын сүзген қала.

Наурызда ақындарға сауын айтып,

Жасадыңдар қызықты  қызған дода.

Мың алғыс өздеріңдей ел мен жұртқа,

Жинаған Ұлытаудай бізді ордаға.

Ұлыстың ұлы күні айтыс деген

Ақ сүйегін іздеген сіздер ғана!

 

Жансая, болшы менің келіншегім…

Деп айтса ойланбай-ақ көнуші едің.

Екі иықты жұлып жеп сахнада,

Қылығыңды көрдік қой небір сенің.

«Сочи» олимпиадасы аяқталып,

Үмітің ақталмады елім, сенің.

Үш медаль аламыз деп барған кезде,

Тым құрыса алмадық оныншы орын.

Қара көз қазақтарды шығарсақ қой,

Басқаның төрге оздырмай келімсегін.

Сол Сочиге өзіңді апарғанда,

Тегін жатқан медальді теруші едің.

Қарағым, дәл мынадай қарқыныңмен,

Сен алтын алад десе сенуші едім.

Домбыраның орнына таяқ берсе,

Хоккейде командаңды жеңуші едің.

Шаңғыны қар түгілі шаң шығарып,

Қара жердің үстінде тебуші едің.

Мәнерлеп сырғанауға қатыссаң да,

Ең үздік мықтыларға енуші едің.

Конькименен сырғанап мұздың бәрін,

Ортасынан опырып беруші едің.

Жарайды алтын алып келмесең де,

Сочиді өз көзіңмен көруші едің.

Ойдағы мақсатыма жетемін деп,

Бойдағы қара терді төгуші едің.

«Фигурное катаниеның» арқасында

Фигураңды дұрыстап келуші едің!

 

Жансая:

Сын пікір естісем де көп адамнан,

Түрімді жақсы көрем домаланған.

Сендердей арық-тұрық бола алмаймын,

Қарағым, ұнатпасаң жоғал әрман.

 

Осы ғой енді сенің бар мінезің,

Аудара салатындай нардың өзін.

«Екі этаж тұрғызып ал» деп жұлқынасың,

Қанталап бара жатыр қанды көзің.

Мойныма бар шаруаны арта салып,

Отпақсың қол қусырып жалғыз өзің.

Екі этажды үй деген коттедж ғой,

Қызығып жұрттыкіне қалды көзім.

Манағы шахтерің де табылған жоқ,

Коттеджді қалай салам жалғыз өзім?!

 

Мен енді шындықты айтсам қатты кетем,

Жағдайың Сочидағы сәтті ме екен.

Дабырлап алдын-ала мақтанып ек,

Жолымыз болады деп сәтті бекем.

Арнадан алаулатып, жалаулатып,

Таңымыз жарнамасыз атты ма екен.

Алтын деп шауып барсақ бақыр да жоқ,

Оныңыз шымбайыңа батты ма екен.

Денис Тен қорғап берген қола медаль,

Жаныңа майдай болып жақты ма екен.

Қайтып келді біздікілер қаз-қаз басып,

Сол келгеннен абырой тапты ма екен.

Сол кәріс болмағанда шыныменен

Алатын орынымыз ақтық екен.

Кетпей ме жатпай-тұрмай дайындалып,

Ал оған кедергілер бопты ма екен.

Азиадада салынған нысандарды

Үкімет еріккеннен сапты ма екен.

Бар жағдай жасалып ед спортшыларға

Солардың қолын біреу қақты ма екен.

Денис Тен дайындалып жүрген кезде,

Қазақтар «Дениз» қарап жатты ма екен!

 

Естіліп әлсін-әлсін батыл әнің,

Сен бүгін гүлі болдың сахнаның.

Қоймайсың қайта-қайта бойдақсың деп,

Тісімді енді мен де батырамын.

Өзің де бойдақ едің, жиырмаңда,

Көгеріп жайқалған жоқ жапырағың.

Отауға ие болған он үшінде,

Абайдай ақын атаң аты мәлім.

Бір түнде сегіз қызды алып қашқан,

Тәнті емес Иман-жүсіптің атына кім.

Сен өйтіп сегіз қызға шаппай-ақ қой,

Өлерсің ортасында ақымағым.

Алып қаш Жезқазғаннан бір аруды,

Бетке алып туған жердің топырағын.

Сүйгенің көнбесе егер маған звонда,

Өзіңнің келмейді екен ақыры әлің.

Ұстап тұр мен барғанша сирағынан,

Жеткізіп беруді өзім қатырамын!

 

Пікірлер(3)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *