Басты бет 2014 ж. Сәтбаев қаласы. "Қош келдің, әз Наурыз" «ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ), СЕГІЗІНШІ ЖҰП.

«ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ), СЕГІЗІНШІ ЖҰП.

 1 432 7

19-20 наурызда Сәтбаев қаласында өткен «Қош келдің, әз Наурыз!» атты айтыстың сегізінші жұбы 

Ринат ЗайытовАйбек К

 

РИНАТ ЗАЙЫТОВ (АЛМАТЫ)

ПЕН

АЙБЕК ҚАЛИЕВ  (АРҚАЛЫҚ)

 

 

Айбек:

Жақсысы жамбас мүжіп, жал ұстаған,

Жезқазған ежелден-ақ таныс маған.

Ұлытаудың емшегін еміп өстім,

Ұлағат ұлылығың дәріс маған.

Алла деп Наурыз тойға келіп қалдық,

Қалайша қуанышыңнан қалыс қалам?!

«Көрші ақысы – Құдайдық хақысы» деп,

Арамыз болғаннан соң қарыс қадам.

Жаңа жыл-Наурыз елге құт әкелсін,

Сәтбаев жете берсін табысқа әмән.

Жеріңнің астындағы қазынамен

Бір кезде шаһар едің қарыштаған.

Өздерің аш өзек боп жүрсеңдер де,

Әлемдік бай атанды кәріс балаң.

Мен үшін мысың емес, кісің қымбат,

Өзіңе Алла жар болсын арыс қалам.

Жерінің астынан да үсті қымбат,

Ассалаумағалейкм, Қаныш-қалам!

 

Сөйлесем сыр сандықтан кілт аштырып,

Сәулелі сөздерімнен нұр шаштырып.

Әкімдерің Әнуар Омаров қой,

Түнектен күн шығарған бұлт аштырып.

Кезінде Әнуармен айтысқанмын,

Інілік ізет жасап, сый тастырып.

Әкімің ақын болса ол да жақсы,

Жан жарасы кетпейді күрт асқынып.

Қысқа жіп күрмеуіңе келмей жатса,

Өлең айтып береді ұйқы аштырып.

Тірлігіңнің қабыспай жатқан жерін,

Жырымен жібереді ұйқастырып.

 

Сәтбаев , айтыспенен сәнің келді,

Бүгінгі барлық ақын жалын болды.

Бізге дейін қозғалып бар тақырып,

Сіздерге біраз  нәрсе мәлім болды.

Нұрматпен айтысқанда Бауыржанның

Ойында бір «бомбаны» жару болды.

Жүкеңнің төбе шашын тік тұрғызып,

Соңғы жұп та көрсетсін барыңды енді.

Бауыржанның «бомбасы» ештеңе емес,

Алдыңа «ядролық қару» келді.

 

Ринат, аманбысың жан бауырым,

Айтыспен өте берсін бар дәуірің.

Жұртыңның қошеметінен көріп тұрмын,

Алаш деген жұртыңа бар қадірің.

Шабысыңнан дабысы мықты ақынсың,

Қылышыңды қындағы қамда бүгін.

Өзіңнен сөзің ірі жігіт едің,

Шын қызса қоздыратын арда жынын.

Арда жыны қозғанда бөгет бермей,

Бәрін жайпап өтетін жан-жағының.

Көптен бері айтыспай ішің толды-ау,

Сұңқылдап сұрқылтайша сарна бүгін.

Аузыңа тілің сыймай отқан шығар,

Ағаңның ары қарай жалға жырын.

 

Ринат:

Ақынның жалғыз Құдай – тірегі дәл,

Сөзімді біреу ұқпас, біреу ұғар.

Айтыс жайын Айбек айтып өтті жаңа,

Әу бастан азамат қой білері бар.

Бүгін рас тілін біраз тартып отыр,

Қаншама ақын келсе де жүрегі бар.

Абақтыдан босаған бұл айтыстың

Әлі де «условный срогы» бар!

 

Бісміллә, өлеңімнің бастамасы,

Тимесін арманымның тасқа басы.

Сағынысып жолыққанда көрерменмен,

Жаратқан жігерімді жасқамашы.

Ассалаумағалейкум, Сәтбаевтың

Үлкені, орта буын, жас баласы.

Қаныштың атын алып қарыштаған,

Бүгінгі ақиқаттың дос қаласы.

Ұлыстың ұлы күні сен боп тұрсың,

Айтыстың алтын күмбез астанасы!

 

Ассалаумағалейкум, батыр ақын,

Жүрегі ақиқатқа жақын ақын.

Монтиып моп-момын боп отыратын,

Сөйтіп-ақ талайларды жапыратын.

Бүгінде дәл өзіңдей азамат аз,

Былғамай келе жатқан ақын атын.

Әу бастан өткірлігің елге мәлім,

Дат айтса да жасқанбай қатыратын.

Содан соң  әкімдерің былай тұрып,

Жүрсіннің өзі қорқып шақыратын.

Сен де аға, шаппағалы біраз болды,

Үкімет шүйліккен соң атыңа тым.

Ал бүгін Сәтбаевта кезің келді,

Айтыстың бір ақ таңын атыратын.

Самарқанның көк тасын еріткендей,

Сарыарқаңда сөз қымызын сапыратын.

Сен едің Айбек дейтін шақшалы ағам,

Жаманға жағынуды жат санаған.

Жұрт біткен сізді жүйрік дейді, ағасы,

Алпыс күн шапса-дағы ақсамаған.

Абайла, бірақ мен де аянбаспын,

Егерде тісің қатты батса маған.

Ринаттың қытығына тиемін деп,

Жерің қалмай қалмасын қақсамаған.

 

1

Айбек:

Тұндырып сауырына тұнық терді,

Басымыз біздің қашан құрық көрді.

Ринат, сен де айтқышсың, мен де айтқышпын,

Аузымыз дей алмаймын құлып көрді.

Жүрсін жездем жүзіне бір қарап қой,

Байқайсың бізге деген күдіктерді.

Бекарыс, Бауыржан мен Ринаттай

Жинапты ақиқатшыл жігіттерді.

Айбекпенен Ринат айтысқанда

Бір бүлік шығатынын біліп келді.

Сондықтан біз абайлап сөз сөйлейік,

Ойнатып көзіндегі үміттерді.

Осы айтыстың алдында Жүрсін жездем

Ақ Орданың төріне кіріп келді.

Айтысты айқай-шусыз өткізем деп,

Сақал мен мұртын талдап жұлып берді.

Жездеміз қыл-қыбырсыз қалмасын деп,

Айбек те тілін бүгін буып келді.

 

Айтатын Наурызда жырым құшақ,

Дәл мұндай туа бермес дүбірлі сәт.

Қайда бастап барасың мақтап-мақтап,

Көлдегі көзге түспес жылым құсап.

Мен сені алғаш көргенде бозбала едің,

Ринат, есіңде ме бұрынғы шақ?

Мырзатай Еуразияға алдырғанда

Құлдыраңдап жүруші ең құлын құсап.

Тілің де сол кездері тәтті-ақ еді,

Өзіңе қарайтынбыз шырын құсап.

Дәулеткерей екеуміз күтіп алып,

Жайғанбыз өзгелерден бұрын құшақ.

Сабағыңның бәріне көмектесіп,

Басыңа жібергенбіз білімді сап.

Айтыс барсаң жолыңа ақша тауып,

Беруші ек ломбардқа киімді сап.

Балғынбек, Серікзатпен төртеумізді

Сол кезде сыйлаушы едің пірің құсап.

Өтірік десең әне отыр Дәулеткерей,

Сақтайтын ешкімге айтпай сырыңды сақ.

Өз қолың өз аузыңа жеткеннен соң,

Тастай салдың таусылған шылым құсап.

Төркініңді бүгінде танымайсың,

Украинадан бөлінген Қырым құсап!

 

Биліктің келсе-дағы кім басына,

Көз салсын саясаттың жылғасына.

Украин жерінде болған майдан,

Дөп келді дәл биылғы жыл басына.

Шым-шытырық шиырлы саясат бар,

Қарасаң мұның ұзын-ырғасына.

Азаттыққа жетем деп аласұрып,

Мың бәле сатып алды бір басына.

«Үрит, соқ» деп АҚШ пен батыс отыр,

Айналам деп ең жақын сырласыңа.

Ресей келіп әскерін тақап қойды,

Оқ салып танкісінің мұржасына.

Украиндық орыстар аттан салды,

Көтеріп ресейлік ту басына.

Путиндер сөз сап берп үргізіп жүр,

Жириновский секілді қубасына.

Ағайын, ойлашы өзің осы жағдай

Кім кепіл қазаққа да тумасына.

Қандасын аямаған орыс орман,

Қаруын біздің жаққа бұрмасына.

Біздегі «қара орыс» пен сары орыстар

Ресейге қосылам деп тұрмасына.

Тұлыпқа мөңіреген сиырдай боп,

Сенбейік Ресейдің тұлғасына.

Кедендік Одақ деп жай аталатын,

Кеңестер Одағының сұлбасына!

 

Бұл күнде шарадай қып шақшадайды,

Саясат танытып тұр басқа райды.

Ресейге қосылсақ деп жүргендер бар,

Аңсаған қатын құсап басқа байды.

Шетелдік қазақтарды солтүстікке

Әкелсек төнбес еді басқа қайғы.

Шымкенттің қазақтарын көшірсек те,

Жеріңді жат қолында тастамайды.

Жау жүрек кіші жүзім тұрған кезде

Оралда казактар дау бастамайды.

Өскеменді бермейді семейліктер,

Торғайлықтар бермейді Қостанайды.

Мен қорқамын Қызылжар, Павлодардан,

Орыстары қазаққа қас қарайды.

Сыртқы жаудың меселі белгілі ғой,

Ішкі жау іштен шалып, рас талайды.

Бірлігі жарасқан ел деп жүргенде

Сұмдығы әрі асқан ел бопсалайды.

Сондықтан бізге қазір бірлік керек,

Ұмыта тұрған дұрыс басқа жайды.

Шекараны тас қылып ұстау керек,

Қазақтарды көбейтіп бақталайлы.

Қазағымның бірлігі бекем болса,

Ешбір жау шекараңнан аттамайды!

 

Ринат, осы сенің найманыңда,

Өткен екен Кетбұға заңғарың да.

Кетбұға алты алашқа ортақ тұлға,

Ерлігін жұртым бүгін аңғаруда.

Жошының биі болған Кетбұғаның

Еңбегіне барша жұрт таңғалуда.

Кетбұғадай жыраудың ұрпағысың,

Жоқ шығар мына сенің арманың да.

Палестина жерінде жатыр екен,

Тарихтан соны оқып, аңдадың ба?

Ринат, араб жаққа барып тұру,

Ертеден бар екен ғой қандарыңда!

 

Ринат:

Ақынсың ақиқатты ағытқан көп,

Ойлап ем жүрегіңде шабыт бар деп.

Ұстаздық қылғаныңды бұлдадың ба,

Онда неге бермедің бағыт дәлдеп?

Ағйын, беттеріне айтайыншы,

Бұлар маған мұғалім боп жарытқан жоқ.

Мен сабаққа келгенде мыналар жоқ,

Ұлағаттың тиегін ағытқан жоқ.

Тым болмаса бір лекция оқып беріп,

Әдебиеттің қыр-сырын танытқан жоқ.

Бильярд ойнау менен қызға бару,

Осыдан басқа ештеңе дарытқан жоқ!

 

Ау, Айбек, сен соққыға шөлдедің бе,

Қалауым емес еді ол менің де.

Сирия жайында айттың әңгімені,

Оңайлықпен емес қой көнгенім де.

«Қандарыңда бар» екен деп айтып қалдың,

Сонда бізді найман деп бөлгенің бе.

Мен сенен осындай сөз күтпеп едім,

Аға жасқа кеп теріс өрледің бе?

 

Ел жайлы біз айтқанмен мақтаулар көп,

Рушылдық жайлы бердің ақпарлар көп.

Мен өз басым ойлаймын, бөлінгендер,

Бөрі талап табанға тапталған деп.

Шынболат бекер айтқан жоқ қой, аға,

Бәрін біреу береді деп жатпаңдар деп.

Бір қазақты айырмай үшке бөліп,

Қайран елім, бірлігіңді сақтаңдар деп.

 

Қазағым, демесем де сормаңдайсың,

Қатерден неге ертерек қорғанбайсың?

Араңда қаптап жүрген экстремис бар,

Осы жайлы ойланып-толғанбайсың.

Вахаббист, «Хизбут-тахрир», сәләфилер

Қайсынан қандай рахат алғандайсың?

Дүмше кеп надан елге шеттеріңнен,

Кеше ғана мұсылман болғандайсың.

Мәшһүр-жүсіп, Шәкәрім, Абайды оқып,

Тура жолды неліктен қолға алмайсың?

Сәләфидің арманы жару, ату,

Сен оны әлі күнге аңғармайсың.

Олардың қатарында жүргендерді

Түгендесең таңданып талғандайсың.

Тең жартысы түрмеден шығып келген,

Тақия кигіш, уағыз айтқыш тарландай шын.

Қыз зорлап, кісі өлтірген, тонаушылар,

Енді өзің біл, ал қандай жол таңдайсың?

Алланың атыменен адам қырсаң,

Жұмақты не бетіңмен армандайсың?!

 

Мен айтпас ем мына Айбек бастамаса,

Кетпес ем көңіліңді жасқап аса.

Қазақты Ресей баспаса екен дедің,

Ау, аға, сен қадамды басқа жаса.

 

Болмайды ол жайында ойламаса,

Ертерек қалқаныңды сайламаса.

Қазақтың қазақтығы емес білем,

Дірілдеп Россиядан тайғанаса.

Кедендік Одақ деп біз көтергенмен,

Жақсылығы жоқ жасап қойған аса.

Мен бірақ қазағыма сенім артам,

Кім жайнайды ер қазақ жайнамаса.

Біздің қазақ қасқырлығын жоғалтпайды,

Егер де ит өмірі байламаса!

 

Ал, аға дұрысынан түсін мені,

Жүрмейді шындықты айтпай кісі ілгері.

Сен айттың сырт жақтағы саясатты,

Мен айтайын саясатты ішіңдегі.

 

Жібермес қазақ жауыз жауларға есе,

Салмаймын өтірікпен жалған көше.

Теңгенің айтайықшы жағдайын,

Аяқасты тоқырап қалған кеше.

Бәрімізді тақырға отырғызды-ау,

Келімбетов дейтұғын Алдар көсе.

Әу баста девальвация болмайды деп,

Қаржыға «Қожамсейіт» болған неше.

Теңге тоқырап қалғанда мен білгем деп,

Тағы да керемет сөз салған бөсе.

«Ердің екі сөйлегені – өлгені» деп,

Ұлағат айтып еді шалдар кеше.

Халықты ақымақ қып ойнайтындай,

Ертерек ескертпей ме заң бар десе.

Қайран қазақ тақырға отырмас ед,

«Тоқырау келе жатыр, қамдан»  десе.

Қайрат неге екі рет сөйлейді екен,

Бұтқа киіп жүргені щалбар десе!

 

Жарқ етпес қара көңілің не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да.

Айтыс сенің атыңды асқақтатты,

Сондықтан оны мәңгі бағың сана.

Мен өз басым айтысқа адал едім,

Алдымнан қанша кәсіп табылса да.

Актер болам, жюри болам, басқа болам,

Саусағыңды бүгіп тұрып бәрін сана.

Өткенде теледидар қосып қалсам,

Ішінде Айбек отыр әнін сала.

Қатын болып киінген ер баламен,

Айтысып отыр екен жанын сала.

КВН бұл айтысты мазақтағыш

Екендігін дәлелдеп арын сала.

Соларға сен қосылып кететіндей,

Басыңа не күн туған соғұршама?!

 

Пікірлер(7)

  1. достар, мен Қазақстан арнасынан көрсеткен «Қош келдің Әз Наурыз» атты айтысты көрдім. Ех, недейін «тамаша өтті» деп атсам өтірік болар. Мені қате түсініп қалмаңыздар мен ақындар жайында емес. Телеарна жайнда айтпақпын. Мысалға мен Ринат ағамның айтысқаның тамашалай алмадым ж/е т.б ақындарды кейбір жерлерін қйыпта тастаған. Кімнің ісі екенің білмеймін жане білмей тұра айыптамаймын, біріқ бұл бәрімізге белгілі билік емеспе? босқа айыптап күнәға батпайын тек тайға таңба басқандай ап-аңық.

  2. Nege Rinat agaidy eki soileidi disiz.Rinat mikty aitysker.Ardaiym xalykty oilaidy.Kateliksiz adam bolmaidy,en bastysy katelikti duristai bilu.Aibek agai ekeui ten aityskan ekeuide mikty aitysker.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *