ТАЗАБЕК Мұхамеджан

 940 3

m tazabek 02        ТАЗАБЕК  Мұхамеджан  Оразбайұлы

 «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының директоры

           1975 жылы 3 шілдеде Жамбыл облысы Байзақ ауданы Шахан ауылында дүниеге келген. Сол ауылдың Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебін бітірген (1992). Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазақ әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдап, филолог, орта оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы біліктілігін алды (1992-1996). Аталмыш университеттің магистратурасын (1998), аспирантурасын тәмамдаған (1998-2000).        Айтыс саласында жеткен жетістіктері мектеп қабырғасынан бастау алады. 14 жасынан қазақтың төл өнерінің додасынан табылып, ауданаралық ақындар айтысының талай рет бас бәйгесін иеленеді.
        Жас ақынның тұлға болып қалыптасуына бірқатар адамдардың ықпалы тиеді. 1988 жылдары аудан көлемінде «ақын бала» атанып көзге түсе бастаған шағында, Қонаевтың үзеңгілес серігі болғаны үшін қуғынға ұшырап, ауылға басшы болып келген ұлтжанды азамат Берден Байқошқаров Мұхамеджанды қамқорлығына алады, Дінмұхаммед атасының тағылымын үйреніп, талай мәрте батасын алуына себебі тиеді.
        Ал айтыс өнеріне машықтануға аймаққа аты шыққан айтыс ақыны Айтмұханбет Исахов жеңіл сөздің жетегінде кетпей, терең ойдың тұңғиығынан маржан теруді үйретеді. Ал лирик ақын Серік Қалиев сыршылдыққа бейімдесе, Талас ауданында сол кездегі мұражай директоры ақын Шорабек Айдаров әзіл-қалжың мен тапқырлықтың дәнін егеді. Мұхамеджанның айтыс өнеріндегі шығармашылығына түбейгейлі өзгеріс алып келген тұс 1990 жылы халық батыры Бауыржан Момышұлының 90 жылдығы құрметіне өткізілген айтыс пен Сыпатай батырдың 210 жылдығына арналған дүбірлі айтыс еді. Сол айтыста бас жүлде алып, артынша облыстық телеарнада «Мұхамеджанның ақ боз аты» атты деректі фильм түсірілді.
        1991 жылы тамыз айында Шорабек Айдаров болашақ дарынды республикалық айтысқа алып келеді. Сол айтыста мектеп қабырғасында оқитын Мұхамеджан Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілов секілді халық ақындарымен қатар айтысып, бас жүлдеге ие болды. Содан бастап халықаралық және республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы болды. 1991-2003 жылдар арасында барлық айтулы айтыстардың жеңімпазы, жүлдегері болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан құрылған ақындарды дайындау мектебінің жетекшілік қызметін атқарды (1996 -1997).
     Айтыс өнеріне сіңірген ерен еңбегі үшін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты (1996), «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері (1998) атанады.
     Ташкент қаласында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан мемлекеттерінің ақындары арасында өткен халықаралық дүбірлі айтыстың бас жүлдесін иеленген (1999).
1999–2001 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының ұлттық «ҰЛАН» Гвардиясының «Президенттік оркестр» бөлімшесінде әскери міндетін өтейді. 1997-2003 жылдары Ұлттық Гвардия құрама бөлімшесінде «Президенттік оркестр орындаушысы» қызметін атқарады.
     Актерлық қабілеті де жастайынан танылып, мамандар назарына ілігеді. 1996 жылы «Жамбылдың жастық шағы» фильмінде басты рөлді сомдап, жыр алыбы Жамбылдың образын жасап шықты.
2011 жылы «Шет тілі карьерлік іс» университетін дінтану мамандығы бойынша бітіріп шықты.
Мұхамеджан Тазабек дінтанушы ретінде өз қызметін «Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының» жүргізіп отырған бағытына негіздейді. Ол 2001-2003 жылдар аралығында Халифа Алтай халықаралық қорының директор орынбасары қызметін атқарады. 2001-2002 жылдар аралығында «Қазақстан» телеарнасында «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасын жүргізді. 2003-2008 жылдар аралығында «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясының «Құбыла» хабарының авторы әрі жүргізушісі ретінде танылды. 2008 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Ораза қабыл болсын» телебағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болды.
2008-2009 жылы аралығында «Қазақстан 1» телеарнасында «Иман нұры» атты авторлық телебағдарламасын жүргізді. 2007 жылы «Асыл арна» атты ислами-ағартушылық телестудиясын құрды. 2009 жылы Мұхамеджан Тазабектің басшылығымен осы студия негізінде «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасы дін насихатына сусап отырған қалың бұхараға жол тартты.
      Мұхамеджан Тазабек Қазақстанның көптеген аймақтарында ақындар айтысын ұйымдастыру арқылы ізгілікті, имандылықты насихаттай білді. 2005-2006 жылдары «Ақ Орда» Республикалық қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің рухани қанатын басқару барысында республикалық деңгейде имандылық ақындар айтысын өткізуге мұрындық болды. Бұл «Отанды сүю – иманнан», «Елбасы жолдау – елдіктің арқауы» атты тақырыппен өткен дүбірлі сөз сайыстары Алматы, Астана, Атырау, Ақтау, Шымкент, Орал, Тараз қалаларын қамтыды. 2004-2008 аралығында жыл сайын Наурыз айында меценат Оралбек Ботбай мырзамен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында республикалық ақындар айтысын өткізуге атсалысып отырды. 2011 жылы Алматыда өткен «Төртеу түгел болса…» атты республикалық ақындар айтысын ұйымдастыруға да Мұхамеджан Тазабектің тікелей септігі тиді.
        Діни істер жөніндегі агенттіктің арнайы уағызшылар тобының мүшесі ретінде ол лаңкестік, экстремизм, сепаратизм сияқты түрлі мемлекет құрылысына қауіп төндіретін және халық арасына іріткі салатын адасқан топтарға қарсы Ақтау, Ақтөбе, Атырау қалаларында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге ат салысты. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы имандылық бағытында мақалалар жариялап, публицистика саласында да аз еңбек еткен жоқ. Сондай-ақ ұлттық рухани құндылықтарды арқау етіп алған бірнеше кітаптардың авторы. Өзінің әр жылдардағы айтыстары топтастырылған «Айтыстар» атты шығармашылық кітабы жарық көрді (2006). «Иман бақшасы» атты балаларға арналған имандылық кітапшасын жарыққа шығарды (2009). Осы жылы «Қазақ радиосының рухани бұлағынан» атты имандылық- публицистикалық жинағын баспаға дайындап, оқырман қауымның ойына қозғау салды.
       2009 жылдан бүгінгі таңға дейін «Асыл арна» ислами ағартушылық телеарнасының директоры болып қызмет атқарады.

Пікірлер(3)

  1. Мұхаммеджан — Қазақтың орыс басқыншыларын азаттық алғаннан бергі тарихында айтысқан ең үздік ақын!

  2. Мұхаметжан дұрыс баға бере алмадың. Сені түсіну қиын болды шірік алма туралы,
    Айнур мен Саадат айтысында ,дауысынды дұрыс бермедің.Шіріктің ішіне кіргенсің ба?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *