Басты бет 2014 ж. Сәтбаев қаласы. "Қош келдің, әз Наурыз" «ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ) ЕКІНШІ АЙНАЛЫМ

«ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ) ЕКІНШІ АЙНАЛЫМ

 637 0

19-20 наурызда Сәтбаев қаласында өткен «Қош келдің, әз Наурыз!» атты айтыстың финалдық кезеңдері

толегенАсем

Екінші айналым, бірінші жұп.

ТӨЛЕГЕН ЖАМАНОВ (ЖЕЗҚАЗҒАН)

ПЕН

ӘСЕМ ЕРЕЖЕҚЫЗЫ  (АСТАНА)


 

 

Төлеген:
Қанатын Ұлытаудан ұлар қағып,
Мың жылғы тарихыңнан мұраңды алып,
Жез қанат жүйрік туған ел аман ба,
Қырында ит жүгірткен, қыран бағып.
Айтыстың алаңына келіп тұрмын,
Торы төбел тұлпарыма тұмар тағып.
Ендеше қадамыма тілеу тіле,
Айтыс пен ат бәйгеге құмар халық!

Мен бүгін жүйрігімді топқа қосам,
Құлагер бәйге ала ма баптамасам.
Сал-сері салтанатын құра алам ба,
Сақтан қалған салтыңды сақтамасам!
Майқы биге мұрагер бола алам ба,
Тоныкөктің толғауын жаттамасам.
Жаман үйдің қонағы билер деген,
Жарамас айтысты өзім бастамасам.
Саған серт, енді ағайын қостамасаң,
Маған серт сеніміңді ақтамасам.
Желігіп Жезқазғаннан неге келдім,
Желпінтіп көңіліңді тастамасам.

Өр рухты Ұлытаудың ұлдарымыз,
Ақ жалау ақын едік шыңдағы біз.
Мұнайдың мұрагері болмасақ та,
Құдайдың құлақ кесті құлдарымыз.
Кеңгірдің жағасына сұлу келсе,
Жарамас жайбарақат тұрғанымыз.
Ай астында таранса ару қыздар,
Жөн шығар аттың басын бұрғанымыз.
Абай туған ауылдан келіп жеткен,
Сізге де сәлем бердік, сырғалы қыз!

Аталы бір ұлы едім алып белдің,
Ағайын, шапалақпен шабыт бердің.
Мен енді сұлу қызға сөз бастайын,
Суына шомылғандай жарық көлдің.
Бұл кеше Рүстеммен айтысқанда
Бойдақ қыз екендігін танып, көрдің.
«Бір кенші жігіт маған бұйырар» деп,
Қиылып тұрғанын да анық көрдің.
Елге кеп тұрған қызды ап қалсам деп,
Мен кеше біраз жерді шауып көрдім.
Қасқа айғырдың құлыны секілденген,
Қарсақбайдың бір ұлын алып келдім.
Әсемге ұнай ма екен, ұнамай ма,
Мұқаштың үйінде отыр, барып көргін.

Әсем:
Қақпасын кілт боп ашып сарайыңның,
Көңілін көрерменнің табайын мың.
Жырына сусындаған халықсың ғой,
Марқасқа Махамбет пен Абайыңның.
Ұлтымның ұлағатын ұлықтауда
Айтыстан алынбай ма талай үлгің.
Тілегім, Жүрсін ағам аман жүрсін,
Ақ шашын бізден көріп самайыңның.
Әйтпесе түлкі бұлаң қу саясат,
Халықты айтысынан сан айырдың.
Жыр сүйер жұрт болмаса мына бізге
Төгеді жүрегінің арайын кім?
Бір елі төбем көкке жетпей қалад,
Ақ жүзін көрген кезде ағайынның!

Жармаспай көрінгеннің шаужайына,
Жарасар өлең айтам тал бойыма.
Қазағым қойдан қоңыр момыным-ай,
Байыппен қарар істің мән-жайына.
Сендердің мөлдіреген жанарларың
Тарихты талай-талай салды ойыма.
Ақ сүйек, аштықта да ар сатпаған,
Қашаннан қанық едік жағдайыңа.
Егемен ел болғанша еңсең түспей,
Шыдап ең қиындықтың таудайына.
Ал бүгін шүкір Алла, азат елсің,
Бақыттың қансаң екен балдайына.
Мұң қалса көңіліңде тарқатайын,
Тәтті өлең берсін Алла таңдайыма.
Сендердің табаныңа батқан шөңге,
Қадалмайды неге менің маңдайыма?!

Шуақты нәр алатын шұғыладан,
Қанық қой бұл өлкенің сыры маған.
Қазаққа тұлға Керей, Жәнібектің
Ешқашан ажыратпас жігін адам.
Кешегі ер Едіге, Кетбұғаның
Еліне қылған сертін ұғып алам.
Ұлытауда хан Кене де орда тігіп,
Баспап па ед болашаққа ірі қадам.
Бүгінде барша ақын өлең айтып,
Деп жатыр шалқар ойдың шыңын алам.
Бір ғажап заңдылық бар бұл арада,
Талғамды ел жаңылмапты құбыладан.
Айтыспен ашып жатыр Наурыз тойын,
Үш жүздің басын қосқан ұлы далам!

Жырымыз жамағатқа жарық берсін,
Қазақы қалжың бізге шабыт берсін.
Мен кеше бір кеншіні жай айтып ем,
Демеп ем бұл Төлеген барып келсін.
Ойпырмай, шыныменен қызық болды-ау,
Таңданып тұрғанымды халық көрсін.
«Үйінде «Дәридайдың» отыр» дейді,
Ал Әсем қалай оны барып көрсін?!
Не істейін, Жүрсін аға, барайын ба,
Менің кім екенімді анық көрсін.
Әй бірақ барып неге әуре болам,
Алдымен қалыңмалын алып келсін.
Шалжиып үйде жатып сәлем айтпай,
Қыз керек болса өзі тауып келсін!

Ал, жарайды мен көнейін мұндай тұста,
Кездеспес кенші жігіт күнде айтыста.
Ол өзі шыныменен қандай адам,
Шешімді қабылдайтын мұндай нұсқа.
Көлігі тәуір ме екен, төркініме
Баратын тоғыз рет бір ай қыста.
Басында баспанасы бар ма екен,
Анықтап алу керек мұндай тұста.
Айтпақшы, жалақысы қанша екен,
Баратын Әсем сұлу жылда айтысқа.
Шығыны сұлу қыздың аз болмайды,
Бар ма екен ондай жағдай ол байқұста!

1

Төлеген:
Ағайын, бері қара бәрің-бәрің,
Аға мен әпке-жезде, бауырларым.
Айтыстың бір аруын көндірдім ғой,
Көрсетіп жүрегімде жалын барын.
Қарсақбайдың келіні дайын отыр,
Ал енді кім төлейді қалыңмалын?
Қаражатын ертерек қамдаңыздар,
«ҚазақМыста» бар болса тамырларың.
Еркелеп елге келген елік қыздың,
Көрейік ақ орамал жамылғанын.

Болды, інім енді саған үйленеді,
Ал келін бар шаруаны игереді.
Мен саған қайнаға боп шыға келдім,
Келіндер қайнағадан именеді.
Бауырыңның басында үй бар ма ед деп,
Сұрадың хан қызындай күймедегі.
Сәтбаевқа төрт жүз үй салынады,
Сендерге анау әкім үй береді.
Содан кейін сұлу қыз Сарыарқаға
Қалай келін болуды үйренеді!

Пендеге бұйырғанның бәрі нәсіп,
Білгіңіз келіп отыр бәрін ашып.
Жалақысы қанша деп сұрадың ғой,
Оны сұрап тұрмысың жаның ашып?
Қолына алатыны жүз жиырма мың,
Мыс қазатын шахтаның тасын ашып.
Бірақ оның басында кредит бар,
Әңгіменің қояйын басын ашып.

Бірақ сен бұл жағдайдан саспайсың ғой,
Қу кредит кімде жоқ, қашпайсың ғой.
Бағың жанып бәйге алып қалсаң бүгін,
Өзің-ақ оны жауып тастайсың ғой!

Жас отау жайнай берсін, жарқырасын,
Содан соң мені үйіңе шақырасың.
Айтысқа келіп отқан үлкендерге
Үйіңнен наурыз көже татырасың.
Абайға қымыз құйған Тоғжан құсап,
Боз биенің саумалын сапырасың.
Келінжан, кеңесіме құлақты сал,
Қайнағаңның қоятын шарты басым.
Күйеуіңнің басқан әрбір ізін аңдып,
Шошаңдамай үйіңде отырасың.
Басыңа екі қабат үй береміз,
Балаға соның ішін толтырасың.

Әсем:
Ағайын, бірдеңе айтам, күлмеңіздер,
Орынсыз кредитке кірмеңіздер.
Қайнағам «кредит төле» деп жатыр ғой,
Жүлде алып жатқандай-ақ күнде біздер.
Жарайды, төле десе төлеймін ғой,
Ол жағын бірақ сіздер білмеңіздер.
Бізге үй береміз деп айтты жаңа,
Үкілі үмітімді үрлеңіздер.
Қос қабат үйді беріп тағы келіп,
Содан соң табанымды тілмеңіздер.
Кредитті жапқаным аз болғандай,
Төле деп ипотека жүрмеңіздер!

Қайнағам сәні екен ғой сахнаның,
Қашаннан келініңе жақын әнің.
Бұл елге сен айтқанлдай келін болсам,
Үйіме жиі қонақ шақырамын.
Бәріне ата-әженің шай қайнатып,
Ет асып, сары қымызды сапырамын.
Үлгілі келін болып осы аймаққа,
Дастархан, дәм-тұзымды татырамын.
Жұмысқа күйеуімді шығарып сап,
Тып-тыныш звондамай отырамын.
Үй берсе төрт бөлмелі, оның ішін
Балаға төрт-ақ жылда толтырамын!

Айтыста демеушіміз халық боп тұр,
Айтуға Сәтбаевты шабыт кеп тұр.
Шағындау қалаларын қазағымның
Бұл күнде бұғаулаған нарық боп тұр.
Орыстар жалға алған Байқоңырдың
Есігі қазақ үшін жабық боп тұр.
Жағдайы Торғай менен Арқалықтың
Жуырда оңалмасы анық боп тұр.
Жас тұнып Жаңаөзеннің жанарына,
Салғырттық бетімізге салық боп тұр.
Ал, шүкір Сәтбаевым гүлденуде,
Дәлірек айтар болсам дәріптеп бір.
Жүз жылдық кеннің қоры табылғалы,
Атынан ат үркетін алып боп тұр.
Бүгінгі айтысымның арқасында
Ел-жұрты өлең-жырға қарық боп тұр.
Халықты қарық қылған қаламыздың
Таңнан да болашағы жарық боп тұр!

Ақиқат айта алмаса ақынға сын,
Шайыр деп шартараптан шақырғасын.
Тілегім ұлдарыңыз ұғымды боп,
Бойында намыс оты лапылдасын.
Қырмызы қыздарыңыз қылықты боп,
Ата-ана бармақ тістеп аһ ұрмасын.
Ұмытпай ұлттық рухты жастарымыз
Таңдайы қазақ тілде тақылдасын.
Жойылып көкек ана, бүлдіршіндер,
Ақ таңын жетімдікпен атырмасын.
Қазақтың қазынасы, келешегі,
Шетелге сәбиіміз сатылмасын.
Көбейіп батыр ана, халық саны,
Жиырма миллионға жақындасын.
Үкімет жөргекпұлға Ресей құсап,
Беруді он мың доллар мақұлдасын.
Ал енді бұл тілекке қосылсаңыз,
Ағайын, шапалағың шатырласын!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *