Басты бет 2014 ж. Сәтбаев қаласы. "Қош келдің, әз Наурыз" «ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ) ЕКІНШІ АЙНАЛЫМ

«ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ) ЕКІНШІ АЙНАЛЫМ

 926 1

19-20 наурызда Сәтбаев қаласында өткен «Қош келдің, әз Наурыз!» атты айтыстың финалдық кезеңдері

Максат АкановМейірбек Екінші айналым, екінші жұп

МАҚСАТ АҚАНОВ (ҚАРАҒАНДЫ)

ПЕН

МЕЙІРБЕК СҰЛТАНХАН  (АСТАНА)

 

 

Мақсат:
Бүгін жырдың желкенін жел қозғар күн,
Құлашты кеңістікке кең жазғанмын.
Төбедей төске өрлеп тұрмасам да,
Төредей төңкеріліп төрге озғанмын.
Зеңгірдің қарға сіңген нұрындай боп,
Кеңгірдің арнасынан сең қозғармын.
Еліне құт боларын білді ме екен,
Ер Қаныш ең алғашқы кен қазған күн.
Ассалаумағалейкум, асыл жұрты,
Алдыңда тағы бүгін сөз қозғармын.
Ақ қарын сары алтынның буы еріткен,
Киелі Сәтбаев пен Жезқазғанның!

Тұрғандай жақсылықтың сәті күліп,
Әр нәрседен күтеді ақын үміт.
Екінші күн алдыңа келіп тұрмын,
Екінші кезегіңе шақырылып.
Кеше Иран-Ғайыппен шығып едім,
Ол да мені кеткен жоқ қапы қылып.
Ол да сол Шиелінің жігіті еді,
Орыс десең тұратын атып ұрып.
Сен де сол Шиелінің баласы едің,
Астана жүргенімен ақыны ғып.
Екеуіңмен шыққаным дұрыс боп тұр,
Құлақтары қылтиып жатыр үміт.
Айтыстың биігіне шығып келем,
Шиелінің ұлдарын саты қылып.

Ағайын, бері бетті бұрсаңдаршы,
Алақанды сәтімен жұмсаңдаршы.
Алдарыңа Мейірбек балаң келді,
Аямай шапалақты ұрсаңдаршы.
Кеше Иран досым да жол беріп ед,
Болмайды жерлесіңе тұрсаң қарсы.
Ақыры жол беруді бастадыңдар,
Соңына дейін солай тұрсаңдаршы.
«Қайыр қылсаң бүтін қыл» демейді ме,
Сый қылсаңдар сыпыра қылсаңдаршы.

Мейірбек:
Бұл Мақсат арқа сүйер ағам еді,
Саты қылам деді ме жаңа мені.
Сатыңыздан аяғың тайып кетіп,
«Сотресение» алмасаң жарар еді.

Дәмең бар-ау мендегі сыбағамнан,
Арманың күліп шықпас бірақ алдан.
Інілерден келе сап жол сұраса,
Тәуір ақын шыға ма мыналардан.
Қиылып жол сұрайтын қыз емессің,
Мұндай сөзді күткем жоқ бұл ағамнан.
Мықты болсаң жеңіп ал, таласым жоқ,
Бір адам озып шықсын бір адамнан.
Жыр көкпары емес пе айтыс деген,
Шын жүйрік озып шығар шын алаңнан.
Дәл сендей шабандозды көрген жоқпын,
Жаны шығып кететін құлағаннан.
Серкені тақымымнан тартып алмай,
Жағдай айтып жалынып сұрап алған!

Мақсат, сен серілігіңе сенетінсің,
Тіліңнен тәтті өлеңді төгетінсің.
Жюриді аэропорттан күтіп алып,
Бал бергенде рахатын көретінсің.
Жол сұрайсың, жюриден бал сұрайсың,
Әйтеуір жеңіл жолмен жеңетінсің.
«Шиелінің ұлдарын саты қылам»,
Деген сөзге ел көңіл бөле тұрсын.
Иі жұмсақ мен емес Иран-Ғайып,
Тереңнен сөйлемеймін неге тылсым?!
Мен бүгін жол беруге жол бермеймін,
Мейлі қандай Мақсаттай ер өтінсін.
Қонақты төбесіне көтеретін,
Қазақтың дәстүріне еретінсің.
Сен болсаң қонақ сыйлау ойыңда жоқ,
Жеке бастың қамын тек жеп отырсың.
Інілерді айтыста саты қылып,
Аспанға асқақтауға кеп отырсың.
Қонағыңның үстінен баса көктеп,
Қай биікке шығамын деп отырсың?!

Бірі едім бөрі намыс бөрікті ұлдың,
Қалпағын қайыратын не мықтыңның.
Қос ішек, қу тақтайды қолыма алып,
Жасымнан қара өлеңді серік қылдым.
Самарқанның еріген көк тасындай
Көрерменнің көңілін көріп тұрмын.
Армысың, қазыналы қарт Ұлытау,
Ұлылықтың қасиетін сен ұқтырдың.
Үш жүздің басын қосқан басты ордам ең,
Өткеніңе көз салып көріп, білдім.
Едіге, Тоқтамысты хан көтерген
Тарихыңды тереңнен теріп тұрмын.
Менің де әкем бұл жерден қыз алып ед,
Келіп тұр көпшілікке соны ұқтырғым.
Жиенің боп желпініп келгеннен соң,
Жолымды жақсылыққа жорып тұрмын.
Нағашымның елінде жарқ етпесем,
Анамнан ақын болып неғып тудым?!
Өз бабам кері шолақ атты ер Шоштандай
Айтыстың майданында жорық қылдым.
Киелі Шиеліден – Сыр елінен
Сәтбаевқа сәлемді беріп тұрмын.
Ағайын, ықыласпен қарсы алсаңдар,
Ып-ыстық құшағыңа еніп тұрмын.
Шынболат Ділдебаев сарайына
Шынболат туған жерден келіп тұрмын!

Мен бүгін Мақсатпенен теңесе алам,
Ағаммен Кетбұғадай кеңесе алам.
Саты қойып оп-оңай шығып кетер,
Ұлытау емес шығар төбе саған.
Самарқанның көк тасы еріді ғой,
Мен де қатты болайын неге саған?
Дәл қазір жомарттығым ұстап кетті,
Соны айтсайшы, болайын неге сараң?!
Жол бер десең берейін ел алдында,
Ағасы, айтқаныңа көне салам.
Қай жерден келгенімді білесің ғой,
Оны ойлауға керек пе өре саған.
Қызылорда мен Жезқазған арасында
Кедір-бұдыр жолдарды бере салам!

1

Мақсат:
Қызық жоқ қой айтыстың думанындай,
Құлағым тұнбап еді шуға мұндай.
Сен де сондай бір жүйрік інім едің,
Арнайы айтыс үшін туған ұлдай.
Өзінен сөзі семіз ақын екен,
Шайырды көрген жоқпын тура мұндай.
Шиедей болып алып тілін қара,
Шиелінің кәдімгі уранындай.

Білмеймін, баласың ба, данасың ба,
Кішкене отыра тұр аласұрма.
Қызылорда жақтың жолын берем дейсің,
Дегендейін ағаңа аласың ба?
Кедір-бұдыр жолыңның керегі жоқ,
Осы айтқан сөзіме нанасың ба?
Ондай жол өзімде де толып жатыр,
Қарағанды — Жезқазған арасында!

Інім едің екі етпей тіл ап жүрген,
Арқаның аязына шыдап жүрген.
Астананың студент жігіті едің,
Сұлулардың бәріне ұнап жүрген.
Жансаямен көріп ап айтысыңды,
Сыртыңнан кеше қыздар «құлап» жүрген.
Сол қыздардың барлығы түніменен
Шуылдап СОК ішінде шұбап жүрген.
Өзіңе де қоңырау соққан шығар,
Телефон нөміріңді сұрап жүрген.
Мейірбекті есігін ашпайды деп,
Нөмірінің алдында жылап жүрген.
Соларды көріп есім шығып кетті,
Өлеңімді ұмытып құрап жүрген.

Жастығым еске түсіп елеңдедім,
Жайына қалды сосын өлеңдерім.
Түніменен соларға басу айтып,
Бітіргенім сол болды бар ермегім.
Сендерге мейірімсіз Мейірбекті
Бұйырса ертең жеңіп берем дедім.
Сол қыздардың көбісі осында кеп,
Айтысыңа боп отыр көрерменің.
Тұрғыз десең қыздарды тұрғызамын,
Сөздеріме сенбесең егер менің.
Ішінде бақыт құсың жүрген шығар,
Бақытыңды басынан тебер ме едің?
Солардың наласынан екі көзің
Ботадай боп жүргенін көрер ме едім?!

Мейірбек:
Маған қыздар ғашық боп, тіл байланып,
Іздеп жүр деп айттың ба ыңғайланып.
Жезқазғанның қасиетін айтпайсың ба,
Тіліңіз неменеге тұр байланып.
Дәл мендей бөтен ұлмен кездесуге
Қыздарын жібермейді мұндай халық.
Бұл Мақсат жай әзілдеп айта беред,
Сөзіне жүрмеңіздер шындай нанып.
Өтірігің көрініп қалмаса екен,
Тұрад деген қыздарың тұрмай қалып.

Мақсат, сен белдесуге білікті едің,
Жекпе-жекте жеңіңді түріп пе едің?!
Қызынып бұл айтысқа кеп қапсың ғой,
Қыздардың ақтаймын деп үміттерін.
Кешегі сол жылаған қыздар үшін
Туымды кетпексің бе жығып менің?
Қонақ үйдің алдында серт беретін
Түсінбеймін бүгінгінің жігіттерін.
Еліңнің сертін алып шықты десем,
Еркелердің сертін ап шығып па едің?!

Ақын адам болады айтарға сақ,
Шайыр кетсе орынын шайтан басад.
Күнде мұндай мүмкіндік туа бермес,
Жарар ед келісті қып ой толғасақ.
Несіне ақынбыз деп мақтанамыз,
Ақиқаттың аулынан байқалмасақ.
Шынболаттың еліне келіп тұрып,
Шырқыратып шындықты айта алмасақ.

Екіленіп сөйлесем асаудай бір,
Екпінімді қарсылас басар қайбір!
Бұл күні елдің жайын жырға қоссаң,
Көрерменнің көңілі босардай бір.
Басында төрт-бесеуден кредит бар,
Қара халық қайғыдан баса алмай жүр.
Көк базарда телмірген көп балалы
Аналардың жағдайы жасалмай жүр.
Қандастарды телміртіп шекарадан
Неліктен көші-қонның көші оңбай жүр?
Шенеуніктің біразы шетел асты,
Қаншамасы әлі де қаша алмай жүр.
Тоқалының тоны үшін доллар шашып,
Отанына көк тиын шаша алмай жүр.
Кешегі Шынболаттар елін ойлап,
Шындықты айтып еді Асандай бір.
Ал бүгін жоғарыда жүз шенеунік
Шынболаттың бір орнын баса алмай жүр.
«Сөйле, тілім, тартынба!» демек түгіл,
Тілін тістеп, ауызын аша алмай жүр.
Шырылдап шындықты айту былай тұрсын,
Пырылдап ұйықтаудан аса алмай жүр!

Жолыққан соң Мейірбек Бектұрсынға,
Көрерменнің алдында көп қымсынба.
Жүрсін ағам айтысты алып келіп,
Ағайын, арқа-жарқа боп тұрсың ба!
Өз ұлдарың өнерді өрге тартса,
Білмеймін, әлдекімдер сеп қылсын ба?
Қарсылас Мақсатыма бұрылайын,
Ағамыз маған да енді бет бұрсын да.
Аманжол Әлтаевтың шәкірті едің,
Атаға тартып туған текті ұлсың ба?
Ол ағаң отызында топты жарып,
Түсіп ед талай-талай өткір сынға.
Сен болсаң інілерден жолды сұрап,
Айтысудың орнына тек тұрсың ба?
Ұстазыңның уа, Мәке, жолын қумай,
Інілерден таяқты жеп тұрсың ба?
Бөркің де жоқ, көз тартар көркің де жоқ,
Атағыңыз алашқа сеп қылсын ба?
«Ұстаздан шәкірт озад» деген бар ғой,
Күліп отсың, ұялған тек тұрсын ба?!
Мен сені түсінбедім, бірақ Мақсат,
Сонда да ерегеске епті ұлсың ба?
«Ұстаздан шәкірт озад» деген сөздің
Быт-шытын шығаруға кеп тұрсың ба?

Жекпе-жекте жеңілмей,
Қарсыластан шегінбей,
Айтысқа енді кірісем,
Шайқасудан ерінбей.
Сарқылмай бүгін сөйлейін
Сәтбаевтың кеніндей.
Ұлылықты танытам,
Ұлытаудың жеріндей.

Иә, рас, сөзім ащы еді,
Шиелінің уран, уындай.
Сахнада әр сөзім,
Сары алтынның буындай.
Мерген-мерген бола ма,
Қозы жауырын жебені
Қорамсақтан суырмай.
Жүйрік-жүйрік бола ма,
Шаршы топқа түскенде
Апшысын ердің қуырмай.
Өткел бермес ақынмын,
Кеңгірдің аққан суындай.
Ұлытауға келгенде
Жекпе-жекке жең түріп,
Желбіреп қайтам желпініп,
Алашымның алдында
Алаша ханның туындай.

Пікірлер(1)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *