Басты бет 2014 ж. Сәтбаев қаласы. "Қош келдің, әз Наурыз" «ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ) ЕКІНШІ АЙНАЛЫМ

«ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ) ЕКІНШІ АЙНАЛЫМ

 1 300 2

19-20 наурызда Сәтбаев қаласында өткен «Қош келдің, әз Наурыз!» атты айтыстың финалдық кезеңдері

Бауке 1беке

Екінші айналым, үшінші жұп

БАУЫРЖАН ХАЛИОЛЛА (Орал)

МЕН

БЕКАРЫС ШОЙБЕКОВ  (Түркістан)

 

 

Бауыржан:
Айтыс десе берілеміз сан ойға,
Көңіліңнен шығу үшін қалайда.
Әуенімен бастамасам ұят қой,
Шынболаттың атындағы сарайда.

Туған елім, шексіз саған алғысым,
Қалықтаттым өлең менен ән құсын.
Ұлытаудың ұлы жұрты бармысың,
Сәтбаевтың сүйікті елі, армысың!

Осы өлкенің адамдары қуатты,
Ағызатын алтын мен мыс бұлақты.
Бұл өлкенің көктемі кеш келгенмен
Ел-жұртының жүзі қандай шуақты!

Туды бізге бейбітшілік азат күн,
Дидарымыз, иманымыз ғажап тым.
Аталарым, аналарым, келдің бе,
Ар-ұяты, өр намысы қазақтың!

Жезқазғаным, қасиетіңді білемін,
Сендер менің ақтарылған тілегім.
Аға, іні, жеңгелерім бар мұнда,
Қонағына жұлып берген жүрегін.

Ақындарың келді алдыңа шеп түзген,
Ел-жұртының аманатын жеткізген.
Қолы құрыш кеншілерім аман бол,
Жарты өмірін жер астында өткізген.

Талай-талай ақынменен тартыстым,
Талай-талай ақынменен шарпыстым.
Түркістаннан Бекарыс «бап» кеп қалды,
Көзі тірі әулиесі айтыстың!

Қутыңдамай, қыса бермей көзіңді,
Ал, жалғастыр арнап келген сөзіңді.
Өзіміздің екенсің ғой Шойбеков,
Огай ма деп ойлап қалсам өзіңді!

Бекарыс:
Бір хабар жеткен кезде жарыс жақтан,
Қызықтан жарамайды қалыс жатқан.
Наурызын көріп елдің шын қуандық,
Батасын бабасына бағыштатқан.
Дәл мұндай қасиетті, құтты өлкені
Іздесең де таппайсың алыс жақтан.
Қазақтың төбесі көк тіресін деп,
Кен қазып, жер астында табыс тапқан.
Бар азапты бір өзі көріп жүріп,
Нар қазақтың қолына нан ұстатқан.
Қазынаның иесі сіздерсіздер,
Кен байлықты болса да Қаныш тапқан.
Сәтбаев, аманбысың қазағымды
Қаныш тапқан байлықпен қарыштатқан.

Шыңдалған Шынболаттай сақа кезің,
Әдемі тауып апсың мақам өзің.
Махамбеттің аулынан келгеннен соң,
Жігіт боп қалыпсың-ау жоталы өзің.
Сөз баққан жігіт пе деп қарап тұрсам,
Көз жаққа қарайсың-ау қатал өзің.
Сығырайған біздерді менсінбейтін,
Бармысың Бауыржандай «ботагөзім»?!

Қайтейін нұрлы күнді қапас қылсаң,
Жарар ед өлеңменен ет астырсаң.
Қысық көз деп айтқаның ұят болар,
Мағыналы сөздерді матастырсаң.
Әжептеуір есімді ұят болды,
Огайдың атыменен отастырсаң.
«Құласаң нардан құла» деген сөз бар,
Мықтылармен атастыр атастырсаң.
Огай деп бауырыңды қорлағанша,
Абаймен шатастырсай шатастырсаң!

Кез қылдым Бауыржандай жарамды ұлды,
Күн бола қояр ма екен маған нұрлы.
Жүрсіннің бел шәкірті болғаннан соң,
Менсіне қояр дейсің балаң кімді?!
Өйткені қасындағы ағасын да
Бұл Бәукең көрмей отыр адам құрлы.
Ерманов шәкіртіне салып мені,
Байқаймын шаруамды тәмам қылды.
Сауымен шығарса да мақұл еді,
«Жындыға» кездестіріп жаман қылды!

1

Бауыржан:
Өлеңің сенің айтқан жүйелі ме,
Жоқ әлде қасиетті, киелі ме?
Әзірге Огай болып жүре бергін,
Бұл сөзім таңба болмас сүйегіңе.
Содан соң Абай деп мен шатастырам,
Сақалды жапсырып ал иегіңе.

Толғауың бір басталса таңға ұласқан,
Жазарсың жалындаған мәңгі дастан.
«Жынды» деп бетіме кеп былш еткіздің,
Алдың-ау аяғыңды мәнді басқан.
Адамды аямайтын әдетің ғой,
Басасың мейірімге баулымастан.
Сені де сау деп айту қиын боп тұр,
Жындымен жынды болып салғыласқан.

Ниетің маған деген адал ма еді,
Шабысың сахнада шабан ба еді?
Сені де «киллер» дейді айтыстағы,
Маған да осы болды жаман жері.
«Жүрсіннің шәкірті» деп мысқылдайсың,
Бұл көкем меңзегендей маған нені?
Жүкеңнің шәкіртіне жаны ашыса,
Тағдырым дәл осындай болар ма еді?
Талайдың қанын ішкен «Киллерменен»
Жұп қылып сахнаға салар ма еді?!

Дүние-ай, сен дегенде ғапыл болды,
Санаңа қашан сенің ақыл қонды?
Барлығын қатарыңның қуып шықтың,
Айтқаның әрбір сенің нақыл болды.
Өзіңмен айтысам деп опа таппай,
Әнуар айналғанда әкім болды.
Аманжол жүргізуші болып кетіп,
Тапты ғой сахнаға жақын жолды.
Ал, қане шыққан мүйіз маңдайыңа,
Бұл Бекең осылайша батыр болды
Кәпұлы Дәулеткерей қазылықта,
Ұпайы оның берген мақұл болды.
Дәукеңді аяғынан атқансың-ау,
Басып жүр үш аяқпен тақыр жерді.

Жөн болар еш адамды кемітпеген,
Жан едім елдің жайын зерттеген.
Айтайын елдің қамын, жердің қамын,
Жөн болмас жел сөзбенен желікпеген.
Тоқпақтай галстукты тағып алған,
Тоң мойын басшыларды көріп келем.
Қазақша сөйлемейтін шенеунікті
Мен кейде салыстырам өлікпенен.
Әйтеуір қызметіне кеп кетеді,
Табыттай жылтыраған көлікпенен.

Азуды айға ақын білегені-
Аспанға сөз жебесін шірегені.
«Джип» мініп алшаңдаған дөкейлердің
Қонақ үй, сауна болды түнегені.
Соларды көк есекке бір мінгізсе,
Қадірін тақымының білер еді.
«Есекке есек мініп алыпты» деп,
Көрген ел бетін басып күлер еді!

Сөзімнің басы «Бісміллә»,
Жасаған ием бір Алла!
Сәулелі сөз сал санама.
Құнсыз ақын емес ем,
Жоқтаусыз жатқан далада.
Сахнада жұп болдым,
Бекарыстай ағама.
Құшақ жайсаң інім деп,
Жабыспаймын жағаңа.
Жас күнімнен сыйлаушы ем,
Жетемін бүгін бағаңа.
Айбаттансаң менсінбей,
Келтіремін тобаңа,
Түсіремін сабаңа.
Айналайын, ағайын,
Қиқу салып дем бергін,
Батыстан келген балаңа.
Шаң шығарып шашамнан
Шаппасам бүгін бола ма.
Айналайын, ағайын,
Көңіліңді табайын,
Сендерге жаным садаға!

Бекарыс:
Реңі Бауыржанның сұсты қандай,
Жігіт еді ақылменен іс қылғандай.
«Жынды» деп ем шабыты қайнап шықты,
Бұл сөздің құдіреті күшті қандай!
Әйтпесе жайшылықта не боп кетті,
Ышқырыңды көтеріп ышқынардай.

Ақынның қызыл тілін байламаған,
Ол рас, сіздің ұстаз жайдары адам.
Сен де оңай емессің, «Бомбасың» ғой,
«Бомбалармен» тіресу қайда маған.
«Киллер» менен «Бомбаны» қатар салып,
Ұстазың осы жолы, ой, жараған.
Өңшең суық қаруды жинап алып,
Қайда бара жатырсың қайран ағам?!

«Жынды» деп айтты екен деп шатылғанша,
Бөркіңіз қазандай боп бақырғанша.
Ақындарды мен қуып шыққаным жоқ,
Осыны саралар ең ақыл болса.
Аманжол ғалымдыққа бетін бұрды,
Қанекей ұлы Абайдай хәкім болса.
Дәулеткерей ағаңды мен атқам жоқ,
Өзінен барып сұра дәтің болса.
Таяқ ұстап келгенге тай беретін
Бұл елдің салты бар ғой батыл қанша.
Дәулеткерей таяқпен келіп отыр,
Сәтбаев, мінгізе бер атың болса.
Әнуар ағамыздың жөні бөлек,
Мойнында елдің жүгі жатыр қанша.
Менің шыққан мүйізім сол емес пе,
Әнуарлар халыққа жақын болса.
Айтыстың сахнасын маған тастап,
Мүйізі қарағайдай әкім болса!

Қызыл тіл көмекейдің тиегісің,
Айта гөр жақсы сөздің жүйелісін.
Он алты ақын келдік осы жерге,
Барлығың Ұлытауға иемісің.
Біреуің — Ермановтың шәкіртісің,
Біреуің — Жезқазғанның жиенісің.
Біреуің — осы ауылдың құдасысың,
Біреуің — осы ауылдың күйеуісің.
Біреуің — Бабыр бидің ұрпағысың,
Біреуің — Кетбұғаның сүйегісің.
Туыстығым бұл жерге болмаса да,
Қалың ел, сен мен үшін киелісің.
«Жалғыздың жары-Құдай» деген бар ғой,
Ағайын, сенсің менің сүйенішім!

Алыстан іздемей-ақ көрікті елді,
Құдайым керегеңді кеңітті енді.
Сәтбаев қала ма деп, қалмай ма деп,
Кешеге дейін халық жеріп келді.
Жігерлі жігіттердің жампоздығы
Халықтың қорқынышын жеңіп берді.
Сәтбаев емін-еркін дамысын деп,
Өкімет өздеріңе ерік берді.
Қалағанын алсын деп қазынадан,
Үш жүз елу миллиард бөліп берді.
Ал соны игеруге шақырыңдар,
Сирияда соғысып еріккенді.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында
Жаратқан жақсылығын төгіп берді.

Құдайым жарылқаса сый береді,
Сәтбаев жаңаша бір күйге енеді.
Жаңағы үш жүз миллиард деген ақша,
Белгілі талай миды түйрегені.
Осыны төкпей-шашпай игере алсаң,
Үлкен де, кіші түгел сый көреді.
Шама келмей жатса егер айтыңыздар,
Қазағым бір-бірінен үйренеді.
Ауылға бір телефон соға салсам,
Шымкенттен жүз қаралы үй келеді.
Құрылысты да жасайды, сауданы да,
Халқымның көшін алға сүйрегелі.
Үш жүз миллиард дегенді естіген соң,
Ерекше құлпырады бейнелері.
Елу жылға жасаған жоспарыңды
Екі жылға жеткізбей игереді!

Пікірлер(2)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *