Басты бет 2014 ж. Сәтбаев қаласы. "Қош келдің, әз Наурыз" «ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ) ЕКІНШІ АЙНАЛЫМ

«ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ) ЕКІНШІ АЙНАЛЫМ

 744 0

19-20 наурызда Сәтбаев қаласында өткен «Қош келдің, әз Наурыз!» атты айтыстың финалдық кезеңдері

Айбек КНурмат  Екінші айналым, төртінші жұп

АЙБЕК ҚАЛИЕВ (АРҚАЛЫҚ)

ПЕН

НҰРМАТ МАНСҰРОВ (АСТАНА)

 

 

 

Айбек:
Алла деп аламанда серпілейін,
Ел қолдаса несіне ентігейін.
Ассалаумағалейкум, арда қазақ,
Наурызда бақ, берекет мен тілейін.
Ұлыстың ұлы күні Ұлытаудың
Жерінде жез киіктей жөңкілейін.
Сен соққан шапалақтың қуатымен
Жырымнан жыр қоздырып желпінейін.
Торғайдан алып келген топан жырмен,
Кеңгірді кемерінен келтірейін.

Наурызда науат самал есілерде,
Дүбірлі айтыс болды есіл елде.
Жошы хан, Алаша хан, Асан қайғы
Жатқан жер мерейімді өсірер ме.
Едіге, Домбауыл мен Тоқтамыстың
Есімін айтып өтем қосып елге.
Сандыбай, Бабыр, Шегір, Қадір билер
Сүйреген қазағымның көшін өрге.
Ұлытау — ұлылықтың ұлы отауы,
Ұлылықтың ұрығы осы белде.
Мәңгілік ел болатын қазақ үшін
Мәңгіліктің бастауы осы жерде.

Ұлытау қазағымның жөргегі ғой,
Жөргегінен жерінген пендені қой.
Қанша жерден айтпайын десем-дағы
Көмейге бір сөз келіп бермеді ғой.
Торғай менен Жезқазған Үкіметтің
Ашып-жауып ойнайтын ермегі ғой.
Алаштың айтулы екі ордасына
Тым құрыса бір облыс бермеді ғой.
Аузын аққа тигізген Үкіметтің
Ұлытау даласының кендері ғой.
Ет жегендер етекте қалып қойып,
Ит жегендер биікке өрледі ғой.
Ұлытаудан қашырмай ұлылықты
Ұстап тұрған сіздердей ерлері ғой.
«Жезқазғанда болашақ жоқ» деп айтқан,
Бөспелердің айтқаны келмеді ғой.
Бір ғасырға жетерлік қазбасы бар
Жыланды ойпатының жерлері ғой.
Бұл да болса Ұлытау өлкесіне
Бақ пенен берекеттің келгені ғой.
Сіздердей адал елдің ниетіне
Жаратқан Жаббар Хақтың бергені ғой.

Ұлытау — дүбірлетіп құндақ белді,
Жырға бөлеп кетейік қымбатты елді.
Сәтбаевта айтулы айтыс бар деп,
Селкілдеп Сыр бойынан Нұрмат келді.
Бүйрек тасын түсіред деп айтып ед,
Қалай басып өттіңдер зұлмат жолды?
Бұл кеше Бауыржанмен белдесіп ед,
Талпынып көрсетуге ырғап белді.
Мертікпей Бауыржандай балуаннан
Қалай өтіп кеткені жұмбақ болы.
Құтылып Бауыржанның «бомбасынан»,
Айбектей «ракетаға» зулап келді.

Ақындар күнде бұлай жолықпайды,
Нұрматты дей алмаймын жөн ұқпайды.
«Ракетамен» қорқытып көрейінші,
Мен біраз басына оның болып қайғы.
Бұл бірақ ракетадан қыңбайды ғой,
Байқоңыр тұрған кезде торықпайды.
Диірменнің ішінде өскен тышқан
Найзағай күркірінен қорықпайды!

Нұрмат:
Бісміллә, әңгімені жөнге бердік,
Бесігін тек тектілік тербеген жұрт.
Айтыстың айдынына шығарғасын
Желкенді тағы да бір желге кердік.
Кешегі озбырлықтың кесірінен
Қаншама салт-дәстүрді жерге көмдік.
Алайда азаматтар араша боп,
Дұшпанына мүмкіндік бермеген түк.
Айтыс та сол дәстүрдің біреуі ғой,
Алаштың ойын айтар зерлі өлең қып.
Әнуардай рахмет ағамызға,
Осылай күту керек ерден ерлік.
Қалай да осы айтысты өткізем деп,
Көк атын тартып келді көлденең қып.
Ассалаумағалейкум, Сәтбаевым,
Тыныштығы жарасқан төрден көрдік.
Ат мініп, алтыннан тон жамылса да,
Айтысын ұмытпайтын елден көрдік!

Жамағат, төріңнен кеп жарық берген,
Бір жағдайды айтайын халық көрген.
Владимир Малышевтай бір орыс бар,
Осы елдің қабағын бағып келген.
Никольск қаласын тынбай жүріп,
Қаныш ата атына алып берген.
Оны да «Балатемір» атандырып,
Өздерің талабына бағыт берген.

Ерденнің ен жайлаған қонысында
Ешкімнің де кетпейді салы суға.
Жезқазғанда туылған ұл мен қыздың
Найзағайдың оты бар намысында.
Ұлытауға ұқсайтын ұлылық бар,
Бұл елдің қазақ түгіл орысында!

Салмағын сезінетін жердің өзі,
Бұл Айбек елге мәлім ердің өзі.
Бірақ та атағынан жасқанбайын,
Жігіттің болмайды ма ер мінезі.
Аяқасты ағаммен шығып қалдым,
Дертіме табылғандай емнің өзі.
Жатқан түйе аузында салым болса,
Жантақты айдап келед желдің өзі.

Қыранның тұғырына қаз қонбай тұр,
Айеке, сен айтатын сөз болмай тұр.
Бауыржан –бомба, Айбек – ракета деп
Айтқаныңа көңілім мәз болмай тұр.
«Ракетадан сен бірақ қорықпассың»
Дегенге мына халық мәз болмай тұр.
Ракеталар сорғалап күнде үстімнен,
Мұңымды айтайыншы азғандай бір.
Жарылып не мақсатқа жетесіңдер,
Сабырды сақтайықшы азғантай бір.
Сендер сабыр қылыңдар, айналайын,
Орыстан көрген сорым аз болмай тұр!

Қимылың бар шалт басып, ширақ жүрген,
Айтыстан айтыстарға ширап жүрген.
Бақытжамал апаның інісісің,
Жылына екі-үш рет үй де ап жүрген.
Апамды сүйер болсаң жүлде бер деп,
Жүкеңді айтыс сайын қинап жүрген.
Қалың арғын өкілі келіп отыр,
Қалыңмалды айтыстан жинап жүрген.

1

Айбек:
Бұл Нұрмат көрерменді неге алдайды,
Мынауың нағыз дәлел бола алмайды.
«Арғынның қалыңмалын жинап жүр» деп,
Айтқаныңа мынау жұрт сене алмайды.
Өз жездесі Жүрсіндей болмаған соң,
Әншейін Нұрмат мені көре алмайды.
Жүкеңнің бағын ашқан Бақытжамал,
Одан басқа адамға сене алмайды.
Әйтпесе «Әлем мәні-әйелде» деп,
Жырларын апамызға неге арнайды?
Сондықтан Жүрсін маған мәңгі қарыз,
Қарыздарын қайтармай өле алмайды.
Бір емес жүз мәшине мінгізсе де
Апамның құнын өтеп бере алмайды!

Нұрматтар ұзағынан толғайды ма,
Қызық көріп отқандай Торғай жүдә!
«Мен сенен жасқанбаймын» деп айтасың,
Ойларға бармасаңшы ондай жүдә.
Менен асып аспанға ұша алмассың,
Ондайды ағаң жүдә қолдайды ма?
Байқоңырдан ғарышқа ұшқандар да,
Торғай мен Жезқазғанға қонбайды ма?!

Ақындар заманадан іс ұқтырған,
Қазақты ешкім де жоқ құшып тұрған.
Ағайын, бұл қоғамда запыран көп,
Ауыздың дәмін алған тұшып тұрған.
Қазақстан дәл қазір ауырып тұр,
Көп дұшпан көз тигізіп ұшықтырған.
Жаңаөзен-жаттан жұққан тұмау болды,
Қызуы көтеріліп, ысып тұрған.
Кердеңдеген көкжөтел келімсек көп,
Асыңды ішіп, аяққа құсып тұрған.
Жат елден келіп жатқан сансыз секта-
Дінімізге қатерлі ісік болған.
Мәңгүрттік — мұрындағы гайморитің,
Тынысыңды тарылтып, қысып тұрған.
Бас ауруға айналды Байқоңырың,
Мең-зең қып шекемізден қысып тұрған.
Гептилі құрсағыңа құрт боп түсіп,
Жатырды бедеу қылды пісіп тұрған.

Көңілім бір ісініп, бір мұздайды,
Жүректің соғысын жай ұрғызбайды.
Жершілдік – желкемізге шыққан шиқан,
Мойынды оңға, солға бұрғызбайды.
Рушылдық – тіске түскен қанқұрт боп тұр,
Жұлам десең ісініп жұлғызбайды.
Жемқорлық – сүйектегі гангрена,
Кеспесең жалғанда аман тұрғызбайды.
Алауыздық – жебір ғой жұлындағы,
Кемтар қып дұрыс қоғам құрғызбайды.
Тілге де дефектолог керек боп тұр,
Жиырма жыл сақау болсаң – бұл жүз қайғы!
Ал енді имансыздық – импотенттік,
Белсіздік беделді ұрпақ туғызбайды.
Науқасқа тек тыныштық керек қазір,
Бірліксіз аяз кетіп, күн қызбайды.
Жаһандану – құтырған қара дауыл,
Лайлап тұнығыңды түнғызбайды!

Құдайға шүкір, Нұрмат, бар екенсің,
Көлеміңді байқасам дәу екенсің.
Байқадым балпаң басқан жүрісіңді,
Өркеші өрге тартқан нар екенсің.
Былтыр ғана жіптіктей жігіт едің,
Жүдеткен өмір атты тәуекел сын.
Доллардың тез өсетін курсындай
Өзің де бір өсімтал бәле екенсің.
Вахтада алты күндік норма беріп,
Шахтаға түсіретін жан екенсің.

Нұрмат:
Өзіңді көруші едім бір бауырдай,
Жездеңе міндетіңді жырлауыңды-ай.
Жүрсін аға жемісі көп ағаш еді,
Бәрін жеймін деп бұтағын ырғауыңды-ай.
Апаңды соншалықты бұлдамашы,
Қазақта көп пе еді осы тұлға мұндай?
Жүз мәшине берсе де қарыздар деп,
Жүкеңді бір уайымды қылғаныңды-ай.
Арғынның бір-ақ қызын алып еді,
Аузынан аямай кеп ұрғаныңды-ай.
Арғынның алты қызын бір күнде алған,
Хан Абылайды аяп тұрғанымды-ай.

Әрине, еріктісің не десеңдер,
Айналып шықпайсыңдар неге сендер?
Дидар менен екеуің жезделейсің,
Біздегі мына ойды елесеңдер.
Осымен тоқталыңдар, Жүкеңді де,
Абылайдай алжытайын демесеңдер!

Көңілім саған қарай ұшып еді,
Сөзіңді сенің інің түсінеді.
«Шахтаға қамаймын» деп қорқытасың,
Інің несін өкпелеп, ісінеді?!
Бұрынғы Нартайлар мен Тайжандар-ай,
Бір- бірінің алдында кішік еді.
Бұрынғылар төбеге көтеруші ед,
Бүгінгілер жер астына түсіреді.

Демеймін әзіліңе көңілдендім,
Мен мына Жезқазғанның елін көрдім.
Осында кеп, аға, мен толысып ем,
Азып кетті Ұлытаудай өңірден кім?
Екі күн Сәтбаевта қонақ болып,
Халықтың пейілінен семіргенмін!

Ақынның болмау керек өрнегі ұсақ,
Бала едім ашатұғын желге құшақ.
Өсіп кетсем доллардай шығармын мен,
Айтып кетті демеші әрнені ұсақ.
Өсіп кетсем ініңе қызыққайсың,
Пейіліңді танытпа пенде құсап.
Қазақтың қамын ойлап, қажып жүрген,
Ашайын Айбектейін ерге құшақ.
Түріңіз жылдан-жылға кеміп барад,
Күннен-күнге құны кеткен теңге құсап.

Айеке, ұқсамайық жасығанға,
Жыр айтсаң түсуші едің жосып алға.
Қазақтың бар ауруын санамалап,
Ауруыңа ауру қосып алма.
Азғындықтың шегінде тұр Еуропа,
Солардың ел болатын бәсі бар ма?
Көгілдірді заңменен қорғап тұрған,
Солардан шошиықшы шошығанда.
Орыстарың арақпен уланып тұр,
Путин бастай алмай тұр көшін алға.
Семіздік, сауатсыздық өршігесін,
Кәрі құрлық қалып тұр басы дауға.
Жапондар аяғынан семіп барад,
Техника оздырғанмен бәсін алға.
Қазақ мұндай аурудан аман әзір,
Айеке, шүкір қылдық осыған да.
Біздікі жазылатын тұмау-сымау,
Сырқаттың ең ауыры осыларда!

Қазақтың бұл Айбегі күндей ме екен,
Атағы мен айбыны дүрдей ме екен.
Мен саған бір қызық жай айтайыншы,
Демеші сырт жақтарды тілдей ме екен?
Әлемге ақыл айтқан Америка
Қаперіне мұндайды ілмейді екен.
Халқының қырық тоғыз проценті
Сауатсыздық санатында жүр дейді екен.
Қарапайым жеп отқан нанның өзін
Бидайдан жасаларын білмейді екен.
Осыны сезінгесін Нұрағамыз
Ел-жұртын білім жаққа үндейді екен.

Бұл енді алашымды ойландырсын,
Біздің ұрпақ басқаша байлам қылсын.
Америкаға несін таң қаламыз,
Әзірге ойран қылсын, сайран қылсын.
Өздері пісірмей тек жұрттың нанын
Тартып ап жеп жүргесін қайдан білсін!

Бұл Айбек қазақтағы ақпа ақын ғой,
Бірақ Нұрмат аузыңа қақпақыл ғой.
Халықтың мұңын айттың, жырын айттың,
Кеудесі датқа толған отты ақын ғой.
Ой жеп қойған басыңның төбе жағы
Қой жеп қойған төбедей тап-тақыр ғой.

Ел-жұртына бұл ағам адал еді,
Қара қылды қақ жарар ағам еді.
Қазақты қазақ қылам деп жүргенде
Өзің монах болмасаң жарар еді!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *