Басты бет 2014 ж. Сәтбаев қаласы. "Қош келдің, әз Наурыз" «ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ) ЕКІНШІ АЙНАЛЫМ

«ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» (СӘТБАЕВ) ЕКІНШІ АЙНАЛЫМ

 1 065 3

19-20 наурызда Сәтбаев қаласында өткен «Қош келдің, әз Наурыз!» атты айтыстың финалдық кезеңдері

Иран ГайыпЖансая

 Екінші айналым, төртінші жұп

ИРАН-ҒАЙЫП КҮЗЕМБАЕВ (АСТАНА)

ПЕН

ЖАНСАЯ МУСИНА (ОРАЛ)

 

Иран-Ғайып:
Ағайын, қабыл болып көп тілегің,
Бес қарыс бойымменен көк тіредім.
Мен кеше Мақсатыма жол берсем де,
Финалға аттың басын кеп тіредім.
Ортаға мені қайтып алып шыққан
Сіздердің ықыластырыңыз деп білемін.
Айтыс десе қоятын ішкен асын,
Сіздердей аман болсын тектілерім!

Аса бір болмасақ та көрікті адам,
Алланың берген сыйын көріп қалам.
Жүрсін ағам құлаққа сыбырлап ед,
Не десе де білеміз, ерікті адам.
Бас жүлде аласың деп айтып еді,
Осындай «шындықтарға» сеніп қалам.
Былайынша тілазар болсам-дағы,
Амал жоқ осындайда көніп қалам.
Ағайын, қолыңды соқ, қошемет қыл,
Алла жазса айтыста жеңіп қалам.
Қолды соғып отырсаң, мейіріміңе
Самарқанның тасында еріп барам!

Шынболаттың тұрған соң сарайында,
Жансая, ерекше екен арайың да.
Сен кеше «Күйеуім жоқ» деп айтып ең,
Айқайлап осындағы ағайынға.
Соны естіп екі жігіт жетіп кепті,
Жансаяның жүрсек деп маңайында.
Бірі найман, ал бірі арғын екен,
Соларды бақытыңа балайын ба?
Бірақ та олар келіпті амалсыздан,
Дегендей алайын ба, алмайын ба?
Жоқ әлде екеуін де әуре қылмай,
Өзіме тоқал қыла салайын ба?

Бірақ менің талабым жоғары еді,
Сен келіссең қадамым оңар еді,
Ата-анам рұқсатын бере қалса,
Шаңырағым шаттыққа толар еді.
Әйелім де рұқсатын бере қалса,
Ол кезде басыма бақ қонар еді.
Екеуі де рұқсатын бермей қойса,
Ол кезде тіпті жақсы болар еді!

Жансая:
Болмады дейді Жансаяның тойы мына,
Шыдайын құрдасымның сойылына.
Негізі маған ғашық жігіт көп ед,
Қазақтың ұнамап ем қай ұлына?!
Бірінші өзің бастап сөз айтып ең,
Мен оны балап едім ойыныңа.
Құрдасым Еркебұлан да сөз айтып ед,
Оның да жете алмаппын байыбына.
Нұрмат та қалысқан жоқ екеуінен,
Келгіштеп қайта-қайта Жайығыма.
Бұл күнде осылардың бірі де жоқ,
Келместің кетті мініп қайығына.
Жасырып не қылайын, біреуінің де
Асылып үлгірмедім мойынына.
Болаттай болу керек болған іске,
Артының қараймын ғой қайырына.
Бәрінің жатқан жері жайлы болсын,
Тапсырдым бір-бір қыздың қойынына!

Сөзімді сақташы Алла, мол күнәдан,
Көрсетіп тура бастар жолды маған.
Мен кеше осы жерде айтысып ем,
Көмейден жыр, күй төгіп домбырадан.
Аянбай алдарыңда тер төккесін,
Аямай ұрдыңыздар қолды маған.
Ал бүгін алдарыңа қайта келдім,
Жюриден берілген соң жөнді бағам.
Әйтеуір үйтіп-бүйтіп құтылдым ғой,
Мейірбек Сұлтанханнан тор құраған.
Бүгінгі қарсыласым Иран-Ғайып,
Біз үшін айтыстағы зор бір адам.
Мейлі ғой, Иран болса бола берсін,
Көрінген қаза бермес көрді маған.
Бір-бірлеп айқасудан қорықпаймын,
Барлығы жабылмаса болды маған!

Жұбымыз жүйрік пе екен, шабан ба екен,
Негізі ойым жоқ ед саған бөтен.
Сап-сары қарсыласқа жолығыппын,
Мынауың апельсин бе, банан ба екен.
Жоқ әлде Шиелінің балдай тәтті
Май қауынын жеп өскен балаң ба екен?
Қасыма күндей болып жарасқасын
Таратсай шуағыңды маған көкем!
Қазақтың исі шықпайды мына сенен,
Николай, Петр первый – бабаң ба екен?
Кім екен шыныменен Иран-Ғайып,
Көңілім соны ойлаумен алаң ба екен?!
Әлде бұл жер бетінде тірі жүрген
Алтыннан жаратылған адам ба екен?!

1

Иран-Ғайып:
Бұл бізді мықтыларға санамас па,
Қалжыңдасып отырсақ жарамас па.
Мені бұл апельсинге теңеп кетті,
Әйтеуір теңеген жоқ жаман асқа.
Бананға теңегенің қызық екен,
Адам деген өзіне қарамас па?!
Мен банан бола қалсам, Жансаяжан,
Сен қатты ұқсайсың ғой ананасқа.
Ананас, айналайын, бұдан кейін
Банандардың ісіне араласпа!

Жансая әнмен елді тербей білді,
Өлеңменен және де өрлей білді.
Бізді бүгін теңеді әрнәрсеге,
Осылай құрдасын да жердей қылды.
Не десең де таппайсың мендей құрдас,
Мен де сірә таппаймын сендей құрбы.
Қыз өссе елдің көркі демейді ме,
Қателігін қызыңыз жөндей білді.
Сені де гүлге теңеп кетер едім,
Жақсы сөз жанға ырыс, ем дей білді.
Бірақ та осы жасқа келгенімше,
Тікені көп көрмеппін сендей гүлді.

Қазағым, әлімсақтан ел ең дара,
Мен едім үміт артсаң сенер бала.
Жансая қасыма кеп жайғасқанда
Екі елі көкке жетті төбем жаңа.
Ерекше жаратылған қыз екенсің,
Айтқан сөзің – атқан оқ берен дара.
Аяқ-қолың балғадай қыз екенсің,
Бойыңдағы күшің де ерен дара.
Алмадай екі бетің сияқты екен,
Жезқазған мен Сәтбаев деген қала.
Сендегі сырға толы сұлулықты
Толықтырып тұрған жоқ өлең ғана.
Себебі менде де жоқ қыпша белді
Жансая, көріп тұрмын сенен ғана.
Сен де бірақ дәл мұндай мақтаулардды
Естіп тұрған шығарсың менен ғана!

Жансая:
Тастадың өлеңімді жіліктеп сен,
Санамда жақсы емес қой күдік сепсең.
Басында гүлге теңеп отыр едің,
Жақсы емес ойларыңды күдікті етсең.
Артынан тікенекке теңеп жатсың,
Келіп пе ең бұл жайында біліп тек сен.
Тікеннің шаруасын сен білесің ғой,
Жақсы емес жағдайың да жұлып кетсең.
Безілдеп сахнада шауып жүрме,
Байқаусыз бәшпайыңа кіріп кетсем!

Бұл күнде құбылды ғой ғалам бөлек,
Өзгерейін десе ем жоқ-ау адам кенет.
Доспыз деп бауырыңа кірген жандар,
Қас болып соқтығысты-ау саған кенет.
Желпініп Жириновский – жартыақылың,
Жар салып жарты әлемге жамандап ед.
Табақтан асыңды ішкен сол қанденің
Таптады-ау намысыңды табанға кеп.
Бөрігін теріс киген сол қанденді
Бөлшектеп бөрілердей талау керек.
Паниндей әртіссымақ алқашыңның
Басына бөтелкені қадау керек.
Лимоновты лимондай домалатып,
Содан соң мамалатып сабау керек.
КСРО құрам деген Зюгановтың
Басының болтын ашып қарау керек.
Тәуелді бола алмаймыз енді ешкімге,
Тулақтай түсе алмаймыз талауға кеп.

Ол рас адам бүгін өзгерді ғой,
Құтырып, құбыларын сезген бе олай?
Тың-тыңдап сыртымыздан жүрген жандар,
Сыпсыңдап жүргендерін көз көрді ғой.
Басыңды бір жағадан шығармасаң,
Егемен екеніңе сөз келді ғой.
Төбеден төпелетіп жатса-дағы,
Қазағым, төмен қарап төзгенді қой.
Жылмыңдап жынымызға тигендердің
Жындарын қағып алатын кез келді ғой!

Қыз балаға тыйым бар қырық үйден,
Анда-санда қалғанда шығып үйден.
Мен байқұсқа сол кезде жолығады,
Сөз айта алмас жігіттер сүмірейген.

Шамданбайсың, ал, қалай,
Екі көзім ботадай,
Екі бетім алмадай.
Екі аяғым оқтаудай,
Екі қолым балғадай.
Жігітке әлім келеді,
Бір ой келді басыма,
Отырайын зарламай.
Бір жігітті бақыртып,
Алып қашам бұйырса,
Басқа амалым қалмады-ай!

Бұл Жансая дегенін қылады ғой,
Жалғыздыққа пәлен жыл шыдады ғой.
Осылай деп көтерген давлениемді,
Жігіттердің өдері кінәлі ғой!

Жұбайымның болашақ
Сегіз ешкі, жеті қой,
Он сиырдан тағы да
Кем болмасын малдары.
Кем болмасын жүз мыңнан,
Жалақы қып алғаны.
Ағайындар, осылай
Жансаяның демеуге
Басқаша халі қалмады.
Осындай жігіт тауып алсам,
«Не важно» қалғаны!

Аман болса табамын,
Тау қопарар талабым.
Жұбайымды іздеумен
Араладым көшесін
Талай-талай қаланың.
Әлі солай аралап,
Қалай солай табамын.
Жаңағы айтқан бір жігіт
Жезқазғаннан табылса
«Железно» қаламын!

Пікірлер(3)

  1. Жансая мен Иранғайыптың айтысындағы соңғы әуен қай өлеңнің әні? роза Әлқожаның бір әніне ұқсаттым. білсеңіздер жазыңыздаршы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *