Басты бет Жазба өлеңдер Айтыскер ақын Бақыт Жағыпарұлының жазба өлеңдері
Айтыскер ақын Бақыт Жағыпарұлының жазба өлеңдері
1  1 344

Айтыскер ақын Бақыт Жағыпарұлының жазба өлеңдері

 1 344 1

ЖагыпарулыАСПАНТАУДЫ АҢСАУ

Мен туған жер шұрайлы Шибұт таудың етегі,
Қорғасындай ұйыған Қожбанбеттер мекені.
Төрт түлігі төрінде, ырыс тұнған елімде,
Дәмі ауыздан кетпейтін бал-қаймақты шекері.

Бөтен ешкім жоқ мұнда, бәрі менің бауырым,
Ақ батасын арнаған ақ тілекті қауымым!
Келмегелі көп болды, іргең бүтін, тыныш па,
Ата қоныс, аяулы алтын бесік ауылым?!

Қос Шибұттан ағатын қандай еді ақ бұлақ?
Шап айылмен төстігін тартып беріп қаттырақ.
Мышан көке мінгізіп күрең қасқа жүйрігін,
Сиыр айдап өріске қайтушы едім шапқылап.

Ол үйдегі Несіпжан апамыз да жарықтық,
Құрт-кәмпитін қалтама салушы еді қарық қып.
Иемберген қарт сынды көне көздер бар еді,
Солар шерткен шежіре, аңыз-жырға қанықтық!

Самаурынын қайнатып, үрлеп қойып оттығын,
Бар ауылдың тілейтін амандығын-тоқтығын.
Тұрсын, Бихан әжелер, менің Дәулет досым да,
Сағынғанмен амал не… арамызда жоқ бүгін!

Балалық шақ қайрылмас, ең қызықты сәт неткен,
Сөмкемізді сүйретіп оралушы ек мектептен.
Ұстаздардың көбінің қатарлары кеміген,
Білім беріп ұрпаққа келешегін көктеткен.

Береке мен бірліктің ғұрпы тұнған осы елде,
Өсіп-өнген бұл жерден ақын, шешен, көсем де.
Аққораны жайлаған, бие бауын байлаған,
Жиі енеді түсіме әкем менен шешем де.

Қол бұлғайсың алыстан Көксай, Шолақ, Ақбиік,
Жүрегімді сыздаттың сағынбайын десем де.
Құт мекенім ауылым, құлыныңа құшақ жай,
Менің балғын шағымның ізі қалған көшеңде.

 

 

ҚАЙРАН ШЕШЕМ
Тесе шотпен уатып көң, ағашын,
Жер ошаққа от тұтатып анашым.
Сүт пісіріп, қаймақ қалқып қазаннан,
Еркелетіп әлпештейтін баласын.

Бар балаға сөйтіп өзек жалғайтын,
Жамап-жасқап жоқ-жітікті қамдайтын.
Қаусамайтын, шаршамайтын, талмайтын,
Күн ұзаққа ешбір тыным алмайтын.

Қайран шеше, бейнет болды көргенің,
Көп тоқыдың тауқыметтің өрмегін.
Өзегіңді жарып шыққан өр ұлың,
Ағыстарға қарсы жүзді… көрмедің.

Аз ғұмырда ақ түсірмей шашыңа,
Әкем де тым ерте әкетті қасына.
…Жаратқанға жалбарынып қол жайып,
Дұға оқыдым қабіріңнің басына,
Ғазиз Анам!

 

 

ҚАРЛЫҒАШЫМ

Қарлығашым – көз айым тұңғышымсың,
Шаттық хабар жеткізген жыл құсымсың.

Сенің сәби даусыңнан балбырадым,
Әке атанып менің де жанды бағым.

Сезім бар ма сананы өртемейтін,
Анаң бұрын бөлектеу еркелейтін.

«Енді өмірге қызымыз келді дейді»,
Уызына қандырып елжірейді.

Бұл шаттығым далама таралып кең,
Құттықтауда дос-жаран, аға біткен.

Бірақ өзім біртүрлі қысыламын,
Қолымды әрең созып ұсынамын!

Сенсің енді ажарлы күн-айымыз,
Кірді үніңмен базарлы шырайымыз.

Білінгендей деміңнен мият-күшім,
Анаңа да ұқсайтын сияқтысың.

Болмаса да әзірге баспанамыз,
Аман болсын періште жас баламыз!

Өзімізше жабдықтап әрлеудеміз,
Кеңейіп кетті міне, тар бөлмеміз.

Уілдесең, іңгәләп, көңілденем,
Алмасады осылай өмір деген.

Шат күлкімен қарсы алып жаңа күнді,
Қарлығашым, қақ еркін қанатыңды!

 

 

***
Алатауым сағындым ақ бұлтыңды,
Көңіл құсым жетсем деп көп бұлқынды.
Мен саған мәңгі ғашық екенмін ғой,
Сағыныштың азабын шектім түрлі!

Сенде өткіздім алаңсыз жас шағымды,
Сағындым ақ жаңбырлы аспаныңды.
Менің нәзік жанымды баурап алдың,
Ей, Алматым! Сағынам басқа кімді?

Алысқа ұзап шықсам жат санама,
Тағдырыммен байландым тас қалаға.
Мейлі ол мәрмәр киіп, маржан тақсын,
Дәл мұндай сұлу бола алмас басқа қала!

Қанша ақындар жыр жазды сөзі жақұт,
Кету қиын қасыңнан аз уақыт.
Ару қала Алматым – Алатауым,
Сенде ғұмыр кешудің өзі бақыт.

 

 

***
Толқы теңіз, жұмбақсың бар адамға,
Мен үнсізбін, жалғызбын жағалауда.
Тебіреніп тереңге үңілгенмен,
Жоғалтқан бақытымды таба алам ба?

Толқының көбік шашқан шуақты әсем,
Жанымды жылытпайсың бірақ та сен.
Теңіз саған тіл бітсе тыңдап мені,
Сырыма құлақ түріп, жылатпас ең!

Сарғайтып көп қаратқан жолға мені,
Арманның алдарқатар жоқ дәлелі.
Кеш сезініп кіршіксіз сезімімді,
Сағынып жүрген шығар ол да мені.

Тұнық теңіз суыңнан ем іздеймін,
Кейде өзім де бұрқанған теңіздеймін.
Ақ қанат, әппақ құсым, ақ шағала,
Алабұртып айдыннан сені іздеймін!

 

 

КӨКТЕМІМ
Ойыма оралды өткенім,
Сен мені жазғырма, сөкпегін.
Боз таңнан бозарып тұрмын мен,
Жанымды жылытшы көктемім!

Жерініп жаздың да бағынан,
Күз келсе мұң басып қамығам.
Дақ көріп қаңтардың қарынан,
Көктемім мен сені сағынам.

Сейілтіп көктегі бұлтыңды,
Көктемім аша ғой құлпыңды.
Жадырап, шаттанып, күлейін,
Жадымнан шығармай бұл күнді.

Шерімді менің кім ұғынсын,
О, көктем бәрінен сұлусың.
Болмаса нөсерлет дамылсыз,
Бар кінәм жаңбырмен жуылсын,
КӨКТЕМІМ!

 

 

ЖАРЫҚ АЙ
Тереземнен Ай көрдім таң алдында,
О, жарық Ай, сен нұрдан жаралдың ба?
Жұлдыз біткен өзің деп өзеуресе,
Оранып жыр жазады қалам мұңға.

Өзгертпей дөп-дөңгелек қалыбыңды,
Толған Ай түсірдің сен жарығыңды.
Ақ түнде сапар шегіп сан тарапқа,
Ай-арудан үйрендік сағынуды.

«Желсіз түнде жарық Ай…» әніміз де,
(Жоқ әлде, сенбеймісің әлі бізге?).
Ән салдырып, көркіңе тамсандырып,
Тек биіктен қарайсың бәрімізге!

Сен неге серік еттің қара түнді,
Күн келіп тауысты ма тағатыңды?
Көзіме көрінер ме ең мәті дәурен,
Кейін қарай бұрасам сағатымды
Жарық Ай!..

 

 

ТЫРНАЛАР ӘУЕНІ
Жасын ойнап, көкте күн күркірейді,
Ақ жаңбыры сәуірдің сіркірейді.
Қылығы қырық түрлі қыз-көктемде,
Қырқа – белде құлпырып гүл түлейді.

Шашуын Құс жолына лақтырып,
Қанаттылар әніне құлақ түріп.
Өзі күткен бейненің бір хабарын,
Құстардан қалғысы кеп сұрап біліп.

Бір ару аспан жаққа көп қарайды,
Іздей ме жаны жылап көктегі Айды.
Төбеден ұшып өткен топ тырналар,
Қайда кетіп барады тоқтамайды.

Бурыл толқын бұлттарды жарып ұшып,
Туған жерге асыққан алып ұшып.
Тырналардан көз алмай кербез сұлу,
Орамалын бұлғайды жанып-ысып.

Думанына елітіп елжіреткен,
Ой-сананы сергітіп келді көктем.
Кеткім келді ауылға, естілгенде,
Тырналар ансамблі көкжиектен.

 

Пікірлер(1)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *