Басты бет Жазба өлеңдер ҚҰДАЙБЕРДІ МЫРЗАБЕКОВ ЕЛУДЕ!

ҚҰДАЙБЕРДІ МЫРЗАБЕКОВ ЕЛУДЕ!

 731 0

ҚҰДАЙБЕРДІ МЫРЗАБЕКОВ ЕЛУДЕ.

Құдашым, Құдаш – інім Құдайберді,
Мен саған теңгермеймін былайғы елді.
Серіні сертке берік сен деп білем,
Буынып шыға келсең қынай белді.

Басыңнан жылдар зулап өткенімен,
Мен сені әлі жас қой деп келіп ем.
Атыңды бауырлатып талай өттің
Қара өлең дариясының өткелінен.

Жаныңды жарқылдатсаң жырға жайып,
Тағатым талай менің тұрды азайып.
Аузыңнан алтын сөздер ақтарылса
Болушы ем түс көргендей бір ғажайып.

Кейде сүт те аз болып, көп көмірің,
Айтыстың бір мінбедің көк темірін.
Көмбеге қара үзіп келе ме деп
Қысумен тақымымды өтті өмірім.

Көмбеге Құлагер боп жетпегендер
Бәрің де бүгін маған өкпелеңдер.
Кермеде тыпыршыған тұлпар құсап
Жүлдесіз кетті қанша текті өлеңдер.

Жаратқан, жақсыларды жат қылмашы,
Шайырға анық екі шақ тумасы.
Сыймадың қалыбына бұл заманның,
Ноқтаға сыймағандай аттың басы.

Айтыстың таптың деп ем бел баласын,
Өзің де талайларға енді ағасың.
Оңайға иілмейтін өр басымды
Иілткен талантыңмен сен ғанасың!

Жақындау жүрмесең де өте маған
Мен сені деген жоқпын бөтен адам.
Киесі Көкшетаудың сен деп білем
Батасын беріп кеткен Көкен ағаң.

 

Киіп ап сақ бабаның саптамасын

Сен енді тұлпар баптап, ат бағасың.
Қазаққа қазақ болу оңай емес,
Тағдырың талантыңды таптамасын!

Елудің еңкейтпесін таянғаны,
Сан бұлбұл паналайды саяңды әлі.
Көкшені көтеруге жарайсыңдар
Төлеген, өзің және Баянғали.

Сақа деп иірмейді кім асығын,
Ел сорлы – танымаса шын асылын.
Көгілдір Көкшетаудың Құдашының
Тілеймін жығылмауын жығасының!
31шілде, 2014жыл. Жүрсін Ерман

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *