Басты бет Жазба өлеңдер «Өсу мазмұндамасы» Айтыскер ақын Айбек Ережептің жазба өлеңдері

«Өсу мазмұндамасы» Айтыскер ақын Айбек Ережептің жазба өлеңдері

 918 1

picАйтыскер ақын Айбек ЕРЕЖЕПТІҢ жазба өлеңдері

Қайшылық

Түспесе керек көзіне бақыт,
Жасырған сормен жеңіне қолын.
Жасатқан екен өзіне табыт,
Қоятын бірақ жері жоқ оның.

Күтіп жүр біреу тез  уақыттың,
Қиындығының беретін құнын.
Кедейлік деген сегіз әріптің,
Қызыл кітапқа енетін күнін.

Құдайдан біреу тілеп арнайы,
Байлыққа байлық қосуын сұрайды.
Қымқырып қалып біреу ондайды,
Құдайдан өзін кешуін сұрайды.

Дүние іздеп сенделген адам,
Бармапты байлық соңына жылап.
Алтын киіммен жерленген бабам,
Шешіп алғанбыз оны да бірақ.

Жақсы жаманды аңдамай жалған,
Жалған екенін танытты ма екен.
Пендені, шіркін, таңдамай қонған,
Бақыттың өзі бақытты ма екен?!

Өткінші өмір сырын бағуға,
Шыдамың жетпес құлатып бөгет.
Өз міндетімен шұғылдануға,
Уақытқа да уақыт керек.

 

Бетпе — бет

Менің бүкіл қи мылымды көшіріп,
Айна ішінде біреу отыр қалқайып.
Өмірменен сан ойыны осылып,
Бұның өзі бара жатыр қартайып.

Қызыл тілі қызған сайын жініккен,
Қамшы тастап сөз сөйлеген жыйында.
Азу тісі тас шайнаса үгіткен,
Топқа түсіп тобық жұту қиын ба?

Ал, бүгінде алмайды іске табандай,
Бұрынырақ жүк көтерген нар еді.
Қара суда жол табатын ағандай,
Бала күнде батырлығы бар еді.

Тауын басып, тасын басып даланың,
Бөлтіріктей қатқан қызыл сүйегі.
Жігіт болған кезі бұл сол баланың,
Ұстарамен көптен таныс иегі.

Қара шалдың жоқтығы ма кім білсін,
Қара шалғы шыңдамайды бұл бүгін.
Таныстары шиі болса сындырсын,
Құдайына жасап жүр бұл құлдығын!

Сабырының жон – арқасын тілгілеп,
Тағдырының талай тиген дүресі.
Өзіне де бұйырыпты үлгі боп,
Тұзы жеңіл пенделердің үлесі.

Айна ішінде өмір сүрген егізім,
Мен айнаны сындырмаймын, сенде сол.
Сен мен жаққа шыққың келеді негізі,
Табысар ма ек тағдырымыз берсе жол.

Мен жақта ма, сен жақта ма шын өмір,
Жалған дүние ішіндегі пенде өзім.
Дейсің маған: — тірлігіңді сүре біл,
Айна ішінде аман болшы сенде өзің.

 

Қартаю

Қартаю басталды бүгіннен,
Күнтізбе парағы жыртылып.
Сағаттар уақытқа жүгінген,
Ескірді сезімдер іркіліп.

Қартайып кетесің кенеттен,
Алайда болмасын бұл қайғы.
Гүлдер де су ішіп шелектен,
У ішіп жатқандай қурайды.

Тарақтар шаштарға ұйысып,
Жемістер бауларда сүрленіп.
Бұлақ пен өзендер түйісіп,
Отындар жатады күл болып.

Соқпақтар жоғалып орманда,
Аптапта көлдерді терлетіп.
Уақыт жетеді арманға,
Адамды арманға шөлдетіп.

Ақ таулар ақ мұнар жамылып,
Ақша бұлт алысқа сабылып.
Жап-жаңа қалалар салынып,
Ең көне қалалар табылып.

Жұлдыз құрт ұшырып көбелек,
Ұлулар құр кеуек болады .
Терезе, есігін шегелеп,
Қараша үй қаңырап қалады.

Қартаю қиынға соқпайды,
Әжімдер ашпайды жаңалық.
Ұмытпай естелік сақтайды,
Суретке сүңгіген балалық.

 

Қиғаш қас

Терісі- жүзім қабығы,
Көк көжектің мамығы,
Бір пендеге тіке қарап көрмеген,
Бас шылбырын басқа еркекке бермеген,
Сулы жердің қылдан нәзік қияғы,
Дулы жердің үріп салған ұяңы,
Кербездердің керімі,
Екі шие еріні,
Жұпар аңқып, әтір сепкен лебізі,
Ару айдың көлге түскен егізі,
Бір отаудың ошағы,
Бір аққудың қосағы,
Құралайдың түннен тұнық жанары,
Қиған қасы қас батырдың жарағы,
Хан қызынан өте туған жамалы,
Алақаны сайын дала самалы,
Рауғаштың жұмыры,
Күшәләлі қылығы,
Үлкендердің алдын қия өтпеген,
Күйеуінің сөзін екі етпеген,
Күміс теңге күлкісі,
Күнікейдей түр-түсі,
Ері келсе қызғалдақтай майысып,
Бақытты үйде шай құяды — бір кісі!

 

Өсу мазмұндамасы

Алғаш көрген уақытым шиені,
Ағашта өсіп тұрғандығын — дұрысы.
Аш көздіктің ағытылып тиегі,
Толғанынша құмарлықтың ыдысы.

Жемісінен біткенінше тоналып,
Қонақтадым бұтағында қалқиып.
Шала – шарпы тамақ ішкен балалық,
Дастарханда отырмайтын жалпиып.

Алматыдан он төрт – он бес шақырым,
Жалдап тұрып жатқан біздің үй еді.
Жаңбыр тесіп өтетұғын шатырын,
Мені өсірген жұпынылау күй еді.

Жылдар өтсін шығармаймын есімнен,
Жұпыны үйдің бау – бақшасын, ағашын.
Иығына мінгізіп-ап өсірген,
Бұла тентек кемпір – шалдың баласын.

Оқырасы бар сиырдай ол күнде,
Сол тентектік талай таяқ жегізді.
Қылығымды ұнатпаған әркімге:
— Мынау адам болады ма? – дегізді.

Ал, апамның жауабы оған бір еді:
«Қылығы жоқ бала болмас»  дейтін де,
Мені ақтап алушы еді үнемі,
Ақ жүректі адвокат кейпінде.

Апам мені тойдыратын аңызға,
Тілге шешен аңгімешіл болатын.
Кейде өзі қыл таққандай қобызға,
Өткен күнін есіне алып қалатын.

Арғы атасы бай Тұңғатар қажы екен,
Керуен тартқан Қашқарменен Тұрпанға.
Мұны айтқанда мен апамды мәз етем,
Сүйегіңе баса алсын деп кім таңба.

Бәйге болса қара үзіп келетін,
Сүлікқара аты бопты атамның.
Баптауына сұлы ғана беретін,
Құлагері секілді ме Ақанның.

Апамызға құда түсіп барғанда,
Қайын атасы көрсеткендей айбатын.
Аздық қылып қырық қара алғанға,
Берсін депті Сүлікқара бәйге атын.

Тұлпарына мініп алып соңғы рет,
Ту маралды қуып, шалма тастапты.
Содан атам Сүлікқарам өлді деп,
Тақымына жуытпапты басқа атты.

Кейін келе ренжіп қап апамның,
Ұнатпаған кездерінде ісін дым;
Қайран Сүлікқарам-ай деп атамның,
Кейитұғын сөз астарын түсіндім.

Атамның да арғы атасы жәй емес,
Оңашада апам сөзін әрлейтін.
Дау – дамайда көрсететін сай егес,
Сүйіндіктің сүйкемесі бар дейтін.

Бәлкім аңыз тыңдап қиял толықты,
Қызық болса ете қоймас кім елең.
Бір атамыз Бұхар палуан болыпты,
Бір керуенді сүйреп шыққан Іледен.

Сол атаңның Аман палуан інісі,
Деп әңгіме басталғанда бір айқын,
Басталғандай аңыздардың ірісі,
Бұл оқиға маған қатты ұнайтын.

Кеткендерді елестетем бақиға,
Түсіп алып қиял деген даңғылға.
Самархантта болған екен оқиға,
Бір патшаның сарайының алдында.

Ол патшаңыз жарлық қылған мынандай,
Құс жастықта жеп отырып жүзімді.
Бақшасында жатқан тасты құнандай,
Кім көтерсе берем депті қызымды.

Қорыққан жандар сырттай ғана көріпті,
Үміттеніп отырса да жас – кәрі.
Жер – жерлерден келгенменен не мықты,
Көтере алмай домалапты бастары.

Ертіп алып өз ағасы Қойсоймас,
Он бес жасар апарғанмен Аманды.
Басын көріп батырлардың тайсалмас,
Батыр депті Самарханттан қараңды.

Өз бауырын қияр ма адам өлімге,
Жалыныпты жанарынан жас тама.
Депті де Аман: «бейберекет егілме»,
Алшаң басып кіріпті дейді бақшаға.

Қара тасты көтеріп ап орнынан,
Қайда қоям деп сұрапты ақырын.
Тастай салғын, — депті патша қалғыған,
Сасқан кезде игере алмай ақылын.
Аңыз біттсе қиялыммен сырласам,
Негізі апам жан емес көп оқыған.
Бірақ ылғи әңгімесін тыңдасам,
Кино көрген адамдай боп отырам.

Қатарында ек біз үйлердің, ілуде,
Шам жағатын,
Теледидар жоқ еді.
Мен ұлтымды жақсы танып – білуге,
Кемпір – шалдың көп тиіпті көмегі.

Сол күндері қиын екен құрметтім,
Сонда да олар айтпаушы еді етке өкпе.
Менде апамның, қиындықты білмеппін,
Ескі етігін киіп жүріп мектепке.

Бір күні апам алғаш ұрысты,
Өзімнен,
Айт намазға ұйқтап қаппын құр шіреп.
Сол күні алғаш жас шығып ед көзімнен,
Атам да алғаш жылама деп ұрсып ед.

Жаттатып еді алты жаста сүрені,
Жасап жүр деп біз өлгенде дұғаңды,
Менің екі тәрбиемнің тірегі,
Мейрімді Алла кеше көрсін күнәңді.

Мың журналист бере алмаған қиялды,
Беріпті олар тыс жүрсе де қоғамнан.
Рақымды Алла кеше көрсін күнәңді,
Менің ұлттық телеарнам!

 

*  *   *   *   *

Сыртқы бейне,
Ішкі үніңнен мәнді ме?
Сан ғасырлық тағылымнан қалды не?
Бара жатыр құндылыққа айналып,
Махаббатпен шектелетін әңгіме.

Шоулар, шоулар әпжыландай арбады,
Бернард Шоулар бастан ұшқан бар бағы.
Әлеуметтік жоқшылыққа әкелді,
Рухани жоқшылықтың зардабы.

Стилистік көзқарасқа талапты,
Талқылаумен тәрбиемді талатты.
Телеарналық тағдырлардың үлгісі,
Жетімдердің көз жасына жауапты.

 

*   *   *   *   *

Қыс жылаған

Терезені тесіп өткен сәулеге,
Айқара аштым жүрегімнің есігін.
Қарды сүйіп түскенменен әуреге,
Аяз бірақ өзгертпейді кесімін.

Жеңілсе егер алар ма өзін тағы ақтап,
Тақтан тағы тапжылмауды қалайды.
Көл бетіне күннің тілі салақтап,
Қарсыласа қатқан мұзды жалайды.

Ақ саусағы алқымында даланың,
Ағытады ақ шапанның түймесін.
Ал, таулардың көктеп жатып балағын,
Қадайды аяз намыспенен инесін.

Сырқат сынды аяқтаушы дәуірін,
Қадам бассаң ыңырсиды қар жылап.
Сезеді ме болашақта бауырын,
Тесетінін бәйшешек гүл сар құлақ.

Арман, сірә, қол бұлғады тұсынан,
Әлде солай ойлады ма өз басы.
Шатырдағы мұз сүңгілер ұшынан,
Тамып жатыр қатал қыстың көз жасы.

 

Көрініс

Бұлттарға мініп ап сырбаз күн,
Уақыттың соңынан ереді.
Шашы өсіп кетіпті бұл жаздың,
Күз келіп қысқартып береді.

Көк майса кілемді түргізіп,
Күз келіп сары көрпе салады.
Құстарға санағын жүргізіп,
Жаз бөліп еншісін алады.

Жапырақ құлайды теректен,
Қан сөлі қалмаған бойында.
Қурайлар жырлайды кенеттен,
Жап-жасыл жастығы жайында.

Ағаштар сықырлап сүйегі,
Үстінде лыпа жоқ жарамды.
Қоңыр күз кемсеңдер иегі,
Үш айға жалдаған ғаламды.

Жел ойнап желкесін қияр ма,
Жас талдар ілініп – салынып.
Бау – бақша берілген қиялға,
Сап – сары сағыныш жамылып.

Шөптердің денесі түршігіп,
Көк тұман көз іліп мастанар,
Мұржалар түтінге тұншығып,
Пештердің жұмысы басталар.

Терезе алдында өскен гүл,
Әйнектен тамшы аққан буланып.
Тәуелсіз кесапат кешкен бұл,
Ғаламға қарайды қуланып.

 

Мүмкіндік

Бір мүмкіндік талап етіп сендер де,
Кең жазыққа шығу керек иіннен.
Напалеонға бір мүмкіндік бергенде,
Дайындықты бастар еді киімнен.

Көз алдыңнан сыпырылып мың түндік,
Бір ой сүйреп апарады бір ойға.
Галилейге берілгенде мүмкіндік,
Оны ғылым бастар ма еді Құдайға.

Бірақ біздің хақымыз жоқ болжауға,
Қанша жерден данышпан боп кетелік.
Хақымыз бар тек тарихты қорғауға,
Ойсыз істің барлығы да қателік.

Ойланғанмен басың ісіп кеткенше,
Зая кеткен уақыт орны толар ма.
Өмір сүру ажал келіп жеткенше,
Одан асқан зор мүмкіндік болар ма?!

 

Пайғамбар Иса (ғ.с)

Мәриямдай анамыздың ұлы еді,
Дүниеге келген екен әкесіз.
Ол пайғамбар, Раббысының құлы еді,
Туа салып сөйлеп кеткен қатесіз.

Ол туылған, әлі бірақ өлген жоқ,
Ол келеді, ол келеді жерге осы.
Келген кезде жер бетінде өрген көп,
Қан жылайды күнәләрдің көрмесі.

Туған жері Иерусалим қаласы,
Туған кезі мәселе ме бұл қиын?
Ол — Мариям анамыздың баласы,
Ғұмырында киіп өткен бір киім.

Айыруға ақиқатты бүліктен,
Соңғы елшіге үммет болады ол кісі.
Келген кезде тыңдайды әлем құлықпен,
Ал, келуі ақіреттің белгісі.

 

Көз алдымда

Үйірлі жылқыдай үйіріп,
Жел қуып бұлттарды қамшылап.
Аптығып келеді құйылып,
Үстінен моншақ тер тамшылап.

Мұхиттың тулаған толқыны,
Көкте жүр тұяғы от шашып.
Қысымның үдесе қарқыны,
Үркеді кеткендей шоқ басып.

Бұл қуғын қашанғы жалғаспақ,
Тентек жел басқамен ісі жоқ.
Аспанда үйірін қорғаштап,
Қара айғыр қарғиды кісінеп.

Үйірі қосылып кетті ме,
Боз айғыр қайшылап тұяғын.
Бір – бірін алады тепкіге,
Астында көгілдір сияның.

Ал, жердің кетпейді түгі де,
Көгалдар тойлауда қуанып.
Шылаушын барады ініне,
Кішкене шелекпен су алып.

Аспан жер арасы сыңайлы,
Тұрғандай ақ моншақ тағынып.
Бір моншақ көлшікке құлайды,
Мұхиттың толқынын сағынып.

Сырғиды қыз киген көйлектен,
Аруға әшекей тағардай.
Бір тамшы мөлдіреп әйнектен,
Жәудіреп барады жанардай.

Бұл да бір жазмыштың ісі еді,
Кірпіктен домалап сол бір жай.
Бір тамшы үзіліп түседі,
Үзіліп кеткен бір тағдырдай.

Жер беті арсыздық күсі еді,
Тырысқан оны әрі жаюға.
Бір тамшы бұйрықпен түседі,
Көлкіген күнәні шаюға.

 

Көктемнің хаты

Гүлдер мен құстарға ғашық,
Дүние өзі бір ақын.
Бәйшешек қауызын ашып,
Көктемнің оқыдық хатын .

Бәйшешек сатып тұр бала,
Көліктер зулаған көше.
Бәйшешек өспейтін қала,
Су-су боп жылады кеше.

Бәйшешек сатып ап жалғыз,
Бір қызға сыйладым жаңа,
Қалада тұрады ол қыз,
Гүлдердін моласы – қала.

Гүлдердің күлтесін сүйіп,
Арулар қуанды, көрдік.
Сол үшін өмірін қиып,
Гүлдер де жасайды ерлік.

Алақан ішінде күйіп,
Бәйшешек қиратқан мұзды.
Табиғат қаладан биік,
Жұбатты қалалық қызды.

Ақ қардың үстінен жинап,
Бәйшешек сатып тұр бала.
Ақшақар аруға сыйлап,
Бір өлен жаздым мен жаңа.

Кірпігі кірпігін тарап,
Тебен мен айқасып тебен.
Көзінің астымен қарап,
Ол маған р»Рахмет»  деген.

Содан соң қалдым мен жалғыз,
Ұшқыны көзге ұрып нұрдың.
Ғайып боп кетті де сол қыз,
Көшеде бір өзім тұрдым.

Ол қызды көрмедім қайтып,
Құс болып ұшты ма дермін.
Көктемнің сәлемін айтып,
Түбіне кетті ме жердің.

Жаныма тым ауыр батты,
Үмітсіз емес ем бірақ.
Нәп-нәзік бәйшешек жатты,
Көшенің үстінде құлап.

Тұр едім мұңдана қалып,
Гүлдердің тағдырын ойлап.
Бір ару көтеріп алып,
Кетті ұзап, көшені бойлап.

Әдемі табиғат қалай,
Дүние өзі бір ақын.
Мен алғаш қалаға солай,
Әкелгем көктемнің хатын.

 

Өмір-ай

Күміс бауырын күн сүймеген ақ балық,
Жатар кейде жағалауда қақталып.
Сая болған жапырақтар күз келсе,
Қалады екен табандарда тапталып.

Айлар әжім салады екен жылдарға,
Тіл шаршайды құлақ таппай тыңдарға.
Сілки алмай мұз құрсауын амалсыз,
Белін бүкпей қалғиды екен шыңдар да.

Ормандарды айналдырған жаңқаға,
Ағаштан сап жасайды екен балтаға.
Бөрі азуы — қан аңсаған алқымнан,
Алқымдарда айналады алқаға.

Мал терісін қайыс қылып қамшыға,
Мал қайыр деп ұстатады малшыға.
Асау өзен аудара алмас қара тас,
Тесіледі мөлдіреген тамшыға.

Көбелектер күлте қанат тағынған,
Жылу іздеп өледі екен жалыннан.
Тірілерді жатады екен қуантып,
Қазына да қабірлерден табылған.

Қараңғыда жаңылмайтын бағытта,
Көздер де бар дым көрмейтін жарықта.
Теңізші көп теңізде өлген шөл қысып,
Балықшы көп жемге айналған балыққа.

Кей кітаптың ашылмаған бір беті,
Көлде қалған кей арудың суреті.
Кей қоғамда дәл өзіңдей адамнан,
Жоғарырақ төрт түліктің құрметі.

Бұлт хабарсыз шөл даланың күйінен,
Қайта барып көк теңізге иіген.
Өмір сүріп келе жатқан жандар бар,
Өліп кеткен кісілердің сыйымен.

Қыран бүркіт қия шыңның құсы еді,
Ал, төменге тамақ үшін түседі.
Қайнатсаң да жұмсармайтын жемістер,
Күн көзінде құры тұрып піседі.

 

Іздеймін

Жанарымды енді жасын қойса да жаға алмас,
Бақ деген, шіркін, маған қас, сірә,  саған қас.
Іздеумен сені соқпаққа айналды Азия,
Іздетсе егер Шерлок Холмс та таба алмас.

Еуропа жатыр шиқылдап ескі едендей,
Темір таяқтан қалғаны мынау тебендей.
Қожанасырдай жоғалтып алған инесін,
Жоғалту деген қиындық еді,  о, нендей?

Көшпелі алтынның егесі сынды не кештім?
Бәлки мен қалқам – соңында жүрмін елестің.
Жер шары түгіл жер астын шарлап қайтар ем,
Шалқұйрық мінген Ертөстік батыр емеспін.

Шөлдерді кезсең құмдарға жаздым сырымды,
Тауларға шықсаң шыңдарға жаздым мұңымды.
Теңізді кешсең көзіңнен тамшы үзіліп,
Оқырсың онда шөлмектен шыққан жырымды.

 

Күмән

Көз жасыңды тарта берме көлденең,
Қирағаны кімге керек кемеңнің.
Жасырынып қала алмайсың сен менен,
Мен өтірік сылтауларға кереңмін.

Сен де мені тыңдауға әсте құлқың жоқ,
Негізінде көп ақталып жатпайсың.
Көмейіңде тәтті сөздер бүлкілдеп,
Қатып қалған ұстанымды жақтайсың.

Жаладан да жалтаруың тіпті оңай,
Судан таза, сүттен ақсың бәрі үшін.
Құлағында тығыны жоқ жұрт қалай,
Естімеді жүрегіңнің қағысын.

Ақылымнан адасатын шығармын,
Сен де мені күйзелерсің жеңе алмай.
Сенен тағы бірер нәрсе сұрармын,
Тағы да оған отырармын сене алмай.

 

Сағыныш өлкесі

Саталап ат тұяғын қой бүлдірген,
Уыстап аш өзекті тойдырдым мен.
Бауырын сай ішінде бұлақ еміп,
Қойынын күн қытықтап айдын күлген.

Алыста бір күрсініп, бір өкіріп,
Тау жонын жөңкуде өзен түре тіліп.
Ат кетті құйрығымен сабаланып,
Тұмсығын көк шалғынға жүре тығып.

Көгалда мен отырмын малдас құрып,
Ақылдан мөлдір ауа алжастырып.
Секіріп балаусада шегіртке жүр,
Ескі әнін шабыттана жалғастырып.

Көк аспан аударылып, шұңғылданып,
Астында жағал қырғи жүр бұлданып.
Жаныңның осында екен рахаты,
Жанымда, жанымда екен білдім бақыт.

Ат кетпепті айналып мына маңды,
Күткендей ұзамапты бір адамды.
Айыл мен төс тарпасын қайта тартып,
Міне кеттім, бас шұлғып тұра қалды.

Әйнектей шыңдар қалды қырау басқан,
Белес-белдер өркештен тұр аумастан.
Тебініп тартып кеттім.
Қоржынымда,
Бос орын жоқ бүлдірген, рауғаштан.

Тауларым арманымды биіктетті,
Қимадым,  қайсы балаң қиып кетті.
Қиғаның не, мен саған қайта келем,
Сағыныштан өзегім күйіп кетті.

 

Сен үшін

Сен үшін Бекежан екенмін,
Сүйем деп алдадың несіне.
Жаным деп тұрсаң  да бөтенмін,
Төлеген түседі есіңе.

Көп екен жасырған арманың,
Жандайсың басқа бір бар теңі.
Пушкинше қанша жыр арнадым,
Сен бірақ ойладың Дантені.

Бақытым жүр десем жанымда,
Аңсадың Естайға кетуді.
Қор болып мен қалдым соңында,
Қорланның күйеуі секілді.

Мен енді кешірім сұраймын,
Түсінбей жүріппін өзіңді.
Қайтейін, қасқайып шыдаймын,
Сүйретіп тапталған сезімді.

Қараймын жаныма жат болған,
Қараймын бос тұрған гаремге.
Асығыс жазылған хаттардан,
Сағыныш тарайды әлемге.

 

Сыйлық

Саған қандай сыйлық алып беремін,
Ойланамын оңашада отырып.
«Айдан алқа жасап берем»  дер едім,
Өзгелердей айта алмаймын өтірік.

Елестетіп ертегінің серісін,
Қалайда да жету керек мұратқа.
Тәжі-Мақал салдырар ем сен үшін,
Тәжі гауһар хан емеспін бірақ та.

Енді қалай қарар екем көзіңе,
Жалпы өзіңе жетер емес жақсы атым.
Самарханды сыйлар едім өзіңе,
Басқа қызға сыйлап қойған басқа ақын.

Бар налаңды шайып өтіп сел ағын,
Жүрегіңе тосын ой сап жел әні,
Жағасында қыдыртар ем Сенаның,
Шетел паспорт жасатпаппын мен әлі.

Мен әуре боп ойланамын бекерге,
Жығылайын жағдайдың ығына.
Сүлейменнің қазынасы жетер ме,
Сенің ыстық сезіміңнің құнына?

Бір гүл алдым қауызы бар құлақтай,
Амалсыздан соны көрдім лайық.
Сен көргенде қалар ма деп ұнатпай,
Гүлдің өзі келе жатыр мұңайып.

 

Қалада кім бар?

Есікті қаққан жоқ ешкім,
Өзім-ақ үмітпен аштым.
Тағы да сол күйді кештім,
Тағы да өзімнен қаштым.

Тірлігім қиюы кеткен,
Оған да толып тұр себеп.
Сүйкімді ой сүймейді беттен,
Жылауға болады демек.

Ол ойдан арылам күнде,
Жұқарып қабақтың қары.
Ал, бүгін өзгеше мүлде,
Басқаша секілді бәрі.

Жүрмейді сағаттың тілі,
Өтпейтін секілді уақыт.
Шертілмей тірліктің қылы,
Қалғандай дүние қатып.

Әлемге әйгілі боспын,
Әлде де ойладым дөңес.
Ал, бірақ терезені аштым,
Самал жел соғатын емес.

Сықырлап кереует көне,
Еденде шашылған бақыр.
Соңымнан ілеспей неге,
Көлеңкем әлі ұйықтап жатыр.

Жабылған есіктің үні,
Көшеге шығарып салған.
Өзгенің шықпайды дымы,
Қаңырап дүние жалған.

Қорқыныш үйелеп бойда,
Бір үрей келеді жеңіп.
Беймаза шымшықтар қайда,
Қаптаған иесіз көлік.

Келемін көшені бойлап,
Әр жерде шашылған бұйым.
Пікірге кім шектеу қоймақ,
Алайда түсіну қиын.

Тас жолдан таусылды табан,
Шөл қысып кенезе кепкен.
Қай жақта қаптаған адам?
Қай жаққа жоғалып кеткен?

Білмедім адамдар жайын,
Пайдасыз байланыс сымсыз.
Ломбард әр қадам сайын,
Әшекей бұйымдар құнсыз.
.
Бәрінің қарызын кештім,
Банктер пайызсыз тегін.
Ол жерге кірмепті ешкім,
Кіргім де келмеді менің.

Базарға түремін құлақ,
Қалғандай бұйымдар мұра.
Қай жақта саудагер бірақ,
Ол өзін сатқан ғой, сірә.

Су болып сіңгендей құмға,
Пенде аяқ баспапты көптен.
Ар — ұят сатыпты мұнда,
Мерзімі ескіріп кеткен.

Бір жігіт тұратын шетте,
Жаралы жаны аза тұтып.
Телміріп мейрімсіз көпке,
Жасқана қайырым күтіп.

Алдында жататын ыдыс,
Көрінді көзіме бөтен.
Толып тұр ақшаға күміс,
Көрсе егер қуанар ма екен.

Байғұстың түскенде көзі,
Жүрегі жарылып шақта.
Аттанып кетпеп пе өзі,
Байлар да баратын жаққа.

Әйтеуір өзі жоқ қайдам,
Ойымның ойсырап бәрі.
Қиялым ашады майдан,
Құр қиял бола ма дәрі?

Үміттің шырағы жанар,
Қала да ұйқыға батқан.
Елеңдеп күтемін хабар,
Вокзал мен әуежай жақтан.

Әзірше ол жақ та тыныш,
Маужырап құшағын ашқан.
Пендеге ұқсайды бұл іс,
Шошынып түсінен қашқан.

Күн ұшып төбеге келген,
Батыстық магнит тартып.
Көшелер тыныштық көмген,
Төзімді барады сарқып.

Бір жерден бір жерге безіп,
Жүрсем де әл кетіп бойдан.
Бір үміт саусағын созып,
Қасымнан қалмай-ақ қойған.

Қиялдар әкетіп алыс,
Сұрақтар көбейген кезде.
Қабырға жақтаудан таныс,
Бір сурет шалынды көзге.

«Тағы іздеу саламыз» деген,
Жазу тұр үстінде оның.
Ал, сурет аумайды менен,
Шынында өзімнің өңім.

Атым  да, тегім де анық,
«Бұл адам жоғалған» депті,
Төбемде бір алау жанып,
Суық тер құйылып кетті.

Көзімді ашам да, жұмам,
Қасықтай басымда ой қалмай.
Көңілден кетпейді күмән,
Дал болдым түсіне алмай.

Гәзетті ашамын көне,
Жатыпты бір жылдай кірлеп.
Мұнда да сол жазу және,
Жаңағы мен түскен сурет.

Адамдар іздепті безіп,
Дүние кезекпен келмек.
Мен енді әлемді кезіп,
Оларды іздеуім керек.

Әлбетте, бақыттың құсын,
Тастардан көрмейді кісі.
Ал оны үйрету үшін,
Бір жанның келмейді күші.

 

 

 

 

 

Пікірлер(1)

Пікір қалдыру Шоғы батыр Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *