Басты бет Жазба өлеңдер Жүрсін ЕРМАННЫҢ жаңа өлеңдері
Жүрсін ЕРМАННЫҢ жаңа өлеңдері
4  2 954

Жүрсін ЕРМАННЫҢ жаңа өлеңдері

 2 954 4

Ж.ЕрманЖүрсін ЕРМАН
Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағының төрағасы

Жұртында Жамбыл менен Сүйінбайдың,
Күзетіп жүргендеймін үйін байдың.
Сөлкебайлы ұлықтың қалтасында
Шылдырлаған құнсыздау тиындаймын.

Жолымды бірде – қара,
бірде – ақ қылып,
Қойды ғой заманақыр зыр қақтырып.
Ниетіне қарайған бұзық қоғам,
Қойнына тыққан тасын тұр лақтырып.

Ат үшін, шапан үшін арланбаған,
Жарымес болдым-ау деп жарбаңдаған.
Жанымды қоярға жер таппай қалам,
Итеріп жіберер деп жардан қоғам.

Жол тосып әккі болған жырынды ұлық,
Қалпымнан қалбаңдаған сырымды ұғып,
Қылтадан қылт етсем де қиып түсіп,
Қапыда жібереді сүріндіріп.

Салты осы өзгермейтін бұрынғының,
Ұғар деп жырдан басқа сырымды кім,
Шалғайын паналайын деп келіп ем,
Шапаны Абайдың да жырым-жырым…

*           *            *             *

 

Соңымда қалмаса да өлең түмен,
Ол жайлы дей көрмеңдер бәлен-түген.
Фәниден бақилыққа аттанарда
Қай жерден шынында да жөнелтілем?

Өтерде ең ақырғы шекарадан
Білмей-ақ күні бұрын кетер адам.
Төрінде талай айтыс жасасам да
Көңілім дәметпейді Операдан.

Шын перзент болғаныммен жыр-анаға,
Мәйітім босағадан кіре ала ма.
Шалқайтып жатқызбас-ау мені билік
Мұхаңның атындағы Драмада.

Секіріп кеткенімде құз басынан,
Бас иіп өтсін десе сіз қасынан.
Сүйретіп апарар ма сүйегімді
Жетер деп қоштасуға ТЮЗ да осыған?!

Апармас. Апармаса апармасын,
Үйелеп үй қасында жатар басым.
Есіне Есімовтің келмес бірақ
Күні ертең болатыны сапарласым.

Ұқсармын, ұқсамаспын табанды ерге,
Табылар жатар орын маған көрде.
Шығарар фойесінен Одағымның
Көп күні өтті ғой деп «Қаламгерде».

Осыдан маған келіп-кетер не бар?
Бастарын қатырмасын бекерге олар.
Артымда қалса болды алты өлеңім
Ағайын азғана жыл қаперге алар!

Пікірлер(4)

  1. Екінші өлеңді оқып отырып көңілім алабұртып, жүрек тұсым бір шаншып өткендей… Я, Алла алаштың арыстарына өзің жар бола гөр… ?

  2. Төл өнерді төрге сүйреген Жүрсін аға біз сізді мақтан тұтамыз. Өлеңіңізде өкпе бар деп ойладым.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *