Басты бет Жазба өлеңдер Айтыскер ақын Айсәуле Бейсенханның өлеңдері
Айтыскер ақын Айсәуле Бейсенханның өлеңдері

Айтыскер ақын Айсәуле Бейсенханның өлеңдері

 2 390 1

IMG_9358 copy

 

 

Бақыттысың дейсің бе?

— «Бақыттысың»,-дейсің бе?

— Бақыттымын!
Ашық аспан, көгімде ашық күнім.
Сүйе аламын,
Лайықпын сүйдіруге,
Жыға алмайды жартасқа жасықтығым.

 

— «Қымбаттысың»,- дейсің бе?
— Қымбаттымын!
Өз шаттығын осылай жырлапты кім?
Алаулаған арым мен намыс барда,
Өз көгінде желбіреп тұрмақ туым.

 

— Сынайсың ба?
Сынағын, сынай бергін!
Әміріңе арызсыз құлай көндім.
Қазақтың қызына тән қайсарлықпен,
Шыдай бергім келеді, шыдай бергім!

 

Махаббатым тірлікке бола алмайды тәуелді

Мынау өмір талайын,

Өтіп жатыр арандап.
Мен-ақ қара болайын,
Түспесінші саған дақ.

Адалдықтан мен үшін,
Айнымашы періштем.
Сабырымнан сен үшін,
Сарқылмауға келіскем.

Мөлдіресе жаңбыр боп,
Әп-сәтте ашық аспаным.
Сен шалқышы ән-жыр боп,
Асқар таудай асқағым.

Баянсыз бес күндікте,
Әлдилеп ақ өлеңді.
Махаббатым тірлікке
Бола алмайды тәуелді !

Анама хат

Сағынышым жанарыма тұнып тұр,

Көңіліме жүрген соң ба, іліп кір.
Ақылсыздау тентегіңді кешірші?
Жағдайыңды қоймадым ғой біліп бір.

 

Таранғандай әр таңымда тотықұс,
Бірде ашық, бірде жолым бекініс.
Өзімнің де ана болар шағымда,
Қадіріңе жетпегенім өкініш.

 

Менің бала бал шағымды қиялдай,
Ұмытуға жүрсіз білем қия алмай.
Аз болғандай құрсағыңды тепкенім,
Жүрегіңді ауыртамын ұялмай.

 

Бірде су боп, бірде от боп жанғансыз,
Қатерге де мен деп талай барғансыз.
Самайдағы бір тал шаштың қарасын,
Қайтара алсам өтер едім армансыз…

 

Ғашық болғым келеді

Ғашық болғым келеді адамдарға,

Сыйласа бір қүдірет маған да Алла.
Өкпелетіп аламыз, өкпелейміз,
Түсінісу дегенге шараң бар ма ?!

 

Ғашық болғым келеді, ғашық болғым,
Аялауға адамды асық болғым.
Тазалығын, ары мен адалдығын,
Жыйып алып дегенге: тасып-толдым!

 

Ғашық болғым келеді пәктігіне,
Адамның адамдардан жаттығы не?
Абайсыз да қаламыз араздасып,
Болған соң қу тіршілік басты мүдде.

 

Ғашық болғым келеді

Үміттенгім!
Әр кішкентай өмірге күліп келгім.
Қолына жүрегі бар адамдардың,
Жүрегімді келеді тіліп бергім!

Айсауле Бейсенхан

WWW.aitysker.org

 

 

 

Пікірлер(1)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *