Басты бет Жазбанұсқа Шорабек Айдаров пен Елена Әбдіхалықованың айтысы
0  1 217

Шорабек Айдаров пен Елена Әбдіхалықованың айтысы

 1 217 0

ШОрабекШорабек АЙДАРОВ пен Елена ӘБДІХАЛЫҚОВАНЫҢ айтысыЕлена

Шорабек:
Айтыскер ақын деген көзсіз мерген,
Таласта таңдайлыны сөзсіз жеңген.
Көпшіліктің көңілінен шыға алмайды,
Кейбір ақын көргенің көп тізгенмен.
Көргенді көрерменім, армысыздар,
Өмірім өтсе деймін тек сіздермен.
Айтыстан соң әрқайсың такси ұстап,
Құритын болды-ау тағы бес жүз теңгең.

Ағайын, бәріңізге бақ тілеймін,
Пейілің көңіліме жақты деймін.
Қалтырап қорқып барам бірақ тағы,
Алдында Еленадай ақ дүлейдің.

Әзілсіз бұл айтыста мән жоқ деген,
Дәлелсіз айтқан сөзде дәм жоқ деген.
Сенен менің сескенер жағдайым сол,
Тышқанға мысықтан дәу аң жоқ деген.

Айта алмай сұлу қызға арманымды,
Талай-талай тістегем бармағымды.
Мен өзім қойдан жуас момын жан ем,
Білмеймін қайтіп қатын алғанымды.

Қалайша Еленадан қорықпалық,
Анау-мынау ақынға жолықпадық.
Қайда енді қашарымды білмей тұрмын,
Шалғайдан шақырумен келіп қалып.
Жыр қамқоры Жүрсіннің арқасанда,
Жеттік-ау бір айтысқа өліп-талып.

Елеусіз қалды бүгін әдебиет,
Елеусіз қалды бүгін мәдениет.
Адамның ақыл-ойын байыптатып,
Талантқа танытпаймыз неге ниет.
Әйтеуір Әуезовке айтыс өтті-ау,
Жүр еді көптен қышып дәмелі иек.

Заманнның бүгінде бір қилы шағы,
Тұртсең де түк көрмеуге тырысады.
Қоғамда қозғалыс жоқ бұл күндері,
Тіл жайы жылжымай тұр, тыныш әлі.
Дүниені қозғап еді Мұхтар ойы,
Секілді Архимедтің рычагі.

Өнерсіз жұтамай ма кісі жаны,
Идеологиямыз пышырады.
Жан дүниесі адамның жадау тартса,
Қатал заман қағынып, ұшынады.
Көркем дүние көңілді демдемесе,
Басынар, елім, талай пысық әлі.
Діңгегі дінге сенбей бүгіндері,
Имансыз сонда неге тұшынады.
Осылай өміріміз өте берсе,
Құранның ұрып кетер құшыры әлі.
Қоғамның қос қанаты бірі сынып,
Руханияат репрессияға ұшырады.

Бұл күні болып алдық базар елі,
Ақшаға ғана ауысты назар енді.
Өнердің өзегін тебер болсаң,
Адамзат көңілінен азар еді.
Егер Мұхтар осы күні тірі болса,
Ойлы сөздің ошағын қазар еді.
Айтысты дамытушы ақын қыз деп,
Сен жайлы бір мақала жазар еді.

Айтыста сөз айтамыз басқа қалай,
Сен мені орта жолда тастамағай.
Кезек те көшіп саған бара жатыр,
Ауысқан Ақмолаға астанадай.

Елена:
Кең далам, арқа далам, тастақ далам,
Берердей ұлылықты бастап маған.
Бар ма ел өнер десе ас батпаған,
Армысың, Алатауым асқақтаған.

Көп болды арнап сәлем бермегелі,
Ақынға осы, сірә, ең керегі.
Қолыма ақ домбыра ұстап тұрып,
Көп болды Алатауды көрмегелі.

Ассаламағалейкум, арма Шора,
Жыр көңіл өзіңізбен жалғаса ма?
Жан аға зарықтырып, жабықтырып,
Жоқ әлде шалғайыма жармаса ма?
Жаныма нұр құйсаңыз ризамын,
Жарқ етіп жұлдызымыз жанбаса да.
«Алтынды тот баспайды», — дейді халық,
Көңілің шын пәк болса шаң баса ма?
Шындаса шауып түсер бір қыз едім,
Шоңқайып орта жолда қалма, Шора.

Жаныңа әзіл-күлкі саялаған,
Жұрт күлді өзің елге таяғаннан.
Жасыңнан момын болсаң, жасық болсаң,
Жеңгеміз тиген шығар аяғаннан.

Шорабек:
Өзіңді қандай жігіт сағынбай жүр,
Алашқа арнап жүрсің лағындай жыр.
Әйелім мені аяп тиіп апты,
Сені аяр жігіт бірақ табылмай жүр.

Басыңа бақыт құсы қонған кезде,
Шалынар шаттық бірде шолған көзге.
Жападан-жалғыз жүрсің сен қалайша,
Астананың өзі екеу болған кезде.

Өмірлік серігіңді таппадың ба,
Емексіп ешкімге жіп тақпадың ба.
Қосағыңмен қоса ағармай не ғып жүрсін,
Қосылып екі обылыс жатқанында.

Болмаса жанға қамқор жолдасың да,
Ғайыптан келіп біреу қолдасын ба?
Ебі жоқ еркек бүгін толып жатыр,
Жан сақтаған жарының арқасында.
Күйеуге шықпауыңның бір мәнісі,
Саудаға сап қояр деп қорқасың ба?

Мен қалай сезіміңді оятамын,
Кімнен кем түсіп жатыр қай атағың.
Жұтынып жұбыңды іздеп жүрсің бе әлде,
Ішінен «Мерседес» пен «Тайотаның»?

Десең де өз теңімді тауып, сүйем,
Өмірдің өз обалын танып сүйем.
Өтіп кетер мен екенсің, Еленажан,
Өзіңе өткізсеңші аукцион.

Бар шығар деп жүргендер бәсің берм,
Бар нәрсе сатылуда әсіл деген.
Бәйбіше боп қалуың әбден мүмкін,
Өтсе аукцион Голландық тәсілменен.
Бұралып жүрсең саған жараспай ма,
Ақ күндік, бүрме көйлек мәсіңменен.

Айтыста сөз қозғаймыз басқа қандай,
Алаштың арманы іске аспағандай.
Нарықтың зары жұртты науқас қылып,
Айықпас ауруға бастағандай.
Уызын ұрттаймын деп отырғанда,
Қысыр қап құнажынды қашпағандай.
Нарықты бұрын қазақ көруші едік,
Көзіміз болды енді тостағандай.

Дүние кетті бүгін шыр айнала,
Жоқшылықты көресің былай қара.
Жалпы жұрт қиыншылық көріп жатыр,
Қызық қуған ығай мен сығай ғана.

Елена:
Айналып өлең мен жыр сырласы ма,
Шақырып қиялым жүр қыр басына.
Шамасы отырған қыз деп сөгесің,
Қарасам сөзіңіздің сұлбасына.
Жазымыштан оза алатын жан бар ма екен,
Тілейді жалғыздықты кім басыңа?
Өмірге елес сынды сіңіп кетем,
Жуам да тағдырымды жыр -жасыма.

Жатқанда қылтық тауып түбіттен де,
Көп болды күйеу деген үміт менде.
Бақытты ете алмаған бір ақынын,
Обалым мына сендей жігіттерге.

Жүргенде арман күтіп күз күн болды,
Демегін бұл ақындар құзғын болды.
Сексен мың бойдақ қыз деп санап еді,
Бүгінде соның саны жүз мың болды.

Шорбек:
Сендейді біздің жақта би қыз дейді,
Би қыздар беттен бізге сүйгізбейді.
Жалғыздығыңды, Ленажан, менен көрме,
Бір атқа екі қамыт кигізбейді.

Болсаң да әзіл сөзге өткір мендей,
Кіршіксіз көңілім тұр тек кірленбей.
Жанкүйердің бірі едім мен, Лена,
Тілеуіңді тілейтін шет жүргендей.
Тағдырдың тәлкегі бар иіп әкеп,
Жаманға жақсы бетін өптіргендей.
Бұйырып бір жаманға кете берме,
Шектен тыс азап мұңын шектіргендей.
Олай болса обал ғой ойлы қызға,
Шұлғауды гүлге жайып кептіргендей.

Жақсы қыз жұрт алдында сызылады,
Сыпайы қызға әркім-ақ қызығады.
Әдептілік әрнеден сақтайтынын,
Басқалар білмесе де қыз ұғады.
Абай бол өзіңе өзің, Еленажан,
Жел тимей жүре берсін жүзің әлі.
Қыз деген әлі шикі қызыл ет қой,
Қалдырсаң бетін ашық бұзылады.

Бүгінгі мінездерің жат секілді,
Сен маған сырын білмес ат секілді.
Қыздың сыры құпия, жұмбағы көп,
Қағазға сүтпен жазған хат секілді.

Сырыңды алдырғанша бір мысқалдай,
Болайын бүгін мен де нұр құшқандай.
Құпиясын шашпайды қыз дегенің,
Қазіргі ашылмайтын қылмыстардай.

Терең ғой текті қыздың ұғымы да,
Болады жұршылыққа жұғымы да.
Ешкімге ішкі сырын алдырмайтын,
Шпион секілді ғой құдды бұл да.
Рәтбек, Әкежанмен бірге сен де,
Істесең білмес еді КГБ- да,

Айналған мемлекеттің маяғына,
Премьердің ісі жөнге саяды ма?
Әкежанды көріп едік әкеміздей,
Мәскеуден келген кезде баяғыда.
Ал, әкеміз қазақты аяды ма,
Аяса шет ел жаққа таяды ма?
Артық жеп қоймаса егер арғымағым,
Ақсар ма еді жем түсіп аяғына.
Қазынасын ортайтқан Қазақстан,
Сүйеніп қала берді таяғына.

Мұндағы бітпей қойды-ау мешіт тегі,
Дақпыртын көп болып ед есіткелі.
Бұл күндері мектепке барып-кеп жүр,
Сол кезде жатқан бала бесіктегі.
Қайран елдің қаржысы қайда кетті,
Жинаған жылдар бойы несіптері.
Қанша қаржы құйса да қампаймайтын,
Қалтасы мүфтиіңнің тесік пе еді.

Айтайын болсақ егер заман жайлы,
Көңілім мына жайтқа алаңдайды.
Ата-анасы жұмыссыз жүргендердің
Балалры мектепке бара алмайды.
Өйткені өтеу үшін қажеттерін,
Азды -көпті ақшаны таба алмайды.
Баламызды әлпештеп баға алмасақ,
Құдайым мына бізді неге алмайды.
Елена:
Заманның ашып беріп ара-жігін,
Баурап ап Алатауды барады үнің.
Сазыңмен ойбайлаған, байбайлаған,
Шореке, шақырмаңыз жаман ырым.

Жақсы жан қызды нәзік гүлге теңер,
Шореке, сен де соны үлгі ете бер.
Обалым болса менің тап өзіме,
Қасіретін қалған қыздың кім көтерер?

Сөйлеген бұл әншейін амалым де,
Айтыста таусылған ба шара мүлде.
Ұлтының келешегің ойламаған,
«Күніндей қорғансыздың» заманың де.

Келтіріп шабытымды шарықтатып,
Салғанмен әсем әнді қалықтатып.
Жүректен әл берсем де, жан берсем де,
Пайдасы тиер емес халыққа түк.
Өсиет, қасиетке қарайлатпай.
Барады ел жанына нарық батып.

Айтыста семсер де асқақ, қалқан да асқақ,
Жақсы ғой шын шабыт ап шалқарласпақ.
Рәтбек қажымен айтысуды,
Бүгінде берді бізге Қалтай бастап.

Зұлымдық әлде елді қоршады ма,
Тақалдық надандықтың зор шағына.
Қалтасы қайдан толсын күштілердің,
Түскен соң тиын-тебең жемсауына.
Шорабек:
Замана сан өзгеріп, жалт беріп жүр,
Жалт бергенін мұндағы халық көріп жүр.
Заманның азғындығы сол емес пе,
Біздерге бойдақ қыздар тап беріп жүр.
Жігіттерге кінәні арта берме,
Қай елдің қызы байға қарық боп жүр.

Мына заман қай заман, қандай заман,
Әйтеуір ауыл жақта жағдай жаман.
Бір кезде миллиард пұт астық алса.
Бұл күнде бір-ақ үзім нанды ойлаған.
Бір кезде елу миллион қойды айдаса,
Бұл күні бір қойы жоқ, таңдай қағам.
Бас-басына табылмай басқа кәсіп,
Базарға ауылдастар арба айдаған.
Арбасын ішіп алса жарға айдаған,
Арбасын ұрлап кетсе соры қайнаған.
Арбасын айдай алмай зорға айдаған,
Бұл өзі болып кетті қандай заман?

Бұл өзі қос дүние көпір заман,
Байға ну, ал кедейге тақыр заман.
Бейшара, ғарып-кесір, сорлылардың,
Көз жастьарын көрмейтін соқыр заман.
Құлқыны үшін құдайын ұмытатын,
Кәнгі ұрыға дос-кәпір заман.
Ағайын, айтыңдаршы айналайын,
Жақындап қалған жоқ па ақыр заман?

Елена, бұл сөздерім ұнады ма,
Әлгі бір жауап берем сұрағыңа.
Кел, екеуіміз қосылып ойбайлайық,
Құдайдың жетер ме екен құлағына?!
Елена:
Қай заман, мына заман, қай-қай заман,
Іске аспас қарарлармен айғай заман.
Жанды ұқпай, жұрт қарамай бір-біріне,
Ақыны Шорабектей ойбайлаған.
Сөзіңе қосыламын мен де, Шора,
Шынымен ел жағдайы, ойбай, жаман.

Көңілімнен ағал-тегіл жырды айтайын,
Біртіндеп айтқан сайын ұлғайтайын.
Өсірген мына мені, әлпештеген,
Ағайын, тыңдасаңыз сырды айтайын.

Сыр деген заманында ең көрікті,
Тарихта Тұран аты зор болыпты.
Адамның арзымайтын азаматы,
Қорқытқа мәңгі мекен – көр болыпты.
Кешегі Абылайлар соғыстан соң,
Ес жинап, жайлаулатып ел қоныпты.
Шалқыған ару теңіз Аралымен,
Көк майса жері шұрай көл болыпты.
Қазаққа ең алғашқы астана боп,
Үш жүздің басын қосқан жер болыпты.
Бір шеті Ұлытауды қорғап-қоршап,
Бұқарбай, Жанқожадай ер болыпты.
Ошағы мәдениеттің бір шетінде,
Түркістан, Отырардай зер болыпты.

Бұл күні осы айтқаным ертегідей,
Бастады берекелі өлке жүдей.
Жанымыз сүйсінетін іс қалмады,
Елімнің қарасаңыз ертеңіне – ей.

Шындықты айтар болсам күлкілдемей,
Шырқырап, шырылдайды, шіркін, көмей.
Орыстар ордамызда ойқастады,
Ұшырып зымыраның күн-түн демей.
Тонналап мұнай шашып жатқанменен,
Жалаң бас, жалаң аяқ, жұртым кедей.
Барады халық азып, тозып, босып,
Қала ма қос бүйрегің бүлкілдемей?

Жарылыстан сызат түсіп санаға кіл,
Байқоңыр дерті меңдеп арада тұр.
Қазақтың қасиетті бір мекені,
Екінші Семей болып бара жатыр.
Құр босқа ойбайламай, ақын Шора,
Осындай бір сұмдықққа араша тұр.
Шорабек:
Таң қалам, Лена, сенің қандайыңа,
Қандай сөз түсіп кетті таңдайыңа.
Ойбайламақ түгілі байбайларсың,
Қазақтың қанық болсаң жағдайына.

Көргенде көңіл жұртты құлазиды-ай,
Отыр ғой ел мекенін біраз қимай.
Айтуға мұңым менің жетіп жатыр,
Жүрекке отырмын ғой жүк аз жимай.
Жау шаппай-ақ Жаңатас жамсап жатыр,
Ресей бомбылаған Грозныйдай.

Жағдайы Сыр бойының аянышты,
Қайталап айтпашы тек баяғы істі.
Ешкім сенің мұңынды тыңдамайды,
Таппасаң бір құдайдан таянышты.

Елімнің емес пе еді қойғаны құт,
Құт бірақ құтаймады қойы құрып.
Тұралап жатыр қазақ шаруасы,
Құяңдай белден қалған шойырылып.
Ауыр тыныс алуда ауыл бүгін,
Құлаған Құлагердей сойыл ұрып.

Қалмап еді қой баласы қорамызда,
Ал, енді елім айтшы, оңамыз ба?
Қой деген жануарды көру үшін,
Ертең біз зоопаркке барамыз ба?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *