Басты бет Жазбанұсқа Ж.Тәшеновтың 100 жылдығына арналған жазба айтыс (Қажымұқан мен Қанат)
Ж.Тәшеновтың 100 жылдығына арналған жазба айтыс (Қажымұқан мен Қанат)

Ж.Тәшеновтың 100 жылдығына арналған жазба айтыс (Қажымұқан мен Қанат)

 1 012 0

ҚанатҚажым    Құрметті айтыссүйер ағайын! Қазіргі таңда айтыс заман талабымен ғаламторда кеңінен насихатталып, көпшілікке тарай бастады. Әлеуметтік желілерде «Айтыс-ұлттық өнер» атты парақша ашып, төл өнеріміздің насихатталуына белсене атсалысып жүрген Азамат Нақыпұлы бауырымыз Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында тағы бір бастамаға ұйытқы болды. Іnstagram желісінде Тәуелсіздік мерекесі және Мемлекет және Қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтың 100 жылдығына арнап белгілі айтыскерлер арасында жазба айтыс ұйымдастырған болатын. 12 ақын қатысқан жазба айтыстың ең үздігін сайтымызға жариялауды жөн көрдік. Тақырыптан ауытқымай, тартымды тіркестермен тілдескен Қажымұқан Абзалов (Шымкент) пен Қанат Мырзаханның (Тараз) арасындағы жазба айтысты назарларыңызға ұсынамыз. Оқып, ой бөлісіңіздер.

Қажымұқан:

Қазақ елі секілді хан əулеті,
Байлығыңа бұрылды əлем беті.
Жазба айтысқа жазылсын ғаламатың,
Елдің оған үйренген əуелде еті.
Ассалаумағалайкум, Қазақ елі,
Ғаламтормен келіп тұр сəлем реті.
Əлемді шарлап жүрген үйде жатып,
Əлеуметтік желінің əлеуметі!
Халқым, менің самғаған жыр құсымсың,
Бақытымды сендердей кім түсінсін?!
Тәуелсіздік қолында тұрған кезде
Аспанға қырандарын жұрт ұшырсын.
Аллаға шүкіршілік ете берем,
Елді тыныш басқарған бір кісі үшін.
Баламның бұзылмаған ұйқысы үшін,
Анамның жымыңдаған күлкісі үшін.
Айтыс деген өнердің зор ғажабы,
Айтыскер ақындардың сол базары.
Қанатты кім білмейді біліміне
Тең келмейтін қаланың он қазағы.
Ол жоқ шығар деп кеп ем бұл айтыста,
Оған да ауыпты ғой төр назары.
Сахнада алты рет айтысыппыз,
Бұйырған бұл өнердің сол ма заңы!
Қанатпен тағы неге жұптады екен,
Мен емес бұл тірлікке ел мазалы.
Қайда барса Қорқыттың көрі ұқсатып,
Қайда жүрсем Қанат -ақ ор қазады.
Ақындарды жиыпты бұл бір отан,
Керуенге қосқандай мың бір атан.
Қалайсың, Қанат Мырза, амансың ба?
Дайын ба елге айтатын түнгі батаң?
93-те дүниеге əкеліпті,
Өзіңді үйіңдегі үлгілі апам.
Сен демек төл теңгенің құрдасысың,
Бүгін де елеңдеген күллі жаһан.
Достықтың айтысына шақырамын,
Шындық – анам болғанда, Бірлік – атам.
Ал дұшпандық танытсаң өзіңнен көр,
Сөзбен-ақ бір құлатып, мың жылатам.
93-те туғандар құнсызданды,
Сол құрдасың секілді құлдыратам!

Қанат:

Тағдыры талай рет мұз боратқан,
Аумаған төзімді елміз біз болаттан.
Ассалаумағалейкум, Қазақ елі
Іші күйген дұшпанға тұз жалатқан.
Ел басына күн туса еміреніп,
Түспеген ұлы түгіл қыздары аттан.
Жұрты үшін желтоқсанда жанын қиған
Қайрат, Ербол, Ләззаттар бізге мақттан.
Бұғауын империяның бұзып жарды,
Атса деп арайланып ізгі абат таң.
Лаулаған желтоқсандық жастарым-ай,
Аумаған сіркіреген мұзбалақтан.
«Қалауын тапсаң егер қар жанар» деп,
Алауын желтоқсанның мұзда жаққан!
Өлеңнің маған шашып бытырасын,
Карсылас неге сонша құтырасың?
6 рет жұпталғам деп Қанатпенен
Айтысуға болмай тұр ықыласың.
Айтыс сайын менімен тең түсесің,
Немесе жеңіп кетіп жұтынасың.
Жеңілмесең жұбың боп шыға берем
Түбінде сөз таба алмай тұтығасың.
Қанаттан құтыламын десең егер
Қажеке, осы айтыста ұтыласың.
Қорқытта көрден қашып құтылмаған
Қанатқа сен де бір күн тұтыласың.
Қорқыттан асып қайда барам дейсің,
Өлімнен өліп қана құтыласың.
Қажекең бұл Қанатқа оң қарасын,
Қажырсыз қалжың айтып қорламасын.
Тәуелсіздік нышаны – төл теңгеміз,
Сондықтан төмендетпе өр бағасын.
Теңгенің құрдасы деп мына маған
Неше түрлі әдісті қолданасың.
Сен туған 88 жылдарында
КСРО-ның қысымын көрді Алашым.
Ішің күйіп отыр ма сен туғанда
Ешқандай бір жаналық болмағасын.
Тенгенің құрдасына неге сонша
Доллардың құрдасындай долданасың?!
Күтсек те қиянатты басқадан біз,
Кажеке, сенен ешбір тоспағанбыз.
91-де тәуелсіз мемлекет боп
Ешкімнің айбарынан саспағанбыз.
92 – көк Ту мен Елтаңбаны
Бейнелеп, қос қолменен қоштағанбыз.
Кеңестің «копейкасы» секілденіп,
Қажеке, секеңдейсің босқа жалғыз.
Сен туғанда басылған «копейканы»
Тәуелсіздік алғанда баспағанбыз.
93-те шығарып төл теңгені,
Қазақша сауда жасай бастағанбыз.
КСРОның шығарған копейкасын
Қолданыстан шығарып тастағанбыз.

Қажымұқан:

Қорқыт та қорықпаған сапарынан,
Қажы да қажымайтын баталыдан.
Өлімнен өліп қана құтыласың,
Ажалдың кім қашады апанынан.
Бірақ та өлмегендер аз емес қой,
Тірлігі болғаннан соң сапалыдан.
Мысалыға Жұмабек Тəшеновтің
Əлі де ат үркеді атағынан.
Бүгін де сескенетін дұшпаның көп,
Ербол мен Қайраттардың қаһарынан.
Ғалымның хаты өлмейді деген сөз бар,
Халқымның айналайын мақалынан.
Өлеңмен табылсам деп армандаймын,
Өлсем де өлмегендер қатарынан.
Бұл Қанаттың ақтарған өлеңі көп,
Айтып отыр абыройым зор еді деп.
Есегі судан өтіп кеткеннен соң,
«Копейканы» теңгеден бөледі кеп.
Теңгеңіз де тиыннан құралғандай,
Оны бөліп-жарудың керегі жоқ.
92 сыйлады көк Туыңды,
Елтаңба да сол уақта еленіп ед.
Теңгеміз одан кейін пайда болған,
Осы жайлы тарихтың дерегі көп.
Көрдің бе көк Туым мен Елтаңбама
Теңге емес «копейканың» көмегі көп.
Ол рас, 93-те ырыс қонды,
Ал қазір құнсыздану ұлы іс болды.
Бөлініп копейкамен теңге болып,
Мынауымыз саяси ұрыс болды.
КСРО-да қап қойсам копейка боп,
Қайта менің өмірім тыныш болды.
Қор болмай доллардағы тақырбасқа,
Қолданыстан шыққаным дұрыс болды.
Құнсыздану жанардан жас парлатпай,
Қайтадан жақындатсын қашқан бақты-ай.
Ел қалай ел болады бұл қоғамда,
Еркіндігін ерекше асқарлатпай.
Дағдарыстан халқымыз аман өтсін,
Су бетімен жүгірген қасқалдақтай.
Елің үшін қызмет қылшы Қанат,
Ол үшін сауап берер Мəшхар жақта-ай.
Сенің Қанат екенің рас болса,
Теңгені ұшыр, долларды аспандатпай.

Қанат:

Бұл копейка кезінде кезінде болды арыстан,
Бірақ теңге келгенде жолдан ұшқан.
Қолданыстан шықтым деп мәз боласың,
Одан да өлген жақсы ар-намыстан.
Тақырбасқа қор болдың деп қоясың,
Доллардан асқан маған барма дұшпан.
Алайда мен долларға берілмеймін,
Қиыншылық көрсем де дағдарыстан.
Тақырбастың шекесін шертіп тұрып,
Шығарып тастағанша қолданыстан.

 

Қажекеңнің сөздері от дейін ба,
Жоқ әлде оттан қалған шоқ дейін ба?
Көк туға «копейканың» көмегі көп,
Деп айтсаңыз еш нәрсе жоқ миыңда.
Байрағым – баға жетпес байлығым ғой,
Сондықтан, копеекты айтып көп сұйылма.
Кажеке, өзің айтшы мына саған,
Көк Тудың құны сонда көк тиын ба?
Өлмеуге тұрғанменен жан құштар боп,
Өлмейті жан, өшпейтін лампочкаң жоқ.
Атым өлмей тарихта қалса дейсің,
Мұныңды айта аламын дәл тұспал деп.
Атақ үшін қайтесің өлең жазып,
Әдемі теңеу іздеп әр тұстан көп.
Онсыз да атың тарихта қалады ғой,
Қанатпенен жеті рет айтысқан деп.
Қақырығы құйма алтын хандар қайда,
Түкірігі түйме алтын шалдар қайда?
Қазақтың ауыр жүгін арқалаған
Жұмабек Тәшеновтей нарлар қайда?
Кешегі Хрущевтың кезеңінде
КСРО сілтеп тұрды қанжарды айға.
Бес бірдей облысын қазағымның
Ресейге қосамыз деп қамданбай ма.
Ол жерлерді орысқа бермейміз деп,
Жұмекең жұрттан бұрын салды айғайға.
Түркіменге бергізбей Маңғыстауды,
Қарсы тұрды шұбартөс шонжар, байға.
«Қазақ әдебиеті» газетін де
Орекеңдер жабам деп шамданбай ма.
Жабам деген жандардың аузын жауып
Тәшенов қара қылды қақ жармай ма.
Елін ойлап су кешкен етігімен
Табанды ерге талайлар таңданбай ма?
Жұмабек Тәшеновтың кім екенін
Есті адам осыдан-ақ аңғармай ма?!
Тәшенов – қазағымның қалың бағы,
Тәңірім тарту еткен тар маңдайға.
Елемеген Мәскеудің шіренгенін,
Жұмабек жұртты ойлаған жігерлі ерім.
Қажеке, оңтүстіктің көп аймағы
Өзбекке өтіп кеткенін білер ме едің?
Жұмекең жанын салып сол аймақтың
Қазаққа қайта ап берді бірер жерін.
Әсіресе, Қажеке сен ұмытпа
Жұмабек атамыздың бұл еңбегін.
Тәшенов жерді қайта алмағанда
Өмірді Өзбекстанда сүрер ме едің?
Домбыра ұстап додаға кірмек түгіл,
Дорба ұстап базарға кірер ме едің?
Ән салып отырмастан сахнада
Там салып білегіңді түрер ме едің?
Күрегіңді қолтыққа қысып алып
Құрылыстың басында түнер ме едің?
Тәшеновтың ерлігі болмағанда
Ташкентте тәшкі сүйреп жүрер ме едің?

Қажымұқан:

Тəуелсіздік көрінді төріңнен кеп.
Сол үшін ғана ақындар көңілденбек.
Қазағым аман тұрса ең бастысы.
Батырлар шығады ғой елімнен көп.
Тарихта қалайықшы екеуміз де,
Айтысы ғаламторда берілген деп.
Тақырыбы жазылсын бас жағына,
«Қажымұханның ерлігі көрінген» деп.
Біреулер келіп пікір жазып кетсін,
«Қанат жетінші айтыста жеңілген» деп.
Кетсе де теңге қайда, доллар қайда,
Дүниені қуғандар қор болмай ма.
Қанағаты көп елдің қадірі артып,
Алладан несібесі мол болмай ма?!
Шынымен де Жұмекең қандай еді,
Халық та екеуміздей толғанбай ма?
Көкшені су жіберіп көгерткен ол,
Көкшетаудың баурайы ормандай ма?
Түркістанды отынмен қамтып берді,
Бар қазақ қанық шығар ол жағдайға.
Қорқынышпен қарайды халық бүгін
Кешегі КСРО-да болған жайға.
Сол қақпанның бəрінен алып шыққан,
Жұмекең сыймай кетті-ау кең маңдайға,
Ахметтің ұлына мың рахмет,
Бақ болып бұйырған ғой сормаңдайға!
Біз қалсақ өзбектерге шідерленіп,
Сен қалсаң орыстарға жүгенделіп.
Расында қазақ елі кім болар ед,
Тəуелсіздік дегенді білер ме едік?!
Онсызда шүкіршілік етіп жүрмін,
Елімнің көп аймағы түгенделіп.
Ал бес облыс кеткенде орыстарға,
Бүгінгі биік таққа мінер ме едік.
Қанат-ау, екеуміз де ұмытпайық,
Алғысымыз қалмасын үнемделіп.
Жұмекеңнің еңбегі болмағанда,
Жұмаға да бара алмай жүрер ме едік?!
Болар елдің ұлдары қастасар ма,
Мардымды ой тастайын достасарға.
Жетінші рет айтыстық осыменен,
Халық тағы шақырсын бас қосарға.
Өнер бізді қарсылас қыла берді,
Өмірде айырылмас дос босаң да.
Сөзімді айтып кетейін досым саған,
Қолыңды ала алмасам да қоштасарда.
Өнердің жасағанын екеумізге,
Өмір қайталамасын ешқашанда!
Бауырлар дүниеге құнықпаңдар,
Жалғанда Жаратқанды ұлықтаңдар.
Қазақ елі мəңгіге азат болып,
Шығыстан шыға берсін күліп таңдар.
Даланың заңын қалай сақтасаңдар,
Бабаның салтын солай ғұрыптаңдар.
Еліне еркіндікті тарту еткен
Ерлердің ерліктерін ұмытпаңдар.
Ел есінен шықпасын ешқашан да,
Сəбира, Лаззат сынды жігіт жандар.
Қыста да мұз үстіне алау жағып,
Желтоқсанның ызғарын жылытқандар!

Қанат:

Бауырым, болмасаңда көрікті онша,
Өлеңді жаудырасың көбік қарша.
Айтысты аяқтадың қош айтысып,
Көрермен разы болды көріп қанша.
Жырыңмен ел-жұртыңды жылыта бер,
Желтоқсанның желіне тоңып қалса.
Жетінші рет жеңгің кеп отыр екен,
Бұған дейін жүрсең де жеңіп қанша.
Жеңгің келсе жеңе бер, айналайын,
Айтыса беремін ғой мен ұтқанша.
Қажеке, осыменен қош-аман бол,
Сегізінші айтыста жолыққанша!

WWW.aitysker.org

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *