Басты бет Сұхбаттар Айбек Қалиев: «Қазақтың жері – Америка әншісінің жамбасынан құнсыз болып тұр!»
Айбек Қалиев: «Қазақтың жері – Америка әншісінің жамбасынан құнсыз болып тұр!»
1  3 243

Айбек Қалиев: «Қазақтың жері – Америка әншісінің жамбасынан құнсыз болып тұр!»

 3 243 1

DSC01803«Жерді жалға алғаны үшін Ресейдің бізге төлейтін қаражаты 350 мың доллар ғана. Енді салыстырып қарайық. АҚШ-тың әйгілі әншісі Дженнифер Лопес өзінің жамбасын (құйрығын!) жылына миллион долларға сақтандырады. Сонда қазақтың жерінің құны Америка әншісінің жамбасынан құнсыз болғаны ма?» дейді ақын ашынып…

Астана қаласының Конгресс-холл сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және Астана күніне орай өткізілген «Бағаналы ордам – басты ордам» атты республикалық ақындар айтысында көпшіліктің қолдауына ие болған ақынның бірі Айбек Қалиев. Жастайынан қара сөзді серік еткен ақынның айтыстағы отты шумақтары тарих бетінде жазылып қалары анық. Бұл жолы да бабынан таймаған азулы ақынның сөз саптасы, алмас қылыштай жарқылдаған ойлары алқалаған қауымды бей-жай қалдырмады. Бүгінгі қоғамдағы ең өзекті проблемаларды қаузаған ақынды аламан айтыстан соң сөзге тарттық.

– Айеке, Астана күніне арналған ақындар айтысы, оның ұйымдастырылуы көңіліңізден шықты ма? Дарабоз ақындарымыз халықтың көкейінен шығар көрікті ойларға түрен сала алды ма?

– Астана тойына (әлеуметтік желілер таласа жазып жатқандай 12 ақын емес) “сен тұр, мен атайын” деген 14 ақын қатысты. Бәрі де жыл бойы жүлделі орындарды иеленіп оза шапқандар. Бір-екі талантты жас ақын да арамызда жүрді. Ол да заңдылық. Тәжірибе жинақтап үлкен дода да ысылу үшін. Бізге дейін “Хан шатырдың” алдында жас ақындардың айтысы өтті. (Оны астаналықтар жақсы білетін болар). Менің пайымдауымша екі айтыста да ақындар елдің көкейінде жүрген ойларды айта білді. Мысалы жерге байланысты, Ақтөбеде болған лаңкестік оқиғаға қатысты, өзге де толып жатқан қоғамдағы келеңсіздіктер сын-найзаға ілікті. Көргенімнің бәрін сараптай келе айтыс жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын.

– Сөзіңізді бөлейін, әсем қаламыз Астана қаншалықты дәріптелді ақындардың ұшқыр тілімен?

– Жақсы есіме салдыңыз. Көпшілік ойлап қалмауы керек, Астананың тойында тек қана проблемалар айтылған екен деп, жоқ әсем астананың жетістіктері мен жақсылықтары да жарыса жырланды. Ақындар астананы жырлаудан, оны дәріптеуден ешқашан аянып қалған емес. Осы жолы да Астана жеткілікті деңгейде жырланды деп ойлаймын. “Әр қазақ менің жалғызым” деп ақын Сабыр Адай айтпақшы, Астана қалай десек те қазақтың жалғызы секілді. Оны аяламасақ, оны мақтан тұтпасақ кім болғанымыз.

– Соңғы уақыттары айтысты билік қанатының астына алып, дүркіретіп өткізуге күш салып жатыр. Бұл жақсылық нышаны. Әйтсе де, ұйымдастырушы тараптан “мынаны айтуға болады, мынаны айтарда сақ болыңдар” деген ескертпелер жасалып тұра ма?

– Ескертпе дегеніңіз, жалғыз “Нұр Отан” айтысты қолға алғалы бері емес, бұрыннан айтылып жүретін нәрсе ғой. “Қатты кетпеңдер, елді дүрліктірмеңдер, арандатуға ермеңдер” деген сияқты ескертеулер бұрыннан болып тұрады. “Тігісін жатқызып айта алсаңдар айтыңдар, арзан атақ қуып, дәлелсіз сөз сөйлеуден аулақ жүріңдер” деп ескерткеннен келер зиян жоқ қой. Жасырып қайтейін, ақындар арасында да “Бүйректен сирақ” шығаруға әуес, оппозициялық газеттерді оқып алып, айтып жатқан фактісі нақты ма, жоқ әлде, жала жабу ма оны сараламай, сараптамай ұратындар, көп болмаса да бар. Алайда шындықты айтамын деген ақындардың аузын ешкім буып отырған жоқ. Халық білетін де, білмейтін де ақиқаттар айтылып келеді, айтыла да бермек. Сөзім шынайы болуы үшін бір мысал келтірейін. Баяғыда Бауыржан Байбек ағамыз “Нұр Отанның” төрағасы болып тұрған кезінде ақындармен жиі кездесіп: “Министрліктегі, әкімшіліктегі, өзгеде еліміздегі өзекті мәселелерді көтеріңдер, біз “Нұр Отан” партиясы” солармен жұмыс жасауымыз керек” – деп, ақындарды қолдайтынын аңғартып жүретін. Тіпті “Парламенттегі депутаттарды айтысқа жинап қоямын, біраз мәліметтер олардың да құлағына жетсін” деп айтқаны да есімде. Ол кісі уәдесінде тұра білді.

– Кешегі өткен айтыста біраз мәселеге ат шалдырдыңыз. Әсіресе, бүгінгі таңдағы ең өзекті проблема жер туралы Үкіметке қарата айтқан қатқыл ойларыңыз жиналғандардың қышыған жеріне дөп тигендей әсерде болдық.

– Халықтың арасында жүрміз ғой. Қарапайым жұрт шет елге жерді сатпақ түгілі, қазақстандықтарға жалға беруге қарсы. Оны қалай айтпаймын. Сондай-ақ, жер комиссиясы облыстарды аралап жиындарын өткізіп жүр. Сол жиындарда сөйлеген кісілердің көбін билік арнайы дайындап қойған адамдар ма деп ойлаймын кейде. Өйткені ылғи жерді иеленіп отырғандар сөйлейді. Оларға салсақ: “жер сатылсын, жалға да берілсін, бәрі керемет болады” деп жатады. Ал қарапайым халықтың пікірі басқа. Мені ашындырған тағы бір мәселе: қазақ жерін бөлшектеп-бөлшектеп сатып алған дәкөйлердің есімдері жұмбақ. Оны айтуға болмайды. Заңға томпақ екен. Сонда тіпті жерімізді кімдердің сатып алғанын білмеуден артық қандай жаза бар. Жақында бір жерден “Біз жерді бабалардан мұраға алған жоқпыз, болашақ ұрпақтан жалға алып отырмыз” деген сөйлем оқыдым. Бұл жібі түзу сөз. Негізі жер мәселесі өте нәзік қой. Абайламаса болмайды.

– «Болса егер ойлағаның пайда лайым,
Қалайша мұндай жерде жай қалайын?
Шетелге, ей, Үкімет, мені сатшы,
Тілімді енді саған қайрамайын.
Құлдықтың қамытына бой ұсынып,
Қытайға мәңгілікке байланайын.
Ол аз десең әйелім, баламды сат,
Қара бастың бақытын ойламайын.
Жалғыз-ақ өтінішім – қазағымның
Жеріне тимеңдерші, айналайын!» деп айтыста таусыла жырлағаныңызға қарағанда жер мәселесіне көзқарасыңыз белгілі болып тұр!

-Тарихқа көз жіберсек, Мөде қағанның жерге қатысты байламы рухыңды қамшылайды. Мәселенки, жүйрік атын сұрап келген қытайға сұрағанын береді. Кейін сұлу әйеліне көздері түседі. Оны да қияды. Әбден құтырған Қытайлар жер сұрайды. Міне, осы кезде ашуға мінген Білге қаған, әскеріне атқа мінуді бұйырады. Таң қалған уәзірлеріне: “Ат пен әйел маған тиесілі еді, оны өз қалауыммен шештім. Ал мына жер халықтікі. Оны сатуға немесе сыйға тартуға менің құқым жоқ. Сондықтан олармен соғысудан басқа шарам қалмады” деп қара Қытайды Бейжіңге дейін қуып тастапты. Бұл аңызға бергісіз оқиға ғасырдан ғасырға өтіп бізге жетті. Бабалар аманаты осы! Оған қиянат жасауға болмайды. Жоңғар және Ойратпен не үшін соғысты бабаларымыз, жер үшін әрине. Абылай хан бабамыз жер үшін өз балаларын жат қолға аманатқа тастады. Үш жүз жыл отарлаған орыстардың өзі біздің жерімізді түгел тартып ала алған жоқ. Кешегі қылышынан қан тамаған кеңес заманында алаш орда қайраткерлері жер үшін Ленинмен келісімге барды. Бертінде Ташеновтай тұлғалар жер үшін қызметімен де қош айтысты. Міне, осындай қилы замандарда сатылмаған жеріміз, тәуелсіздік алған тұста, талан-таражға түссе қаншалықты дұрыс болар еді….

«ҚАЗАҚ ҮШІН ЖЕР – МАТЕРИАЛДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ЕМЕС, ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯҒА АЙНАЛДЫ»

– Айеке, кейбір жоғарыдағы басшылар қанша жасырып жапқанымен кімде қанша жер телімі бар екені ақырындап ашылып жатыр емес пе?

– Шындық ерте ме, кеш пе бәрібір айтылады. Қасиетті жердің киесінен қорықпағандарға бір тоқтам болар түбінде. Мен бұған имандай сенемін. Жуырда Ақмола облысының әкімі Кулагин 80 мың гектар жері барын мойындады. Жалпы халықтың білуінше Терещенкоға тиесілі жер ауыз толтырып айтарлық көлемде. Қостанай облысында “Иволганың” қаншама мың гектар жері жатыр далиып. Оның иесі Василий Розинов деген кісі. Атақты миллиярдер Маскевичтің қарамағындағы жерлердің қанша екендігі бір Аллаға ғана мәлім. Одан бөлек қазақтың табиғаты ерек, шұрайлы жерлері көп қой. Соның өзім көзіммен көрген біреуін ғана айтайын. Жасыбай деген атақты көл бар. Соған жолымыз түскенде мылтықпен арнайы күзетілетінін көріп шошығаным бар. Әкесінен қалған жер ме ол?! Бұл қазақты басыну ғой. Бұлар біздің білетіндеріміз ғана. Білмейтін, білсек, зәремізді ұшыратын жайттардың болуы әбден мүмкін. Осы тұрғыда қарасақ оларға жердің сатылғаны пайдалы. Ал қарапайым қазақ жұртының жерді сатып алуға шамасы келмейтіні әмседен белгілі. Шынын айтсақ қазақ үшін жердің қадірі – материалдық құндылық емес, ұлттық идеологиялық құндылық болып тұр.

– “Ел құлағы – елу” деп жатады халық. Жер мәселесі ушығып, елбасы заңға мораторий жариялап жатқанда, Ресейдің әскери машиналары Торғай даласын шаңдатып жүргенін айтыс барысында айтып қалдыңыз…?

– Айтпасыма болмады. Менің жаныма қатты батқаны: өзім өскен Торғай жерінен Ресейдің зымыран қалдықтарын құлату үшін жалға жер беріліп жатқаны. Кейбір жеткен сыбыстардан Тосын құмына зиянды қоқыстарды көму жоспарланған. Былтырғы жылы осыншама зиянды қалдықтардың кесірінен Торғай даласында киіктер қынадай қырылды. Кейбір ауылдарда ірілі-ұсақ малдар өрісте құлап жатты. Сайын дала да зорман, жыландарға дейін жайрап қалды. Оның адамға залалы жоқ деп алдаусыратқанмен, гептилдің аты-гептил. Оның ауаға, малға, ішер асқа зияны болмауы мүмкін емес. Оның зардабын халық елу, бәлкім жүз жылдан кейін тартуы бек мүмкін. Енді мынаған қараңыз: Жерді жалға алғаны үшін Ресейдің бізге төлейтін қаражаты 350 мың доллар ғана. АҚШ-тың әйгілі әншісі Дженнифер Лопес өзінің жамбасын жылына миллион долларға сақтандырады. Сонда қазақтың жері Америка әншісінің жамбасынан құнсыз болғаны ма?

-Жоғары да арлы ақындар шындықты айтарда нақты фактлерге жүгінетінін мысалға келтірдіңіз. Өзіңіз осы жолы қандай бұлтартпас дәлелдерге сүйеніп отырсыз?

– Интернетті қарасаңыздар мен көрсеткен мәліметтер тізіліп тұр. Тіпті Азаттық радиосының тілшісі Торғай ауданының жер бөлімінің басшысынан сұхбат алғанда, ол кісі “Осынша жердің Ресейге берілгені туралы” хабарды растады. Артынан ақпаратты таратқаны үшін әлі байғұс басшы біраз қудаланып, басы бәлеге қалды. Ол аз десеңіз Торғайдың “Ақшығанақ” ауылында Ресейдің әскери машиналарының қаптап жүргенін халық күнде көріп отыр. Мен сол елдің қалың ортасынан келіп отырғандықтан ауа жайылып, аузыма келгенді соғудан аулақпын.

– Көңіліңізге келмесін, айтыстан соң сізді қолпашағандар мен қатар айыптағандар да табылды. “Жер мәселесін көтерсе Айбек бұрын қайда қалыпты” дегендерге қандай уәж айтасыз?

– Иә, әлеуметтік желілерден “Айбек үндемей-үндемей келіп, айтыста жер мәселесін көтеріп ұпай жинап алды. Айтса бұрын қайда қалыпты” деген сияқты сөздерді оқыдым. Кім не деймін десе де ерік өзінде әрине. Бірақ менің айтқым келетіні мынау. Әркімге әртүрлі мүмкіндік берілген. Ақындардың мінбері сахна. Өз ойымды елдің алдында айтпағанда қайда айтамын. Көшеге шығып айтамын ба? Журналисттер хабарласып, жерге қатысты пікірімді сұрап, мен оларға жауап бермей жатсам бір жөн. Қоғамдағы болып жатқан жайттарға саналы адам ретінде менің де өз көзқарасымды білдіруге хақым бар. Ақынның міндеті – жоғары жаққа халықтың ойын жеткізе білу. Мен өз миссиямды орындадым. Қазір интернет заманы. Мені сынап жатқандар 2004 жылдан бергі айтыстарымды бір қарап шықсын. Сондағы ұлан-ғайыр жерімізді иеленіп отырғандар жайлы жан айқайымды естісе бәлкім райларынан қайтар. Мақтанғаным емес, жер мәселесін алғашқы көтергендердің бірі менмін. Көпшілік мені көтермелеп, “патшаға дат айтқан ақын” деп жатады. Түсінген жан, патшаға дат айтуымның астарында осы жер мәселесі жатқанын аңғарса керек-ті.

-Айтыстың бірден бір жанашыры Жүрсін Ерман мырза бір сұхбатында намазға жығылған ақындардың ішінде кейбір таланттылары кетіп жатқанын айтқан болатын. Осы жолғы айтыстан Ринат, Жандарбек, Біржан, т.б ақындардың көрінбеуін неге жорысақ болады?

– Бар мәселе намазға тіреліп тұр деп айта алмаймын. Қазір айтыскер ақындардың 80-90 пайызы намаз оқиды. Сіз айтып отырған ақындардың ішінде айтыстан кеткені Балғынбек қана. Оның өзі үлкен айтыстарға қатыспағанымен, ел арасындағы, жиын-тойлардан төбе көрсетіп қалуы әбден мүмкін. Басқа ақындардың бәрі сапта. Ал болып жатқан айтыстардың бәріне ақындардың қатыса беруі міндет емес. Оның да өз талабы бар. Қазір үлкен-кішісі бар 100-ге жуық ақын айтысып жүр. Бүгін айтыспаған ақындар келесі айтысқа шақырылып қалуы бек мүмкін. Сахнаны ешкім жекешелендіріп алған жоқ. Ал айтыспай қалған ақындарды жаппай кетіп жатыр деуге болмайды. Жүрсін ағаның қасында жүрміз ғой. Ол кісінің ой-арманы бізге белгілі. Мұхаметжан, Балғынбек секілді мықты ақындардың айтыстан кеткеніне бір жағы іші ауырады. Әлі де халыққа берерлері мол еді ғой деген ренішін де сезіп қаламыз. Сол себепті ол кісінің негізгі ойын мен осы мақсатта түсінемін.
– Уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

Нағашыбай Қабылбек

elana.kz

 

Пікірлер(1)

  1. «Жастайынан қара сөзді серік еткен ақынның» дегенде «қара өлеңді серік еткен» деу керек еді. Себебі ақынға қара сөзден өлең оңай демейме, қара сөз жазушының серігі дегенге келісем, ал ақынның серігі қара өлең!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *