Басты бет Мақалалар ҚАЗІРГІ АҚЫНДАР АЙТЫСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ- АЗАМАТТЫҚ КӨЗҚАРАСТАР

ҚАЗІРГІ АҚЫНДАР АЙТЫСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ- АЗАМАТТЫҚ КӨЗҚАРАСТАР

 1 496 0

айтыс

Айтимов Мұратбек Кенжебайұлы
филология ғылымдарының докторы, доцент 

Соқыр ішектей шошайып жүргендер көп,
Сәлем берсең,шалқаяр кір секілді.
Халықтың көңілі қазір мұң шертіп тұр,
Қобызға қолдан таққан қыл секілді.
Ұлттың рухын жоғалтқан ұлдарын көп,
Қылышына тар келген қын секілді

 

 

 

 Қазақ әдебиеті тарихының өзекті арнасы — дәстүрлі ақындық поэзияда ұлттық тәлім-тәрбие мәселелері ең басты орын алады. Қазақтың халық болып қалыптасуы, дамуы кезеңдеріндегі әрбір жаңа ұрпақ өкілдерінің байырғы ата-бабалық асыл қасиеттерді, игі салт-дәстүрлерді қабылдауын, жақсы жақтарынан үлгі ала, олқы жақтарын жетілдіре жалғастыруы кейінгі дамуға ұласып отырды.
Қазақ әдебиеті тарихындағы ұлттық көзқарастардың бастауында халқымыздың дербес, тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүруіне арналған шығармашылық сарындар жетекші орын алады. Бұл — сонау түркі өркениеті жазба ескеркіштерінде де, Алтын Орда –Қыпшақ, Қазақ хандығы дәуірлері ақын — жырауларының мұраларында да тұрақты жырланған тақырып. Тәуелсіздік туралы жырлар — ұлттық тәлім — тәрбиенің азаматтық -отаншылдық, қаһармандық бағыттағы құралы қызметін атқаратын шығармалар.
Академик жазушы М.Әуезов «Әдебиет тарихы» атты кітабында «Зар заман ақындары» тарауында қарастырған ақындар шығармаларының ұлттық — азаттық көзқарастағы азаматтық-сыншыл болмысына баға берген еді:
«Бұқар жыраудан соң ХІХ ғасырдағы зар заман ақындарының басы -Махамбет. Одан кейінгілері: Шортанбай, Мұрат, Алтынсарыұлы, бұлардан соңғы бір буыны Абаймен тұстас ақындар…/1,208/.
Қазақ әдебиеті тарихында көркемдік негізі қаланған әлеуметшілдік сарын дегеніміз – ұлттық көэқарастардың жырлануы.
ХІХ ғасырдағы зар заман ақындары поэзиясында сыншыл, әрі мұнлы-шерлі сарынмен жырланған қазақтың ұлттық дүниетаным көзқарастарын жалғастыру ХХ ғасырдың 90-жылдары мен қазіргі дәуірдегі ақындық поэзия шығармаларында жалғаса дамып отыр. Қазіргі ақындардың айтыстарында қазақ халқының ұлттық салт – дәстүрілері, артта қалған ғасырлар қойнауларынан жеткен, енді болашаққа ұласатын ата — бабалардың елдікті, ерлікті ардақтаған көзқарастарын өнеге тұта жырлау тағылымын көреміз.
Дәстүрлі ақындық поэзияның қазіргі көрнекті өкілдері М.Тазабековтің, М.Қосымбаевтың, О.Досбосыновтың, Б.Шойбековтің, А.Әлтаевтың, Б.Әлімжановтың, С.Құсанбаевтың, А.Бұлғақовтың, Қ.Мырзабековтің және т.б.шығармаларында қазақтың ұлттық дүниетанымы, мақсат-мұраттары кең камтыла жырланып келеді.
Қазіргі ақындық поэзияның дәстүрлі сарыны – қазақтың бұрынғы ата – бабалық, ұлттық тарихын мақтанышпен жырлау. Ұлттық мақтаныш ұрпақтан – ұраққа жалғасқан қасиетті сезім.
Ежелгі түркі қағанаттарының, тамырлас халықтардың қасиетті ұрпақтарға көркем кестелі жанр өрнектерімен танытатын ақындар шығармалары – рухани мәдениетіміздің қуатты құралы.Мысалы, Шорабекпен айтысында Лена Әбдіхалықованың мынадай отаншыл жырлары төгіледі:
Сыр деген заманында ең көрікті,
Тарихта Тұран аты зор болыпты,
Адамның арзымайтын азаматы,
Қорқытқа мәңгі мекен көр болыпты.
Кешегі Абылайлар соғыстан соң,
Ес жиып,жайлаулатып ел қоныпты.
Шалқыған ару теңіз Аралымен,
Көк майса жері шұрай көл болыпты /2,293/.
Қазақтың ұлттық рухани мәдениетін әлемге әйгілеп танытқан тұлғаларды да әдеби көркем бейне тұғырына көтере жырлау арқылы да ұлттық – азаматтық көзқарас айқындала түседі. Мысалы, Серік Құсанбаевпен өткен айтысында Әселхан Қалыбаева қазақ сөз өнері алыптарын ұлттық мақтанышпен бейнелейді:
Абай – бас, Жамбыл – жанбас, Мұхтар-мойын,
Бірінің алға апарған бірі ойын.
Ғаламның қарашығын қарықтырып,
Қаптаған інжу-маржан тұла бойын.
Кейінгі ұрпаққа үлгі нұсқағалы,
Халқымен көзайым боп жасай бермек,
Алаштың аласармас үш тағаны /2,265/.
Ақындардың айтыстарында ата-бабалар аманатын сезінген бүгінгі ұрпақтардың жан-дүние болмысы азаматтық сарындағы лирикалық сыршылдықпен ақтарыла жырланады. Мысалы, Аманжол Әлтаевтың Жібек Болтановамен айтысындағы қазақ дүниетанымы бейнеленген көркем тіркестермен өрнектелген шумақтардың поэтикалық әсерлілігі баурайды:
Алаштың аян тұттым баталарын,
Даламның тұғыр тұттым жоталарын.
Иіген аруанадай асыл халқым,
Алдыңа келді міне боталарың.
Кең болсын өр қазақтың керегесі,
Ешкімнен кем болмасын керегесі,
Есігін жаңа ғасыр ашар сәтте,
Алланың аз болмасын берекесі /2,13-14/.
Қазіргі ақындық поэзия өкілдері қазақтың ұлттық мүддесіне қатысты ойларын өрбітуде зар заман ақындарына тән сыншыл сарындарды да жалғастыра жырлайтынын байқаймыз.Тәуелсіздік туы көтеріліп, ұлттық дамудың жаңа бағытының әлі қарқын ала алмай жатқан тұстарында қазіргі ақындық поэзия өкілдері осы қиын-қыстау жағдайда сыншыл реализм тілімен жырлай білді. Мысалы, Оразалы Досбосыновтың Бекарыс Шойбековпен айтысында осындай сыншыл сарындардың халықтық тұрмыстық-әлеуметтік хал-ахуалына тән шындықты мол қамтығанын көреміз. Оразалы қиын-қыстау кезеңнің қазақ ұлтына тигізген зардаптарын поэтикалық мағыналы сөздермен бейнелейді:
Зардап бар бұл заманда, зобалаң жоқ,
Аш болса да сөйлейді ел тоқ адам боп,
Тізгіні тұра берсін ел басында,
Доғаға жармаспайық додадан кеп.

Жерге еңкейсем жемімді тере алам,-деп
Келеді екі аяқты тең алам»-деп /2,176-177/.
Қазақтың ақындық поэзиясында даламыздың табиғи сұлулығының мәңгілік сақталуы-тұрақты жырланып келе жатқан дәстүрлі ерекшілік. Қазіргі ақындар айтыстарында қазақ даласының экологиялық апатты жағдайларға ұшыраған аянышты халі, зиянды зардаптары тақырып нысанына алынады. Мысалы, Шорабекпен айтысында Лена ақын Семейді
сорлатқан апатқа ұқсас мәселенің Қызылордадағы Байқоңыр атырабына да тигізіп жатқан зардабын айтады:
Шындықты айтар болсам күлкі демей,
Шырқырап шырылдайды шіркін,көмей.
Орыстар ордамызды ойқастады,
Ұшырып зымыранын күн-түн демей.
Тонналап мұнай шашып жатқанменен,
Жалаң бас, жалаң аяқ, жұртым кедей…
Байқоңыр дерті меңдеп арада тұр.
Қазақтың қасиетті бір мекені,
Екінші Семей болып бара жатыр /2,293-294/.
ХХ ғ. екінші жартысы мен ХХІ ғ. Басында қазақтың ұлттық ділін аздыру ықпалдары жүріп жатқаны да мәлім. Тәуелсіздік жарияланғанымен асыл сапалы ұлттық — адамгершілік қасиеттедің де экологиялық мәселеге айналғаны да, заманымыздың өзекті мәселесі екендігі ақындардың жыр арқауында айтылуда. Бекжан Әшірбековпен болған айтысында Мұхамеджан Тазабековтің сыншыл ойлы азаматтық толғанысы ұлтының сақталуын, дамуын ойлаған азаматтық лириканың поэтикалық-эстетикалық ұлағатын танытады:
«…Бұл дүние біреуге бақ, біреуге сор»,
Деген бабалардың шын секілді.
Соқыр ішектей шошайып жүргендер көп,
Сәлем берсең,шалқаяр кір секілді.
Халықтың көңілі қазір мұң шертіп тұр,
Қобызға қолдан таққан қыл секілді.
Ұлттың рухын жоғалтқан ұлдарын көп,
Қылышына тар келген қын секілді /2,221-221/.
Ұлттық – азаматтық көзқарас – ақындық поэзияның классикалық дүниетанымы. Қазақтың ғасырлардан жеткен елдік, ерлік, адамгершілік асыл сапасының, ұлттық тұлғасының биіктей түсетінін, өткен мен бүгінді, келешекті жалғайтын айбынды тұлғалануының аласармайтынын ақындар поэтикалық бейнелілігі әсерлі, мағыналы тармақтардың өрілімімен жырлайды. Оразалының аталған айтыстарында да осындай ұлттық-азаматтық отаншылдық, романтикалық кейіпкердің көңіл шалқуын сезінеміз:
Асау өзен адасса ағысынан,
Тұлпар да жаңылады шабысынан.
Заманды айтып біз зарлап отырмайық,
Бақ туады қазаққа бақ ұшынан.
Қазірше заман тыныш, ел аман ғой,
Жер-ана айрылған жоқ табысынан /2,177-179/
Қорыта айтқанда, қазіргі ақындар айтыстарында халықтың тұрмыстық-әлеуметтік қиыншылықтарды бастан кешсе де, болашақтың жарқын жетістіктерінің болатындығына сенім молдығы өршіл романтикалық сарынмен жырланады. Ақындардың заман зарын, елдің басындағы қиын кезеңнің шындығын сыншыл реализммен жырлауы – ұлттық поэзиямыздың ежелден сақталған халықтық сипатының көрінісі. Қазақ ұлтының жеткіншектерінен бастап, ер жеткен, есейген, егделенген буын толқынына дейінгі аралықтағы адамдардың жан дүниесін тербеткен жыр саздары арқылы ұлтымыздың көркемдік ойлау дүниетанымының тереңдей, кеңейе түсері ақиқат.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалары.-Алматы,Ғылым,1994.288 б.
Қазіргі айтыс /Құрастырған: Н.Нұрахметұлы, С.Дүйсенғазин.-Астана,Күлтегін,2004. 1 кітап. 312 б.
Жұмабаев М. Таңдамалы: Өлеңдер,поэмалар,аудармалар. –Алматы, Ғылым. 1992. 272 б.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *