Басты бет Мақалалар АЛАШТЫ САУМАЛ ЖЫРМЕН СУСЫНДАТҚАН

АЛАШТЫ САУМАЛ ЖЫРМЕН СУСЫНДАТҚАН

 467 0

ДәулеткерейДүние жұртының ішінде қазақтың ғана маңдайына біткен, қазақ қана кемеліне жеткізе қалыптастыра алған қос өнер бар. Олардың бірі – күй, енді бірі – айтыс. Әрине, бұл пікір күй мен айтысқа ұқсас үлгілер өзге жұрттарда жоқ дегенді білдірмейді. Дегенмен ол үлгілердің ешбірі қазақтың күйімен, айтысымен шендесе алмайтыны анық. Өйткені олар – өнер деңгейіне жете алмаған үлгілер ғана.

 

 

 

 

 

 

Қазақтың жан айнасындай күйі мен айтысы да қилы тағдырлы, бөлекше болмысты қазақтың өзі сияқты, тарихи жолында қысталаң-қыспақ пен дәуірлей өрлеудің неше алуан кезеңдерін бастан өткергені мәлім. Әсіресе, кеңестік кезеңде айтыс өнерін сахнадан ғана емес, санадан да ығыстырып шығаруға күш салынып бақты. Ұлы Отан соғысының ауыртпалығынан қажыған елдің рухын көтеріп, жігерін қайрау үшін 1943 жылғы 21 маусымда идеологиялық мақсатта арнайы өткізілген айтыстан кейінгі қырық жылға жуық уақыт аралығында бұл өнерді назарға алып, өркен жаюына ықылас танытқан ешкім табыла қоймаған екен. Соның салдарынан құдіретті өнер жылдар бойы құмықты. Құмығу соңы құрдымға жұтылу еді.

Әбүйір болғанда, жылдар жылымына жұтылып кете жаздаған хас өнерге Жүрсін Ермандай жоқшы табылып, айтыстың тамырына қайтадан қан жүгірді. Қан жүгіріп қана қойған жоқ, рухы қалғи бастаған қазақ баласының бойындағы қазақы қасиеттердің қайтадан еңсе тіктеуіне ықпал етті. Жат тақпақты жаттауды мақтан көре бастаған жас баладан жасқаншақ кәріге дейін төл өнері – айтыстың айбынды жанкүйеріне айналды. Айтыстарда айтылған ұтқыр сөздер де, сөз иелері де ел арасына аңыздай таралып, айтыс ақындары абыздай ардақталатын болды. Бұл – қасиеттісімен қауышқан қазақ баласының риясыз қуанышының көрінісі еді.

Халықтың айтысқа деген ықылас, құрметінің арқасында содан бергі аралықта ел ішінен айтыс ақындарының бірнеше буыны қалыптасып шықты. Бұл ретте алғашқы буынның үлесіне айтысты жаңғырту, айтыстың әр алуан түрлерін қайтадан оралту, суырыпсалмалыққа жол ашу сияқты міндеттер жүктелсе, олар өздерінің бұл парызын абыроймен ақтап шыққаны даусыз. Ізашар буыннан үлгі ала, айтысқа араласқан келесі буын айтыстың қоғамдық салмағын, әлеуметтік маңызын арттыра түсті. Ортаға салар ой мазмұны тереңдеп, сөз әсері құнтталды. Ал олардан кейінгі буын ауқымды ойды, өзекті проблеманы көркемдікпен ұштастыра ұсынуға қол жеткізді. Айтыскер ақындардың бірін-бірі толықтыра, біріне-бірі қозғау сала ізденуінің нәтижесінде бүгінгі айтыс ұлттық мәдениетімізде бірегей өнер ретінде өз биігіне орнықты. Алдағы күндерде кемелдене түсері және хақ.

Айтыс өнерінде көркемдік пен көшелі ойдың жарасымын діттеген кейінгі буын арасында дүйім жұрттың жүрегіне жол тауып, көпшіліктің көңіл төрінен орын иеленген, «тері тұнып бапталған тұлпар» ақындар аз емес. Сол дарындардың бірі – «айдын өпкен аққудың қанатындай ақжарма өлеңдерімен» даралана танылатын Дәулеткерей Кәпұлы.

Ал, айтыскер Дәулеткерейдің ел сүйіктісіне айналуына жол ашқан қасиеттер қандай? Енді осы төңіректе ой өрбітіп көрелік.

Өзге өнер түрлеріне қарағанда, айтысты даралап тұратын ең басты ерекшелігі – оның әлеуметтік сипаты. Айтысқа құмар жандар арасында мәйекті сөзге қанып өскен ақсақал қариялар, елге әйгілі тұлғалардан бастап, сөз мағынасына енді-енді ой жүгірте бастаған жеткіншектерге дейін кездесетіні сондықтан. Солардың қай-қайсы да айтысты тыңдау үстінде өз көңілін мазалап жүрген ойлардың сырын аңдауға, себебін түсінуге ұмтылады. Сонымен бірге өз көңілін алаңдатқан ойдың көпшілік назарына ілінуінен үміттенеді.

Бұл тұстағы айтыскер парызы – қалың көпшілікті толғандырып жүрген сан алуан түйткілдер арасынан ең маңызды проблеманы қапысыз танып, діттеген нысанасына мүлтіксіз жеткізу және бүтінге сына қағар пиғылға тізгін алдырмай, жемісті әрекетке бастау болар салиқалы ойға орай ұсыну. Дәл осы қасиет Дәулеткерей бойынан ұдайы байқалады. Мәселен, бүгінде күрмеулі проблемаға айналған жағдайды аңдампаз ақын өзгелерден ертерек аңғарып, дүйім жұрт тыңдаған айтыс үстінде елдің де, ел ағаларының да назарына ұсынған еді:

 

Тура жолдан тайғандар топ құрайды,

Сөздері мінсіз сұлу, тек шырайлы.

Сең соққандай сенделген жастарыңнан:

«Жанға сая керек пе?» – деп сұрайды.

Дінің үшін тік тұрсаң, Мұхаммедтің

Үмбеттері, басыңа жетті қайғы.

Көп ұлтты деп мақтанған Қазақстан

Көп дінді боп жүрмесін, көп Құдайлы?!

 

Көріп тұрғанымыздай, ақын жұрт көңіліндегі алаңды дөп басып айтты. Алаңдай айтты. Ақынды алаңдатқан жағдайға ел сенген азаматтар мен белсенген зиялылар тарапынан дер кезінде назар аударылып, ел ішінде тиісінше қам жасалса, жүген үзген «топтарға» уақытылы тосқауыл қоюға болар еді-ау…

Жалпы, Дәулеткерей айтыстарынан әлеуметтің көңілін күпті еткен сан алуан сауалдарды табасыз және солардың бәрінің өз уақытында айтылғанын аңғарасыз. Өйткені: «Ақындардың тілінен шыққан сөзбен Ахуалы заманның жобаланған» – деп өзі айтқандай, Дәулеткерей – заманы бір әлеуметтің сөзін сөйлеген ақын. Сөзін сөйлеп қана қоймай, сол әлеуметтің өзін де ойлануға, елдік іс жасауға үндеп келе жатқан ақын.

 

Тұлпарың тұрған кезде тағалаулы,

Ар көрме ақылдыны ағалауды.

Қара қазан, сары бала қамын жеген,

Ұлағат ұлықтауың бабаларды.

Алтын басын аталар бәске тігіп,

Көрген ғой жортуыл мен аламанды.

Ал, бүгін біздер айтқан өлең, жырмен

Тәрбиелей алсақ қой балаларды?!

Ұлт әнін айтып өтсін ахиретте,

Ұрпағың боп кетпесе қара қанды.

Тәуелсіз Қазақстан, тәубаңа кел,

Назары бар әлемнің саған ауды,

Берекесіз болма, елім бескүндікте,

Жоңғарлардан жер аты ғана қалды! – деп жырлаған кезде ақынның көздегені – бүгінде жыртығы жамалып, тесігі бүтінделе бастаған жұртты барға масайрап, даурықпа-даңғазаға елігіп кетпей, салиқалы ел болуға шақыру екені анық. Бұл, әрине, елдік мұрат биігінен ойлана алатын азамат ақынның ғана аузынан шығар сөз.

Айтыстың дәл осы әлеуметтік сипатымен астаса көрінуге тиісті қыры – оның публицистикалық өткірлігі мен ұшқырлығы. Ақын сөзінің өткірлігі, кейбіреулер ойлайтындай, биліктілер мен дәулеттілерді оңды-солды сынай беруімен емес, сыналушының намысын қамшылап, оны ел игілігіне септігі тиер іс-әрекетке тарта білуімен анықталса керек. Ал ұшқырлық жайы сыншыл пікірдің дер сәтінде айтылуына қатысты.

Мәселен, атамекенге оралған қандас бауырлардың атажұртқа оралу кезіндегі көңіл күйі мен елге жеткеннен кейінгі жай-күйі Дәулеткерейдің ертеректегі айтыстарының бірінде былай жырланған-ды:

 

Алтайдан көшіп Арқаға,

Аңырап келе жатқанмын.

Ата да жұртпен табысып,

Ағайыныммен қауышып,

Жамырап келе жатқанмын.

Шет жерде көңіл шеменді,

Сезініп елде еркін мен

Жадырап келе жатқанмын.

Қошаметіңді қазағым,

Қабыл ап келе жатқанмын…

 

…Алтайдан көшің келгесін,

Мақтадыңдар бәрің де:

«Ғасырдың ұлы көші» деп.

Атажұртқа келгесін,

Көңілім де өсіп ед.

Тағы да қарпып айтайын,

Азаматтық ала алмай,

Тойлауға да қатыспай,

Сайлауға да қатыспай,

Елге келген қазақтың

Еркіндігі осы ма ед?!.

 

Әр тараптан сөз қозғалатын бір ғана айтыс үстінде Дәулеткерей ақынның бір қайырып тастаған ойы бұл. Ал енді сөз салмағына қарасаңыз, бұл жолдарда ой-санасы ояу, көкірегінде сәулесі бар кез келген жанды шамырқандырып, қанын қыздырар, намысын атойлатар ащы шындық жатыр.

Дәулеткерей – бір сәттік атақ-абырой үшін, яки көпшіліктің бір сәттік қолпаштауы үшін арзанқол «сенсацияға», ұсақ-ұлаң жел сөздерге көбірек үйірсектейтін, я болмаса әлдебір «қауым», «топтың» жетегіне еріп, үйретінді сөзді үйір-үйірімен төпелейтін айтыскерлер санатынан емес, қандай проблеманы да тереңнен қаузап, елдесуге жетелер ойды қозғайтын ақын. Бұл пікіріміздің әсіре бағалау еместігін айғақтайтын өлең жолдары оның айтыстарынан молынан ұшырасады.

 

Тірліктен айтар болсам түйіндеп жыр,

Қазаққа өсек-аяң үйір боп жүр.

Елге басу айтатын ақсақалдар,

Білмеймін, әлде ненің миын жеп жүр.

Газет беті айқасып ашық майдан,

Шайтан қуған қаңбақтай құйын боп жүр.

Ұлтымның рухани серкелері

Бірін-бірі мүйіздеп, бүйірлеп жүр…

….Заман-заман запыран зарға бөккен,

Жаның аман-сау шықса жанған өрттен.

«Жеті жарғы» жетелі заң екен ғой,

Әз Тәукенің қадірін заңғар еткен…

…Ал, енді бүгінгінің көсемдері

Шаба алмай шаршы топта, шаңға бөккен.

Екі мықты айтысып екеуара,

Қызылшеке қырқысып, қанға бөккен.

Күн ашықта айқасып бір-бірімен,

Алладан ар дәметпей, мал дәметкен.

Телі менен тентегін тезге салған

Қарттарымның қаһары қайда кеткен?!, – деп ашына сөйлесе, ақынның риторикалық сауалының астарында ұлтты парасат аясына ұйыстыруға тиісті зиялы қауым мен қазіргінің қарияларына деген салмақты базына жатыр, сөз бостандығын өздерінің жеке мүддесіне пайдаланып, елді ұйытқытатын пікірлерге жол беріп жүрген ақпарат құралдарына, қалам ұстаған қауымға деген реніші жатыр. Түптеп келгенде, сауал астарында кемел ұлт болу үшін әр азаматты кесек істер тындыруға шақырған тілек жатыр.

Дәулеткерей айтыстарын ой сүзгісінен өткерген сайын, оның елдік қасиет пен ұлттық мұраттың туын жықпай, асқақ ұстап өтуді аңсайтын ақын екендігін тани түсесің. Сондықтанда оның:

 

Төгілер елім үшін өр өлеңім,

Осы ғой көсегемнен көгерерім.

«Өнер алды – қызыл тіл» деген барда

Тасқа да тілмен шеге шегеледім.

Аталардан басымыз артық емес,

Қазағымның жолына берер едім, – деген сөздерінің алғаусыз көңілден шыққан шынайы ниет екендігіне шүбәсіз сенесіз.

Жалпы, өз мүмкіндігі жеткенше әлеумет сөзін сөйлеп жүрген саясаткерлер де, өз деңгейі жеткенше қоғам жайын публицистика тілімен толғап жүрген қаламды қауым да бүгінгі таңда аз емес. Алайда, айтыс ақыны – саясаткер де, публицист қаламгер де емес. Ол – өнер иесі. Өнер иесі болғандықтан да, ол көркемдікті айрықша құнттауға тиіс. Өйткені көркемдік жоқ жерде ешқандай өнер болуы мүмкін емес. Ал айтыстағы көркемдік – сырты жылтыр сөздерді ұйқастыра тізбектеу де, яки елді желіктіре ұрандата беру де емес, естуші жұртқа әсер ете отырып, ойына қозғау салатын, санасына ізгі қасиеттер ұялатуға ықпал ете алатын бейнелі сөз. Сүйініштісі сол – мұндай салмаққа ие көркемдік қазіргі айтыста молынан ұшырасады. Әсіресе, айтыскерлердің кейінгі буыны сөз көркемдігін айрықша құнттауға құмбыл. Бұл жағдай Дәулеткерей ақынға да етене.

Көкірегі ояу жанды салиқалы ойларға жетелейтін көркемдіктің әсерлі үлгілерін оның кез келген айтысынан кезіктіресіз. Мәселен, Дәулеткерей тәуелсіз елдегі ауызбірлігі жарасқан өмірдің қадіріне жете білу қажеттігін ұрандатпай-ақ, дабылдатпай-ақ:

 

«Қапыда ынтымағыңды ыдыратсаң,

Қанжілік болған аттай жінігесің»

 

«Азат елім, тұғырың мызғымасын,

Қазақы ердің қасындай шалдар шапқан» – деген үлгіде бейнелей жеткізсе, айтыстағы қарсылас ақынға сөз арнаған тұстарда оған айтар ойларын да образға орай жеткізеді:

 

«Тоқмейілсіп қарайсың жан-жағыңа,

Жігіттей қырық жеті қалың берген»

 

«Айтыстың тай қазанын қайнатарсыз,

Қозасын қара өлеңнің көсеп-көсеп»

 

«Шын жүйрік шапқан кезде тас көмілер,

Көзінен желге қарсы жас төгілер».

 

Ұсынылған бір-екі үзіндінің өзінен Дәулеткерей айтыстарына тән бейнелеу ерекшеліктерінің бірін анық байқауға болады. Бұл ерекшелік – оның образды қолданыстарына қазақ халқының арғы-бергі тұрмыс-тіршілігіне етене суреттер мен көріністердің, таным мен талғамның нәр беріп

жатуы. Ал мұның сыры ақынның өзінің ел тарихы мен ел өмірінен жақсы хабардар болуында жатыр.

Осы тұста қысқа қайырым ой түйсек, айтыс – дүйім жұртты бір сәтте ұйытуға да, ұйытқытуға да құдіреті жететін тылсым күшке ие өнер. Сондықтан тіліне құдірет қонақтаған айтыскер ақын мойнына жүктелер міндет те ауыр. Айтыс ақыны көпшіліктің көңіліндегісін айтумен қатар, сол көптің өзін де дұрыс арнаға бағыттап отыруы қажет. Бұл үшін ақын әрдайым парасат биігінен табылуы шарт.

«Ақыннан алапат жыр, өлең күткен» Алаш баласын «ақжарма өлеңдерімен» алқап келе жатқан Дәулеткерей Кәпұлының айтыскерлік болмысына зейін аудара жүріп, оның айтысты киелі өнер ретінде қастер тұтатынын, сол себепті айтыс барысында аузынан шыққан әр сөздің қадір-қасиетін қашырып алмауды ақындық парызына балайтынын аңдадық. Бұл – парасат биігіне қол жеткерген ақындарға ғана тән қасиет.

Ал, бұл сөзіміздің алғаусыз шындық екенін қолыңыздағы жинақ айғақтарына кәміл сенімдіміз.

 

 

Кенжебай Ахметов,

әдебиет зерттеуші

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *