Басты бет Мақалалар АЙТЫС ӨНЕРІНДЕГІ ПУБЛИЦИСТИКАЛЫҚ САРЫН

АЙТЫС ӨНЕРІНДЕГІ ПУБЛИЦИСТИКАЛЫҚ САРЫН

 1 062 0

ринат

Гүлмира Әшірбекова,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының

аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты

 

 

Публицистика тарихы мен тәжірибесін зерттеушілер ауыз әдебиетіндегі ақпарат алмасудан мерзімді баспасөздің жарыққа шығуы мен электронды журналистикаға дейінгі кезеңдегі уақыт үні мен заман шындығы көрініс тапқан көркем шығармалардан, мерзімді баспасөз материалдарынан көсемсөз өнерінің қалыптасу кезеңдеріне қатысты тұжырымдар жасайды. Аталған мәселелерді зерттеуші ғалымдар филология ғылымдарының докторлары К.Қамзин «Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі» (Алматы, 2009), Б.Жақып «Публицистикалық шығармашылық негіздері» (Алматы, 2007)  атты еңбектер жазып, ұлттық публицистиканың арнасын кеңейтіп, тамырын тереңнен тартты. Мерзімді баспасөз жарыққа шығып, публицистика жанрлары қалыптасқанға дейін де ақпарат тарату, қоғамның өзекті мәселесін сөз ету, әлеуметтік шындықты жариялаудың ауызша түрлері болғандығын жоғарыдағы еңбектерден айқын аңғарамыз. Әсіресе көркем әдебиеттегі деректің, нақты оқиғаның публицистикалық стильде жазылуы бүгінгі күндері де кездесіп отырады. Тіпті қазіргі ақын, жазушылардың публицистикамен айналысып кеткендігі туралы да жиі айтылып жүр.

Қазақ халқының сан ғасырлардан бүгінге дейін жеткен рухани қазынасы – айтыс өнері. Айтыс — ақындардың делебесін қоздырып, шабытын шақыратын, көптің көкейінде жүрген ойды ортаға салып, елдік мәселелерді талқылап, кемшіліктерді сынауға, қазақы қалжыңның қазанын қайнатып, сөз майданында шыңдайтын шығармашылық түрі. Айтыс өнерінің жоғарыда аталған ерекшеліктері публицистика табиғатымен тығыз байланысты десек қателеспейміз. Тағы ескерте кететін жайт, айтыс ақындарынан публицист шығару мақсат емес, біздің мақсатымыз — айтыс өнеріндегі уақыт шындығының көрініс табуы, қоғамдық мәселелердің өткір жария етілуі және нақты деректер мен болған оқиғаның шешімін табуына жұртшылықтың назарын аударатын пәрменділігін көсемсөз өнерінің негізгі функцияларымен тығыз байланыста қарастыру. Публицистиканың тамыры сонау ауыз әдебиетінен бүгінгі күнге дейін жеткен айтыс өнерінен нәр алғанын төмендегі бірқатар ерекшеліктерден байқаймыз.

Біріншіден, айтыста дер кезінде ақпарат жеткізу, оқиғаны баяндау суырыпсалмалықпен жүзеге асса, публицистикада ақпараттың дәлдігі мен жеделділігі маңызды. Яғни оқиға болған жерден хабар тарату айтыс өнерінде қарсыласымен сөз қағыстыруда сол мезетте байқаған немесе кездесуге дейін жинақтаған ақпараттар негізге алынады. Бұл арада айтыста ақындардың көзі көріп, көңілге тоқығанын, болған оқиға, дерек пен дәйекті жұртқа өлең жолдарымен жарияласа, публицистикада түрлі жанрлық пішіндермен берілетінін естен шығармауымыз керек.

Екіншіден, ақындар өз қарсыласынан басым түсу үшін сол елдің кемшін тұстарын жіпке тізіп, сұрақ қойып, жауаптасады. Бұл — публицистикадағы сұқбат, әңгіме, қақпайласу жанрларымен үндеседі. Халықтың көкейіндегі әлеуметтік мәселелерді өткір қойып, биліктің назарына салу дәстүрі айтыс өнерінде бұрыннан бар. Публицистикадағы өткірлік, болжампаздық, батылдық секілді қасиеттердің көрінісі халық ауыз әдебиетінен бастау алғандығының айқын дәлелі. Оған қоса қазіргі публицистика тәжірибесінде жиі қолданылып жүрген полемика, дискуссия айтыс өнеріндегі өткірліктен бастау алса керек. Соңғы жылдары айтыскер ақын Айбек Қалиев, Серік Құсанбаев, Бауыржан Қалиолла, Ринат Зайытовтардың «Жас Алаш» газетінде жарияланған «Даты» көптің көкейінде жүрген қоғамдық мәселелерге билік назарын аударғанын жасыра алмаймыз.

Айтыс өнеріндегі публицистикалық сарынды онда жиі көрініс табатын сатира мен юмордан қарастырамыз. Сатиралық публицистиканың қалыптасуында қазақы қалжың, әзіл-оспақтың тамаша үлгілерін айтыс өнерінен аңғаруға болады. Әсіресе жеңге мен қайын, жезде мен балдыз, жігіт пен қыз, құрдас, құрбылар арасындағы айтыстарда жеңіл күлкіні жиі кездестіреміз. Бұл – айтыс өнеріндегі публицистикалық белгілердің үшінші көрінісі. Осы орайда қазіргі айтыс өнерінде өзгеше тапқырылығымен елді тамсандырып жүрген Бекарыс Шойбеков, Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Мұхтар Ниязовтарды атап өткеннің артықтығы жоқ.

Айтыс өнерін публицистикамен тығыз байланыстыратын тұс – оның ақпарат құралдары арқылы жария етілуінде. Мәселен, кезінде қызықты айтысты жұрт есінен шығара алмай, көпке дейін бірден-бірге таратса, бертініректе баспасөз беттерінде ақындар бірі-біріне хат түрінде сәлем жолдап, айтыс жасаған. Соның айқын дәлелі, ақындардың жазба айтысы ұйымдастырылып, республикалық, облыстық басылымдарда тұрақты беріліп отырған. Әсіресе Сыр өңірі ақындарының арасында жазба айтыстың кеңінен дамығаны туралы әдебиеттанушы ғалымдар бірқатар зерттеулерде кеңінен сөз еткен болатын. Мәселен, Қаңлы Жүсіп Қадірбегенұлының Нақып қожамен, кейін аттасы Кете Жүсіппен айтысының өзі жеті жылға созылып, әуелде сәлемдесіп, жағдай білуден басталып, кейіннен елдік мәселелерді талқылаған үлкен айтысқа ұласқаны белгілі. Кеңестік кезеңде ақындар газет арқылы бір-бірін айтысуға шақырып, жауаптасу дәстүрге айналған. Оның мысалын Сыр өңіріндегі сүлейлердің бір-біріне жолдаған хаттарынан байқаймыз.

Қазіргі таңда айтыс өнері телевизия, газет және ғаламтор арқылы да насихатталып жатыр. Мәселен, www.kazaitys.kz сайтындағы айтыс және ақындар жайлы мәліметтер мен үздік айтыскерлер рейтингісінің дайындалуы айтыс өнерін жастар аудиториясына насихаттаудың жаңа пішіні десек болады. Аталған сайтта ақындардың хат айтысы жарияланып, оқырман немесе сайтты пайдаланушы назарына ұсынылып отырады. Бұл — эпистолярлық публицистиканың қазіргі заманауи үлгісі.

Бүгінгі күні айтыс белгілі мәдени шаралар аясында телеарналар арқылы көрермен назарына ұсынылады. Соңғы жылдары айтыс өнерінің жаңа бағытта дамыту қолға алынып, тікелей эфирде айтысқан ақындарға көпшілік ұялы байланыс арқылы дауыс беріп, жеңімпазды анықтап жүр. Бұл да ұлттық өнерді жастарға насихаттаудың бірден-бір жолы десек қателеспейміз.

Айтысты жанрлық тұрғыдан қарастырған ғалымдар оны бірнеше топқа бөледі. Жұмбақ, қайым, қыз бен жігіт және т.б. айтыста ой жүйріктігімен оза шығып, жауаптасуда ұтымды ұйқас таба білген ақынның әрқашан абыройы асқақ болған. Бүгінгі күнге дейін айтыс өнерінің осы ерекшеліктері сақталып, халықтың қызығып тыңдайтын және арнайы тамашалайтын деңгейге жетіп отыр. Қазіргі журналистиканың рекреативті қызметінде аудиторияның көңілін көтеру, сауықтыру маңызды екендігін ескерсек, телевизияда берілетін айтысты көрермен көкейінде жүрген өзекті мәселенің жария болғаны үшін және қазақы қалжың мен әзілге деген құштарлықтан тамашалайды. Сондай-ақ кейбір зерттеушілердің телевизиядағы ұлттық шоу бағдарламалардың қатарына осы айтыс өнерін де жатқызып жүргендігін айта кетуіміз керек. Бұл орайда айтыс өнерін телевизия арқылы тарату да арнайы қарастыруға тұратын мәселе екендігін қаперге алғанымыз жөн. Айтыс өнері мен публицистиканың сабақтастығы бір мақаланың аясына сыймайды, сондықтан да алдағы уақытта бұл мәселені тыңғылықты зерттеуіміз қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қамзин К. Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі. -Алматы:Экономика, 2009.

2. Жақып Б. Публицистикалық шығармашылық негіздері. –Алматы: Қазақ университеті, 2007.

3. http:// www.kazaitys.kz.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *