Басты бет Негізгі бет Жырың болып төгілемін, елім! «Алтын домбыра» айтысы хақында

Жырың болып төгілемін, елім! «Алтын домбыра» айтысы хақында

 1 155 6

Байбек(Айтысты ақтарып айтқанда….)


Алаш жұрты айтыспен аңсап қауышты. Иранғайып ақын айтпақшы «Айтысты жапқан көкелерім, Байқоңырды жапсаңдар, не етер еді?» деп айтыссүйер қауым да, өлең-жыр десе арқасы қозған ақындар да көгілдір экраннан аластатылған айтыстың қамын жеп жүрген еді. Құдай қалап, «Көптен күткен ұлы той» да болып, «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» айтысы телекөрермендерге жол тартқан. Сол қуаныштың артына іле-шала Мәдениет министрлігі мен «Нұр Отан» ХД партиясының қолдауымен ҚР Тәуелсіздік күні мейрамының қарсаңында «Алтын домбыра» айтысы ұйымдастырылды. Айтысқа «Жырың болып төгілемін, елім!» деген атау берілді.
Жүлде қоры 9 миллион теңгені құраған Республика көлеміндегі үлкен айтысқа 2013 жылғы қорытынды бойынша ең үздік 10 ақын қатысты.
Айтыс «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбекке сөз берумен басталды. Бауыржан Байбек өз сөзінде: «Қазақстан — 2050» Стратегиясында атап өткен болатын. Ол межеге жету тек экономикаға байланысты емес, тәрбиеге, рухқа, сенімге байланысты. Рухы мықты ел ғана жоғары мақсаттарға жете алады» дей келе, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пен «айтыстың ақсақалы» атанған Жүрсін Ерманның иығына шапан жапты.
Ақындар ерекше дарындарын ортаға салып, тартысты айтыс көрсете білді. Өткен жылы Алтын домбыра иегері атанған Мұхтар Ниязов пен халықтың кең ықыласына бөленген Жандарбек Бұлғақов бірінші жұп боп шықты.
Іші күйген жаулардан емес қазір,
Іші пысқан жаулардан қорқу керек,- деп Жандарбек ақын сөз қозғап еді, Мұхтар: «Гүрілдеп келген жауды қайтарарсың, Күлімдеп келген жаудан сақтаныңдар» деп қазіргі қарашаның қамын айтып, арандатуға ұшырап жатқан жағдайларды баяндады. Айтыстың бет алысы тамаша көрінді. Өткен жылғы үздік пен осы жылғы үздік боп анықталғалы тұрған ақындардың тақырыпқа, ақындық абройға сай айтыса білді. Айтысқа енгізіліп жатқан жаңалықтарға сәйкес ақындарға айтыс соңынан тапсырма жасырылған ұяшықтар ұсынылды. Тапсырма – өтірік өлең құрастыру. Өтірік өлеңге салған ащы шындық көрерменнің делебесін қоздырды.

Жандарбек
Әблязов Қызылордада жүр дейді ғой,
Шиеліден табады-ау табатын жан.
Храпунов айтыс деген канал ашып,
Сүйінші сұрап келді бар ақыннан. Бұл Жандарбек Бұлғақовтың өтірік өлеңінен.
Арзаншылық қаптапты Астананы,
Арқа халқы бақытты шегіп жатыр.
Бәйтеректің түбінде құжатымен,
Үй салатын он сотық жер тегін жатыр, — деп Мұхтар Ниязов жыр төккенде көрермен толы зал шулап қоя берді.
Екінші жұпта қылшылдаған жас ақын, жас та болса бас ақындардың қатарында жүрген Алматылық Қанат Мырзахан мен аты алты алашқа танылып үлгерген, осы жазда отау тікті деген үлкен жаңалығымен айтысқа келген Дидар Қамиев болды. Дидар ақын алғашқы сөздерін-ақ жаңа жыл мен тәуелсіздік күніне байланысты бастады. Ал Қанат Мырзахан көптің көкейінде жүрген банк пен кредит мәселесін тілге тиек етті:
Төлеріңде кешіксең, сотпен келед.
Кредит төлеп біткенше дымың қалмай,
Аяғында аяғың көктен келед.
Мен кейде банкирлерді ойлап қалам,
Азғындықтың шегіне жеткен бе деп.
Қарапайым халықтың қанын ішіп,
Банкир емес вампир боп кеткен бе деп. Бұл екі жас ақынның тартымды айтысы үлкен ықыласқа бөленді. Жас буынның қаншалықты мықты қомданып, қайралып, айтыстың келесі толқынын қалыптастыруға дайын екенін көрсете білді. Жұптың таңдап ашқан тапсырма ұяшығынан «Қайым айтыс» шықты. Қайым айтыс — айтыстың ерекше түрі, кез-келген ақынға оңайға түсе қоймайды. Қанат пен Дидар тапсырманы өте жақсы деңгейде орындай білді.
Үшінші жұпта Жақсылық Орынбасар мен айтыстың арыстаны – Бекарыс Шойбеков. Екі ақыннан халықтың күткені зор еді. Десек те, Жақсылық ақынның –
Бабамды кімдер қырды кім қорлады,
Тарихқа беретұғын бағаң жоқ па?
Біз кімнің тіліменен сөйлеп жүрміз,
Өзіңде ақ сүт берген анаң жоқ па?
Жаңа жылға тастүйін дайын тұрмыз,
Тәуелсіздік тойынан хабар жоқ па?- деген сөзі үлкен қолдау тапты. Бұл жұпқа тапсырма арнайы дайындалған сурет болды.

Жақсылық
Сара Тоқтамысова мен Нұрмат Мансұровтың айтысының тапсырмасы «Не арзан, не қымбат?» сұрағы келді. Қымбаттың құнсызданып, арзанның қымбаттап қоғамда келеңсіздіктер тудырып жатқан мәселелерге шолу жасады. Қызылордалық Нұрмат ақын үздік баға жинап, ақтық сынға шығу мүмкіндігін байқатты.
Соңғы түйенің жүгі ауыр демекші, ауыр жүкті арқалауға ақындар айтысының майталмандарына айналған, 20 жыл бір сахнада тартысып келе жатқан Балғынбек Имашев пен Айнұр Тұсынбаева шықты. Ақындар қалыпты түрде әзіл айтыс бастап кеткен болатын. Тақырып пен мәселе қозғауды күтіп отырған жұрт тағаттары таусылғанда залда отырып айғайға басты. Бұл ақындардың дайындығының аздығын көрсеткендей болды. Соңғы жұпқа қалған тапсырма – жұмбақ айтыс. Айнұр «үш көйлегім бар, бірі сұмдық керемет, бірі қонақтарда кием, бірі үйдегі көйлегім» деп ұтымды жұмбақ жасырды. Ал жұмбақ шешімін Балғымбек Имашев былайша тарқатты: Жауап – үш тұғырлы тіл. Қымбат боп тұрған — ағылшын, сыртқа шықсаң, ресми жерлердегің – «русский», ал қадірсіз боп қап жүрген іш көйлек — қазақ тілі боп тұр түйіндеді. Мазаны алып жүрген мәселені тапқыр сипаттаған ақындарға көрермен қауым дән риза болды. Солайша, екі ақын екі-екі жұмбақтан жасырып, ұтқыр жауап жайындай білді.
Ақтық сынға төрт ақын – Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов, Нұрмат Мансұров, Дидар Қамиев жолдама алды. Тағы да тосын жағдай орын алды. Төрт ақын бірдей сахна төріне көтеріліп жаңадан қолдау тауып келе жатқан «Құлмамбет айтысын» жасады. Соңғы сында Жалынды Жандарбек суырылып шыққаны айқын көрініс тапты. Балғынбек үлкенмін деп ізет көрсеткені ме, айтыстан біршама шеттеп, жас толқынға жол бергендей болды.
Сонымен, Жүрсін Ерман, Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, Мұхамеджан Тазабек, Мақсат Тәж-Мұрат, Белгілі айтыскер Аманжол Әлтаев, ақын Қалқаман Сарин сынды танымал тұлғалардан жасақталған қазылар алқасының бағалау нәтижесінде жарқыраған «Жүрсіннің жүйрігі» – Жандарбек Бұлғақов «Алтын домбыраның» абыройлы иегері атанды.

http://static.nmn.kz/images/w500-m500/media/upload/84/2013/12/11/1b89d71c0a2b1f1a14e8e972500a24da.jpg

 

Ақынға 3 миллион теңге қанжығаланды. Ал бірінші орынды Дидар Қамиев 2 миллион теңге сыйымен алды. Айтыста жас буынның өкілі ретінде үш ақын бой көрсетіп, екеуі жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл айтыстың болашағынан үлкен үміт күтуге болатынын көрсеткендей. Екінші орынға әділ түрде Нұрмат Мансұров лайық боллып, ұшінші орынға Балғымбек Имашев табан тіреді. Айтысқа қатысқан өзге ақындардың бәріне 500 мың теңгелік сыйақы тағайындалды. Сонымен бірге, Қазайтыс сайты жақында бақилық болған айтыстың ақтаңгері «Есенқұл Жақыпбеков атындағы сыйлық» ұсынды. Ол Қызылордалық Мұхтар Ниязовқа бұйырды.

Айдай Айтуғанқызы

Пікірлер(6)

  1. Тамаша Айтыс! Керемет тапқырлықтар, қоңыр үнді дауыстар, тамаша сөз саптары!!! Жасай бер мәңгілік, ғасырлық айтысым.

  2. Жақсы айтыс болды,дегенменде Айбек Қалиев,Бауыржа Халиолла,Ринат Зайтов сиқты елдің мұңын айтатын ақындар қатысу керек еді!!!!!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *