Басты бет Мақалалар ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АЙТЫС ӨНЕРІНІҢ ӨЗІНДІК ӨРНЕГІ

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АЙТЫС ӨНЕРІНІҢ ӨЗІНДІК ӨРНЕГІ

 7 272 0

                     ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АЙТЫС ӨНЕРІНІҢ ӨЗІНДІК ӨРНЕГІ

 

С.Б.БАХТИЯРОВА

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің  доценті,

филология ғылымдарының кандидаты

                                          

Г.Ж.ТІЛЕУБЕРГЕНОВА

Қызылорда қаласы, №101 орта мектеп

http://thenews.kz/static/news/a/4/a46YFPtd.jpg

 

Қазақ әдебиеті – қыры мен сыры өзгешелігімен ерекше. Осы орайда ауыз әдебиеті үлгілерінің кемел жазба әдебиетке ойысу, ұласу үрдісін тану, табу, ғылыми негізден айқындап көрсету — әлемдік әдебиеттануда тек қазақ әдебиетінің теориялық тарихының ғана еншісі болып көрінеді.

Қазақ әдебиетінің тарихындағы фольклор дәстүрі әдебиеттану ғылымында бастапқы кезеңнен гөрі ауқымды зерттеулерге ұласып отыр. Мұның мәні – қазақ әдебиеті тарихының сарқылмайтын, таусылмайтын көркемдік негіздерден құйылған шығармашылық өзгеше жаратылыс сырында.

Ауыз әдебиеті, жазба әдебиетінің айырым белгісі хатқа түскен, тасқа қашалған сөз фактісінде емес, шығарманың, туындының жазылу стилінде, дәстүр үрдісінде, жанрлық өзгешелігінде жатыр.

Сол өзгешеліктердің бірі — XIX ғасырдағы ақындар айтысы, жалпы айтыс өнері, айтыс өлең фольклористикада, әдебиеттану  ғылымында Шоқан дәуірінен бері зерттеліп келеді. Ұзақ уақыттар бойы әдебиетіміздің  көп асыл мұрасы сияқты айтыс ауыз әдебиетінің еншісі есебінде зерттелді. Бірте-бірте зерттеу проблемалары күрделеніп, ауқым аймағы кеңи түсті. Кейбір зерттеушілер XIX ғасырдағы ақындар айтысының табиғатындағы дәстүрлі айтыс өлеңмен туыс тұсты да, оның өзіндік белгілерін де аша сөйлеуге ауысты. Осы айырым, ажырату тұсында XIX ғасырдың айтысында атап айтар, айқын өзгешеліктер, әрине, аз емес.

Айтыс – қазақтың ауызекі әдеби-музыкалық өнерінің көлемді және аса құнды сала-ларының бірі. Ол – суырып-салма ақындық өнерінің жемісі болып табылады. Айтыста халықтың әдеп-ғұрпы, тұрмыс-салты, дүниетанымы, эстетикалық, рухани, философиялық және әлеуметтік көзқарасы, қалыптасу кезеңі  байқалады.

Айтыстың дәстүрлі сипатына қарай, мазмұн, мәніне, орындалу орны, мақсатына қарай түрге бөлінуінде айтыстың табиғатын зерттейтіндердің бәрінің көзқарасы бірдей емес. Әрине, олай болуы мүмкін де емес.

            Айтыс қазақ даласында негізінен XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап айрықша кең өріс алып, мол серпінімен дамыды. Бұған сол тұстағы көшпелі өмірі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі басты себеп болды. Оны тудырған да, дамытқан да ақындар болған. Бұл өнер түрі қазаққа ағайындас, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, қоғамдық өмірі ұқсас келетін қырғыз, түркімен, қарақалпақ халықтарында да кездеседі. Басты ерекшелігі – оның суырыпсалмалы түрде            орындалуы. 
          Айтыс қай кезеңдерде де филолог, фольклортанушы және саяхатшылардың назарынан  тыс  қалмаған. Оның әртүрлі  үлгілерін  қазақ  арасынан XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап В.Радлов, Ш.Нұрмағамбетұлы. Т.Сейдалин, С.Жантөрин, Ж.Шайхысламов, Ә.Диваев, С.Сейфуллин және т.б. жинап, жарыққа шығарса, солармен қатар, құнды ойлар мен деректер А.Васильев, А.Левшин,  Ш.Уәлиханов,  А.Янушкевич, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, С.Қирабаев, М.Мырзахметов, С.Қасқабасов, М.Жармұхамедұлы және т.б. жұмыстарында орын алады. 
         Айтыс өзінің туу, айтылу дәстүрі мен табиғаты жағынан халық әдебиеті мұраларының қатарына жатады. Ілкі замандардан келе жатқан аталмыш өнердің кейбір үлгілері түркі ғалымдары Махмұт Қашқари мен Жүсіп Баласағұн шығармашылықтарынан байқалады. Әрине, XIX-XX ғасырларда саяси жағдайлардың өзгеруі ақындық өнерге де өз әсерін тигізгені анық. Академик В.В.Радлов «настоящий акын тот, кто захватывает слушателей своей стремительной искусной импровизацией», — дегендей, XIX ғасырдағы атақты айтыскер – ақындар – Тұрмағанбет, Ырысты, Сапарғали, Әсет, Нұржан, Шөкей, Балдырақ сері, сұлу Саржан, Сүйінбай, Жамбыл, Майкөт, Құлманбет, Бақтыбай, Сарыбас, Кенен және тағы да басқалары тыңдармандарды өз шеберлігімен таң қалдырған.

Осы орайда А.Байтұрсынұлының айтыс жайлы тұжырымдары —  XIX ғасыр айтысы-ның табиғатын тануда таптырмайтын өлшем үлгісі. А.Байтұрсынұлы XX ғасыр басындағы айтыс күйінен: «Жазу жайылған сайын айтыс өлең азайып, құруға бет алып барады» ,- дейді. Бұл түйін — айтыстың, дара ақындар айтысының аса жанданған әдеби үлгі, жаңа көркемдік арна екендігін айғақтай түсетін түйін.

Мысалға, Мұхтар Әуезов «Әдебиет тарихында» қазақ әдебиеті үлгілерін қарастыру-дың негізін салды. Әдебиетті ауызша әдебиет, жазба әдебиет деген үлкен екі салаға бөліп, ауызша әдебиеттің жазбаша әдебиеттен айырмашылығын атап көрсетіп берді. Оның арғы-бергі әдебиет үлгілеріне қатысын көрсетеді.

Ә.Қоңыратбаев XІX ғасырда туған  айтыс поэзиясын беске бөледі. Ілгеріде айтысты зерттеушілер әдет-ғұрып, қайым, жұмбақ, діни, ақындар немесе бәдік, жар-жар, мал мен адам, өлі мен тірі, салт, қыз бен жігіт, ру, совет дәуіріндегі деп жіктегенін, М.Жармұхамедов еңбегінде айтыстың он төрт түрі бар деп көрсетілгенін ескертіп айтады.

М.Жармұхамедов айтыстағы ақындық тәсілге, айтыстың дәстүрлі сипаттарына кең тоқталады. Қазақ айтыстарының жанрлық табиғатын белгілейтін басты ерекшелігінің бірі деп, белгілі бір айтыстың қайта жырлануда өсіп, түсіндірме қосыла отыратындығын айта отырып, оған «Мансұр мен Дәме», «Түбек пен Қарқабат», «Біржан мен Сара», «Ыбырай мен Доскей», «Әсет пен Ырысжан» айтыстарында көп кездесетіндігін айтады.

Ал, Сыдықов болса, XIX ғасырдағы ақындардың дәстүрлі айтыс өнеріндегі өзіндік өрнегіне тоқтала отырып, айтыстың жанрлық, даралық сипаттарын айқындай түсер толғам-дар жасады. Оған сөз жүйріктері Абыл, Нұрым, Қашаған сынды ақындардың айтыстарын мысал етті.  

Темірхан Тебегенов әдеби шығармашылық жөнінен зерттеуде ақындар айтысын үш түрге бөліп қарастырады: 1) Мұсылмандық ағартушылық айтыстар; 2) Еларалық-ұлтаралық айтыстар; 3) Жазбаша айтыстар.  

Жалпы, айтысты зерттеушілер XIX ғасырдағы айтыс үлгілерін, сипаттау қисындарын әлі де жан-жақты ойластыра, тереңдете қарастыру керектігін айтады.

Қазақтың төл мұрасы – айтыс жанры бойынша үлкенді-кішілі зерттеулер жасаған, еңбектер жазған С. Мұқанов, М. Әуезов,  Қ. Жұмалиев, Е.Исмайылов сияқты зерттеуші-леріміздің айтуынша, айтыс – екі адамның өзара сөз қағыстыруы, сөзбен тартысуы, жарысуы, дауласуы, сынасып-мінесуі, өнер салыстыруы сияқты ұғымдардың жиынтығын қамтиды. Айтыс екі түрде, яғни сөз түрінде және өлең түрінде кездеседі. Қазақ әдебиетінде, жалпы әдебиет көлемінде өсіп-өрбуге, әдебиет жанры ретінде қарастырылатыны да – өлең түрі болып табылады.

Айтыс өлеңдерін, әдебиеттік жағынан қарастырғанда, мазмұны мен тақырыбына қарай екі түрге бөліп қарастыруға болады. Оның біріншісі – қазақ  халқының тұрмыс-тіршілігіне, салт-санасына, әдет-ғұрпына қарай бөлінеді. Ал, екіншісі – ақындардың шын мәніндегі өзара айтысы. Қазақ айтысының күрделі де қомақты бөлігін осы айтыс түрі құрайды.

Алғашқы үлгідегі айтыс өлеңдері халқымыздың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпына сай туындаған.Ол міндетті түрде халықтың жиналған жерінде, яғни той-тамаша, ойын-сауық үстінде шығарылатын болған және оны шығарушы ақындар болған. Бұл айтыстардың өзіндік ерекшелігі болды, себебі ол жалпы айтыс өлеңдерінің алғашқы, бастапқы үлгісі болып табылады. Бастапқыда ол ойын-сауық ретінде жиналған халықтың көңілін көтеру, күлдірту мақсатынан туындаған. Өлең құрылысы жұрттың жаттап алып айта беруіне ыңғайлы. Айтыстың мұндай түрінде, нағыз ақындар айтысының үлгісіндегідей, тың тақырып, күрделі де көкейкесті әңгімелер, көкіректі жарып шыққан ой түйіндері мүлдем кездеспейді, керісін-ше, жеңіл-желпі сөз, әзіл-оспақ, ойын түрінде болып келеді. Тағы бір ерекшелігі – бұл айтыста халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпына байланысты туған әр түрлі ұғымдар мен түсініктері біте қайнасқан.

Әрине, бұл  сол кездегі халықтың   тұрмыс-тіршілігіне, салт-санасына, әдет-ғұрпына байланысты туған айтыстың кемшілігі емес. Керісінше, ол – айтыс өлеңдерінің дүниеге қалай келіп, өзінің алғашқы қалыптасу барысында нендей тақырыпқа тоқталып, нені сөз еткендігі жайында аңғартып,  мағлұмат беретін басты ерекшелігі деп қарастыру керек. Айтыстың дәл осы түрін — жалпы айтыс өнерінің әдебиеттен алар орнын көрсетіп, ақындар айтысының өніп, өрбіп шығуына себеп болған, үлкен жанр ретінде танылудың негізін қалаушысы, бастамасы болған түйткі ретінде бағалау қажет.

Айтыстың бұл түрін мазмұнына қарай бірнеше салаға бөліп қарастыруға болады. Олар: «жар-жар», «бәдік айтысы», «қыз бен жігіт айтысы», «дін айтысы», «жұмбақ айтысы» деген бастапқы тақырыптарға бөлінеді. Мұндағы «жар-жар»мен «бәдік айтысы» айтыс өлеңдерінің ішіндегі ең көне, ескі үлгілері қатарында болып  саналады.

Қалған «қыз бен жігіт айтысы», «дін айтысы», «жұмбақ айтысы» болып саналатын айтыс түрлері халықтың жиналған жерінде жұртты көңілдендіру, сергіту, ән мен жыр қызығына толтыру мақсатында көбірек қолданылған айтыс түрлері болса керек.

«Қыз бен жігіт айтысы» ақын жігіт пен ақын қыздың арасындағы сөз жарысы болып, оны шығарушы да, айтушы да сол қыздар мен жігіттер болғандықтан, халық оны осылай атап кеткен. Бұл айтыс әдеттегідей амандасудан басталып, әдемі қалжың, жарасымды әзіл-оспақ, елді күлдіруге тұрарлықтай күлдіргі жайттарға ұласып отырған. Айтыс барысында қыз бен жігіттің бір-біріне айтылған міні неғұрлым көңілді, құлаққа қонымды болғандықтан, қарсыласының намысына тиіп, ашу-ызасын шақырмаған. Қарсыласын жеңу үшін оның мінін көбірек тауып, сынауға тырысқанмен, ол мін мұқату, әшкере ету, бетін қайырып тастау мақсатымен айтылмаған. Ол керемет әзіл өрнегімен көмкерілген «мін айту» болған. Мысалы, қыз қарсыласының өсіп кеткен сақалына мін тағу арқылы оны ұялтуды емес, дүйім жұртты қыран күлкіге кенеп, жігіттің осы әзілге жөнді жауап қайтара алмай, тосылып қалар-ау деген мақсатпен:

Қызға барған ел білсін атағыңды,

Түзетіп ки мұнан соң шапаныңды.

Қыздан көңілі қалмаған қу көкірек,

Қырғызсаңшы бір қап жүн сақалыңды…

Сақалыңды айнаға көрші қарап,

Ту құйрықтан маңызды төрт-бес қадақ.

Ауылыңдағы бақалға күзеп сатсаң,

Алты сабын береді, жеті тарақ, —

деп келтірсе, жігіт оған лайықты  жауап ретінде халықтың «Сөздің көркі – мақал, адамның көркі — сақал» деген мақалын қолданады және өз тарапынан қыз бойындағы титтей де мінін іздеп табуға тырысады.

Айтыс — кейде осындай сөз сайысына  түскен қыз бен жігіттің бір-біріне деген ықы-ластары болса, сол лебіздерін, іштегі көңіл сырларын  айтып қалуға да үлкен мүмкіндік берген (түсінбегендері  әзіл түрінде қарап, түсіне білгендері астарлап болса да жауап қайыра білген). Ерте заман айтысына үңіле қарасақ, ондағы ақындар тек өз ойларынан шығарған шумақтарды ғана емес, сол тұстағы халық өлеңдерін де пайдаланып, әнге қосып отырған. Кейде ол қайырма түрінде келсе, кейде тіпті екі ақын да (қыз бен жігіт) өлең шумақтарының алдынғы екі жолын қайталап, ал өздерінің негізгі ойларын кейінгі екі шумаққа сыйдырып  отырған. Олар көбінесе жатталуға жеңіл, тілге орамды, құрылысы он бір буынды өлең түрінде кездеседі.

Жинақтай айтсақ, «қыз бен жігіт айтысы» — халықтың ойын-сауық, салтанатына байланысты туындап, қазақ ауыз әдебиетіндегі «айтыс» жанрының бастапқы үлгілерінің бірін құрап, кейінгі үлкен «айтыстың» негізін салуға себепші болған қомақты жанрдың бірі.

Қазақ даласына ислам діні таралғаннан бастап, (тарихтағы келтірілген деректер бойынша XVII ғ. бері) қожа – молдалар, басқа да дін иелері ислам дінін уағыздап, үгіт-насихат жасау үшін поэзияның қосар үлесі мол екендігін біліп, оны тікелей пайдалануға кіріскен. Осы мақсатпен әсіресе айтысты көбірек пайдаланған. Міне, осылай «дін айтысы» пайда болған. Әрине, ол қайсы бір ақынға келіп «дін» туралы айтысасыңдар деп қолқа салу емес, ол үшін алдын-ала өздері жалдамалы ақындарға уағыз айтып, көпшілікке ақын тілі арқылы діни үгіт — насихат жүргізіп отырған. Олар жұрттың жиналған жеріне үгіт-насихатты тереңірек жүргізу үшін екі ақынға да алдын-ала дін жайында не айтуды, кімдер туралы және қалай айтудың үлгілерін тапсырып қойған. Міне, осындай «саясаттың» негізінде діни тақырыптық айтыс түрі туған.

Айтыстың бұл түрі екі ақынның сөз жарысынан гөрі бір-біріне берген сұрақ-жауабына көбірек келеді. Айтыстың аты айтып тұрғандай, оның негізгі тақырыбы — дін жайындағы әңгімелер, үгіттер болады. Жиналған барша халықты дін жолына түсіру, діни ұғымдарға иландыру, діни наным — сенімдерді ұстануға жетелеу, үйрету сияқты мақсаттарды көздеген. Бәріне тек бір ғана жаратушы ие Алла тағаланың күшіне сену, намаз оқу, ораза ұстау, құран жолымен жүру, пітір-садақа беріп тұру керектігі және тек осыны ұстанған адамдар ғана жұмақ төрінен орын алатынын, ал бұған қарсылық білдіріп, сенімсіздік артқан дінбезерлерді тозақ оты күтіп тұратындығын сөз ететін болған. Қарапайым халыққа жай сөзбен үгіт жүргізгеннен гөрі, олардың сүйікті поэзиясын қолдану қожа-молдалар үшін дін насихатының құралы ретіндегі бірден-бір таптырмас жол екендігі байқалады.

Қазақтың айтыс өлеңдеріне дін айтысы елеулі үлес қосып, оның қалыптасуы мен дамуына ықпалын тигізе қоймаған. Бұл тек айтыс жанрының алғашқы үлгілерінің қатарындағы бірі болып табылады. Өлеңдік құрылысына келер болсақ, дін айтысы айтыстардың үздік шыққан тобына жатпайтын, тіпті айтыскерлердің аса қызығушылығын тудырып, жандандырар тақырып болып табылмайтын, тек дін тақырыбының аясында ғана сөз қозғалатын бірыңғай, қара дүрсінді өлең түрінде кездеседі.

Халқымыздың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпына сай туындаған айтыс өлеңдерінің тағы бір түрі – жұмбақ айтысы.

Ақынның тапқырлығы мен білгірлігіне тікелей байланысты айтыстың бұл түрі айтыс өлеңдерінің ішіндегі ең күрделі, қиындау түрі десе болады. Осы себепке байланысты ақынның тек суырып салма болуы ғана емес, оның үстіне ол өте тапқыр, көп нәрселерден хабардар, білімді, тез ойлап, табан асты жауап беруге дайын болуы шарт.

«Жұмбақ айтысының» қатысушылары жұмбақ қылып жасыратын нәрселерін адамзатқа таныс, деректі заттардан алып, сондай-ақ екі затты бір-бірімен салыстыра білу арқылы жұмбақ шығарған. Дәлірек айтқанда, жұмбақ қылып жасыру аясына кіретін тақырыптар көлемі – жаратылыс дүниесі, аспан әлемі, жан-жануарлар, хайуанаттар, адам және адамның еңбегі мен кәсіп құралы, өнер, табиғат, ілім-білім болған.

Жоғарыда айтып өткен айтыстың қиындығының салдарынан ба, айтыстың басқа түрінен гөрі «жұмбақ айтысына» қатысушы ақындар аз болса керек.  Мұның өзі-  «жұмбақ айтысындағы» айтыскердің аса тапқыр, білімді болуын талап ететіндігінің тағы бір айғағы.

Қалай болғанда да қазақ халқы мұндай айтыскерлерден де кенде емес. Олардың қатарында Нұржан, Рысжан, Әсет, Шөкей, Сапарғали, Күңбала т.б. сынды айтыскерлері-міздің аттарын атауға болады. Бұлар- айтыстың талабына сай – білгір ұшқыр ойлы, суырып салма, тапқыр айтыскерлер.

«Жұмбақ айтысы» өз дәуіріндегі айтыстардың ішінде мәні зор, салмақты айтыс болған.Оның басқа айтыстан ерекшелігі, ол өз айтыскерін көп білуге, ізденуге, жан-жақтылыққа талпындырған. Ал бұл жастардың (тек айтыскерлер емес) білімге деген құштарлығын оятуға, білімді болуға жетелеген.

      Айтыстың түйіні – шындық. Қандай жүйрік, желқабыз, тапқыр ақын болса да шындықтан жалтарып құтылып кете алмаған, оның бәрі де тек шындықпен суарылған аталы сөзге тоқтап бас иетін болған. Бұл тартпас уәж, шындыққа құрылған бір ауыз сөздің жеме-жемде айтыс тағдырын шешіп кететіні де осыдан. Бұл сипаттарымен айтыс өзіміздегі шешендік сөздерді еске салады. Әдетте, айтыста көптеген мәселелер көтеріліп, бір тақырыптан екіншісіне ауысып отырады. 
       Айтысқа түсуші ақынға қойылар шарт – біріншіден, ойынан құрастырып өлең шығаруы тиіс;  екіншіден,  айтысушыға  қарсы ақынның  аяқ астынан қойған талап, сұрағына өлеңмен ұтымды жауап беріп, сөз қайтару қажет; үшіншіден, ақындар өлеңді мақамына келтіріп, домбыра немесе қобыз, я сырнайға қосып айтуы керек.

            кі қарсылас ақынның бір-бірімен бетпе-бет келіп, қолма-қол суырып айтқан тапқыр жырлары өзара жалғасып, біртұтас көркем дүниеге айналып, логикалық бірлік, тұтастықпен дастан секілді бір шығармаға, яғни жырға ұласады. Мысалға, ақындар  айтысының өзіне тән ерекшеліктері бар. Ақындар айтысында «жаттама (трафарет) өлеңдер аз болады»(С.Мұқанов). Олар өлеңді табан астында шығарады, тосыннан айтысады. Айтыс үстінде талай күтпеген жайлар кездеседі. Айтысар тақырыбы белгісіз, тосын сұрауларға тап болады. Екі ақын да бірін-бірі тығырыққа қамау үшін, бірін-бірі сүріндіру үшін, өмір құбылыстарын жұмбақ етіп те тартады. Соның бәріне ақындар жөпелдемеде жауап беруге, дәлел айтуға әзір болуы керек. Мұның бәрі ақындардан сөзге жүйріктікті, білгірлікті, тапқырлықты, ұсталықты қажетсінумен қатар, ел-елдің шежіресін, тарихын, жер жайын, этнографиялық ерекшеліктерін білуді керек етеді. Олай болмаған күнде құр ділмарлықпен ештеңе өндіре алмайды, сайыста дәрменсіз болып қала береді. Жаттанды сөз өрнегін қолдану ақынға абырой әпермейді.

 Ақындар айтыстың бас кезінде асқақ әуенге басады, өздерінің мойны озық сөз жүйрігі екенін таныта, қарсылас ақынын тұқырта, кеміте, үркіте сөйлейді. Әсет пен Ырысжан айтысында Ырысжан:

   -Дау айтып күні бұрын көрсетпелік,

Майданда озса жүйрікке есептелік.

Орта жүз түгел білген Ырысжанмын

Үш кессе қауқарым бар кесірткелік, –

деп, Әсетті ықтыра сөз тастайды,

ал Әсет оған:

   — Айыр көмей, жез таңдай, қаусырма жақ,

Алты арысқа білінген екен менмін, –

деп, асқақ жауап қатады.

         Ақындардың бірден асқақ кетуі тек бірін-бірі ығыстырып үркіту, тұқырту ниетін көздемейді, олар сонымен қатар бір-бірінің аяқ алысына, сөз саптасына, өнерлілігіне барлау да жасау мақсатын көздеген. Сөз майданында тосын кездескен, бір-біріне танымал емес ақындардың мұндай барлау жасауы табиғи нәрсе.

        Ақындар айтысының тағы бір ерекшелігі «ойында өрелік жоқ» дегендей, айтысқа үлкен де, кіші де, еркек те, әйел де қатыса береді. Тек талант-дарыны болса, бәйгеге түсер шамасы болса болғаны. Майталман ақынның жарыста таныла бастаған балаң ақынмен, ұлғайған ақынның жас қыз, келіншекпен айтысуы, сөзбен сілкілесуі шам емес.

            Сонымен қатар айтысып отырғанда, ақынның өзінің жеңілгенін білу де айтыстың негізгі шартының бірі болып саналады. Сөзге сөз табу, орынды жерінде ұтымды сөз айту сияқты өзінің жеңілгендігін білу де жоғары бағаланады. Жеңілгеніне қарамай, құр босқа төпей беруді көпшілік дарындылық, ақындық деп танымайды. Мұндай қылықты қазақ айтысқыштық, ұтымшылық деп санамайды. Оны қазақ «сиыршылау» деп атайды. Шынайы ақын өзінің ұтылғанын білсе, бірден жеңілгенін мойындап, әрі қарай сөз таластырмайды.

               Бүгінгі күндегі айтыстың өзіне де, оны таратушы ақындар мен айтыстың өту шарттарына да көптеген өзгерістер енгізілді. Бүгінгі айтыс – теледидарда өткізілетін, өту барысында жарнамаға үзіліс жарияланатын, жеке жүргізушісі мен дауыс беру жабдықталған жүйелі телефон SMS дауыс беру барысында жүлдеге ие болушыны тағайындау арқылы өтетін концертке айналған «теле-шоу», яғни, «шоу-бағдарлама». Әрине, бұлардың өзінің жақсы жақтары да бар. Себебі соңғы жылдары осындай әрекеттердің арқасында айтыс өнері үлкен қауымға таралып, жанкүйерлер санын көбейтуде алда келеді. Бірақ, дегенмен, бұрынғы замандағыдай емес, қазіргі айтыстарда суырыпсалмалылық, аяқ астынан өзгерістің болуының алды алынып, қатысқан ақындар жанкүйерлерінің санына орай, теледидар көрермендерінің көпшілігіне байланысты жеңіп шығатын болды. Бәлкім, бүгінгі айтыс – қазіргі заманның болмысынан, осы заманға сай және бүгінгі күннің сұраныстарынан туылған өнер түрі болар. Біздің ойымызша, айтыс өнерінің қазіргі түрі XXI ғасырда өзекті мәселеге айналған айтыс өнерін аудио және видео таспаларға жазу амалынан пайда болған. 
           Қорыта айтқанда, ғасырдан ғасырға, атадан балаға және заманнан заманға ұласып келе жатқан мәдени мұрамыз – айтыс өнері — өз бойына өнердің бірнеше түрін қамтыған синкретті жанр ретінде жас ақын –жыршылардың тәжірибе мектебі, халқымызды иісі қазақ екенін бүкіл әлемге танытатын биік шыңы…

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына байланысты туған айтыс өлеңдерінің қай-қайсы болмасын, олар кейінгі туған үлкен айтыстардың, нақтырақ, ақындар айтысының бастамасы, негізгі тірегі, ұйытқысы болып табылатыны хақ.

 

 

 

                             

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1. М.Әуезов.Абай Құнанбаев.- Алматы,1967.

2.Ә.Қоңыратбаев. Қазақ фольклорының тарихы.- Алматы,1991.- 288-бет

3.Қ.Мәдібаева . Қазақ әдебиетінің XIX ғасырдағы көркемдік дамуы және зерттелуі. Автореферат.

4.Қ.Сыдиықов. Ақын жыраулар. – Алматы,1974.- 240-бет

5.Т.Тебегенов. Халық аңыздары шығармаларындағы әдебиет пен фольклор дәстүрі. – Алматы, 2001. – 332-бет

6.«Айтыс » жинағы, Алматы 1941.

7.М.Ғабдуллин. Қазақ  халқының ауыз әдебиеті. Алматы 1974.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *