Ер сыбағасы

Ер сыбағасы

 797 0

Мырзекең туралы, қазақтың бір туар перзенті, ғұлама ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам  қайраткері Мырзатай Жолдасбеков туралы қалам тербеуге ниет еткелі біраз болса да, іркіле берген екенмін. Соның себебін енді ойласам, ең бастысы, алдымыздағы асқар тау ағаның, күрделі тұлғаның бірнеше қыры қабаттасып, көз алдыма бірнеше бейне елес береді екен. Сайып келгенде, ол кісінің қай қасиетін жоғары қоясың десе, бір мінезін, бір ісін, бір ерекшелігін тап басып айту қиын секілді. Әр жылдағы, әр кезеңде алуан іс-әрекетімен, қилы-қилы қарекетімен оқшауланып бой көрсетіп Мырзатай аға шын мәнісінде бір тұжырымға сия қоймайтын кесек бейне болса керек.

Жоғары оқу орнында Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Бейсенбай Кенжебаев, Есмағамбет Ысмайлов секілді ғұламалардан дәріс тыңдап, ұлттық деңгейде ойлау қабілеті қалыптасқан Мырзекең өзі де ғылымда соныдан сүрлеу салып, тыңға түрен тартқан екен. Қазақ әдебиеті төркінін дәуірлеуді көне ғасырлардан бермен зерделеуді ғылыми негіздеген ол Бейсенбай Кенжебаевтың азаматтық ерлігін алғаш қолдаған екеудің бірі болып, тәуекелге бас тігуі  арқылы о бастан-ақ жаңашыл ғалым болып қалыптасады. Күлтегін жазуларының тәржімашысы, зерттеушісі ретінде Көктүріктер мұрасының шырақшысына айналуында да осындай терең сыр жатыр.

         Күлтегіннің кие қонған жұртында,

         Күлтегін деп ат қоймайды жұрт ұлға.

         Бабаларды ұмыттырмай жүретін,

         Керек бізге өзіңіздей бір тұлға!- деп сөз арнауымызға осындай еңбегі себеп болған екен.

         Отыздан жаңа асқан жас ғалым Мырзатай Жолдасбеков ұлттық университетте оқып жүрген бізге – Асқар Егеубайға, Тұрсын Жұртбайға, Несіпбек Айтұлына, Намазалы Омашевқа – терең мағыналы дәрістер оқып, алдымызға ұстар үлгіге айналды, жөн сілтеп жол нұсқады. Біз әлі күнге, өзіміз аға жасына жетсек те, мұғалімімізді көргенде баяғы бала шәкірт қалпымызға көше беретініміз сондықтан.

         Қасиеттеп тірісінде тіріңді,

Іріні – ірі,

Пір деу керек – піріңді.

Құбыласын түгендеген қазаққа,

Өзіңіздей керек екен бір Үлгі!

Талдықорғанда ректор, Оқу министрі қызметтерін абыроймен атқарып, Орталық комитетте идеология бөлімінің меңгерушісі болып жоғарлап келген Мырзекең баяғы жас шәкірттерін бауырға тарта жүрді. Өзі темекі шекпейтін ұстазым үлкен үйде өздеріне бөлінетін «Қазақстан» дейтін тәуір сигареттерді маған жинап отыратын да, мен ыңғайсызданып, жоламай жүрсем, жұма күні телефон шалып, шақырып алып, әлгілерді қойны-қонышыма салып беретін. Бір қарағанда сәл ғана нәрсе болып көрінетін осы әрекеттің аржағында ініге деген ізет, кішіге деген қамқорлықтың ғажайып көрінісі жатқан жоқ па!! Сол қамқор алақанды Тұрсын Жұртбай, Несіпбек Айтұлы үшеуміз әлі күнге дейін үнемі сезініп келеміз. Елбасының тапсырмасымен Еуразия ұлттық университетіне ректор болып келген Мырзатай аға Тұрсынды Отырар кітапханасына директор етіп тағайындап, осынау көрнекті алаштанушының алдынан даңғыл жол ашып берсе, Несіпбекті де өз төңірегіне үйіріп шығармашылық қуатын еселеуіне себеп болып жүр. Менің өзімді университетке алдырып айтысты зерттейтін зертхана ашып беріп, Астанадан  пәтер сыйлап, ақындар айтысымен бірыңғай айналысуыма жағдай жасады. Жалғыз біз емес Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғара секілді ардақты ағаларымызды өз маңына топтастырып, ел астанасында зиялы қауымның орнығуына ұйытқы болды. Көрнекті ақын Қайрат Жұмағалиевтың:

Отырмын өзім ойланып,

Бекіндім осы ойға анық.

Бірте-бірте Астана.

Барады Мырзатайланып, — деп әзіл өлең жазуына осындай жағдайлар себеп болып еді. Еуразия университетінің еңсесін тіктеп берген М.Жолдасбеков кейін Президенттің мәдениет орталығын басқара жүріп, сол жерге өнер мен мәдениеттің белгілі қайраткерлерін топтастырып, бәрімізді бас қаланың руханиятын жандандыру жұмыстарына жекті. Дәл, осы жылдары ол қазақтың айтыс өнерін жүйелі жүргізуге айырықша үлес қосты. Атамұра өнеріміз үшін ол талай есіктерді ашып, сұсты кабинеттердің жүзін жылытты. «Қазіргі айтыстардың» үш томдығын жариялауға бас- көз болып, жас айтыскерлерді тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты. Осы жерде айта кетейік, сонау    90-жылы құзіретті қызметін пайдаланып, үш бірдей өнерпазға – Әсия Беркеноваға, Әселхан Қалыбековаға, Қонысбай Әбіловке «Қазақстанның халық ақыны» деген құрмет атақты бір күнде алып берген де осы Мырзекең еді. Жаны жомарт, жүрегі жайсаң ағаның қадірін ақын інілері бағалай білсе қанеки!  Еуразия университетінде «Айтыс» деген бөлім ашып, жас айтыскерлерге жоғары кәсіби білім беруді қолға алған Мырзекең кейін Астананың өнер академиясында да факультет аштырып, жаңа дарындарды қанаттандыруға жол ашып қойғанын біреу білсе, біреу білмес.

Ескі жайлы естілерден сұраңыз,

Түлемей ме сонда тарих, жыр, аңыз.

Сүйінбайды, Жамбыл менен Кененді,

Қастерлейтін керек бізге бір Абыз.

 

Қоламтадан шоқ шықпай ма үрлесең,

Қыл шылбыр да күрмелмей ме – күрмесең.

Кісіліктің қасиетін дәлелдер,

Керек бізге өзіңіздей бір Көсем.

 

Қамырықсам – көңілімде тұрды атың,

Өкпелейді өзек жарған жырға кім.

Еліңе – ес,

Еріңе – сес болатын,

Бұл заманға қажет Сіздей бір Хакім! —  деген жүрек сөзімізді ұлы ұстазымызға арнауымызға ол кісінің осындай өнегелі істері өзек болған еді.

         Сөзіміздің басында Мырзекеңді көп қырлы, күрделі кесек тұлға дедік. Ғалым, педагог, мемлекет қайраткері, дипломат, жоғары мектептің ұйымдастырушысы  М.Жолдасбековтың ақын, сазгер, музыкант екенін жақсы білеміз. Қазір сөзіне ел тоқтайтын абыз ақсақалға айналды. Ұлттық руханияттың көш басында келе жатқан Мырзатай ағаның бүкіл өмір жолы даңғыл болды деп айта алмаймыз. Оны да аяқтан шалушылар, жанын жарақаттап, жүрегін жаралаған сөз айтушылар аз болған жоқ. Сондай бір мұңайған, мұқаған, жасыған тұстарында «Жаны аяулы жақсы қалды ма?» деп мақала жазып өлең арнап едік. Сол өлеңмен осы эссені аяқтайық:

         Ер сыбағасы

Бар болса да майыспайтын емендер,

Нар болса да қайыспайтын кемеңгер.

Тіл-көзінің сұғы бар ғой қазақтың

Кемеңгерге кемеңгерсің демеңдер!

 

Шешем бекер жеген бе деп қалжасын

Құмыққанда жұтсын көздің ол жасын.

 Ел бақыты ердің қасіретінен

Құраларын өз басынан болжасын.

 

Інің жылпос, болатынын қартың сұм

Ұғынғанда қан жыласын. Шарқ ұрсын.

Аярлықтың суына шөл қандырып

Ақылының азабына қарпылсын.

 

Мойынын сәл оздырғанда ортадан

Білсін жұрттың бермейтінін жорта мән.

Білсін ешкім сыйпамасын маңдайдан,

Білсін ешкім қақпайтынын арқадан.

 

Кемеңгер ұл кісілікті оятқан

Сыбағасын жесін әбден таяқтан.

Көрсін жұрттың көпшік қойып тұрған боп,

Қан қақсатып шалатынын аяқтан.

 

Қазағым деп қапылып ол жүр босқа,

Қамыққанда кісі таппас сырласқа.

Данышпан бол, ақылман бол, бәрібір

Қазақ болып туу деген бір басқа.

 

Тәңір деген тағдыр құрған тор барда

Кемел туып, пешенесін қарғар ма?!

…Озбыр заман өңешіне кептелсең

Оңай емес айналуың мәрмарға!

Жүрсін Ерман 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *